15 Қыркүйек, 2010

Дала жаттығуы дабыл қақты

524 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
10 қыркүйекте Алматыда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қарулы күштері бас штабтары бастықтарының қатысуымен әскери-саяси кеңес болып өткені белгілі. Осы жиында жаттығу шеңберіндегі лаңкестікке қарсы операцияларды орындау туралы бас штаб бастықтары қол қойған бірлескен жедел директива жаттығу жетекшілеріне тапсырылған болатын. Осыған байланысты кеше “Мәтібұлақ” әскери полигонын­дағы далалық лагерьде “Бейбіт миссия-2010” деп аталатын лаң­кестікке қарсы бірлескен әскери оқу-жаттығуы басталды. Оның ашылу рәсімінде Ұйымға кіретін Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстанның үш мыңнан астам адамды құ­рай­тын әскери бөлімшелері толықтай сап түзеді. Сөйтіп мұндағы әс­кери ойындарға қатысатын жеке құрам мен техникалар легі Қазақ­станға толықтай келіп бітті. Олар алдағы екі апта бойы өтетін әзірліктерге сақадай-сай тұр. “Бейбіт миссия-2010” бір­лескен әскери оқу-жаттығуларын Қазақстан Республикасы Қорға­ныс министрлігі Штабтар бас­тықтары комитеті төрағасының бірінші орынбасары генерал-майор Мұқан Дүйсекеев ашты. Ол өз сөзінде біздің елімізде өт­кі­зіліп отырған осындай кең кө­лемдегі жаттығулардың Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Бұдан кейін әскери қызмет­шілерді Қытай халықтық азат ету армиясы Бас штабы бастығының орынбасары генерал-полковник Ма Сяо Тянь, Қырғызстан Қару­лы күштері Бас штабының бөлім бастығы полковник Мейірбек Имаев, Ресей Федерациясы Қа­ру­лы күштері Құрлық әскерлері жауынгерлік дайындық басқар­ма­сының бастығы генерал-майор Юрий Петров, Тәжікстан Респуб­ликасы Қарулы күштері Бас штабы бас жедел бас­қармасының бас­тығы генерал-майор Зариф Бобокалонов құт­тықтады. Осы сәрсенбіден бастап әске­ри қызметшілер дайындық­қа бел шеше кіріспек. Шара шеңберінде 24 қыркүйек күні өтетін оқу-жат­тығудың шешуші кезеңіне дейін бірлескен жатты­ғулардың төртеуін өткізу көзде­ліп отыр. Мұхарбек МАХАМБЕТ, майор. Жамбыл облысы, Отар стансасы, Мәтібұлақ әскери полигоны.