18 Қыркүйек, 2010

Заңмен бекітілген бір-ақ ту бар

558 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ол – Қазақстанның Көк байрағы Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев: “Біз тәуелсіздікті аңсап за­рыға жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Еліміздің сы­налатын бір тұсы осы”, – деген еді. Меніңше, осы сыналатын тұс келіп жеткен секілді. Біздің бұлай деуімізге кейінгі уақытта елі­міз­дің мемлекеттік рә­міз­деріне қатысты қоғамда орын алып отырған келеңсіз жағдайлар себеп бо­лып отыр. Қазақстан Рес­публикасы Консти­туциясының 9-бабына сәйкес еліміздің мемле­кет­тік рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Әнұраны. Қазақстан Республикасының аза­маттары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республика­сының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті. Бұл – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы заң талабы. Алайда, бұл заң талаптары барлық жерде тиісінше сақталып отырған жоқ. “Время” республикалық қоғамдық-саяси газетінің ағымдағы жылдың 9 қыркүйегіндегі санында “Трусы вне закона?” деген мақала жарық көрді. Онда Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Арман Алиакпаров қалалық дүкендерде еліміздің Мемлекеттік туы бейнеленген ішкиімдердің сатылып жатқандығына дабыл қаққан болатын. Мемлекеттік рәміздер – бұл тәуелсіздік пен егемендіктің белгісі. Сонда елдігіміздің белгісі – Көк байрағамыз байлағанның белінде кете беруі тиіс пе? Жоқ. Сонымен қатар, қазір еліміздің бірқатар басылымдары “отау ішінен отау тіккен” жалаулар туралы да ашына жазуда. Үстіміздегі жылдың 7 қыр­күйе­гінде респуб­ликалық қоғамдық-саяси “Айқын” газеті “Біз көк тулы елміз бе, әлде көп тулы елміз бе?” деген ма­қала жариялады. Мақалада соңғы жылдары, әсіресе, Алматы көшелерінде қазақтың Көк туын емес, Шыңжаң-Ұйғыр автономия­лық ауда­нының бейресми рәмізіне айналған, жарты ай мен жұлдыз бе­зендірілген көгілдір туды автокө­лік­терінің алдыңғы және артқы тере­зелеріне іліп жүру үрдісі белең алып бара жатқаны туралы да­был қағы­лып отыр. Ғаламтордағы ресми мәлі­меттерге сенсек, аталған ту Қытайда сепаратизм­нің нышаны ретінде танылған, сондықтан да оның қолданылуына тыйым са­лынған. Егер де әрбір көлікте адам өз ұлтына сәйкес, сырттағы ата­жұр­ты­ның туын іліп қойса, біздің мем­ле­кеттілігіміз бен ұлттық азамат­тығымыз­дың, тәуелсіздігіміз бен егемендігіміздің қайда қалғаны?! Қазақстан Республикасында заңмен бекітіл­ген бір-ақ ту бар. Ол – қазақтың Көк байрағы. Одан басқа ту мойындалмауы керек. Себебі, бұл біздің егемендігі­мізге, тәуелсіздігімізге нұқсан. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы заңында, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын, Мемлекеттік елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік гимнінің мәтінін орналастыру ережесінде елдің рәміздерін қайда және қайтіп пайдалану керектігі тәптіштеп жазылған. Ал Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 317-бабына сәйкес мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Меніңше, ел байрағын ішкиімге таңу бұл ел рәмізін қорлау, ал еліміздің Көк байрағын мойындамау елдігімізді, тәуелсіздігімізді, унитарлығымызды мойындамау деп түсіну керек. Сондықтан, қай жерде және қандай нысанда болсын, Қазақстан рәміздері туралы заңның орындалуын қатаң бақылауға алып, жоғарыда аталған фактілерді заң шеңберінде тексеру қажет деп есептейміз. Берік БЕКЖАНОВ, Нұрлан ӨНЕРБАЙ, Мәжіліс депутаттары.