24 Қыркүйек, 2010

Әнуар СӘЙДЕНОВ: БТА үшін, клиенттер үшін, бүкіл экономикамыз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды

596 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
БТА Банк қайта құрылымдау жұмысын аяқтап қалыпты жұмыс кестесіне көшті. Бүгінде сарапшылардың айтуынша, бұл банкті қайта құрылымдау ТМД аумағындағы ең үлкен шара болған. Осы қайта құрылымдаудың нәтижесінде БТА Банктің қаржылық берешегінің көлемі 16,65 миллиард доллардан 4,2 миллиард долларға дейін кемітілді. Whіte&Case компаниясының серіктес басқарушысы, БТА-ның кеңесшісі Фрэнсис Фитцберт-Брокхоулздың атап көрсеткеніндей, қаржылық көлемі жағынан бұл қайта құрылымдау Еуропадағы ең ірі қайта құрылымдау көлеміне тең болды. Кеңесшінің мәлімдеуінше, БТА Банкті, сондай-ақ Қазақстандағы басқа да банктерді қайта құрылымдау теңдесі жоқ шара болған. “Қаржылық институт ретінде толық құрамында жұмыс істеп тұрған банкті бұдан бұрын ешкім де қайта құрылымдап көрген жоқ”, – дейді ол. БТА Банк бүкіл қайта құрылымдау кезеңінде қаржылық институт ретінде өз клиенттеріне қызмет көрсетті және барлық міндеттерін орындады. Банк үшін бүгінгі таңда ең бастысы, оның статусы, жоспары және стратегиясы болып отырғандығы сөзсіз. Міне, нақ осы мәселелер БТА Банкі басқармасының төрағасы Әнуар СӘЙДЕНОВПЕН болған сұхбаттың арқауына айналды. – Әнуар Ғалимоллаұлы, сірә сіздер­дің клиенттеріңіз бен әріптестеріңіз үшін банктің қазіргі статусын түсіну ерекше маңызды, оның астарында жалпыға түсініксіз бұлыңғырлық жатқан жоқ па? – Менің ойымша, бұл мәселе бұ­лың­ғырлығын 2009 жылдың жазында жой­­ды. Сол кезеңде банк өзінің барлық міндеттерін дәл және уақытында атқар­ды, клиенттер қайтадан орала бастады. Нақ сол 2009 жылдың жазында депозит­тік базаның артқаны атап көрсетілді. Ал депозит клиенттердің қаржылық инс­титутқа деген сенімін айқындайтын басты көрсеткіш. Егер банктің қазіргі құқықтық статусы туралы сөз қозғайтын болсақ, онда ерекше акционерлер құра­мының қалыптасқанын атап көрсетуіміз керек. БТА-ның негізгі акционері “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры болып отырғандығы белгілі. Оның банктің акционерлік капиталындағы үлесі 81,48 %-ды құрап отыр. Креди­тор­лар үлесінің пакеті 18,5% мөлшерінде. Бұрынғы акционерлер қолында 0,02% мөлшеріндегі пакет бар. Олар өздерінің акциясын жоғалтқан жоқ, алайда, қо­сымша эмиссиялар шығару нәтижесінде олардың үлесі шайылып кетті. Банктің қаржылық статусы – тұ­рақты. Қайта құрылымдау нәтижесінде БТА капиталдандыру жөніндегі реттеу­шінің барлық талаптарын орындайтын қаржылық институт ретінде қалыптасты. Қазір реттегіш капитал көлемі 1,9 мил­лиард долларды құрайды. Қаржылық тұрақтылықтың оң жетістігін көрсететін тағы бір көрсеткіш: қайта құрылымдау қорытындысы бойынша банк ағымдағы жылы ең жоғары табыс – 1,091 трил­лион теңгеге қол жеткізді. Банктің тағы бір маңызды сипатта­масы – шынайы мөлдірліктің ең жоға­­ры дәрежесі: БТА-ның