Қырғызстандағы байыпты іс-қимыл мен баянды болашаққа ықпал етсе, құба-құп
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Елбасының тапсырмасымен және алдын ала қол жеткізілген уағдаластыққа орай, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының Арнайы өкілі, Парламент Мәжілісінің вице-спикері Жәнібек Кәрібжанов Қырғызстандағы парламент сайлауы қарсаңындағы ішкі саяси ахуалмен жақын танысу мақсатында 13-15 қыркүйекте осы елде жұмыс бабындағы сапармен болып қайтты. Ізгілікті парыз жүгін арқалаған, Қырғызстандағы халықаралық қоғамдастық тарапынан ықпал ету шараларын одан әрі өрістетуді көздеген осынау сапарға БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентивті мәмілегерлік жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Мирослав Енча мен Еуроодақтың Орталық Азия елдері бойынша Арнайы өкілі Пьер Морельдің қосылуы мәселенің маңыздылығын үстемелей түскен-дей.
Аталмыш сапар барысында өтпелі кезеңдегі үкімет басшылығымен, саяси партиялардың және жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен Қырғыз Республикасына халықаралық қоғамдастықтың қолдау көрсетуі орайындағы іс-шараларды одан әрі үйлестіру туралы жан-жақты консультациялар алмасылып, елдің қазіргі жағдайы, оқиғалардың даму ықтималдығы жөнінде бүкпесіз ашық әңгімелер өткізілді.
Қырғызстан президенті Роза Отунбаева елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі халықаралық қоғамдастықтың жұмсап жатқан елеулі күш-жігері үшін ілтипатты алғыс сезімін білдіріп, соның орайында заңның үстемдігі мен ел экономикасын қалпына келтіруде Уақытша үкіметке қолдау көрсеткен нақты қадамдары үшін ЕҚЫҰ-ның қазақстандық төрағалығының рөлін ерекше атады. Шынында да, халықаралық қоғамдастық елді құлдырау шыңырауына тартқан, күйзеліс пен қайғыға ұшыратқан, биліктің тоқырауына ұласқан жо-сықсыз оқиғалардан кейінгі ауыр да тауқыметті кезеңде Қырғызстанды не болсаң, ол бол деп, өз тауқыметінің шытырманында жалғыз қалдырған жоқ. Қазақстан әуелден-ақ ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде де, одан қала берді, тарихи туыстас та тағдырлас көрші ел, қазақы ұғымға салғанда, ақжүрек ағайын ретінде де көмек қолын алдымен созды.
Әлбетте, Роза Ысқаққызының көңіл түкпірінде бұл жайлардың да жатқаны анық. Осы арада ел ішіндегі әралуан топтардың түсіністік үнқатысуына және бір бауырлас мемлекет – Түркияның мұрындық болуы да ғанибет дей алсақ керек. Қыркүйектің аяғына дейін қырғыз жағы сондай-ақ Түркияның, Дүниежүзілік даму банкінің және Германия банкінің гранттарын, қазанда – Азия Даму банкі мен Еуропалық Одақтың гранттарын алуды жоспарлап отыр. Біз Бішкекте жүрген күндерде В.Путиннің дуалы аузымен Ресейдің Қырғызстан экономикасын оңалтуға 10 миллион доллар көмек беретіндігі жөнінде жария етілгені белгілі болды. АҚШ өз алдына, алыстағы Жапония да Қырғызстанға қаржы көмегін беруге ықыласты көрінеді.
Әрине, алған жақсы. “Жоқшылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес” дейміз-ау. Бірақ алмақтың да салмағы бар емес пе. Олай болса, негізгі темірқазық бағыт ретінде қазіргі ағымдағы жағдайдың өзінде де Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев достас мемлекет үшін ұсынған экономикалық оңалту бағдарламасын іске асыруды ұстанған әлдеқайда дұрыс сияқты. Бұл үшін Қырғызстанның нақ өзінде экономикалық әлеует те, ресурстар да жеткілікті. Тек елдің экономикалық дамуының жаңа жағдайға лайықталған ілкімді бағдарламасы әзірленуі қажет.
