Кеше Ыстамбұлдағы “Чираган Кемпински” қонақ үйінде Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Х саммиті болды, оның жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
Бірлік жаңа жетістіктер мен жеңістерге бастайды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде осылай деп атап көрсетті
Саммит жұмысын қарсы алушы жақ ретінде Түркия Президенті Абдулла Гүл ашып, жүргізіп отырды. Саммитке қатысушыларға құттықтауынан кейін ол өзінің ресми сөзін айтты. Түркітілдес мемлекеттердің Түркі кеңесінің құрылуы – тарихи шешім болып табылады, деп атап өтті Түркия Президенті. Біз бүгін осындай терең қатынасқа қол жеткізіп отырмыз. Одан кейін латын әліпбиіндегі ретіне қарай Әзірбайжан Президенті Ильхам Алиев сөйледі.
Үшінші болып сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев сөзін өздерін ыстық ықыласпен қабылдаған түрік жағына ризашылық білдіруден бастады. Одан әрі Қазақстан Президенті сөзін: “Бүгін біздің алдымызда Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 2009 жылы Нахчыванда өткен 9-шы саммиті барысында қол жеткізілген келісімдерді іске асыру міндеті тұр. Сонымен қатар біз болашақтағы жоспарларды талқылауымыз керек”, деп жалғастырды. Нахчыван басқосуы барысында Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия басшылары тарихи маңызы зор құжатқа – Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін (Түркі кеңесі) құру туралы келісімге қол жеткізгенін еске алды. Бұл келісім жақында Қазақстан Парламенті тарапынан қолдау тауып, ратификацияланды. Түркі кеңесінің толыққанды жұмысқа кірісуіне бәріміз де мүдделіміз және бұл үрдіске өзге бауырлас елдер де қосылады деген үміттеміз, дей келіп, осы қатарда бүгінгі саммитте Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтің де қатысып отырғанына қуанышты екенін жеткізді. Түркіменстан басшылығының ортақ басқосуларға қатысуы жалпы түркілік ықпалдасу үрдісіне қомақты үлес қосатыны сөзсіз.
Бүгінгі саммит Түркі кеңесінің институттық қалыптасуына жаңа серпін береді деген сенімдемін. Біздің алдымызда Түркі кеңесі Хатшылығының құрылуы, Ақсақалдар алқасы туралы ереженің қабылдануы, Түркі әлемі академиясының нақты жұмысқа кірісуі сияқты жалпы түркілік құрылымдарды одан әрі дамыту міндеті тұр. Былтыр Нахчыван саммиті кезінде біз Түркі әлемі академиясын ашу жөнінде игі бастама көтерген едік. Осы академияның тұсаукесер рәсімі мамыр айының аяғында Астанада өткізілді. Халықаралық мәртебеге ие болатын бұл академия жұмысы түркітілдес халықтардың тамырлас тарихын зерделеуге және ортақ мәдениетін дамытуға жұмылдырылады. Осыған орай, жалпы түркілік өркениеттің өркендеуіне мүдделі барша мекемелер мен ғалымдарды академияның жұмысына белсене атсалысуға шақырамын, деді Н.Назарбаев.
Нұрсұлтан Әбішұлы келесі кезекте Қазақстанның нақты жұмыстарына тоқталды. Соның ішінде Түркі әлемі академиясы үшін ғимарат бөлініп, мемлекеттік бюджеттен қаражат көзделгенін, тиісті халықаралық келісім жобасы әзірленгенін атап өтті. Қазақ тарапы дайындаған бұл маңызды құжатқа бауырлас барлық елдер қосылады деген сенімін білдірді. Одан әрі Қазақстан Президенті осы тараптағы
жұмыстарды жүзеге асыруға жауапты ортақ халықаралық ұйымымыз – ТҮРКСОЙ-дың атқарар рөлі зор деп есептейтінін атап көрсетті. Сондықтан ТҮРКСОЙ-дың өкілеттігін күшейтіп, оның қызмет ету аясын кеңейткен жөн. ТҮРКСОЙ – түркі әлемінің шын мәніндегі ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс. Сондықтан, ТҮРКСОЙ қорын құру жөніндегі жұмыстарды жандандыру ісіне көңіл аударуымыз керек.
Н.Назарбаев сондай-ақ түркітілдес мемлекеттердің ортақ рухани, мәдени құндылықтарының бірлігі тиімді экономикалық ынтымақтастықтарды нығайтуға да жақсы негіз болатынына тоқталды.
