17 Қыркүйек, 2010

Аға буын қамқорлықсыз қалмасын

615 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жуырда Қазақстан Республи­касы­ның Ардагерлер ұйымы Ор­талық кеңесінің төралқасы кәсіп­керлерге, еңбек ұжымдарына Қарт­тар күніне орай үндеу қа­былдады. Онда былай делінген: “Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1990 жылғы 14 желтоқ­сандағы отырысында 1 қа­занды “Қарт­тар күні” деп атау жө­нінде шешім қабыл­даған болатын. Осы күнді кеңінен және жаппай атап өту біздің республикамызда ізгілікті дәс­түрге айналды. Бұл – Тәуелсіз Қа­зақ­станның құрылуына және эконо­ми­ка­лық базасының қалыптасуына бел­сен­ді түрде үлес қосқан аға буынға деген қо­ғам ризашылығының бірден бір белгісі. Аға буынның мол тәжірибесі, сарқылмас даналығы және орасан күш-қуаты әрбір отбасына ғана емес, бүкіл қоғамға пайдалы ең­бек­ті әрі қарай жалғастырудың маңыз­ды факторы болып табылады. Жасы ұлғайған шағында әрбір қария өзіне бөлінер көңілге, мейі­рімділік пен көмекке зәру болады. Қарттар тұрмыс жағдайының жақ­саруына деген үмітті ең алдымен мемлекеттік органдардан күтеді. Әрбір әлеуметтік-бағдарлы мем­лекеттің, оның ішінде Қазақстан­ның да өз азаматтарына лайықты қарттықты қамтамасыз етуі негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Осы бағытта еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қарттарға жасап отырған қамқорлығы аса зор. Елбасының зейнетақы мен жәр­демақы мөлшерлерін көбейтуге байла­нысты қабылдаған шаралары Қазақ­станды ТМД елдерінің арасындағы ең жо­­ғары зейнетақы төлеу деңгейіне көтерді. Сонымен қатар елімізде әлеу­мет­тік көмекке мұқтаж егде адам­дар аз емес. Халықаралық Қарттар күні қар­саңында “Қазақстан Республикасы Ар­дагерлер ұйымы” қоғамдық бір­лестігінің Орталық кеңесі барлық кәсіпкерлерді, еңбек ұжымдарының басшыларын арда­герлерге көмек көрсетіп, олар үшін осы бір атаулы күнді ерекше мерекеге айналдыруға шақырады”.