Туған тілдің толғағы
Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы Қарағанды, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Павлодар, Талдықорған, Атырау, Алматы, Ақтөбе сияқты еліміздің бірталай аймақтарында жан-жақты талқыланып, туған тілдің толғақты мәселелері сараланған, мақсат-мүдде нақтыланған, атқарылар іс айқындалған. Көкейдегі түйткіл шешілердей бір үміт жылт етіп, ана тілдің айдыны жарқырайтын күн алыс емес екеніне көңіл иланған. Ендігі кезекте сол қозғалған жәйттердің “баяғы жартас – бір жартас” күйінде қалып қоймай, шын мәнінде жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге, қазақ тілінің буылып келген тамырын кеңітіп, бойына қан жүгіртуге тікелей тіреліп тұрғанын әркім де ұғынар сәттің жеткені анық. Осындайда әр қазақтың жанына батар көкейтесті дерт елордада қалай шешіліп жатыр деген ой, ел жүрегінде өзге жерлерге қарағанда тілдің жайы көбірек талданып, оны өркендету жолындағы кедергілер мен қиындықтарды жеңу қамы батылырақ қарастырылып жатқан шығар деген сәулелі үміттің шуақ шашып тұруы заңды, әрине. Ел астанасы қазақша сайрамайынша тіл бағының қайта көктеуі екіталай екені түсінікті жәйт.
Тілдің мұңы мен зары ең әуелі қазақтың өзінің құлағына құйылуы, тілдің жанайқайына алдымен қазақтың өзінің жаны ауыруы тиіс. Бұл іске академик ағаларымыздан бастап мұнымен күнделікті бетпе-бет келіп, тілдің жай-күйін жете зерделеп жүрген мамандар барынша атсалысып, алдағы он жылда тіл деңгейі қай шамада болуы керек, қазақ өзінің ана тілін қаншалықты меңгеруі керек, ал Қазақстанды мекендейтін өзге этностарға қойылар талап қандай болуы тиіс деген сияқты көкейде жүрген көп түйткіл таразыланған. Еліміздің бас қаласында өткен тіл жанашырларының жиынында Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров өз ойын өткен кезең үнімен сабақтастыра өрбіткен. Сәкен Сейфуллиннің бір кездергі “Қазақ тілі Ақмолада әзірше жұмылған ауыздың ішінде тұр” деген сабаудың ащы тызылындай арқаны қарып өтер қағидасын тілге тиек ете келіп, сол тіл әлдеқашан ашылғанын, тілдің буылған-түйілген тұстарының шешілгенін, бірақ төбесінде үкісі бар тіліміздің ептеген мүкісі де жоқ еместігін баяндаған. Астанадағы тіл басқармасының “мемлекеттік тілдің басына таққан үкісін мәпелей отырып, баяғыдан қалып қойған мүкісін кетіру үшін күш-жігерін аямай жұмсап жатқанын”, Алматыдағы тіл көшін түзеген басшылықтың ендігі кезекте елорданы еңсеруге еп танытып, “тілдің құлақ күйі келмей жатқан тұстарын реттей бастағанын” айтқан. “Жиған байлығың мен иман байлығың таразыға түсіп тұрған заманда, тілдің иманға серік болғаны дұрыс” деп, тіл туралы жиында жаттанды үлгіге ұрынбай, өмірдің өзегінен алынар өткір дүниелер төңірегінде тереңдеп ой қорытуға шақыруы құптарлық.
Жиған байлық дегенің расында бес күндік қысқа ғұмырдағы сусып қолда тұрмайтын құмша лезде жоғалатын, азар тегі аз күндік құлқынды құрғатпауға жарар, ешқашан кісінің істеген тірлігі мен жасаған амалына есепке жүрмейтін әурешілікке айналса, ал иман байлығы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, тамыр қуалай соғатын таусылмас мөлдір бастау екені анық. Дініне адал адам тіліне де дәл солай ақ сезіммен пейілдене қызмет етпек екен. Сондықтан бұл екеуін бір бүтін дүние есебінде санаға сіңдіре беру керек. Ана тіліне мұрын шүйіре қарау, қазақ тілінде сөйлеуді ескіліктің көрінісіне балау, сан ғасырлар бойы ата-бабасы келешегінің кемелдігі үшін суын мөлдіреткен құдыққа кейінгі ұрпағының шырт түкіріп елемей кете баруы имансыздықтың белгісі. ХХ ғасырдың Абай атамыздың “Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды” деген нәрлі нақылын әрмен қарай “тіл игеру үшін тілек те керек, жүрек те керек” деп жалғастыруы тағы да тілдің мән-жайына үстірт қарамай, үңіле зерделеуді қажет етеді. Астана қаласы әкімдігінің Алаш қозғалысының 90 жылдығына арнап “Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты” атты халықаралық конференция өткізіп, дүние жүзінің он бір елінен есімі ел-жұртқа танымал отыз шақты қандасымыздың атамекенде басын қосу арқылы ана тілдің рухын асқақтатуға ықпал етуі, онға жуық басқарманың іс-қағаздарын қазақ тіліне көшіріп, дана тілдің мәртебесін көтеруге атсалысуы айрықша атап өтілді.
