17 Қыркүйек, 2010

Отандық өнімге бағдар

527 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше “Локомотив құрастыру зауыты” АҚ базасында Evolutіon сериясындағы локомотивтерді құрастыруға қажетті қосалқы бөлшектер мен жиынтық материалдарының тұсаукесері болды. Бұл Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілді. Шараға мәшине жасау өндірісінің қосалқы бөлшектерін шығаруға маманданған 35 отандық кәсіпорынның өкілдері қатысты. Тұсаукесер рәсімі кезінде “Локомотив құ­рас­­тыру зауыты” АҚ пен “Шығысмашзауыт” АҚ, “Петропавл ауыр мәшине жасау зауыты” АҚ, “Киров атындағы мәшине құрастыру за­уыты” АҚ арасында екі жақты келісімдерге қол қойылды. “Локомотив құрастыру зауыты” АҚ “Қа­­зақстан темір жолы” ҰК” АҚ-тың еншілес кә­­сіпорны “Локомотив” АҚ-тың құрамына кі­ре­ді. Америкалық “General Eleсtrіс” ком­па­ниясының технологиясы бойынша магис­траль­дық тепловоз құрастыру зауытының ашылу салтанаты 2009 жылы шілденің 3-інде Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткізілді. Evolutіon сериясындағы алғашқы тепловоз 2009 жылы желтоқсанның 7-сінде құрастырылды. Зауыт ашылғалы бері ТМД рыногына шығару мақсатында Ресей Федерациясының сертификаттау реестрінен 16 локомотив өткізілді. “Қазақстан темір жолы” АҚ-пен оның ен­ші­лес компаниялары отандық өнім өндіру­шілердің үлесін өсіріп келеді. 2010 жылы ҚТЖ сатып алу мен тауар өндірушілерге сұраныс жасауда қазақстандық өнім өндірушілердің үлесін 70 пайызға дейін жеткізген. Компаниядағы мәшине жасау саласындағы отандық өнім өндірушілердің қатысы 2008 жылы 10 млрд. теңге көлемінде болса, оны 2015 жылы 300 млрд. теңгеге дейін көтеріп, 30 есеге өсіруді жоспарлап отыр. Темір жол саласын қазақстандық жылжымалы құраммен қамтамасыз ету 50 пайыздан 90 пайызға дейін жеткізілмек. Сөйтіп, ҚТЖ сатып алудағы отандық өнім өндірушілер үлесін 2015 жылы 95 пайызға дейін жеткізуді межеледі. Бұған дейін компания отандық өнім өнді­ру­шілерге теміржолға қажетті 2820 түрлі қосал­қы бөлшектер мен материалдар шығаруға ұсы­ныс жасаған болатын. Бүгінгі таңда 43 қа­зақстандық зауыт 484 өнім түрлерін игерді. Жыл аяғына дейін мұны 880- ге жеткізу жос­парланып отыр. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Астана.