Өңір өмірі
Отырар – Әл-Фарабидей дананың, Өзбекәлідей ұлт мақтанышының, Шәмшідей сазгердің кіндік қаны тамған, ізі қалған жер. Отырар – өзінің көне тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалымдарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған ұлттың рухани қазығы. Ұлы Отырар – Елбасымыз айтқандай, қазақ өркениетінің алтын діңгегі. Отырар тарихта “Отырар өркениеті” деген атпен қалды. Біріншіден, бұл қала – адамзаттың екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің Отаны. Осының өзі-ақ Отырардың атағын шығаруға жетер еді. Ал бұл жерден одан бөлек 21-ден астам Әл-Фараби, жүзден астам ғалымдар, академиктер, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен өнер адамдары шыққан. Екіншіден, Отырар өз заманындағы руханият астанасы болған. Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапхананың осы қалада орналасуы тегін емес. Үшіншіден, Отырар өзінің қаһарман қорғаушыларымен өшпес даңққа бөленген, батырлықтың, отансүйгіштіктің теңдесі жоқ үлгісіне айналған қала. Сондай-ақ бұл жерде Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы, бабтардың бабы Арыстанбаб жерленген. Даналар айтады: ұлы ел атану – халық санының көптігімен есептелмейді. Ұлылық – ол өмірге ұлы ұрпақтарын дүниеге келтірген халыққа тән. Сондықтан да Отырар өзінің даңқты перзенттерімен, шежірелі тарихымен мақтанады. Осы Отырарда үлкен мерекелік шаралар өткелі жатыр. 24-25 қыркүйекте өтетін әлемге танымал ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1140 жылдығы, қазақ “вальсінің королі” Шәмші Қалдаяқовтың – 80, Отырар ауданының 75 жылдығы, аудандық газеттің – 75, сатира сардары Көпен Әмір-Бектің 60 жылдығы мерейтойлары өтеді. Той – халықтың қазынасы. Бұл тойлар ас ішіп, аяқ босататын емес, елдіктің, жас ұрпаққа тәрбие берер тағылымының мейрамы. МАҚСАТЫ БИІК, КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ Отырардағы мерекелік шаралардың қарсаңында аудан әкімінің орынбасары, мерейтойларды өткізу комиссиясы төрағасының орынбасары Жақсыбек АСЫЛБЕК журналистерді біраз мәліметтерден хабардар етті: – 2001 жылы қазан айында Әл-Фараби бабамыздың туғанына 1130 жыл толуына орай ауданда “Әл-Фараби – ғұлама ғалым, оқымысты ойшыл” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізілсе, ол арада бес жыл өткен соң 2006 жылы наурызда “Ұлы ұстаздың қайта оралуы” атты ғылыми-теориялық конференцияға ұласты. Оған алыс та жақын шетелдерден атақты оқымыстылар, ғалымдар қатысты. Ауданның өткен 70 жылдық мерейтойы қарсаңында бұрынғы аудан әкімі, қазіргі сенатор Қуаныш Айтахановтың тікелей басшылығымен тұңғыш рет Отырар тарихының қилы-қилы кезеңдерінен сыр шертетін, оның киелі топырағында туған ғұлама бабаларымыздың рухын жаңғыртатын ашық аспан астындағы мұражай іспетті “Отырар даңқы” тарихи танымдық кешені ашылды. Оның құрамында “Даңқты бабалар саяжолы”, Әбу Насыр Әл-Фараби ескерткіші, Әл-Фараби алаңы, “Отырар қорғанысы” панносы, “Ел тарихын ер азаматтар жасайды” бильборды бар. Бұдан басқа ауданымызда зәулім Мәдениет сарайы, “Отырар