Бүгінде тәуелсіз алты түркітілдес мемлекеттің ортақ ішкі жалпы өнімі шамамен 1 триллион доллардан асатынын, бірақ осындай экономикалық әлеуеттің түркітілдес елдер арасындағы өзара тауар айналымында нақты мүмкіндіктерге де, мүдделерге де сай келмейтінін атап көрсетті. Мәселен, деді Қазақстан басшысы, 2009 жылы Қазақстанның өзге түркітілдес елдермен сауда көлемі небәрі 3,717 миллиард долларды құрады. Бұл – Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымының тек 3,8 пайызы ғана деген сөз.
Осындай жағдайды түзету үшін
түркітілдес мемлекеттердің геостратегиялық орналасу ерекшелігін пайдалану арқылы көлікпен жүк тасымалдау және транзит мәселесіне жіті көңіл бөлу керек. Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту бүкіл Еуразия өңірінің өркендеуіне оң ықпалын тигізеді. Осыны басшылыққа алған Қазақстан бүгінгі таңда “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” трансқұрлықтық көлік дәлізінің құрылысын жүргізуде. Осындай жобалар біздің елдеріміз арасындағы байланыстардың нығаюына және қосымша халықаралық жүк тасымалының артуына ықпал етер еді.
Нұрсұлтан Әбішұлы Қырғызстандағы проблемаларға да кеңінен тоқталып өтті. Өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты дамыту елдеріміздің ұлттық мүдделеріне де, халықтарымыздың игілігіне де жауап беретіні сөзсіз. Қазіргі кезде көрші Қырғызстандағы күрделі ахуалдың туындауына осы әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілмеуі басты себеп болғаны белгілі. Қырғыз бауырларымыздың басына түскен жағдай бәрімізді де толғандырып отыр. Қазақстан екі жақты негізде болсын, ЕҚЫҰ-ға төрағалық аясында болсын Қырғыз Республикасына барынша қолдау көрсетіп, риясыз гуманитарлық жәрдем беріп келеді. Бұл жерде біз қырғыз еліне көмек көрсету ісінде қаржылай жағынан ғана емес, оның нақтылығына және практикалық тиімділігіне жіті көңіл бөлгеніміз жөн. Осы орайда, мен төмендегідей нақты және бірлескен іс-шараларды қолға алуға шақырамын.
Қазақстан басшысы осылай дей келіп,
барлық түркітілдес мемлекеттерді бірлесе отырып, Қырғызстанның Ош және Жалалабад өңірлерінде мектеп және аурухана сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандар тұрғызуға шақырды. Сондай-ақ қырғыз жастарына тегін білім беру үшін елдеріміздің жоғары оқу орындарында квоталардың мөлшерін арттырған жөн болатынын атап көрсетті. Осы орайда, мәселен, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық университеттің әлеуетін толығырақ пайдалануға болар еді.
Бүгінгі күні Қырғызстанға жұмыла отырып жәрдемдесу – бүкіл Орталық Азия өңірінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтап қалуға игі әсер етеді. Бұл ретте, жақында Алматыда Қазақстанның бастамасымен өткелі отырған Халықаралық донорлар конференциясына үлкен үміт артылады. Аталған іс-шараға түркітілдес елдердің өкілдері белсенді түрде атсалысып, нақты үлес қосады деген сенімдемін, деп жалғастырды Қырғызстанға қатысты сөзін Н.Назарбаев.
Біздің бүгінгі саммитіміз өзара ықпалдасу үдерісінің жаңа сатысына көше бастаған түркі әлемі үшін ерекше тарихи ахуалда өтуде. Алтайдан Ақтеңізге дейінгі ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігіндегі бауырлас елдеріміз әлемдік істерге белсене араласуымен қатар, маңызды халықаралық және өңірлік ұйымдардың тізгінін қолдарына алуда. Соның ішінде Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын абыроймен жүргізуде.