Елорданың ұлттық келбетіне жарасар тағы бір еңсерілген еңбекке мемлекеттік қызметкерлердің тегін оқытылатынын, Астана қаласы әкімдігінің денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, білім беру мекемелерінің және де ұлттық орталықтардың қызметкерлеріне қазақ тілін оқыту курсын ақысыз жүргізуге шешім қабылдағанын жатқызған қандай ғанибет. Олардың жұмыстарын “Корей қазақша хал сұрайтын, орыс қазақша мал сұрайтын жағдайға жетіп қалды” деп түйіндеу істелініп жатқан шараларға көз жеткізу мақсатындағы мақтан сөз емес, соңғы жылдары өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін үйренуге ұмтылыс күрт арта түскенде, кейбір орыстілді қаракөздеріміздің қаннен қаперсіз жатқанына аздап болса да сабақ болар ма екен деген ойдан туғаны сезіледі.
Жарымжан жарнама, ақаулы атаулар туралы әңгіме қозғасақ, “Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды” мысалы қапысыз қайталанады. Әрине, ауызды құр шөппен сүрту көп істі көпе-көрнеу көзге ілмеу болып саналар еді. Бұл ретте Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасы атқарған іс-шаралар толайым, басқарма төрайымы Оразгүл Асанғазы сынды қазақ тілінің қадау-қадау мәселелерін көтеріп жүрген қайсар апамыздың қаладағы көше аттары мен атауларды еліміздің айтулы ұл-қыздары есімімен сабақтастыра жаңғыртқан еңбектерін айта кеткен абзал. Тіл комитеті төрағасының “аталған құжаттың жүзеге асуы тіл саясатында тұлғасын қалыптастыра алған осындай басшылардың қатары көбейе түсуіне тікелей байланысты” деуі бекер емес. Тілге шын мәнінде жаны ауырып жұмыс істейтін мұндай адамдардың азаматтық тұлғасына жұрттың құрметпен қарауын қалыптастыру, ілтипатпен ізгілеу сияқты іргелі ойлар іске асып жатса, қанекей. Елбасы Үкіметке мемлекеттік бағдарламаны жасауды тапсырғанда, оған еліміздегі танымал ғалым-тілшілердің, қоғам қайраткерлерінің, тіл жанашырларының қамтылуы, іріктеле келе жетпіс адамнан жұмысшы тобының құрылуы, сондай-ақ министрліктен де осындай топ ұйымдастырылып, шет тілдерді жетік меңгерген мамандардың тартылуы тіл мәселесімен айналысып жүрген адамды ұлықтаудың алғашқы қадамдары сынды сезіледі. Қазір қазақ тілінің қатардан қалып қойып жатқанынан гөрі, оның ащы мұңын айтып келе жатқан адамға өзге емес ең әуелі өзіңнің кейбір қандастарыңның мысқылдап қарап, күлкіге айналдыруға бейім тұратыны қатты қынжылтады. Тіл туралы мәселенің бірде-бірі ешкімнің кекетпе кеңкіліне, әжуа әңгімесіне айналмауы тиіс екенін біліп қойсақ.