руханияты”, “Отырар-Арыстанбаб” мұражай кітапханасы жұмыс істейді. Кітапхана қорында Әл-Фараби бабамыздың мұралары сақтаулы тұр. Өздеріңізге белгілі, 2006 жылғы наурыз айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен құрылған арнайы делегация Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти, ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің жетекшілік етуімен Сирияда жатқан Әл-Фараби бабамыздың зиратына оның туған жері Оқсыздан, Отырар жерінен бір уыс топырақ апарып, баба рухына құран бағыштауы, ол жақтан бір уыс топырақ әкеліп, оның туған жері Отырарға арулап қоюы және делегация құрамында сол кездегі аудан әкімі Әлімжан Құртаев, көрнекті ғалым Жарылқасын Нұсқабайұлы, ауданымыздағы Әл-Фараби музейінің директоры Абдулла Жұмашев сияқты отырарлықтардың болуы ел рухын асқақтатып, ауданның рухани, мәдени әлемін нұрландыра түсті. Бұлардан басқа “Отырар даңқы” тарихи-танымдық кешенінің екінші кезеңі іске қосылып, “Отырар энциклопедиясы”, “Шежірелі Отырар”, “Отырар жәдігерлері”, “Отырарлықтар жауынгерлік сапта”, “Тәушен” кітаптары шығарылды. Оларда халық үшін ізгілікті іс қылған бірде-бір отырарлық азаматтың ұмытылып кетпеуіне, атаусыз қалмауына айрықша назар аударылған. Тарих толқынына көз жіберсек, Отырар халқы, бүкіл еліміз өзінің бүгінгі тәуелсіздігіне небір нәубеттерді басынан өткеріп жеткенін білеміз. Аудан орталығындағы “Отырар мемлекеттік археологиялық қорық мұражайын” көрген адам осындай ойға қалары анық. 1980 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен Шәуілдір селосынан ұйымдастырылған бұл музей үш қабатты кешеннен тұрады. Бірінші қабатқа экспонаттар сақтайтын қоймалар мен әкімшілік жайлар орналасқан. Екінші қабаттан бастап мұражайдың экспозициялық залдары басталады. Екінші және үшінші қабаттағы залдарды аралап, адамзат тарихынан көптеген мағлұматтар алуға болады. Мұнда қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуына және көне Отырар қаласының терең тарихына байланысты мол мәліметтер, экспонаттар жинақталған. Мұражайда 12 мыңнан астам экспонат бар. Осы Отырар мұражайының негізін қалаған еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Асантай Әлімов болатын. Бұдан басқа 1991 жылы 6 қарашада осы мұражайдың әдебиет және өнер бөлімі негізінде Қазақстан Республикасында тұңғыш рет Отырар руханияты – Отырар-Арыстанбаб мұражай кітапханасы ашылды. Мұражайдың бір ғылыми зерттеу бөлімі, қайта жаңғырту шеберханасы, 6 экспозиция, бір тұрақты көрме залы, 4 қор сақтау, кеңсе бөлмелері бар. Аталған мұражай кітапханасының қорында ұлы ғұлама Әл-Фарабидің, сондай-ақ Отырардан шыққан ұлт мақтаныштарының мұралары, қолжазбалары, кітаптары, өмірдеректері, үнтаспалары, шығармалары, өзі және отбасылары тұтынған археологиялық, этнографиялық мәні зор қолөнер бұйымдары, 10 мыңнан астам қолжазба, кітаптар, мерзімді басылымдар сақталып отыр. Мерекеге орай “Ауданның 75 жылдығына 75 игі шара” атты ауқымды бағдарлама қабылданды. Бүгінде оның бәрі дерлік орындалып отыр. Атап айтқанда, жаңа жұмыс орындарын ашу, мектептер мен балабақшалар