Дәстүрлі музыка орындаушыларының халықаралық фестивалі түбі бір түркі халықтарының туыстық, тұтастық тұғырына айналуда
Түбі бір түркі жұртының басын біріктіретін рухани құндылықтарды түгел зерттеп-зерделеп болдық деп айтуға әлі ерте. Мәселен-ки, “Қорқыт ата кітабы”, “Манас”, “Алпамыс”, “Көрұғылы”, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Едіге батыр”, т.б. халық ауыз әдебиеті ескерткіштерінің қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, татар, әзірбайжан, түрік, башқұрт, ұйғыр тілдеріндегі сюжеттік ұқсастықтары олардың әу бастағы тарихи тамырының ортақ екенін білдірсе, ал дәстүрлі музыкасындағы сарқылмас сарыннан бір-бірінен бөлек алып қарауға болмайтын тұтастықты, кей жағдайда егіз қозыдай ұқсас болып өрілетін жарасымды жалғастықты байқау қиын емес.
Фестиваль ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы аясында дүниеге келіп, байырғы музыкалық мұраны байыптау, көпшілік қауымның назарына ұсыну, дәстүрлі музыка өнері өкілдерін ынталандыру сынды мақсаттарға негізделіп, түркі халықтарының әні мен жырын, күйі мен сазын, эпостық үлгілерін жан-жақты насихаттауды, сондай-ақ халқымыздың классикалық дәстүрлі жанры мен фольклорлық мұраға тұрақты түрде қамқорлық жасап отырумен қатар, сирек ұшырасатын музыкалық аспаптарда орындалатын саз жауһарларын қайта жаңғыртуды мұратына айналдырған.
Мәдениет министрлігі мен “Қазақстан халқының рухани даму қоры” АҚ-тың ұйымдастыруымен Президенттік мәдениет орталығында өткен кеште эпос, хикая, дәстүрлі халық әндері орындалып, ұлттық музыкалық аспаптар үнімен көне ғасырлар тұңғиығынан тұнық әуендер әуеледі. Көрермен екі күн қатарынан түркі халықтарының этнографиялық, фольклорлық шығармаларынан жүрек шымырлатар шумақтарды кезіктіріп, қырғыз бен хакастың комузы, қылқобыз бен шаңқобыз, қазақтың қара домбырасы шерткен сазды ұйып тыңдады. Айгүл Қосанова, Айтбек Нығызбаев, Ерлан Рысқали, Елмұра Жаңабергенова, Клара Төленбаева, Ардақ Балажанова, Перизат Тұрарова, Өсербай жырау орындаған Жетісу, Сыр, батыс мақамының мамық өрнектері кестенің жүзіндей құлпыра төгілді. Қырғыздың қыпша бел әншісі Нұржан Түменбаева шырқаған ән Алатаудың ар жағынан әуелеп ұшқан жыл құсының сағыныш сазын күзгі баққа қондырғандай. Хакасияның еңбек сіңірген әртісі Евгений Улугбашовтың көмейін бүлкілдете тамағынан бір мезгілде екі-үш түрлі күй ұшырып, күллі жұртты Ұлы Дала дауысына құлақ түргізуі қос халықтың тілі мен түрі ғана емес, сарыны мен сазында да ұқсас бояулар бар екенін көрсетіп берді.
Сыр дәстүрлі ән мектебінің белгілі өкілі Алмас Алматовтың өнерін білмейтін адам елімізде кемде-кем десек, Алматы консерваториясын тәмамдаған әнші-композитор, көмекеймен ән айтушылардың Тывадағы “Хоомей-92”, Бурятиядағы “Дыхание земли-2003” халықаралық фестивальдерінде лауреат атанған Евгений Улугбашов та хакас ұлттық жауһарларын Италия, Испания, Франция, Жапония сияқты бірқатар елдерге ұлықтап үлгеріпті. Хакасияның халық әртісі Нина Идимешева орындаған әннен Алтайдың қалың ну орманы мен тау-тасы жаңғырып, өзен-суы күмістей сыңғыр қағып, табиғаттың өз симфониясы шырқалып жатқандай әсер қалдырды. Кезінде хакас композиторы Георгий Челбораковтың “Ана бақыты” атты таңдаулы әнін алғаш шырқаумен көзге түскен күміс көмей әншінің сыбызғы үнімен салған әуені қазақтың халық әндерінен еш айырмашылығы жоқтай сезілді.
Қазақ, хакас, қырғыз, өзбек халқының дәстүрлі музыкасы шырқала келгендегі жұрттың бір көңілге тоқығаны – ала қойды бөле қырқып, араға жік салардай түбі түркі баласының түк те себебі жоқ екен. Барлық музыкалық аспаптың үні дала сарынымен сабақтасып, ішектерінің ізі ізгілік иірімінде тоқайласып жатыр. Әсіресе, ән мен күй жағынан олар бір-бірімен тез шүйіркелесіп кететіндей. Көне аспаптар үні арқылы әркім бабалар жүріп өткен жолдың байырғы тағылымын тауып алып жатады. Дәстүрлі музыка түркі руханиятының ежелгі үндестігіне көз жеткізетін ұлы шындық. Оның ажырамай, үзілген жіпті қайта жалғауға әрекеттенген ұмтылысы ұзағынан сүйіндіргей дейміз. Ол тек бір ғана музыкалық байланыспен байыздалар бастама емес. Әрмен қарай тағы да тамырдан талғажу іздей түссек, халық ауыз әдебиеті дейтін ортақ арнаның айдынына кезігеміз. Онда Низами, Ясауи, Науаи, Физули, Мақтымқұлы, Жанмұхамед, Абай, Бердақ, Тоқтағұл, Тоқай, т.б. сынды исі түркі жұртына жұтса жұпар ауа, рухани азық толы науа тұлғалар тұрғанын көреміз.
Жаһанданудан ұлттық жауһарларды қалай аман сақтап қаламыз деген қауіпті ойлағанда, түркі сөзінің түбіне қарай жүгінетін себебіміз сондықтан. Оны осындай ортақ құндылықтарды ұлықтаумен ұтамыз. Сондықтан қазақ баласы тек Абай атасын оқумен шектелмей, әлгіндей түркі мәдениеті мен әдебиетінің ғұламаларын қатар оқып, көкейіне байырғы музыкалық мұраларды қондыра алып жатса, жүрекке имандылық ұялайды. Түбі бір түркі музыкасының өрнегі өмірдің өзегі іспетті десек, қате айтпаспыз. Одан әр жердің тағдыры таратылып айтылады. Мысалы, осыған дейін “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” жарық көрсе, енді “Қазақтың дәстүрлі 1000 әнін” шығару жоспарланып отыр. Осындай жобалар арқылы ол ой да бұйыртса көп кешікпей жүзеге асып қалатын көрінеді. Ең бастысы, дәстүрлі әндердің шырқалған үлгілерін мүлтіксіз жинақтап алу ғой. Түрі бір, түбі бір түркі мәдениетінің озықтығы осындай түгін тартсаң, түбі көрінбейтін, түгесілмейтін шексіздігінде, тереңдігінде. Сол әлемнен әлеумет тәтті әуен естіп, жаздың таңғы шығындай мөлдір тамшыларға тамсанды.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.