Астана жастардың, болашақтың қаласы екенін ескерсек, жаңадан өсіп келе жатқан жас шыбықтың басын қалай бұрсақ, солай қарай майысып өсетіні сияқты, жас буынның назарын қай тілге көбірек аударсақ, сөз жоқ, ол да әлгі шыбыққа ұқсап бет түзейтіні шындық. Осы тұрғыдан зерделесек, жастардың өз тіліне құрмет сезімі артып келе жатқаны сүйсінтеді. Тілдік орта қазақылана түсті. Қазақ балабақшалары мен мектептерінің саны артуда. Мұның бәрі қазақ тіліне шұғыл бетбұрыс басталуының белгісіндей. Телеарналарда қазақ тілінде хабар жүргізетін өзге ұлт өкілдерінің үкілі үміттерін көргенде, туған тілдің төбесіне үйірілген бұлттарды жел айдап әкеткендей тыныс кеңейеді. Қазақ тілі ғажап тіл болмаса, басқалар оған осыншалық құмарта ден қояр ма еді?
Б.Омаров сондай-ақ қазақша құжаттама тілі қалыптасып келе жатқанын, екі тілде, кейбірі үш тілде сөйлеп, жаза алатын жастар мемлекеттік қызметте де, бұқаралық ақпарат құралдарында да бой көрсете бастауы жалпы тіл саясатына деген көзқарастың өзгеруінен екенін айта келіп, “тілдің киесі мен жұмыстың жүйесі бір арнаға тоғысты” деп ойын тұжырды. Өзге ұлт өкілдері бейнесінде қазақтілді ортаның үлгілі қалыбы қалыптасуда. Мемлекеттік тілде сөйлеушілердің бәрінің тартымды тұлғасын санаға шегелеу міндет деліне келе, әлі де арқаны кеңге салатын заман тумағаны айтылды. Сол себепті алдағы істерді алдын ала болжап, өзара келісіп, кеңесіп пішетін тұстар аз емес екенін ескертті. “Ең алдымен, бұл – қоғамдағы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінің әркелкілігі. Екіншіден, елдің қоғамдық-саяси өміріне мемлекеттік тілдің әлі де болса баяу енгізілуі. Үшіншіден, тіл мәдениетінің төмендеуі. Төртіншіден, шетел тілдерін меңгеру қарқынының баяулығы”, деді ол.
Астана ономастикасы өркениет дәстүріне негізделгені, қаланың ажары мен базары қазақтың ең әдемі ұғымдарымен айшықталғаны, елордада елдің барлық аймағының атаулары тегіс қамтылғаны жария етіліп, төраға ендігі уақытта қаладағы ашылып жатқан мектептерге Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Қошке Кемеңгеров, Халел Досмұхамедов сияқты Алаштың ардақты ұлдарының есімдері берілсе құба-құп болар еді деген ұсыныс білдірді.
Төрт мақсаттан тұратын мемлекеттік бағдарлама жобасының “Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту” атты тармағы да талқылаусыз қалмады. Бұл мемлекеттік тілге қоса адамды басқа да тілдерді оқып-үйренуге бағыттайды. “Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін” деп Қадыр аға жырлағандай, көп тіл білетін адамның көп нәрсеге қол жеткізетіні, басқаларға қарағанда қалаған жерінде жұмыс істеуіне де мүмкіндігі мол екені, қай елге барса да алдынан жасыл жарық жағылып тұратыны белгілі жәйт. “Көп тіл білгеннің көбесі сөгілмейді. Біраз уақыттан кейін бірнеше тіл білетін журналистердің буыны қалыптасады. Лингвистикалық капитал дегеніміз сол”, деп өз сөзін түйіндей келе төраға: “Өзге тілді білсең – өрге шығасың, Өз тіліңді білсең – төрге шығасың. Орыс тілі әр елге, ағылшын тілі әлемге есік ашады. Жеті жұрттың тілін біліп, мемлекеттің мүддесін, ұлтың мен жұртыңның жай-күйін әлемге дауысың жететін мінберден асқақтата айтып тұратын күнге жетуіміз керек. Тілді көпсінбейтін төртінші мақсаттың мағынасы осында”, деген келешекте тіл білгеннің тілегі орындалатынын жұрт қаперіне салып жатып.
Бірақ сол көптілділік іргетасы ана тілден қалануы керек. Мысалы, жапондар баласын қашан жапон тілінде дұрыс сөйлей білгенше өз тілінде оқытып, үйретіп, содан кейін барып қана басқа тілді білуге ден қоя бастайтын көрінеді. Өркениетті елдердің осындай озық дәстүрлерінен неге үйренбеске? Біз де “Баланы – бастан” деген халық емеспіз пе? Онда неміз кем олардан деп намысқа қамшы басып көрмейміз бе? Астана әкімдігінде өткен тіл жанашырларының жанайқайы осындай ортақ арнаға келіп құйылды.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.