құрылысы жүргізілуде. Ауыз су мәселесі шешілуде. Облыс әкімінің есеп беруінде отырарлықтар барлық салада ілгерілеуде деген баға алды. Сондай-ақ аудан үлкен қаржы құрайтын пилоттық жобаны жеңіп алды. Бір сөзбен айтқанда, аудан республикадағы 160 аудандар арасында рейтингтік көрсеткіш бойынша 7-ші орынды иеленуі отырарлықтар рухын асқақтата түсуде. ШЕШІЛМЕЙТІН МӘСЕЛЕ ҚАЛҒАН ЖОҚ Биыл алты айлық қорытынды бойынша аудан әкімдері облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің алдында есеп берген. Оңай емес. Облыс әкімінің төрт орынбасары бар, аппарат басшысы бар. Оның сыртында жиырмадан астам басқармалардың кемінде онына сөз беріледі. Осынша адам алдында есеп беру оңай болмаса керек. Ауданның кейбір жігіттері былай шыға бере айтады дейді. “Әкіміміз ауданда бет қаратпайтын сұсты еді, Мырзахметовтің бір сілкілегенінен қалмай су тиген мысықтай болды ғой”, деп. Ол, әрине, жұмысы мандымаған әкімдердің сыбағасы. Есеп беруде шашасына шаң жұқпағандар да бар. Соның бірі – Отырар ауданының әкімі Бейбіт Сыздықов. Үнемі көзінің астынан қарап, түксиіңкіреп отыратын, кемшіліктерді қадап айтып, шегінерге жол қалдырмайтын Асқар Мырзахметов осы Бейбіт Сыздықов есеп бергенде жүзі жылыды. Күлімсіреді. Жұмысын жоғары бағалады. Бейбітті жақсы білеміз ғой. Істің көзін тауып, апай-топай жапырып жұмыс жасағанымен, кейбір кереғар мәселелерге келгенде арыстандай шабынып шыға келетін, артқа шегінуді білмейтін мінезі де бар. Кейде онысынан таяқ жеп те жатады. Ал іскерлік мәселесіне келгенде... Айтайық. Республикада үлкен үмітпен құрылған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар су сіңген шикі кірпіштей былжырап, банкрот болып жатқанда “Оңтүстік” ӘКК-нің жанын алып қалған жігіттеріңіздің бірі осы Бейбіт. Ол кезде Сыздықов Түркістан қаласының әкімі болатын. Аудандағы атшаптырым ет комбинатын оңтайсыз жекешелендіру кезінде қаржысы бар он жеті оралман ағайын сатып алған. Малдың тері-терсегінен бастап ішек-қарын, жүн-жұрқаға дейін жинап, сауда қылады. Сасық иістен жұрт мұрнын алақанымен жауып жүреді. Әкім болып тағайындалған күні Сыздықов соларды шақырып алады ғой. Мәселені қабырғасынан қояды. “Мен он жеті адамның пайдасын Түркістандағы екі жүз мың адамның игілігінен жоғары қоя алмаймын. Ойланыңыздар. Босатып беріңіздер. Басқа жай тауып беремін”. Орындатыпты. Сол атшаптырым комбинат орнына “Оңтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына өзі барып жүріп жеміс, көкөніс сақтайтын алып қоймалар салдыруға мұрындық болды. Корпорация сол жерден тамшылатып суаруға пайдаланатын қондырғылар шығара бастады. Теңдесі жоқ макарон фабрикасы іске қосылды. Аз уақытта қайнаған өндіріс орнына айналды да кетті. Қаланы ыңғайына қарай бөліп тастап, батыс жағына кәсіпкерлік нысандарын шоғырландыра бастады. Асфальт салу деген ең қымбат жұмыс. Оның да орайын тапты. Тұрғындарды ұйымдастырып, демеушілер тауып, істен шыққан жол орнына топырақ, тас төккізді. Өздеріне жасалып жатқан игілік болған соң ауыл адамдары күректерін алып келіп, қатарға тұра қалды. Осылайша, жол