15 Қыркүйек, 2010

ҚЫРҒЫЗСТАН: Парламент сайлауының аламаны басталды

441 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бұл күндерде Бішкек көшелерінде сонадайдан көз тартқан көркем биль­борд-плакаттар көбейе түскен. Қырғыз елінің саяси өміріне қайтадан қан жү­гіріп, шырайланған түрі бар. Оның се­бебі, алдағы 10 қазанға белгіленген Қыр­­­ғызстан Парламенті сайлауының аламан бәйгесі сөреден шығып, бола­шақ Парламенттегі орындардан дәмелі партиялардың үгіт-насихат жұмысын бастауға ресми түрде рұқсат етілді. Сайлау алдындағы маңызды нау­қан­­ды зор құлшыныс-жігермен бел­сен­ді бастап кеткен партияларға келер болсақ, елдегі 150 партияның 29-ы бар­­лық рәсімді талаптардан өтіп, Ор­талық сайлау комиссиясында заңды тү­р­де тіркелді. Комиссия төрағасы А.Фа­риев сайлау күні 2 миллион 700 мың сайлаушы дауыс беретінін айтуда. Нақ қазір мынау жеңеді деп, көп дауыс алады деп, жаңағы партиялар­дың ішінен біреуін даралап бөле-жара атау қиын. Десе де, “Мизамның темір қалқаны” деп заңдылық аясындағы іс-әрекетті ту еткен “Ар-Намыс”, “Ата­мекен”, “Ата жол”, “Ақсұңқар”, “Қыр­­­ғызстанның социал-демократиялық” және басқа партиялардың ел ішіндегі танымалдығы да осы әзірден қылаң беріп қалғандай. Бұл партиялар адал, әділ һәм ашық күресті талап етіп отыр. Қазірден бастап билік орындарына, былайша айтқанда, “әкімшілік ресурс” дейтінді іске қосып, ала қойды бөле қырқатын болсаңыздар, ол Қырғыз елінің болашағын ойлағандыққа жатпайды” деп алдын-ала мәлімдеуде. Сәуір айында бүліншілікке толы дүрбелеңді, маусымда Оштағы қай­­ғы­лы оқиғаларды бастан кешкен Қырғыз елінде тыныштық пен келісімді қамта­масыз етіп, демократиялық қоғамды ор­нықтыратын жолдағы алғашқы маңызды қадамның бірі осы Парла­мент сайлауы болғалы отыр. Бұл сай­лаудың тең құқықты және демокра­тия­лық стан­дарттарға сәйкес өтуіне ха­лықара­лық қоғамдастық та үлкен мән беруде. Соған орай, Бішкекке арнайы жұ­мыс сапарымен келген Іс басындағы ЕҚЫҰ төрағасының арнайы өкілі, Қа­зақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жә­нібек Кәрібжанов, БҰҰ Бас хат­шы­сы­ның арнайы өкілі Мирослав Ен­ше­мен, Еуроодақтың Орталық Азия бой­­ынша арнайы өкілі Пьер Мо­рель­мен және ЕҚЫҰ-ның жанжалдарды болдырмау жөніндегі орталығының жетекшісі Герберт Сальдермен бірлесе отырып, Қырғыз Республикасы билік орындарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Бұл кездесулерде рес­публикадағы сайлау алдындағы жағ­дай кеңінен талқыланып, арнайы өкіл­­­дер өз тарапынан алдағы Парламент сайлауының ұйымшылдықпен әділ өтуінің маңыздылығын атап көрсетті. Олар сондай-ақ саяси партиялардың өкілдерімен кездесіп, оларды өзара то­ле­ранттылыққа және сайлау алдындағы науқанды жүргізу барысында өз бәсе­келестеріне құрметпен қарауға шақыр­ды. ЕҚЫҰ және оған мүше елдер, атап айтқанда, Қазақстан, Ресей, АҚШ, Түркия және басқалары Қырғызстан халқы мен үкіметіне қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету жо­лында, атап айтқанда демократиялық инс­титуттарды дамыта түсу үшін, адам құқығын қорғап, заңның үстемдігін ны­ғайта түсу үшін өз қолдауы мен гума­­нитарлық және техникалық көмегін одан әрі жалғастыруда. Ж.Кәрібжанов бастаған ЕҚЫҰ делегациясы Қырғызстанның өтпелі кезеңдегі президенті Роза Отунбаевамен кездесті. Қырғыз Республикасының бас­­шысы алдағы сайлауды демо­кра­тия­лық талаптарға сай өткізу үшін бар күш-жігерді жұмсайтындықтарына сендірді. Сайлауға әзірлік және оны өткізу кезеңіне ЕҚЫҰ-ның демокра­тиялық институттары және адам құ­қы­­­ғы жөніндегі бюросы тарапынан 300-ден астам бақылаушы келеді деп күтілуде. Қорғанбек АМАНЖОЛ – Бішкектен.