18 Қыркүйек, 2010

“Ұлы дала сазы”

1101 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Дәстүрлі музыка орындаушыларының халықаралық фестивалі түбі бір түркі халықтарының туыстық, тұтастық тұғырына айналуда Түбі бір түркі жұртының басын біріктіретін рухани құндылықтарды түгел зерттеп-зерделеп болдық деп айтуға әлі ерте. Мәселен-ки, “Қор­қыт ата кітабы”, “Манас”, “Алпа­мыс”, “Көрұғылы”, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Едіге батыр”, т.б. халық ауыз әдебиеті ескерткіш­­­те­рінің қа­зақ, қырғыз, өзбек, түркімен, татар, әзірбайжан, түрік, башқұрт, ұйғыр тілдеріндегі сюжеттік ұқсас­тықтары олардың әу бастағы тарихи тамы­ры­ның ортақ екенін білдірсе, ал дәс­түрлі музыкасындағы сарқылмас сарыннан бір-бірінен бөлек алып қарауға болмайтын тұтастықты, кей жағдайда егіз қозыдай ұқсас болып өрілетін жарасымды жалғастықты байқау қиын емес. Фестиваль ел Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған “Мәдени мұра” мем­лекеттік бағдарламасы аясында дү­ниеге келіп, байырғы музыкалық мұ­раны байып­тау, көпшілік қауымның назарына ұсыну, дәстүрлі музыка өнері өкіл­дерін ынталандыру сынды мақсаттарға негізделіп, түркі халық­тарының әні мен жырын, күйі мен сазын, эпостық үлгілерін жан-жақты насихаттауды, сондай-ақ халқымыз­дың классикалық дәстүрлі жанры мен фольклорлық мұраға тұрақты түрде қамқорлық жа­сап отырумен қатар, сирек ұшыра­са­тын музыка­лық аспаптарда орын­да­ла­тын саз жауһарларын қайта жаң­ғыр­­туды мұратына айналдырған. Мәдениет министрлігі мен “Қа­зақстан халқының рухани даму қо­ры” АҚ-тың ұйымдастыруымен Пре­зиденттік мәдениет орталығында өт­кен кеште эпос, хикая, дәстүрлі ха­лық әндері орындалып, ұлттық м­у­зыкалық аспаптар үнімен көне ғасырлар тұңғиығынан тұнық әуен­дер әуеледі. Көрермен екі күн қата­рынан түркі халықтарының этногра­фиялық, фольклорлық шығармала­рынан жүрек шымырлатар шумақ­тар­­ды кезіктіріп, қырғыз бен хакас­тың комузы, қылқобыз бен шаң­қобыз, қазақтың қара домбырасы шерткен сазды ұйып тыңдады. Айгүл Қосанова, Айтбек Нығызбаев, Ерлан Рысқали, Елмұра Жаңабергенова, Клара Төленбаева, Ардақ Балажа­но­ва, Перизат Тұрарова, Өсербай жы­­рау орындаған Жетісу, Сыр, батыс мақамының мамық өрнектері кес­те­­­нің жүзіндей құлпыра төгілді. Қыр­ғыздың қыпша бел әншісі Нұржан Түменбаева шырқаған ән Алатаудың ар жағынан әуелеп ұшқан жыл құ­сы­ның сағыныш сазын күзгі баққа қон­дырғандай. Хакасияның еңбек сіңірген әртісі Евгений Улугба­шов­тың көмейін бүлкілдете тамағынан бір мезгілде екі-үш түрлі күй ұшы­рып, күллі жұртты Ұлы Дала дауы­сы­­на құлақ түргізуі қос халықтың тілі мен түрі ғана емес, сарыны мен сазында да ұқсас бояулар бар екенін көрсетіп берді. Сыр дәстүрлі ән мектебінің бел­гілі өкілі Алмас Алматовтың өнерін білмейтін адам елімізде кемде-кем десек, Алматы консерваториясын тә­мамдаған әнші-композитор, көме­кеймен ән айтушылардың