Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының туғанына 100 толуына арналған мерейтойға байланысты дайындық жұмыстары аяқталып келеді.
Бүгінде батыр тойындағы думанның дүбірін арттыратын ұлттық ат спорты ойындарын өткізуді мойындарына алған комиссия өз жұмыстарын тиянақтай түсті. Мысалы, көкпарға қатысқысы келетін шабандоздар командасы батыр атындағы ипподромға 20 қыркүйек күні келіп, алдын-ала тіркелуі керек. Сонда 21-25 қыркүйек аралығында өтетін додаға емін-еркін қатысып, бақ сынай алады. Алдын-ала жасалған болжам бойынша, өте тартысты өтеді деп күтіліп отырған бұл бәсекеде жеңімпаздар командасы “Нива” автокөлігімен марапатталады. Жүлдегерлер де сыйлықтан құралақан қалмайды.
Аламан бәйге (25 км), тоқ бәйге (16 км) және құнан бәйге (11 км) 25 қыркүйек күндері өткізілмек. Ол үшін жүйрік иелері облыс орталығына күні бұрын жетіп, бәйгеге қатысуға тиісті жарналарын төлейді.
Бәйгеден бірінші келген тұлпарлардың иелеріне “Джип”, “Жигули” және “Нексия” көліктері тапсырылады. Жүлделі орындарға ие болғандар бағалы сыйлықтарға ие болады.
Батыр тойында сондай-ақ тағы басқа да ұлттық ат спорты ойындарын тамашалауға болады.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.