Осы жылдың 10 қазанына белгіленген парламент сайла-уына әзірлік, сайлау алдындағы күреске 29 партияның қосылуы елдегі әртүрлі күштердің саяси белсенділігін күрт арттырып жіберді. Осы орайда әзірге сырттай тұрақты әрі жаймашуақ болып көрінгенімен, ішкі саяси жағдайдың кез келген үстірт немесе асығыс қадамнан, болмашы тамызықтан, ойланбай айтылған бір ауыз сөзден-ақ ушығып шыға келуі мүмкіндігін ешбір жоққа шығаруға болмайды. Осындай көзге көрінбес шиеленіс елдің оңтүстігінде, Ош пен Жалалабадта сақталып отыр десек, шындықтан алыстамаймыз. Қырғыз басшысының Арнайы елшілер сапарының дәл алдында ғана сол жақтан оралуы ол өңірдің ерекше назарда екендігін аңғартқандай.
Бүкпесіз әңгіме кезінде Р.Отунбаева сайлау қарсаңында шиеленіс пен қайталама қақтығыс қаупі күшейген жағдайда елде төтенше жағдай енгізіліп, сайлау кейінге қалдырылуы мүмкін екендігін де жасырып қала алмады. Бірақ жаңағыдай қауіпті барынша азайтып, жұрт көкейіндегі күмән-күдікке орын қалдырмауға, сөйтіп, әділ әрі алаңсыз тыныш сайлау өтуін қамтамасыз етуге қазіргі биліктің күш-жігері, құрал-дәрмені жеткілікті. Мұндай шешімтал-дықты Р.Отунбаева осы күндерде күш ведомстволарында – Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінде басшы кадрларды ауыстырған кезде танытып та тастағандай.
Осы ретте бір айтарлық нәрсе, ел аумағында ЕҚЫҰ-ның полициялық консультативтік топтарын әкеліп орналастыру мәселесі түпкілікті шешімін таппай, тежеліңкіреп тұрғаны қынжылдырғандай. Кейбір партиялар да техникалық тұрғыдағы мәселеге саяси реңк бергісі келетін ниеттерін білдіріп алды. Сол себептен де, консультативтік полиция топтарын сайлаудан кейін орналастыру жөнінде келісілді. Несі бар, тыныштық сайлаудан кейінгі кезде де керек.
Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы А.Сариев, Сыртқы істер министрі Р.Қазақбаев, Ішкі істер министрінің орынбасары Ш.Мамыров, республиканың техникалық үкіметінің бірінші вице-премьері А.Муралиев сайлау қарсаңында елде тыныштық сақтаудың, жанжал-кикілжіңдердің алдын алудың өзекті мәселелеріне, осы ретте атқарылып жатқан істерге тоқталды. Сайлауда жеңіліс тапқан партиялардың кейбір көшбасшылары өз мақсаттарына жету жолында неден де болса тайынбайтыны атап өтілді. Сондай-ақ әсіресе орталық шешімдерінің заңдылығын үнемі тани бермейтін елдің оңтүстік өңірінде бүлдіргіш әрекеттердің орын алу мүмкіндігін қаперден бір сәт шығаруға болмайды. Осыған байланысты қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қырғыз өкімет орындары парламент сайлауы күні әрбір сайлау учаскесінде милиционерлер мен халық жасақшыларының кезекшілік етуі жөнінде шешім қабылдады.
Енді, тікелей сайлаудың өзіне келер болсақ, оған 2 миллион 700 мың сайлаушы қатысады деп күтілуде. Бүкіл Қырғызстан бойынша 344 сайлау учаскесі жасақталмақшы. Тағы бір үлкен түйткіл сол, қазір Ресей Федерациясында ғана 400 мыңға жуық қырғыз мигранттары ресми тіркелген. Қазақстанда жүрген сайлау жасындағы қырғыз азаматтары 100 мың деп шамалануда. Оларды дауыс берумен қамту мүмкін де емес және ондай жағдай қарастырылып та отырған жоқ. Демек, кемінде жарты миллион қырғыз азаматы өз елінің болашағын таңдауға қатыса алмайды, деген сөз. Өте өкінішті.