барлық қызметі халықаралық банк қызметінде көрсе­тіл­­ген талаптар бойынша микро­скоп­пен қарағанда көрінетін дәрежеде. Бұл ҚҚА, Үкімет тарапынан қайта құ­ры­лым­дау үдірісіне қатаң бақылау қою­мен ғана шектелмейді, сонымен бір­ге кре­дитор­лар әрқашан барлық құ­жат­тар­ды көрсе­туді талап етеді: ХҚЕС-на сәй­кес есеп беру, кредиттік портфел­дер­­ге са­раптама жасау. Сондай-ақ әр­түрлі қаржылық жұмысқа байла­нысты тұрақ­ты есеп дайындалады. Атап айт­қанда, қазір бір халықаралық ауди­тор­лық ком­пания ак­тивтерді қайтару жө­нін­де есеп дайын­дау­да. Бұл мәселе бой­ынша жүйе­лі түр­де мониторинг жүр­гізілетін болады. Егер клиенттермен жұмыс тұрғысын­дағы банк статусы туралы айтатын бол­сақ, бүгінде біз өзімізді клиенттердің барлық тобымен жұмыс істей алатын қаржылық институт ретінде бағалаймыз, басқаша айтсақ, БТА – әмбебап банк. Корпоративтік клиенттермен жұмыс жөніндегі қалыптасқан үрдістерді жал­ғас­тыра отырып, БТА бөлшек бизнеспен шағын және орта бизнес клиенттерімен жүргізілетін жұмыс ауқымын арттыратын болады. Банк халықаралық стандарттарға сәйкес тәуекелдік – менеджментін және корпоративтік басқару қағидаттарын енгізіп, акционерлер құрамындағы креди­торлар бұл бағыттағы жұмысқа ерекше мән береді. Атап айтқанда, Директорлар кеңесінің құрамындағы екі директор (кредиторлар есебінен) тәуекел жөніндегі және аудит жөніндегі комитеттерді бас­қарады. Бүгінгі банк статусы осындай. Ол біз­ге болашаққа сеніммен қарауға мүм­кіндік береді. “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ жә­не мемлекет қолдауынсыз БТА-ға тұ­рақ­ты түрде табыс пен даму міндеті қан­ша­лық­ты күрделі болғанымен, менің ой­ым­­ша, бұл міндетті біз жүзеге асыра аламыз. – Осы орайда, қайта құрылымдау астарында не жатқанын білген артық болмас еді. Сіз, сотта қаралған, банкке 20 миллион доллар сұрау салған бір оқиға туралы айттыңыз. Бұл қайта құрылымдау қорытындысымен келіспейтіндер үшін жаңа даудың негізі болмай ма? – Бұл кредитор басынан бастап қайта құрылымдау талаптарымен келіс­педі және бірден сотқа жүгінді. Транс­­ше­ка­ралық дәрменсіздік туралы ЮН­СИ­ТРАЛ заңының тәртібіне сәйкес біздегі қайта құрылымдау қорытын­ды­сын АҚШ және Британия мойындады және соның нәтижесінде сотқа жүгінуге мүмкіндік туды. Алайда, бұл заң Еуро­аймақ елде­рінде және Еуропада қа­был­данбаған­дық­тан, тек Швейцария сотына ғана сұрау са­лынды. Біріншіден, қайта құрылым­дауға келісім берген барлық кредиторлар бұдан бұрынғы қарыздары көлемінен банкке талап қоюдан бас тарту жөнінде қол қой­ған­дығына байланысты жалғыз клиенттің сотқа шағымдануы ешқандай мәнге ие бола алмады. Қайта құры­лымдауға қа­тысқандардың бәрі бұрынғы мүмкіндік­терінің орнына жаңа тетіктер және қол­ма қол ақша алды. Осының нәтижесінде жаңадан қарыз алған барлық креди­тор­лар бұрынғы міндеттемелер бойынша банкке ешқандай талап қой­майды. Яғ­ни, бұрынғы қарыздар жойыл­ды! Со­­нымен бірге бұрынғы қарыздар құры­лымына