Тәжікстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) жауапкершілік аумағына кіретіні белгілі. Сондықтан биылғы желтоқсанның басында Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитінде Тәжікстан мәселесінің де қаралатыны туралы бұрыннан айтылып жүр еді. Соңғы кездері сол ұйғарымның бекер емес екенін білдіретін оқыс оқиғалар бұл елде тым көбейіп кетті. Ал таяуда түрмеден қашқан топты іздеуге шыққан әскерилерді белгісіз біреулердің Гарм шатқалында күтпеген жерден атқылап, 40 жауынгерді опат етуі Тәжікстандағы ішкі шиеленістің белгілі бір деңгейге дейін ушығып кеткенін аңғартты.
Жалпы, “тәжік проблемасы” таулы өлкедегі республика халқы егемендік алғалы аралықтан бері жібі үзілмей жалғасып келе жатыр. Мұнда 1990 жылдардың басында билік пен жаңа пайда болған оппозиция арасында шиеленіскен текетірес кең өріс алды. Осы тұста елде көшбастаушы тұлғаның болмауы мен дін аралық қайшылық салдарынан халық бірігудің орнына екі дайға бөлініп, бір-бірімен жауласып кетті. Бұл қарама-қарсылық алдымен ислам туы астына біріккен оңтүстік өкілдері мен қызыл туды желбіреткен ленинабадтық тұрғындар арасында көтерілді. Кейін азамат соғысына айналып, аласапыранға ұласып кеткен қақтығыста бір діннің бір тармағын ұстанған, бір этностық топтағы адамдар тосқауылдың екі қапталында бір-біріне қарсы тұрған екі топтың құрамынан бір-ақ шықты...
Уақыт өте келе мұның бәрі қалыпқа түскендей болып еді. Дегенмен, соңғы кездері көңілге күдік шақыратын әртүрлі оқиғалар шаң беріп қалып жүр. Осыған орай көптеген саяси шолушылар мен сарапшылар Душанбе таяу аралықта елдегі тұрақсыздықты қалпына келтіре алмайтын болса, онда мұның соңы Ауғанстан, Тәжікстан және Қырғызстанның оңтүстігі болып бір шеңберді құрап, Орталық Азия аумағындағы осы үш мемлекет проблемаларының бір-біріне ұштасып кетуіне ұласатындай көреді. Ал тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында орын алған оқыс оқиғалар қатердің шынымен ернеуінен асып төгіле бастағанын айғақтаса керек.
Аптыққан “Ашу араны”
Тамыздың 20-сы күні мемлекеттік төңкеріс жасауға, конституциялық құрылымды құлатуға, қылмыскерлер қауымдастығын құруға және отанын сатуға әрекет жасағандары үшін әртүрлі ұзақ мерзімдерге сотталған 25 адам тәжік әділет министрлігі тергеу оқшаулау орнынан (СИЗО) қашып шықты. Осы кезге дейін бұл жердегі құлып астынан әлдекімдердің сыртқа шығуы мүлде мүмкін еместей көрінетін. Бұқаралық ақпарат құралдары бұған жол берген екі түрлі болжамды қарастырып отыр. Олардың біріншісі түрме қызметкерлерінің кәдімгі жауапсыздығы мен қамсыздығы болса, екіншісі олардың сатылуына барып саяды. Сонымен қатар, тұтқындағылардың қашуына іштегілердің өздері әдейі мұрындық болғаны жөнінде де күшті күдік бар. Өз кезегінде қашқындардың жоғалтатын да ештеңесі қалмаған сияқты. Ал бар-жоғы үш қызметкердің күзетуіндегі оқшауландырылған тергеу баспанасында аяқ астынан көп мөлшерде қару-жарақ пен әскери киім-кешектің пайда бола салуы да біраз жәйттен хабар берсе керек. Сондықтан Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығының шұғыл отставкаға жіберілуінің өзі кешігіп жасалған қадам секілді көрінеді.
