Едіге. Ол осыдан жеті ғасыр бұрын, атақты Әмір Темір, оның алғашқыда досы, кейін, қасына айналған Тоқтамыс ханмен үзеңгілес болып Алтын Орданы билеген батыр. Бұл қаһарман туралы деректер біздің елде негізінен халық жырлары арқылы белгілі болған. Оның бір вариантын ең алғаш рет жыршының аузынан 1841 жылы жазып алған – Шоқан Уәлиханов. Ол кезінде оны орыс тіліне аударған. Баспасөзде жариялауға үлгере алмады, қайтыс болғаннан кейін профессор П.М.Мелиоранский 1905 жылы кітап етіп шығарған. Осы жинақ өткен ғасырдың 20-жылдары Қаныш Сәтбаевтың қолына түседі. Жырдағы араб, парсы тіліндегі қазақша баламасы бар сөздер мен орфографиялық қателіктер көзге ұрып тұрғандықтан Қанекең сол кемшіліктерді түзетіп, өзі алғысөз жазып, 1927 жылы Мәскеуде қайта шығартқан. Ол кезде, яғни, 1922-1928 жылдары ондағы Күншығыс орталық баспасын басқарып отырған адам Шығыс халықтарының ауыз әдебиетіне зор жанашырлықпен қамқорлық жасаған атақты Нәзір Төреқұлов еді. Батыр туралы жырдың қайта кітап болып шығуына міне, осы кісінің де шарапаты тигені анық.
Бірақ Қаныш Сәтбаевқа бұл еңбек өте ауыр сын әкелді. 1951 жылы 11 қазанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Ғылым және жоғары оқу орындары бөлімі оны шақырып, арызқойлардың СОКП Орталық Комитетіне жазған хатымен таныстырды да қуғындау басталды. Ол әуре-сарсаңның қаншаға созылғаны, зардабының қандай болғандығы бізге жазушы-публицист С.Байжановтың 1989 жылғы ақпандағы “Қазақстан коммунисі” журналының №2 санындағы “Архив – айғақ” мақаласынан жақсы таныс. Даудың соңы Қанекеңнің 1952 жылы мұртты көсем И.В.Сталинге түсініктеме хат жазуымен тынып, аяқталған.
Иә, “Едіге жырының” осындай шулы тарихы бар. Әрине оған алғаш баға берген Шоқан Уәлиханов болса, Қаныш Сәтбаев оның маңызы мен мәнін өте білімділікпен талдады. Одан кейінгі салиқалы зерттеу жүргізіп, 1993 жылы үлкен еңбек жазған ғалым Е.Мағауин дер едік. Тарихшы Ғ.Батырбеков “Ер Едіге” атты кітапты 1995 жылы “Ғылым” баспасынан шығарды. Бірнеше “Едіге жырын” жинақтаған бұл еңбектің соңғы жағында, жоғарыда атап өткеніміздей, 1951 жылы Қаныш Сәтбаевтың сол кездегі ел басшыларына жазған хаттары да енген. Сөз ретіне қарай “Едіге жырын” әртүрлі қырынан тарихпен сабақтастырып, салалап, жан-жақты талдап ашып жазып, түсіндірген академик Рахманқұл Бердібайды да атап айта кеткен жөн. Осы кітаптарда: жырдың көркем тілі, қазақ ұғымына сай сөз саптаулар; батырдың өз әскеріне адалдығы; елдің тұтастығын, халықтың бірлігін сақтап қалу үшін қажет жағдайда сырт дұшпанмен мәмілеге келуі; Едігенің Әмір Темір, Тоқтамыс қиратқан қалаларды қайтадан тұрғызуға әрекет жасауы жан-жақты талданып, қазіргі заман тұрғысынан жаңаша баға беріледі.
Мысалы, Едігенің бәрінен де ең жойқын ерлігі – Тоқтамыс ханның қитұрқылығымен Литва князы Алтын Ордаға соғыс ашқанда, батырдың әскерлері қарсыластарын қаймықпай қырып салып, жеңіске жеткені. Бұл қаһармандықты тарихшы ғалымдар тек қазақ халқы үшін емес, ол бірнеше ұлт, туыстас халықтардың болашақ тағдырына арашашы болды деп тұжырымдайды.