Қырғызстан парламентінің сайлауы қарсаңында ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі орталығы игілікті істердің тынымсыз ұйытқысына айналған. Орталықтың басшысы, Елші Эндрю Тесорьер діни экстремизмнің таралуын болдырмау орайында қылмыстық-атқару жүйелерінің қызметкерлеріне арналған семинарлар легін бастады. Сонымен қатар, аталған Орталық Қырғыз Республикасындағы сайлауда саяси партиялар ұстанатын Әдеп кодексін әзірлеп ұсынды. Сайлауға ресми тіркелген 29 саяси партияның 26-сы осынау кодекске қол қойыпты. Демек, олар заң құзырына жүгініп, сайлаудың әділ әрі адал өтуін жақтайды, негізгі сайлау қағидаттарының қадағалануын қамтамасыз етуге ұмтылады.
Партиялардың қауқарсыз емес екендігі сайлау алдындағы үгіт науқаны басталған алғашқы күндерден-ақ белгілі болып қалғандай. Халыққа олардың үні жетіп-ақ жатыр. Бәрінің ниеті түзу, тілегі ақ, мұраттары асқақ, мақсаттары біреу. Бәрі де Қырғызстанды көгертуді, көркейтуді көксейді. Әйткенмен, ешқайсысы жарқын болашаққа жеткізетін жолды көрсетпейді, нақты экономикалық бағдарлама ұсынбаған. Партияларға абырой әпере қоймас осы жағдайды кездесулерде Жәнібек Кәрібжанов та, сонымен бірге, Ресей Президентінің Қырғыз Республикасымен қарым-қатынасты дамыту жөніндегі өкілі В.Рушайло да атап көрсетті.
Сайлау кезіндегі түйткілді әрі көкейкесті мәселенің бірі партиялардың да, биліктің де, былайша айтқанда, “әкімшілік ресурс” дейтінді пайдалануына жол бермеу болып табылады. Егер ол пайдаланылса, қандай да бір партия немесе партиялық көшбасшы сайлау науқаны барысында мемлекеттік қолдауға арқа сүйесе, даудың басы сол болайын деп тұр. Бұл – өте қауіпті. Осы жайдан Жәнібек Кәрібжанов бастаған халықаралық ұйымдар өкілдері өте-мөте сақтандырып, өз кезегінде билік пен партиялар да “әкімшілік ресурстарға” жүгінбейтіндіктеріне сендіріп бақты. Нақ осы мақсатта, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросы 10 қазанда Қырғызстанда өтетін парламент сайлауын байқап-бақылайтын өз миссиясын ашты. Миссия басшысы Корин Жонкер: “ЕҚЫҰ-ға қатысушы ретіндегі міндеттемелеріне сәйкес демократиялық сайлау өткізу Қырғызстан үшін маңызды сын болмақ”, деп мәлімдеді. Аталған миссия Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша ашылғанын атап өткеніміз абзал. Қырғызстанға ЕҚЫҰ-ға мүше 23 елден 300-ден астам сарапшылар мен қысқа мерзімді байқаушылар келеді деп күтілуде.
Сонымен, қырғыз елі өзінің саяси өмірінің аса маңызды кезеңіне аяқ басты. Халықаралық стандарттарға сәйкес тең құқықты, ерікті әрі әділ сайлаудың өткізілуін қамтамасыз ету қазіргі қырғыз үкіметін былай қойғанда, бүкіл қырғыз халқы-ның болашағын болжалдайтын жауапты сын болғалы тұр. Осыны пайымдай келе, ЕҚЫҰ-ның, БҰҰ-ның және Еуроодақтың Арнайы өкілдері Қырғызстандағы ахуалға байланысты мәлімдеме жасап, сол сыннан сүрінбей өтудің, елдің тұрақты әрі өркенді болашағына парламент сайлауын кінәратсыз табысты өткізу арқылы негіз салудың маңыздылығын атап көрсетті. Иә, халықаралық қоғамдастық қырғыз халқының ақыл-парасатына сенеді және оларды өздерінің жарқын болашағы жолындағы күресте риясыз қолдайды. Алдағы парламент сайлауы Қырғызстанға мықты мемлекет болу мүмкіндігін ұсынып отырған елдік сыны дейтініміз де сондықтан.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы-Бішкек-Алматы.