Қазіргі күндері бүкіл Тәжікстанда қашақ қылмыскерлерді іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Қыркүйектің 6-сы күні “Жахоннамо” телеарнасы қашқындардың бірі – президент ұланының бұрынғы бастығы Гафур Мирзоевтің туған бауыры Абдурасулдың ұсталғаны жөнінде хабарлады. Қауіпсіздік күштері содан бір күн ғана бұрын кезінде Гуантанамода отырып келген, тәжік соты 23 жылға соттаған бір қашқынды қолға түсірген. Тергеу органдары оны қашуды ұйымдастырушы деп тануда. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде тағы екі қашқынның ұсталғаны туралы жазылып еді, бірақ оны келесі күні-ақ Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі жоққа шығарды.
Бұдан кейін Нүректе жаппай тәртіп бұзушылық орын алды. Ол бірнеше дүкенді тонады деген айып бойынша бес жігітке үкім шыққан бойда қауырт топтасқан жиын түрінде басталды. Жергілікті жұрт оларға берілген жаза мерзімін жөнсіз көп, айыптау негізінің солқылдақ екендігіне наразылық білдірді. Бір кезде көше бойлап өре шапқан ашулы топ жолай кездескен мәшинелерді аударып тастап, мемлекеттік мекемелердің терезелерін қиратуға көшті. Сосын бейбастақтық әрекеттердің алдын алу үшін Душанбе мен Қорғантөбеден әскери күштер шақырылды.
Ал қыркүйектің 3-і күні жанкешті-лаңкестердің Худжанд аймақтық ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқармасына шабуыл жасауы ел ішін тіпті дүрліктіріп жіберді. Куәлардың айтуынша, қызметтік мәшинелердің ауладан шығып жатқан сәтінде қақпаның ашық қалғанын пайдаланған содырлар көліктерімен ішке басып кіреді. Барынша қатты жылдамдықпен келген олар аулада тұрған мәшинеге барып соғады. Сол соққыдан іші жарылғыш заттарға толы ГАЗ-24 “Волга” автокөлігі бірден жарылып кетеді. Артынша ауладағы милиция мәшинесі де жарылып, отқа оранады. Әзірге ешкім бұл терактіні өз жауапкершіліктеріне ала қойған жоқ. Дегенмен, арада екі сағат өтпей-ақ әскери ведомство ішіндегі өздерінің кім екендіктерін білдіргісі келмеген дерек көздері “жанкештілер жапсарлас жатқан елдерде жүрген Өзбекстан Ислам қозғалысы мен “Әл-Каида” жаттығу лагерьлерінде дайындық сапынан өткен екен” деген тұжырымды таратып үлгерді.
Осыған байланысты сөйлеген сөзінде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон тәжіктер 90-жылдардың қатал сабағын ұмытпауы керек екенін қайта-қайта қадап тұрып айтты. Елде азамат соғысы өршіген сол уақыттан бері де арада жиырма жылдай уақыт өтіпті, бұл аралықта сол соғысты көрмеген тұтас бір ұрпақ өсіп шықты. Мәскеуде шығатын “Время новостей” газетінің шолушысы Аркадий Дубновтың пікірінше, Худжантта орын алған теракт құрамында азамат соғысы жылдарында бір-бірімен қырылысқан бұрынғы оппозиция мен Халық майданы содырлары да, кейін өсіп-жетілген жас тәжіктер өкілдері де бар қарсылық қозғалысының көтеріліп келе жатқанын байқатады. Осы жарылыстар арқылы олар өздерінің Душанбе СИЗО-сынан қашып шыққан қашқындармен бірге екендіктерін білдіріп отыр. Бұл тұжырымды басқа да басылымдар негізінен қолдайды.