келетін болсақ, оның негізгі көлемі Ұлыбритания заңдары бойынша реттеліп келді және соған байланысты қайта құрылымдау қорытындысы сот билігімен мойындалды. Екіншіден, бұрынғы акцио­нер­­лердің акциялары жойылмай сақта­лып отырса да, олардың үлесі шайы­­лып кеткендіктен заң тұр­ғы­сынан келгенде олар банкке ешқ­ан­­дай талап қоя ал­майды. – БТА үшін қазір ең маңызды міндет қандай? – Ең бастысы, банк жоғалтып алған рыноктық позицияларды, корпоративтік салада да, бөлшек , шағын және орта бизнес салала­рын­да да қалпына келтіру болып та­бы­лады. Барлық салада банктің үлесі азайды. Алайда, бұл сөзсіз болатын жағдай еді, себебі ол кезеңде кли­ент­тердің бізбен жұ­мыс істеуге еш­қандай мүмкіндігі болған жоқ. Атап айтқанда, қайта құрылымдау кезінде олар талап еткен рейтинг, реттегіш норма­тив­терін орындау және басқа да та­лаптарды қамта­ма­сыз етуге банктің жағдайы болған жоқ. Сон­дықтан, қазір біздің негізгі көздеп отырған ме­жеміз – біртіндеп 2014 жылға дейін жеке тұлғалардың депо­зиттерінің мөлшерін 15 пайызға жет­кізу. Қазір бұл көрсеткіш 8 пайыз. Де­по­зиттік базаны өсіру міндетін орындау мүм­кіндігіміз бар. Мәселен, 2010 жылдың бі­рінші жартыжылдығында тұрғындардың депозиттерінің өсімі 360 миллион доллар көлемінде тіркелді. Экономикадағы іскерлік белсенділігінің деңгейінің қазіргі қалыптасқан жағдайы банкке бұдан артық өсуге қолайлы жағ­дай туғызбай отыр. Бұл бізге ғана қатыс­ты ахуал емес, барлық банк жүйесіндегі жағдай осындай. Қазір жұмыс істеп тұрған сенімді және жаңа қарыз алу­шылар қатары онша көп емес. Мұндай сенімді несие алушылар үшін қазір нағыз бәсекелестік күрес жүріп жатыр. Бір банк­тің несиелерін екінші банк жеңіл­детілген жағдайда қайта құрылымдау тәртібін ұсынып, клиент­терді тиімді ережелермен өз жағына шығарып алуға ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен бірге бұрынғы келеңсіз оқи­ғалар да банк беделіне шіркеу болып отыр. БТА Банкте жылжымайтын мүлік үле­сі үлкен. Бұл портфель көлемі 30 пай­ыз­ға дейін жетеді. Сонымен бірге Қа­зақ­станнан тыс елдерге берілген несие порт­фелі де өте зор. Бұл бізді толғандырып отырған күрделі проблема. Жұмыс істеп жатырмыз. Осы ретте ең маңыздысы біздің кредиторларымыз – бұл банктің ауыр жағдайларын жақсы білетін және түсінетін қазіргі кездегі акционерлеріміз. Міне, сол үшін де “recovery unіts” - қал­пына келтіру облигациясы атты арнаулы құрал қолданыла бастады. Кредитор­лар­мен біз кейінге қалдырылған, алайда кейін қайтарылатын бұл қарыздарды бөлу туралы келісімге қол жеткіздік. – Бұл жерде шетелдегі активтер туралы айтып отырсыз ғой? – Иә. Бұл өте үлкен портфель. Біз оның көлемін 5,2 миллиард доллар көлемінде бағалап отырмыз. Нақ осы сомаға “recovery unіts” – қалпына келтіру облигациясы шығарылған. Бұл ретте жылжымайтын мүлік саласындағы жо­балары да күрделі және сомасы да үлкен ресейлік портфель өте үлкен мәселе ту­ды­рып отыр. Оның үстіне олардың кей­біреуіне