Осы жылдың 1-2 желтоқсаны күндері Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы шешім Қазақ елінің осы Ұйымдағы төрағалығының тарихи жетістігі ретінде бағалануда. Мәртебелі Ұйымның 11 жыл үзілістен кейін Астанада өткелі отырған саммиті еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің ортақ кеңістігін қалыптастыру үрдісіне, құрлығымыздағы интеграциялық үдерістердің дамуына жаңа серпін береді деген үміттеміз, дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы түркітілдес мемлекеттер басшыларын да Астана Саммитінде ыстық құрметпен қарсы алынатынын жеткізді. Одан әрі Қазақстанның биылғы маусым айынан бері Шанхай ынтымақтастық ұйымын басқаруға кіріскенін, ал келесі жылы Ислам Конференциясы Ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық ететінін айтып өтті. Еліміз бұл беделді ұйымдардағы төрағалығында мәдениетаралық және дінаралық үнқатысу идеясын жүзеге асыру мәселесіне басты назар аударатын болады.
Қазақстан Президенті келесі кезекте Түрік Республикасының үстіміздегі жылғы маусымда Азия Кеңесіне төрағалық тізгінін біздің қолымыздан қабылдап алғанын, осындай маңызды халықаралық және өңірлік ұйымдарда шешуші рөл атқаратын елдеріміз азиялық және еуропалық құрылымдар шеңберіндегі әрекеттестікті тиімді дамытуға жіті көңіл бөлгендері жөн екенін атап өтті.
Соңғы кездері әлемдік саясатта орын алып отырған діни экстремизм, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымы, адам саудасы, халықаралық лаңкестік бір ғана мемлекет және өңірмен шектеліп қалмай, баршаға ортақ түйткілге айналуы дүниежүзілік қоғамдастықты алаңдатуда. Осы тұрғыдан келгенде, ой-пікірлері бір, экономикалық мақсаттары жақын түркітілдес мемлекеттердің өзекті халықаралық және өңірлік түйткілдерге қатысты бірегей немесе ұқсас ұстанымда болғандары маңызды деп есептеймін, деді Н.Назарбаев.
Сөзінің соңында 2011 жылдың – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Әзірбайжан үшін ерекше, саяси маңызы зор тарихи жыл екенін, өйткені олар өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетінін айтып өтті. Мұны туысқан Түркия үшін де ерекше мерейлі жыл деп есептейтінін мәлімдеді. Түркияның біздің елдеріміздің тәуелсіздігін әлемде бірінші болып танығанына да 20 жыл толады. Осы орайда, мен тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы сынды айтулы оқиғаны ауқымды түрде бірлескен іс-шаралар сипатында атап өтуді ұсынамын. Менің ойымша, мұндай қадам біздің елдеріміз арасындағы бауырластық дәнекерлігін нығайтуға нақты үлес қосады. Сондай-ақ түркі халықтарының жетістіктерін, мәдениеті мен өнерін халықаралық аренада насихаттауға қолғабысын тигізеді. Біздің “бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып”, өзара ықпалдасуымыз – елдігіміздің нығаюына, экономикалық қуатымыздың артуына және мәдени дамуымыздың өркендеуіне бастайтын сара жол. Біз осылай біртұтас түркі әлемі ретінде ғана даңқты бабаларымыздың мұрасына адал болып, жаңа жеңістер мен жетістіктерге қол жеткізе аламыз, деді сөзінің қорытындысында Қазақстан басшысы.
Осыдан кейін Қырғыз Республикасы өтпелі кезеңінің Президенті Р.Отунбаева мен Түркіменстан Президенті Г.Бердымұхамедов сөйледі. Саммит қорытындысы бойынша мемлекет басшылары Үндеу қабылдады.
Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Х мерейтойлы саммиті бірлескен баспасөз мәслихатын өткізумен аяқталды. Оны Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл ашып, жүргізіп отырды. Алдымен ол саммитте қол жеткізілген келісімдер туралы баяндап өтті. Соның ішінде саммит жұмысы аясында сыртқы істер министрлерінің кеңесі, қуат ресурстарын игеру саласы басшыларының келіссөздері болғанын айтты. Одан әрі өткен жылдың қазан айында Нахчыванда болған саммитте келісілген Түркітілдес мемлекеттер атқарушы хатшылығын құру идеясының жүзеге асқанын атап көрсетті. Хатшылықтың Бас хатшысы болып біз түрік азаматы, Түркияның Ресейдегі бұрынғы елшісі Халел Акынджені тағайындап, оған ұйымдастырушылық шараларын жүргізуді жүктедік. Сондай-ақ Мемлекет басшылары кеңесі, Сыртқы істер министрлері кеңесі, Ақсақалдар кеңесі жұмыстарын жалғастыратын болады. ТҮРКСОЙ мен Түркі әлемі академиясының жұмысын жандандыру бағытында нақты ұсыныстар іске асырылатын болды, деді Түркия Президенті.