Тәжік билігі осы күндері елде “шамадан тыс исламдану үдерісі жүріп жатқанынан” қатты кіді алатын сияқты. Әсіресе, олар ресми емес жолдармен шетелдердегі діни орталықтарға барып, “діни экстремизм мен лаңкестік ұрығын бойларына еге бастаған” тәжік жастарының көбейіп бара жатқанына айрықша алаңдайды. Сондықтан президент Э.Рахмон жақында сөйлеген сөзінде дін жолындағы әйелдерді хиджаб кимеуге, молдаларды уағыз айтқанда біржақты кетіп қалмауға шақырды. Ол, сонымен қатар, ата-аналарды шетелдерде жүрген балаларын тездетіп елге қайтаруға күш салуларын өтіне отырып, “егер қайтара алмасақ, олар отанын сататын опасыздар болып шығатынын” мәлімдеді.
Осының өзінен әлдеқандай астарлы қауіптің ізі байқалады. Бұл ретте тәжік билігі Өзбекстан Ислам қозғалысынан басқа “Жамаат таблиғи” радикалды ұйымы мүшелерімен де күрес жүргізіп жатыр. Қазірге дейін бұл қозғалыстың бірнеше жүз жақтастары абақтыға жабылып үлгерді. Кейбір мәліметтерге қарағанда, қозғалыс мүшелерінің саны 5-6 мыңға шамалас адам болып қалатын сияқты. Биліктің қатаң бақылауында тұрған “Әл-байат” (“Ант”) қозғалысы мен Ислам жаңғыруының “Хизб-ут Тахрир” партиясы құрамдарында да осы құралыптас адам бар екен. Мұндағы “Әл-байаттың” лидері Соғды облысындағы мешіттердің бірінің 2004 жылы сотталған имамы көрінеді. Осы кезде билік “Ханафияны” Тәжікстандағы ресми ағымдардың бірі екенін мойындай отырып, келесі ағым – “Салафияға” тыйым салды. Елде бұлардан басқа исмаилиттер ағымы тағы бар. Осындай бірін-бірі мойындамайтын алуан түрлі ағымдардың етек алуы мұндағы тіршіліктің қалыпты қалпында жүруіне кедергі келтіріп отыр.
Көлеңкелі тұстардың кесірі
Таяуда “Миллат” газетінің беттері мен “Азаттық” радиосында сөйлеген бұрынғы бірінші вице-премьер, қазіргі парламент жоғарғы палатасының мүшесі Акбар Тураджонзода нағыз сенсацияны жұртқа жариялап жіберді. Парламентке Ислам жаңғыру партиясы атынан сайланған ол өзі шыққан Худжант қаласында орын алған терактіге байланысты ойларын тарқатып айта келіп: “Ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқарма ондағы қызметкерлердің өз өкілеттіктерін жиі шамадан артық пайдаланатындығымен, рұқсат етілмейтін шараларды қолданатындығымен белгілі” екеніне, “тәжік сотының жазалаушы бағыт ұстанып отырғанына” айрықша назар аударды.
Мұндағы оқиғаның мазмұны мынадай. Бұдан бір жылдан сәл астам уақыт бұрын төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің бұрынғы офицері Немат Азизов бастаған қарақшылар тобы Сафедкох деген жерде әскери бекетке шабуыл жасайды. Ресми болжамға сәйкес, осы жерде атыс кезінде оққа ұшқан бұрынғы төтенше жағдайлар министрі, одан бұрынғы тәжік біріккен оппозициясының қолбасшысы генерал Мирзо Зиеев та болады. Шабуылға қатысқандардың 36-сы қолдарына бірінші рет қару алып тұрғандықтан, бұған дейін ешкімді өлтірмегендіктен, қамаудан босатылады. Бірақ кейін қайтадан қамауға алынып, бәрі сотталып кетеді. Олардың арасында бұрынғы министрдің екі ұлы да болады. Қазір олар қашып жүр. Парламентарийдің айтуынша, “бұларды төңкеріс жасауға қатысты деп емес, заңсыз қару алып жүргендері үшін соттау керек еді”, “бұл жігіттер “төңкеріс” деген сөздің өзінің мағынасын толық түсінбейді, тек әкелері әлденеге наразы болып, қолына қару алған, ал балалары оның жанынан табылған”. “Бұларға соншалықты көп мерзімді жаза беріп қажеті не еді?”, деген сұрақ тастайды А.Тураджонзода осыған орай.
