Ауыл аттары өзгертілді
Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралған келелі мәселелердің бірі Қызылжар өңірінде 2009-2010 жылдарға арналған тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасының жүзеге асырылу жайы болды. Ол жөнінде тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастығы Кемел Оспанов жан-жақты тоқталып өтті. Баяндамашының сөзіне қарағанда, мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі—95, кіріс құжаттары 67 пайызға жеткен.
Сессияда депутаттардың бірауызды қолдауымен Өскен ауылы—Үкілі Ыбырай, Элитное – Бәйтерек, Чаглинск – Шағалалы, Чехов ауылдық округі мен осы аттас орталығы Ақбұлақ болып өзгертілді. Жақсылық Ысқақов, Анатолий Спицын, Мұхамеджан Лұқпанов секілді қоғамымыз бен мемлекетіміздің дамуына зор үлес қосқан жерлестерімізге “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағы берілді.
Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.
* * *
Үздік тауарлар байқауына қатысады
Қарағандыда осымен бесінші рет “Сапалы тауарлар” облыстық байқауы өтті. Оған 58 кәсіпорын қатысты. “Өндірістік бағыттағы” және “Тұрғындарға арналған үздік тауарлар” номинациялары бойынша ұйымдастырылған көрмеде 10 өндіріс ошағы алдыңғы саптан көрінді. Бұлардың ішінде “Мәшине жасау зауыты”, “Қарағанды конфеттері”, “Имстальком” сияқтылы бұрыннан белгілі кәсіпорындар бар.
Облыста сапасы жоғары деп бағаланған өнімдер таяу арада Астанада өтетін “Қазақстанның үздік тауарлары” байқауына қатысады.
Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.
* * *
Жоба шетелдіктер назарында
Сыр еліне гуманитарлық және америкалық басылымдардың тілшілері арнайы сапармен келіп, “Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Аралдың солтүстік бөлігін сақтап қалу” жобасымен егжей-тегжейлі танысты. Медиа-тур жетекшісі Игорь Ерманченковтың айтуынша, журналистердің мақсаты “САРАТС” жобасымен шетелдіктерді таныстыру екен. Шетелдік тілшілерге облыс әкімдігі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы толыққанды мәлімет берді.
Мұнан соң шетелдік журналистер тобының сапары Арал ауданында жалғасып, Көкарал бөгетіне, Ақлақ су тоспасына, Қосжар елді мекеніне аялдап, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысады.
Еркін ӘБІЛ. Қызылорда.
* * *
Күздік себу басталды
“Қыркүйектің екінші жартысы – күздік себу үшін қолайлы маусым”, дейді жамбылдық диқандар. Сондықтан болар, Тұрар Рысқұлов атындағы ауданның диқандары өткен аптаның 15 қыркүйегі күні дән себуді бастап кетті.
Шаруа қожалықтарының соқа-саймандары сақадай сай десе де болады. Оларға жоспардағы алқапты игеру үшін барлығы 8172 тонна тұқым керек. Бүгінде ол да дайын және ғылыми институттың тексеруінен өткізілген. Өйткені, шаруашылықты ғылыммен сабақтастыра жүргізуді қолға алған аудан диқандары егіс алқаптарына тек қана жоғары сұрыпты тұқымдарды пайдалануды жөн санап отыр.
Ауданда, сондай-ақ, көктемгі егіс жұмыстары үшін жер жыртуға дайындық қатар жүргізілуде.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.
* **
Келешекке кемел біліммен
Осындай ұраны бар Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университет өткен аптаны 50 жылдық мерейтойына арнады. Рухани-мәдени бағыттағы әртүрлі шаралар өткізілді. Елу жылда ел жаңа. Ректор Ерлан Арын басқаратын оқу орны бұл күндері жоғары білім беруде әлемдік деңгейге жетіп, “Еуропа сапа белгісі” сыйлығын алды. Ал, еліміз бойынша жоғары оқу орындары арасында 5-ші орында тұр.
Өңірлік жоғары оқу орындарының ректорлары, депутаттар, университеттің оқытушы-ғалымдары, студенттері қатысқан жиында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің құттықтау хатын оқып берді. Осы күні оқу орнының технологиялық паркінде “Даму” кәсіпкерлік қолдау қорының бөлімшесі ашылды. Мерейтой соңы студенттік филармонияның концертіне ұласты.
Фарида БЫҚАЙ. Павлодар.
* * *
Мемлекеттік театр Оралға келді
Оралда М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының (көркемдік жетекшісі – ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рубен Андриасян) гастролі өткізілуде.
А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрында өтіп жатқан гастроль шымылдығы С.Лобозеровтің “Отбасылық портрет бөгде адаммен” атты екі бөлімді комедиясымен ашылды. Содан кейін оралдық өнерсүйер қауым К.Маньенің “Әйелді іздеңдер” атты үш актілі комедиясын, Ж.-Ж.Брикер мен М.Ласегтің “Мужской род, единственное число” атты екі бөлімді комедиясын, Р.Ибрагимбековтің “Ищу партнера для нечастых встреч” атты қос бөлімді трагикомедиясын тамашалады. Балалар үшін “Алқызыл гүл” атты бір бөлімді ертегі де көрсетілді.
Темір ҚҰСАЙЫН. Орал.
* * *
Жыл бұрын студент атанды
Жуырда ақындар Меккесі атанған қасиетті Жидебайда мектеп оқушыларының республикалық дәстүрлі Абай-Шәкәрім оқулары өткізілді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден астам талапкер келді. Мұның бұрынғы оқулардан бір-екі өзгешелігі болды. Яғни, биыл оған ресейлік қандастарымыз да қатысты.
Екінші өзгешелік сол, поэзия күндерінің “Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” деп аталатын үшінші бөлімі бойынша жеңімпаз атанған Қарауыл мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Ж.Жақсылықовты Семей педагогика институтының ректоры, профессор Мейір Ескендіров білім грантымен марапаттады. Ол, сонымен бірге жас таланттарды қолдау мақсатындағы жасалған бұл шара дәстүрге айналып, өз жалғасын табатындығына сендірді.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Шығыс Қазақстан облысы.