Кеше Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Президент Н. Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарының бірі болып белгіленген бұқаралық спортты дамытуды іске асыру мақсатында екі күнге созылған ауыл спорты мен ведомстволық статистикалық есепті жетілдіру жөнінде өткен республикалық семинар-кеңес жұмысын аяқтады.
Оған барлық облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармалары бастығының орынбасарлары, аудандық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармаларының басшылары Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым министрліктері, Статистика агенттігі мамандары мен спорттық клубтар, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Семинар-кеңесте “Ауылда бұқаралық спортты дамыту”, “Нұсқаушы-әдіскерлер ауыл спортының негізгі ұйытқысы”, “Ауыл спортының инфрақұрылымы. Жетістіктері, проблемалары және болашағы”, “Ведомстволық статистикалық есепті жетілдірудің негізгі бағыттары” “Ауыл спортының кешегісі мен бүгіні”, “Ауылда бос уақытты өткізуді ұйымдастыру ретінде бұқаралық спортты дамыту”, “Ауыл спорты және бұқаралық ақпарат құралдары”, “Ауыл мүгедектерінің арасында спортты дамыту” атты тақырыптарда мәселелер қаралып, баяндамалар жасалды.
Қазіргі кезде еліміздің спорттық жетістіктері көбіне-көп ауылды мекенде қаланатынын спортшыларымыздың байрақты бәсекелердегі нәтижелері көрсетіп отыр. Оған мысал ретінде Олимпия ойындарының, Азия чемпионаттарының, әлем кубоктары мен басқа да көптеген халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанған отандастарымыздың басым көпшілігі ауылды жерден шыққанын айтуға болады. Мәселен, тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған қазақ Әлжан Жармұхамедов, Жақсылық Үшкемпіров, халықаралық жарыстардың жеңімпазы Әбілсейіт Айханов, Қабден Байдосов, Аманжол Бұғыбаев, Амангелді Ғабсатаров, Қанат Байшолақов пен басқалары бала кезінен ауылдың шаңын қағып өскен спортшылар. Осыған байланысты кеңесте министрліктің Спорт істері жөніндегі комитеті ауыл спортын дамыту, елді мекендерде спортқа деген ынтасы бар жастарды қолдау үшін атақты спортшыларды, демеушілерді мүмкіндіктеріне қарай туған ауылдарында, спорттық және жалпы білім беру мектептерінде спортты дамытуды тұрақты негізде қамқорлыққа алуға шақырды. Осы жерде ауылдық спортты дамыту жұмысын ұйымдастыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің төңірегінде “Қайрат” ауылдық дене тәрбиесі және спорттық бірлестікті құру жөнінде мәселе көтерілді. Бұл істің маңыздылығы ескеріле отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Туризм және спорт министрлігінің арасында дене тәрбиесі және спорт саласында бірлескен меморандум әзірлеу керектігі айтылды. Сөйтіп, меморандумның нұсқасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне таныстыруға жіберілді.
Семинардың соңында “Бұқаралық спортты дамыту”, “Гимнастика бәріміз үшін” жобалары мен “Алдаспан” атты сауықтыру әдістеменің тұсаукесері, “Қазақстан спортының тарихы мен бүгіні” атты жылжымалы фотокөрме өткізілді.
Дастан КЕНЖАЛИН.