Кеше елімізге “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ пен Қазақстан Велоспорты федерациясының шақыруымен спорттың осы түрінен бірнеше мәрте рекордтар жасаған, көп күнге созылатын үш ірі жарыста 11 рет жеңіске жеткен Эдди Меркс, “Тур де Франс” бәйгесінің үш дүркін, “Джиро д Италия”, “Вуэльта Испания” жарыстарының жеңімпазы Альберто Контадор мен отандасымыз, көптеген турлардың, соның ішінде “Вуэльта Испания” бәсекесінің жеңімпазы Александр Винокуров келді.
Осы күні “Самұрық-Қазына” қорының басшылығы атақты спортшылармен кездесу өткізіп, “Астана” командасы мен Велоспорт федерациясының атқарып жатқан жұмыстары туралы мәлімет беріп, меймандардың спорттағы жетістіктері мен алдағы жоспарлары жөнінде ой бөлісуіне жағдай жасады.
Кездесуде қор басшысы Қайрат Келімбетов алдымен “Астана” командасының биылғы “Тур де Франс” жарысындағы табысы спортшылар, менеджерлер мен демеушілердің арқасында қол жеткен жетістік екенін, команданың жоғары спорттық жетістікке жетуінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да қолтаңбасы жатқанын айтып, қазір “Астана” велокомандасының тек спорт әлемінде ғана емес, елімізді, ел астанасын дүние жүзіне таныстыру мақсатында да үлкен рөл атқарып келе жатқанын, оның халықаралық команда болғандықтан, алдағы кезде де белгілі велоспортшыларды шақырып, солар арқылы тәжірибе жинайтын жастарымызды тәрбиелеуді жалғастыра беретіндерін атап өтті.
– “Астана” велокомандасы спорттық жоба емес, ол – мемлекеттік деңгейдегі маңызды іс. Ол елімізде спорттың осы түрін дамыту, халық арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру бойынша стратегиялық мақсатқа ие, – деді ол.
Осыдан кейін “Тур де Франстың” үш дүркін чемпионы, “Астана” командасының сапында екі рет жарысқа қатысқан Альберто Контадор отандастарымыздың қонақжайлылығына, еліміздің командасының жейдесін киіп, бәйгелерде бақ сынасуына мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді. Ал Александр Винокуров келер жылға жоспарларын айта келіп, “Астана” командасына “Тур де Франс” көпкүндік бәйгесінде командалық есепте алғашқы орын алуға көмектесетінін мәлімдеді. Осыған орай ол: “Біз жеке тұрғыда тағы да жоғары сатыға шығамыз деп ойлаймын. Қазіргі күні Шлек пен Контадор секілді екі ең ірі велошабандоз бар. Бірақ, оларды да жеңуге болады”, деді.
Кездесуден кейін спортшылар Астанадағы Балалар үйінде болып, оларға “Самұрық-Қазына” қоры сыйлаған микроавтобустың кілтін тапсырды. Осы жерде Александр Винокуров балаларға кілт табыс ете отырып, “Мықты, күшті және өмірде жетістіктерге жетемін десеңіздер, спортпен айналысыңыздар”, деген тілегін жеткізді.
Дастан КЕНЖАЛИН, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.