Былтыр осы халық қалаулысы президенттің қазіргі күндері қылмыстық жазаларын өтеп жатқан бұрынғы бірқатар серіктестерін саяси қылмыскерлер ретінде атап өтіп, оларға байланысты салынған жариясыз тыйымдарды аздап алғандай болды. Бұл жолы ол әңгімені отанын сатқаны, қарақшылығы, қызмет бабын пайдаланғаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылған ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы Якубжон Салимовқа, қарулы төңкеріс дайындағаны үшін өмірлік жазаға кесілген Гафур Мирзоевқа және лаңкестік, қарақшылық әрекеттері, мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны, билікті шектен тыс пайдаланғаны, заңсыз оққағарлар ұстағаны үшін 23 жыл арқалаған оппозициялық демократиялық партияның төрағасы Махмудрузи Искандаровқа қатысты қозғады. Бұлардың соңғысы 2006 жылы мұғажырлықтан отанына оралып, елдегі саяси өмірге араласқысы келетінін мәлімдегені сол еді, Мәскеу түбіндегі Королев қаласында тұрған жерінен заматында жоқ болып кетті. Арада апта өткенде, ол Тәжікстан қауіпсіздік министрлігінің тергеу оқшаулағышынан бір-ақ табылды.
2007 жылдың маусым айында Тәжікстан жоғарғы сотының ғимаратында теракт орын алды. Кейін анықталғандай, мұнда жарылғыш қондырғыны өзбек арнаулы қызмет органдары жұмсаған тәжік азаматы қойыпты. Оны осыған көндіруге Халық майданы командирлерінің бірі Бобосухбон Мирзоев араласыпты. Жалпы, осы 2007 жыл Салимовтың, Мирзоев пен Искандаровтың сотталуына білдірілген қарсылық ретіндегі жарылыстарға толы жыл болған. Кейбір деректерге қарағанда, Душанбеде үш рет бүлік көтерген полковник Махмуд Худайбердыев қазір Өзбекстанда жасырынып жүр деген сыбыс бар. Тәжік президентінің жеке жауы болып саналатын ол Худжанттағы бас көтеруді ұйымдастырыпты.
Сөзінің түйінінде депутат Акбар Тураджонзода: “Бұл 25 адам өз беттерімен ешқандай қауіп туғыза алмайды, – деп атап көрсетеді. – Жағдайды ушықтыруға күштері жетпейді. Олардың арасында халықты соңына ерте алатын белгілі тұлғалар жоқ. Егер сырттарында көмек көрсететін әлдеқандай шет мемлекет тұрған болса, онда Тәжікстан үшін бұл шынында қауіпті нәрсе”. Ал саяси шешімдер институтының кеңесшісі Александр Князев бұдан басқаша көзқараста. Ол Өзбекстан Ислам қозғалысының Тәжікстандағы әрекеттерге тікелей қатысы болуын әсте жоққа шығармайды. Осы кезде “Талибан” содырларымен бірге, Өзбекстан Ислам қозғалысының жауынгерлері де тәжік шекарасындағы аймақта белсенді қимыл көрсете бастады.