табаны көтерілді. Ал оған асфальт төсету тым қымбатқа түспейтін еді. Мектеп салуға мемлекеттік тапсырысты жеңіп алған мердігерлермен келісіп, білім ошағы жанынан шағын жылыжай салуға талпынды. Мектепте жылу қазандығы бар. Жылуға шығын аз. Ал оқушылар үшін жылыжай өндірістік практика, мектеп асханасы үшін пайдалы дәрумен жемістер. Оқушыларға тегін тамақ беруді ұйымдастыруға болады. Сыздықовтың бастамасы көп еді. Түркістаннан Отырарға ауыстырғанда “қап-ай” деп қалдық. Үлкен қаланың үлкен проблемаларын шеше бергенін тілегенбіз. Арыстанды-Қарабастың желі құтырынып, сырнайдай сыңсып тұрған күндердің бірінде Отырарға келдік. Сыздықовыңыз күріштей аппақ тістері жарқырап, ақсия күліп жүр. – Отырар деген көтерілмеген тың ғой. Мұндай жерде жұмыс істеу рахат, – дейді. Сортаң, астының тұзы бетіне шығып кеткен, жантақтан басқа өсімдік өспейтін құла дүзге су шығарыпты. Ал енді пайдаланыңдар десе, беті қайтыңқырап қалған жұрт беттей қоймайды. Содан соң қазынашы Ермек Әжиевке қолың ұзын, жұртқа өнеге бол деп 60 гектар жер берген. “Максимум” қорынан жеті жылға 23 млн. теңге алуына септескен. Ермек мырзаның қазір мұртын балта шаппайды. Бау-бақшасы үшін ауыл шаруашылығы басқармасынан жыл сайын субсидия алатынын ескерсек, Үкімет шығынының жартысын өз қалтасынан өтеп берер екен. Жантақ – түйенің сүйікті тағамы. Ал Отырарда маң-маң басқан ойсыл қара түлігі көп. Қымыран – дәруменнің көкесі. Ана сүтіне ең жақын әрі ағзаға өте пайдалы сусын осы. Жеке кәсіпкер Ордалы Мұстафинді “Максимумға” жетелегендей болып алып келіп, қымыран өндейтін цехқа қажетті қаржы алдырған. Ауданының бір қиырында “Заречный” деген жерде уран өндіріліп жатыр. Шұбат оларға өте керек. Егер құтыға құяр болса, 500 литрге дейін тапсырыс береміз деп отыр басшылары. Оның сыртында 100-150 литр ауданнан артылмайды. Тәуекелдің қайығына әкімнің демеуімен мініп кеткен кәсіпкер Ордалы қазір көңілді. Темір стансасында тозығы жеткен кең қойма бар еді. Кеңес Одағынан қалған көз. Бұзып, тасын тасып әкетуге әркім-ақ мүдделі болған. Әкім сол қойманы 13 млн. теңгеге жөндетіп, екіге бөлгізіп, бір жағына ет-сүт, екінші жағына көкөніс сақтайтындай қойма етіп қайта жөндеткен. Үлгерту деген осы шығар. Егер мемлекеттен қаржы алып, қойма салар болсаңыз 13 млн. теңге емес, 130 млн. теңге жұмсалар еді. Осы стансада 20 мың тонна жүгері дәнін сақтайтын зауыт іске қосылады. “Тұрсын” өндірістік кооператив базасында мал сою, ет өңдеу цехының құрылысы басталып жатыр екен. Бос әңгімеге уақыты жоқ, әрекет үстіндегі жұмыскер әкімдер болады. Оның жұмыс стилі біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Бірақ, алған бетінен қайтару қиын. Отырар ауданының әкімі әр ауылда қандай жұмыстар атқарылатынын балықтың желбезегінен сымға тізгендей жіліктеп тастапты. Әрқайсысы бойынша қыруар жұмыстар атқарылған. Облыс басшысынан Отырар ауданы әкімінің өте жоғары баға алғанын айттық. Мамандығы қаржыгер Бейбіт Сыздықов әр теңгенің тиынына дейін шашау шығармайтынын есебінде байқатты. Ол аудандағы өзекті мәселелерді сипатына, түрлеріне және маңыздылығына қарай үш топқа бөліпті. 