2011 жылы Орталық Азиядағы түркі мемлекеттері мен Әзірбайжан Республикасының өз тәуелсіздіктерін алғанына 20 жыл толуына байланысты мерейтойлық шаралар шеңберінде Түркіменстанда түркі мемлекеттері мәдениетінің фестивалі өтетін болды. Ал Түркітілдес мемлекеттер басшыларының кезекті саммиті келесі жылы Қырғызстанда ұйымдастырылады. Сонымен қатар, біз аймақтық қауіп-қатерлерге бірлесе қарсы тұру шаралары туралы да пікір алмастық, деген Абдулла Гүл сөзінің соңында толық түсіністік пен достық, туыстық жағдайында бірлесе атқарылған жұмыстар үшін өзінің әріптестеріне алғысын айтты.
Осыдан кейін Мемлекет басшылары журналистердің сұрақтарына жауап берді. Соның ішінде Түркіменстан Президенті Г.Бердымұхамедовтен Әзірбайжанмен екі арадағы Каспий теңізіндегі шекараларының осы уақытқа дейін делимитацияланбау себебі сұралды. Оған Г.Бердымұхамедов ондай мәселенің бар екендігін, бірақ ол шешілу жағдайында екендігін айта келіп, екі мемлекеттің осынау “тұрмыстық” проблемаға қарамастан, қарым-қатынастары жақсы жолмен дамып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзін Әзірбайжан Президенті И.Алиев қостап, қазір бұл мәселенің екі ел арасында бірінші орындағы проблема болудан қалғандығын айта келіп, қазір екі елдің арасындағы ынтымақтастық жаңа сапаға көтерілгенін мәлімдеді.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан Қырғызстан проблемасы туралы, оған инвестиция тарту мәселесі жөнінде қандай пікірлер болғандығы сұралды. Оған Нұрсұлтан Әбішұлы мәселеге жанашырлықпен қаралғанын және көмек ұйымдастыруда нақты шаралар белгіленетінін айтты. Осы қатарда біз 10 қазанда болатын парламенттік сайлаудың қорытындысын тосатын боламыз, сол кезде құрылатын жаңа үкіметпен тығыз жұмыс істеу ниетіміз бар, деді Қазақстан басшысы. Сонымен бірге, түркітілдес мемлекеттер ұйымының ешқандай блокқа қосылмайтын, ешкімге қарсы келмейтін ұйым екенін еске салып өтті.
Нұрсұлтан Әбішұлының сөздерін Қырғызстанның өтпелі кезеңдегі Президенті Роза Отунбаева да қостап, түркітілдес мемлекеттердің Қырғызстанда дағдарыс басталған сәттен бастап үлкен гуманитарлық көмектер беріп жатқанын атап өтті. Енді парламенттік сайлаудың нәтижелері бойынша түркітілдес елдермен ынтымақтастығымыз арта түсер деген үміттеміз, деді ол. Сонымен бірге, инвесторлар тарту мәселесі бойынша Қырғызстанда қазірдің өзінде бірқатар оң жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
* * *
Ыстамбұл қаласында болған Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сәрсенбі күні күн батар кезде келді.
Ыстамбұл әуежайында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевты арасында Түркияның Мемлекеттік министрі Д.Йылмыз, Ыстамбұл провинциясының губернаторы Х.Мутлу, Ыстамбұл қаласының мэрі К.Топбаш, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Б.Әміреев бар ресми адамдар қарсы алды.
Сәрсенбі күні кешке саммит жұмысына қатысу үшін Қазақстан мен Түркия мемлекеттері басшыларынан басқа Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиев, Қырғыз Республикасы өтпелі кезеңінің Президенті Роза Отунбаева, Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтің келгендері белгілі болды.
Осы күні кешке, саммит шеңберінде, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президенті Абдулла Гүлмен кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді. Одан кейін Түркия Премьер-министрінің атынан кешкі ресми ас берілді. Ал кеше таңертең Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанның өтпелі кезеңдегі Президенті Роза Отунбаевамен және Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиевпен кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді.
Жақсыбай САМРАТ – Ыстамбұлдан.
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.