банктің құқы және заңдық ста­тусы тиісті тәртіппен жасалмаған. Қазір біз алдымен кепілдікке қойылған мүлікке банктің құқығын және несие алушыларға деген талаптарын қалпына келтіруіміз керек. Содан кейін ғана бұл ак­тивтер бой­ынша сұрау салу жұмыстарын жүр­гіземіз. Сол сияқты, біздің Грузия­да­ғы портфельдерімізде де біршама күрделі мәселелер бар. Банктің тарапынан Қыр­ғызстанға салынған инвестицияда да проб­лемалар жеткілікті. Бұл инвестиция сах­­надан кеткен билік тарапынан рей­дер­лік талан-таражға да түскен. Біз бұл та­лан-таражға түскен инвестицияны халық­аралық сот арқылы шешуді ойластырып отырмыз. Сондай-ақ, Украинадағы актив­терімізде де қиындықтар баршылық. Міне, осы күрделі жобалар мен активтер бойынша қазір кең көлемде талаптар жа­са­­лып, үлкен де қиын сұрау салу жұмыс­тары жүргізілуде. Біз бұл ретте жергілікті жерлердің заңдары мен ерекшеліктерін білетін заңгерлер мен кеңесшілер жалдап алдық. Қазіргі күні активтерді қайтару жөніндегі аудит жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмысқа шетелдік кредиторлар да ерекше назар аударып отыр. Өйткені біздің “recovery unіts” - қалпына келтіру облигациясы нақ осы проблемалық не­сие­лер бойынша шығарылған. Бұл кре­диторлар бонус ретінде алатын активтерге жатады. Сонымен бірге біздің алдымызда операциялық табыстарды арттыру міндеті тұр. Бұл заңды да. Себебі, банк мемле­кеттің қолдауынсыз тұрақты даму инсти­туты болатындығына көз жеткізе алмаса, кредиторларымыз 20 жылға дейінгі мер­зім­ге арналған қайта құрылымдау шара­сына бармас та еді. – Банк сонымен бірге жергілікті қарыздардың қайтарылу проблемасын да бастан кешіріп отыр ғой? – Бұл орайда, несие алушылардың психологиясы түсінікті. Банк күрделі аху­ал­ға тап болған кезде кейбір клиент­те­ріміз несиені жабуды қажет емес деп шеш­кен. Қазір біз осындай қарыздарды қай­тару жөніндегі жұмысты жанданды­рып жатырмыз. Біз әрине, өз клиентте­ріміз үшін жеңілдіктердің барлық түрін қарастыруға әзірміз. Алайда біздің көзқа­расымыз біреу: қарыз қайтарылуға тиіс. Резидент еместердің портфелі іс жүзінде 100 пайызға дейін резервтелген. Сон­дық­тан олардың ең басынан-ақ банктің шы­ғындарына жатқызылғаны түсінікті. Енді банкке қайтарылатын қандай да болма­сын қаржы табыс көзі болып табылады. Міне, осы жасалған жұмыстардың бәрі бізге қарыздарды қайта құрылымдау арқылы портфелдеріміздің сапасын жақ­сартуға және банктің табысын арттыруға мүмкіндік береді. Әрине, біз мұндай жағ­дайда несиелердің көп берілмейтіндігін, банктің табысының да жоғары болмай­тындығын түсіне отырып, екінші жағы­нан несие алушыларға барынша сапалы қызмет көрсетуге мүдделіміз. Яғни, банк өзінің адал да сенімді несие алушыларын сақтап қалуға мүдделі және олардың сұ­раныстарын барынша қанағаттандыратын болады. Бұл жұмыс өзінің оң нәтижесін де беруде. Еске сала кетейін, барлық порт­фельдер бойынша резервтелген көр­сет­­­кіш 78 пайыз болса, қазір бұл көр­сет­кіш 67 пайызға