21 Қыркүйек, 2010

Астық таулары биіктеп барады

587 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Орақ-2010 Биылғы жылғы қуаңшылық диқандар қауымын дүрбелеңге салғаны жасырын емес. Көрші Ресейде астық көлемінің 30 пайызы күйіп кеткені белгілі. Ал, Қазақстан диқандары қолайсыз жылдардың өзінде қолдарын қусырып қалмаған. Ал, Сыр маржаны – ақ күрішті аялап өсіретін Сыр диқандары жыл өткен сайын толайым табыстарға жетіп келеді. Ағымдағы жылы Сыр айма­ғының 85,5 мың гектар жеріне дәнді дақылдар орналастырылса, күріш егісінің көлемі 77,4 мың гектарға жеткізіліп, өткен жыл­мен салыстырғанда 5,3 мың гек­тарға артық егілген. Ал, 42,43 гек­тар жерге күздік бидай, 1080 гектар алқапқа жаздық бидай, 800 гектарға арпа, 791 гектар жер­ге тары егілсе, дәндік жүге­рінің егіс көлемі 1577 гектарға жеткізілген. Бүгінде жаздық, күз­дік бидайлар мен арпа жинау науқанына нүкте қойылып, күз­дік бидайдан 870 тонна, арпадан 420 тонна өнім жиналды. Айта кету керек, үстіміздегі жылы Сыр аймағында дәнді дақыл­дардан барлығы 3430 мың тонна өнім жиналады деп межеленуде. Енді, міне, Сыр елінде ақ маржан – күрішке жаппай орақ салу басталып, егістік төскейі қар­балас та қызу еңбек құша­ғы­на кенелген. Еңбек көрігін қыз­дырып, ел несібесін қамтамасыз етуді көздеген егіншілердің ең­бегімен танысуды мұрат тұт­қан біз Сырдария ауданына қарасты ырысты да күрішті – Нағи Ілиясов ауылына атбасын бұрған едік. Айта кетейік, ке­зін­де іргелі шаруашылық жерлері бөліске түсіп, тоз-тозы шыққан болатын. Сол кезде жүздеген гек­тар жерлерді иелері игере алмай, егіс көлемі күрт азайып та кеткен. “Бірлік бар жерде тір­лік бар” деп атам қазақ айт­қандай, Нағи ауылы­ның тұр­ғын­дары осы­нау ке­лең­сіздікке тос­қауыл қой­ған ауыл­дардың бірі. Сөз орайы кел­генде айта кетейік, 2005 жылы ауыл­­дың атпал азама­ты, белгілі кәсіпкер Абзал Ералиев ауы­лы­на инвестиция са­лып, банктерге бере­шек 110,0 млн. қары­зымен қабылдап ала­ды. “Мағ­жан және К” ЖШС-ін құрып, бары-жоғы 3 жылда жабайы­ланып кеткен жер қайта­дан қал­пына келтіріл­ген. Канал­дар та­зартылып, олар­ға шлюздер қай­тадан салынады. Сегіз танапты ауыспалы егістік жер бастапқы қалпына түсті. Орталық қырман соңғы үлгідегі астық тазартқыш агрегаттармен жабдықталды. Күріш егісінің кө­лемі 3300 гек­тар­ға жетіп, жыл сай­ын әр гек­тардан алатын Сыр мар­жаны 55-57 центнерге жет­кізіледі. Өткен жылғы берекелі алтын күз­де жоғары өнім жинап, өзгелерден оқ бойы оза шапқан ауыл диқан­дары ағымдағы жылы да сол биіктен көрінуді мұрат тұтқан. – Биыл 3650 гектар жерге Сыр салысын өсірдік. Бүгінде соның 2254 гектар жерінің дақылы жиналып, әр гектардан ор­таша өнім 52 центнерден ай­налуда, – дейді бізбен әңгі­месінде “Мағжан и К” ЖШС директоры Дархан Ералиев. Айтса айтқандай, Нағи ауылының егістік алқабы қызу еңбек құшағына кенелген. Күн-түн көз ілмей алтын астық тау­ларын биіктетуге бет бұрған кү­ріш­шілер мен механизатор­лар­дың маңдайларынан тамған там­шылар дән болып төгілуде. Күріш­шілердің көш басында Нұрлыхан Смайылов келеді екен. Ол өзінің маңдай терімен сепкен 30 гектар күріштің да­қылдарын толығымен орталық қырманға түсіріп, әр гектардан 68 центнерден ақ күріш жина­ған. Сондай-ақ күрішшілер Еділ­бай Әлімбаев, Мархабат Сейіт­қазиев, Асылхан Темірнұ­ров­тар да әр гектардан 57-65 цен­тнер аралығында өнім алуда екен. – Күріш орудың несібесі, – дейді бас агроном Кенжебек Әнәпияұлы, – тікелей жатка­шы­лар мен комбайншыларға қа­тыс­ты. Біздің шаруашылықта аудан ғана емес, облыс көле­мін­де өзге­лерден оқ бойы оза шау­ып келе жатқан механизаторлар бар­шылық. Иә, агроном айтса айтқан­дай, ауылшаруашылық техника­ла­рының тізгінін ұстап, тұр­ғын­дар алғыстарын арқалап жүр­ген­дер жетерлік екен. Жаткашы Са­ғит Мамытов күніне 10-15 гек­тар Сыр салысын дестеге салып, бүгінде 220 гектар жердің күрі­шін бір өзі орса, комбайншы Рысбек Елеубаев күніне 400-500 центнер астық бастырып, бүгін­де 7 мың центнер астықты орта­лық қырманға жөнелткен. Сон­дай-ақ жаткашы Серік Найза­таев күніне 8-12 гектар жер орып, барлығы 215 гектарды дес­теге салып, комбайншы Аза­мат Құрақбаев күніне 350-400 центнер астық бастырып, бүгін­де 6800 центнер астықты ел несібесіне ұсынған. – Біздің орталық қырман толығымен жаңа техникалармен жабдықталған, – дейді қырман меңгерушісі Ерлан Ысқақ. – Содан да Сыр салысын тазарту күні-түні жүргізіліп, астық тау­лары күн өткен сайын биіктеп барады. Мұндай мол өнім аудан тұрмақ, облыс аумағында сирек кездесетін құбылыс. Биылғы күз біздің диқандар үшін берекелі де мерекелі күз болмақ. Иә, айтса айтқандай, мағ­жан­дықтар биылғы жылы мол өнім алуға қол жеткізбек. Несі­бе­лерін Жер-Анадан терген ауыл азаматтары Сыр салысы – ақ маржанды жинауды қазан айына дейін толығымен аяқтауды ме­желеп отыр. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Н.Ілиясов ауылы.