17 Қыркүйек, 2010

Құқықтық көмек көрсету мақсатында

500 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының Украинаға ресми сапары шеңберінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров пен Адам құқықтары жөніндегі Украина Жоғарғы Радасының уәкілі Нина Карпачеваның арасында адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім тараптардың халықаралық құқықтың жалпыға танымал нормалары және қағидаларымен, екі елдің конституциялары және заңнамасымен кепілдік берілген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және сақтауды барынша қамтамасыз етуге жалпы талпынуына сүйене отырып жасалынды. Келісім Қазақстан мен Украинаның ұлттық құқық қорғау институттарына екі мемлекеттің аумақтарында азаматтардың құқықтарын қорғау саласында өзара құқықтық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Құжатта нормативтік құқықтық актілермен және Омбудсмендердің қызметтерін ұйымдастыру, нысандары мен әдістері туралы басқа да ақпаратпен, сондай-ақ екі елдің аумақтарында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуының барлық белгілі болған жағдайлары туралы мәліметтермен оларды жою бойынша тиісті мемлекеттік органдардың назарын аудару үшін тұрақты алмасу көзделген. Омбудсмендердің өзара іс-сапары, бірлескен конференциялар, семинарлар, оқу-әдістемелік курстар өткізу жоспарланған. Қой қойылған келісім адам құқықтарын қам­та­масыз ету саласында екі тату мемлекеттің ын­тымақтастығын кеңейтуге бағытталған, деп хабарлады Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз қызметі.