дейін төмендеді. – Жекеменшік банкке мемлекеттің араласуының екіжақты мәні бар: бір жағынан бұл қаржы институтының тұрақтылығын нығайтудың қосымша факторы болса, екінші жағынан банктің бизнес-шешімдеріне, бизнес-стратегия­сына мемлекеттің ықпал ететіндігі туралы да күдік бар. Бұл күдіктердің БТА-ға қаншалықты қатысы бар? – Акционерлер құрамының ерекше­лігіне байланысты, олардың ең алдымен өздері банкке құйған қаржыларын қайта­руға деген мүдделілігін ескерсек, бұл та­раптан бизнес шешімдер мен стратегия­ға қысым жасауы мүмкін емес. Ал есеп беру мониторинг тәуекел­шілдікті бас­қару жағынан келсек, салмақ сөзсіз үлкен. Мәселен, сату және сатып алу саласында есеп беру тұрғы­сынан біз “Сам­ұрық-Қазына” ҰӘҚ-ның тәртіп­теріне бағынамыз. Оның үстіне қысқа мерзім ішінде есеп беру түрі де көбейді, бұл түсінікті де. Себебі қордың барлық салалары бойынша есеп беру деңгейі осындай. Бір жағынан бұл банк жұмы­сының сенімділігі мен тұрақ­тылығына үміт артатын клиенттердің де мүдде­сінен шығады. Оның үстіне БТА Банкін және қазақстандық басқа банктерді де қайта құрылымдау тарихы қаржы саласын дағдарыстан құтқарудың бірден бір жолы мемлекет тарапынан қол­­дау көрсету шарасы екендігін дәлел­деді. Басқаша айтсақ, мемлекет нарық­тық істер жөніндегі емтиханды үздік бағаға орындап шықты. ҰӘҚ мемле­кет­тің операторы және агенті ретінде өзінің еншілес құрылым­дары­ның табысты болуына мүдделі. – “Самұрық” өз міндетін ор­ын­дады. Ол бұрынғысынша кетемін деген ниетте ме? – Бұл ниет барлық құжаттарда жа­зылған. Оның ережелері де анық. Сондықтан стратегиялық әріптес туралы сұрағыңыздан бұрын айтарым, әзірге статус-кво сақталады. Оның үстіне стратегиялық инвесторлардың қоятын талабына отандық бірде-бір қаржы инс­титуты жауап бере алмайды. Шетелдік инвесторларды бәрімізге белгілі “Сбер­банк Россиядан” басқа бірде-бір банк қызықтырмайды. Алайда, нақты іс жү­зінде мұндай қызығушылық тәжірибеде жүзеге асқан жоқ. – Банк тұрақтанды, болашаққа жос­парлар жасалуда. Осы ретте атауын өз­гертіп ребрэндинг жасау арқылы бұрынғы болған келеңсіздіктер туралы ешқандай із қалдырмау жолын қарастыруға болмай ма? – Бұл қымбат және тиімсіз. Тари­­хи шежіремізден бір парақты жұлып тас­тауға болмайды. Сондықтан бұл жер­де ребрэндинг ешқандай көмекте­­се алмай­ды. Тарихты білу керек және одан сабақ алған да ләзім. Ал банк атауының (сло­ганының) ауыстырдық. Бұл қалыпты жағдай, себебі нақты өмір құбылысына сәйкес келеді. Енді ол былай делінеді “Жаңа мүмкін­дік­тер кезеңі”. Бұл дағ­дарыс сынынан өт­кен банк үшін де, оның клиенттері үшін де, бүкіл эко­­номикамыз үшін де ма­ңызы зор болмақ. Біз жаңа мүмкін­діктерді көріп те отыр­мыз. Ол елі­міздің ең ірі банкінің бұрын­ғысынша толыққанды жұмыс істеу кес­тесіне шығуы және біздің клиенттері­міз­дің қайта оралуы, біздің филиалдары­мыз­дың жүйесінің дамуы және біздің жоспарларымыздың дамуы арқылы нақты көрініс табуда. Әңгімелескен Гаухар БАЛТАБАЕВА.