Солтүстікқазақстандық банкирлер жылдың төрт мезгілінде спорт спартакиадаларын өткізуді дәстүрге айналдырған.
Қызылжар өңірі банк қызметкерлерінің саламатты өмір сүру салтын спортпен тығыз байланыстырғанына 15 жылдан асты. Осы бір жақсы дәстүр Ұлттық банкі Солтүстік Қазақстан жергілікті филиалының директоры Жомарт Қажырахымовтың облыстық мини-футбол федерациясына төраға болып сайлануынан басталды. Ол бірде осы спорт түрінен банкирлер арасында жарыс өткізуге бекінді. Алғашқы турнирді өзі жетекшілік ететін ұжымда ұйымдастырды. Көпшіліктің қызығушылығы күткендегіден де асып түсті. Сөйтіп игілікті шара басқа банк бөлімшелері арасында кеңінен қанат жайды. Банкир қыздар да доп тебуді үйреніп, жарыс көрігін қыздыратын болды. Барлық жастағы банкирлердің спортпен шұғылдануын көздеген Жомарт енді әріптестерімен бірлесе отырып спорттың басқа түрлерін де жандандыруға бел шеше кірісті. Бұқаралық-спорттық қозғалысты дамытудың іс-шараларын жасап, мини-футболдан басқа шаңғы, волейбол, жеңіл атлетика түрлері енгізілді. Содан бері жылдың төрт мезгіліне ыңғайластырылған спорттық спартакиадалар он жылдан бері үзбей жалғасып келеді. Бұдан тысқары шахмат, дойбы, үстел теннисі, баскетболдан да турнирлер өткізіліп тұрады.
Биыл спорттық спартакиадалардың қай-қайсысына болсын екінші дәрежелі банктердің 17 филиалынан 400-ден астам адам қатысып, шын мәніндегі бұқаралық іс-шараға айналды. Сөз арасында минифутболдың аса тартысты өткенін айта кеткен жөн. Жомарт жетекшілік ететін ұжым өз тарихында тұңғыш рет чемпион атанып, үнемі бәйге төрін бермейтін “Халықтық банк, Қазкоммерцбанк” сынды банк филиалдарын жер қаптырды. Дмитрий Цыганков қарсыластар қақпасына 24 гол соғып, “Ең үздік шабуылшы” атағын жеңіп алды.
– Елбасы дені сау ұлт – жалпыұлттық міндет екенін атап көрсеткен болатын. Ол талаптарды жүзеге асыру әр отбасыдан, әр ұжымнан бастау алары анық. Саламатты өмір сүруге дағдыланған адамдар бойларын әркез сергек ұстайды, жаман әдеттерден аулақ болады. Жасыратыны жоқ, адамның денсаулығы өз қолында екенін көп жағдайда ескере бермейміз. “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы ана мен баланың денсаулығын жақсарту, жалпы өлім мен аса қауіпті ауруларды болдырмау, алдын алу, адамның өмір жасын ұзарту, демографиялық ахуалды жақсарту секілді өте маңызды мақсаттардан туған. Біз де осынау мемлекеттік мәселеге өз үлесімізді қосуды парыз санаймыз, – дейді спортты өмірлік серік еткен облыстың бас банкирі.
Бұл жолғы спартакиада “спорт падишасы” – жеңіл атлетикаға арналды. Ол “Құс жолы” республикалық қайырымдылық қорының демеушілігімен, “Қазкоммерцбанктің” жергілікті бөлімшесінің /директор Ерлан Қожабергенов/ ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті. Банкирлер эстафетаға, түрлі қашықтықтарға жүгіріп, ұзындыққа секіріп, гір көтеріп күш сынасты. Инна Курило (“Центркредит”) 60, 400 метр қашықтыққа жүгіруде, ұзындыққа секіруде алдына жан салмады. Ерлер арасында Евгений Сизиков / (“Каспий банк”), Дмитрий Цыганков (“Ұлттық банк”) жарқырап көзге түсті.
Жалпыкомандалық есепте “Центркредибанктің” Петропавлдағы бөлімшесі (директор Ринат Қожахметов) бірінші орынды жеңіп алды. Ол өз жүлдесін (ноутбук) республикалық “Егемен Қазақстан” газетінің облыстағы тілшілер қосынына сыйлады. Біз бұл құрметті “Отанымыздың бас газетіне” көрсетілген ілтипат және де газетіміздің тұрақты оқырманы әрі жанашыры Ж. Қажырахымовтың беделі деп деп ұқтық. Соңғы жылдары газетімізді банкирлердің жаздыртып алу қарасының молая түскені байқалады. Жомарт Оралұлының өзі бірнеше жылдан бері көп балалы отбасыларды, еңбек ардагерлерін “Егеменге” тегін жаздыртып келеді.
– Елбасы өз Жолдауында 30 пайызға дейінгі қазақстандықтарды бұқаралық спортқа тарту міндетін қойды. Банкирлер арасында екінің бірі спорттық шаралардан тыс қалмайды. Бүгінгі жарыс – соның жарқын куәсі, – дейді жарыстың басты ұйымдастырушысы, ораза ұстап, имандылыққа бет бұрған Ерлан Өсербайұлы.
Солтүстікқазақстандық банкирлерді Ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында өтетін тағы бір спартакиада тосып тұр. Оны ұйымдастыру “Цеснабанктің” жергілікті бөлімшесіне (директоры Құлбек Шопанов) жүктелді.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.