Солтүстіктегі ахуал да тыныш болмай тұр. Мұнда билікті Исфарадағы Өзбекстан Ислам қозғалысының ұясы алаңдатады. Оның Худжант маңында орналасуы Соғды облысы орталығын мазасыз халге түсіруге жетіп жатыр. Біріншіден, елдің терістік бөлігінде тұратын халқының айтарлықтай ауқымын өзбектер құрайтын болғандықтан, кейін “Ош оқиғаларының” ізімен сепаратизм қаупінің тууы уақыттың ғана үлесі болып қалуы кәдік. Екіншіден, қазіргі билікке елдегі аймақшылдық бөлінушілікті тоқтату мүмкін болмай отыр. Бірқатар тәжік сарапшылары мұны “Тәжікстандағы Ахилл өкшесі” деп атап жүр. Осы бөлінушілік елдің басын біріктіруге үлкен кедергі келтіруде. Мәселен, худжанттықтар тобының лидері Абдумалик Абдулладжанов қазір АҚШ-та тұрып-ақ мұндағы тірлікке қатты араласады. Жалпы, Худжант қаласының өзі тәжік қожаларының негізгі мекені екенін еске алсақ, Абдумалик аканың бұл елдегі осы тектік топ мүшелерінің де көшбасшысы болып табылатынын да айтуымыз керек. Ол 1992-1993 жылдары Тәжікстан үкіметін басқарған. Ал өзінің туған атасы 1922 жылы кеңес өкіметінен қашып кетіп, Сауд Арабиясына барған белгілі имам, ғалым кісі болыпты. Сол жақта ілімі арқылы ең жоғары дәрежеге жетіп, король Абдулазиздің кеңесшілігіне дейін көтеріліпті. Бүгінде одан тараған ұрпақ Сауд Арабиясы, Кувейт, Сирия, Египет және Англия сияқты мемлекеттерде істері сәтті жүріп жатқан белгілі кәсіпкерлер көрінеді. Ал осы Абдулладжановтың туған інісі 1996 жылғы сәуірде мемлекет басшысының өміріне қастандық жасауды ұйымдастырғаны үшін өлім жазасына кесіліп, артынша үкім орындалған еді. Бір жыл өткеннен кейін экс-премьердің өзіне де тап осындай айып тағылды. Бұл кездері Тәжікстанның Ресей Федерациясындағы елшісі болып қызмет ететін ол елге қайтпай қалды. Осында біраз жүрген соң, болашағын ойлап, мұхиттың арғы жағына асты...
Тағы да “Время новостей” газетінің пікіріне сүйенсек, ол билікке өкпелері қара қазандай тәжіктердің Худжанттағы бір ғана терактімен шектеліп қалмайтынын пайымдайды. Бұдан бөлек, қазір клан ішінде де жікке бөлінушілік жүріп жатыр. Айталық, мемлекет басшысы кіретін Куляб кланы өз ішінде бір-бірімен қатты бәсекеге түсетін дангарлық, балджуандық және пархарлық болып бөлінеді. Олардың әрбірі жіліктің майлы басын өздері ұстауға ұмтылады. Парламент депутаты А.Тураджонзоданың ойынша, осының бәрі, айналып келгенде, тек жоғарыдағы бір кісінің тапсырмасын ғана орындап үйреніп қалған шенеуніктердің экономикалық ведомство жұмысын алаңсыз ақсатуына жеткізеді.
Басында бірқатар тәжік сарапшылары Худжанттағы жарылыстан шетелдіктердің ізін іздеген-ді. Алайда, жақында оған жауапкершілікті жұртқа баяғыдан аты белгілі “Жамаат Ансаруллах” лаңкестік ұйымы өз мойнына алды. Сонда да болса, Тәжікстандағы билік бұған күмән келтіріп, ол оқиғаның ойраншысы ретінде Өзбекстан Ислам қозғалысын атайды. Рас, билік бұл тірліктен жергілікті тәжік исламистері – Ислам жаңғыру партиясы мүшелерін тыс қалдырып отырған жоқ.
Қалай дегенде де, Тәжікстан тауларының басына түскен тұманды сейілткен ләзім. Әйтпесе ол күллі аймақтың тынышын алатыны анық.
Серік ПІРНАЗАР.