1. Бірден шешуге болатын мәселе. 2. Уақыт талап ететін мәселе. 3. Шешілмейтін мәселе. Бүгінгі таңда ауданда “шешілмейтін” мәселе жоқ. Осылай дейді де “бірден” шешуге болатын және “уақыт” қажет ететін 297 халыққа қажетті мәселерді іріктеп алғанын айтады. Бұдан соң 297 мәселенің маңыздылығы мен қажеттілігіне қарай екі топқа бөлген. І топ – республикалық, облыстық дәрежеде шешуге болатын мәселе – 83 ІІ топ – аудан көлемінде шешуге болатын мәселе – 214 Отырар ауданының әкімі осы мәселелердің түбегейлі шешіліп жатқанын атап көрсетті. Жалпы, 297 өзекті мәселенің 2010 жылы шешімін тапқаны 238 екен. Қандай да болмасын өзекті мәселені шешуге қаражат көзін табу керек. Осы мақсатта біршама жұмыс жасалған. Соның қорытындысы бойынша 2010 жылға жоспарлаған мәселелерге әрбір салаға бөле отырып, жалпы 6,5 млрд. теңгеден аса инвестиция тартылды. 2010 жылдың алты айында аудан бойынша өнім 9,2 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 39,6%-ға өсті. Оның ішінде ауылшаруашылық өнімі 4,2 %-ға, өнеркәсіп 50,6%-ға көтерілген. Ауданда қай саланы алсаңыз да ілгерілеушілік бар. Мұны жалқыға телу әділеттік болмас еді. Отырарлықтар Ә.Жылқышиевтен бөлек Ә.Қаныбеков, Р.Әбдірайымов, Ұ.Арғынбеков, М.Шәкенов, Ш.Мырзахметов, Қ.Айтаханов, сияқты басшылардың аудан экономикасын, әлеуметтік жағдайын өркендетуде жақсы із қалдырғанын айтады. Келешегі баянды Отырар өз мерейтойына осындай жақсы дайындықтарымен келіпті. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы. Суреттерде: Елбасы Н.Назарбаев Арыстанбабта; жұртшылықпен жүздесу; көне тарих куәгерлері. * * * ОТЫРАРДА ТАҒЫ ДА ТОЙ БОЛАДЫ Отырарда тағы да той болады. Баяғыдай ұлылар ой бағады. Мәңгілігін байқатып ізгіліктің, Жүрек тербеп, Шәмші әні бойды алады. Дүрілдетіп жігіттер бай даланы, Көкпар тартып, қыз қуып айналады. Сейітқасым, Темірбектей батырлары, Күзетіп тыныштықты жайланады. Көзге ыстық көркейтіп нұрлы ұяны, Жиылады түп-түгел қыр, қияны. Әкімдері сол тойда құрақ ұшып, Қонақтардың қолына су құяды. Жесір қалған соғыстан жігерлі ана, Жетімдерді жеткізген кілең дана. Құралайға кезінде өріс болған, Мұражайға айналды түгел дала. Тарихтың тоңмойын мұзы еріп, Таңдай қағар мықтының жүзі келіп. Ғалымдары ғаламның бәрі шәкірт, Әл-Фараби бабамның ізіне еріп. Көз алмаған ұрпағы көне ізінен, Құдай досын бөлмеген ел өзінен. Шәуілдірдің шалқып тұр шарапаты Арыстанбаб әулие әуезімен. Ел үшін еңбек еткен күн-түн қатып, Қуанар ерлер бөркін бір шыңға атып. Күле алмай жүргендерді күлдірем деп, Көпен де күлкі қоспақ сылқылдатып. Біреуі біреуінен күмәнданып, Басынан не кешпеді мынау халық. Отаны ұлылардың бір сілкінбек, Жетпіс бес жыл парағын бір аударып. Тереңдегі тамыры бүлкілдеп қыр, Тойға жеткен армансыз шіркін деп тұр. Ғасырлардан сыр шерткен Отырардың Омартасы сөреде шүмпілдеп тұр. Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, Қазақстанның халық ақыны, “Парасат” орденінің иегері, Отырар ауданының құрметті азаматы.Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32