Шоқан Уәлиханов “халық эпосының ең биігі, інжу маржаны” деп сүйсінген. Осы “Едіге жырын”, оның бас кейіпкерін қазақ қауымы түгел біле бере ме? Соңғы жылдары Едіге туралы, оның есімін мәңгілікке есте қалдыру жөнінде баспасөзде пікір, ұсыныстар айтыла бастады. Солардың бірі жазушы Кәмел Жүністегінің жанайқайы. Бірнеше жылдан бері шырылдап жүрген бұл кісінің айтатыны Ұлытаудың бөктеріндегі Едіге батырдың мүрдесінің, қараусыз тозып бара жатқаны Ал, кейбір тарихшылар, зиялы кісілер Едігенің денесі Ұлытауда қалғанына күдікпен қарайтын сыңайлы. Біздің айтпағымыз, нақты деректер болмаса да, Едіге алғашқыда сонда жерленуі мүмкін. Бірақ, батырдың денесі сол алғашқы жерленген жерде қала берді деген тұжырымға келіспейтін де жәйттер бар. Біріншіден, орта ғасырларда өмір сүрген хандар мен батырларды олардың мұрагерлері елден жасырып жерлеген. Өйткені, кегін қайтара алмаған қарсыластар бақилыққа аттанған жанның сүйегін көрінен суырып алып, қорлайтын болған. Осыдан сақтанғандықтан болар, мәселен әлемнің жартысын билеген Шыңғыс ханның сүйегі қайда қалғаны әлі күнге белгісіз. Сондай-ақ өткен дәуірлерде небір әулие, батыр тұлғалардың бірнеше өңірде мазарлары болғаны тарихтан белгілі. Екіншіден, көзі тірісінде, қаза болған жағдайда, туған жеріме ата-анамның жанына көміңдер деп, марқұмдардың өмірден көз жұмарда мұрагерлеріне аманат ететін салт-дәстүрі қазіргі заманда да бар. Едігені де дұшпанның көзін алдап, Кәмел қажы айтқан жерге жерлеп, кейін ата-анасы жатқан Құмкент шаһарына әкелуі де мүмкін ғой. Мұндай болжам жасауға, Едігенің өлер алдында: “Егер ұлым Мәнсүр жер басып жүрсе, Баба түкті Шашты Әзіз әкемнің қасына апарып көмсін”, деген деректер бар. Батыр Баба түкті Шашты Әзіздің баласы екендігі, Қаратаудың терістігінде өмірге келгендігі, әулие бабасының мазары Созақ ауданындағы Құмкент елді мекенінде тұрғандығы айдай айқын шындық. Сондықтан бұл ой да ақылға сиятын қисын.
Қалай дегенде де біздің айтпағымыз, ардақтымыздың атаусыз қалмағандығы. Егер, Мәдениет министрлігі Арқадағы үкімет орындары атсалысып, Ұлытаудағы Едігенің мазары деген жерге белгі қойып, шағын кесене орнатса ешқандай қателік, қайшылық болмайды. Содан кейін, бүгінгі таңдағы тағы бір міндетіміз – батырдың қазақ мемлекеттігі үшін жан беріп, жан алысқан қаһармандығын ұрпақтан-ұрпаққа үлгі, өнеге етіп насихаттау. Жалпы қазаққа, бірнеше бауырлас халыққа ортақ Едігені Ұлытау мен Қаратау да мақтаныш ете білсек, нұр үстіне нұр. Мына жер – шайқасқан жері, мына жер – жеңіске жеткен жері деп ескерткіш белгілер қоялық. Осы ретте ғалым Жамбыл Әйменовтің түркі халықтарының рухани ордасы – Түркістан қаласында Едігеге ескерткіш қойылса деген ұсыныс-пікірі үкімет орындарынан да, халықтан қолдау табуы керек. Ақын-жазушы бауырлар, Едігеге арнап көркем шығарма, пьеса, киносценарийлер жазалық. Сонымен қатар, Түркістандағы жақсы ғылыми базаға ие халықаралық Қазақ-Түрік университетінде “Едіге жыры” деген тақырыпта ғылыми конференция өткізудің де кезегі келген сияқты.
Нұрмахан НАЗАРОВ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, өлкетанушы. Түркістан.
Суреттерде: Ш.Уәлиханов салған Едіге ордасының құландысы; Ұлытаудағы батыр жерленді деген жота.