Тывадағы “Хоомей-92”, Бурятиядағы “Дыха­ние земли-2003” халықаралық фес­ти­вальдерінде лауреат атанған Евге­ний Улугбашов та хакас ұлттық жауһар­ларын Италия, Испания, Франция, Жапония сияқты бірқатар елдерге ұлықтап үлгеріпті. Хака­сия­ның халық әртісі Нина Идимешева орындаған әннен Алтайдың қалың ну орманы мен тау-тасы жаңғырып, өзен-суы күмістей сыңғыр қағып, та­биғаттың өз симфониясы шырқалып жатқан­дай әсер қалдырды. Кезінде хакас композиторы Георгий Чел­­бо­ра­ковтың “Ана бақыты” атты таң­­даулы әнін алғаш шырқаумен көзге түс­кен күміс көмей әншінің сы­­­бызғы үнімен сал­ған әуені қазақтың халық ән­дерінен еш айырмашылығы жоқтай сезілді. Қазақ, хакас, қырғыз, өзбек хал­­­­қы­ның дәстүрлі музыкасы шырқала кел­гендегі жұрттың бір көңілге то­қы­ғаны – ала қойды бөле қырқып, араға жік салардай түбі түркі бала­­сы­ның түк те себебі жоқ екен. Бар­­­лық музыкалық аспаптың үні дала сарынымен сабақтасып, ішектерінің ізі ізгілік иірімінде тоқайласып жа­тыр. Әсіресе, ән мен күй жағынан олар бір-бірімен тез шүйіркелесіп ке­тетіндей. Көне аспаптар үні арқылы әркім бабалар жүріп өткен жолдың байырғы тағылымын тауып алып жатады. Дәстүрлі музыка түркі руханиятының ежелгі үндестігіне көз жеткізетін ұлы шындық. Оның ажы­рамай, үзілген жіпті қайта жалғауға әрекеттенген ұмтылысы ұзағынан сүйіндіргей дейміз. Ол тек бір ғана музыкалық байланыспен байыздалар бастама емес. Әрмен қарай тағы да тамырдан талғажу іздей түссек, халық ауыз әдебиеті дейтін ортақ арнаның айдынына кезігеміз. Онда Низами, Ясауи, Науаи, Физули, Мақ­тымқұлы, Жанмұхамед, Абай, Бердақ, Тоқтағұл, Тоқай, т.б. сынды исі түркі жұртына жұтса жұпар ауа, рухани азық толы науа тұлғалар тұрғанын көреміз. Жаһанданудан ұлттық жауһар­ларды қалай аман сақтап қаламыз деген қауіпті ойлағанда, түркі сөзінің түбіне қарай жүгінетін себебіміз сондықтан. Оны осындай ортақ құндылықтарды ұлықтаумен ұтамыз. Сондықтан қазақ баласы тек Абай атасын оқумен шектелмей, әлгіндей түркі мәдениеті мен әдебиетінің ғұ­ла­­маларын қатар оқып, көкейіне бай­ырғы музыкалық мұраларды қон­­­дыра алып жатса, жүрекке иманды­­лық ұялайды. Түбі бір түркі музы­касының өрнегі өмірдің өзегі іспетті десек, қате айтпаспыз. Одан әр жер­дің тағдыры таратылып айтылады. Мысалы, осыған дейін “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” жарық көрсе, енді “Қа­зақтың дәс­түрлі 1000 әнін” шығару жос­пар­ла­нып отыр. Осын­дай жо­балар арқылы ол ой да бұй­ыртса көп кешікпей жү­зеге асып қа­латын кө­рінеді. Ең бас­тысы, дәс­түрлі әндер­дің шырқалған үлгілерін мүлтіксіз жинақтап алу ғой. Түрі бір, түбі бір түркі мәдениетінің озықтығы осын­­дай түгін тартсаң, түбі көрін­бейтін, түгесілмейтін шек­сіздігінде, терең­ді­гінде. Сол әлемнен әлеумет тәт­ті әуен естіп, жаздың таңғы шы­ғын­дай мөлдір тамшыларға там­санды. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.