Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Олимпиялық резервке мамандандырылған балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің тәрбиеленушісі Алмат Кебісбаев Мәскеу қаласында өткен әлем чемпионатынан қола медальмен оралды.
Әлем біріншілігі үшін күрес қыркүйек айының 6-сы мен 8-і күндері Мәскеу қаласында өтті. Оған елімізден 7 балуан, ауданымыздан 3 балуан қатысты. Мәртебелі әлемдік жарыста Алмат қанжығасына медаль байлап, Ресейден еліміздің көк байрағын желбіретіп қайтты. Ол өзінің жетістігіне дән риза. Осыған дейін Алмат басқа да жарыстарда жүлделі оралып, жақсы нәтижелер көрсеткен еді.
– Әлем чемпионаты өте жоғары дәрежеде өтті, қарсыластарым да мықты болды, бірақ ештеңеге қарамастан жүлдемен оралдым. Жаттықтырушымыздың еңбегі зая кеткен жоқ деп ойлаймын, – дейді Алмат Кебісбаев.
Алматтың айтулы жетістіктерінде оның бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Боранбек Қоңыратовтың еңбегі бір төбе екені сөзсіз.
Ал біз, үржарлықтар Алматтың жеңісіне шынайы қуаныштымыз. Спорттың қай саласы болса да Олимпиадада бағы жанып, ел мерейін асырса, бізге одан артық қуаныш жоқ. Балуандарымыздың топ жарып, медаль еншілеуінің орны бір бөлек.
Аудан әкімі Бауыржан Жанақов кілем жабылған үш сәйгүлікті Алмат Кебісбаев пен Дархан Баяхметовқа және осы екі балуанның жаттықтырушысы Боранбек Қоңыратовқа табыс етті. Бұл қуаныш, бұл жеңіс ауданымыз үшін үлкен абырой. Жас балуандарға алдағы уақытта жарыстарда үлкен жетістіктерге жетіп, еліміздің абыройын, даңқын асқақтата беріңдер демекпіз.
Зухра ТҰРАПОВА.