29 Қыркүйек, 2010

Қайталанған ерлік емес, жасалған ерлік

1632 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Жазылған жайдың жаңғырығы “Егемен Қазақстан” газетінің биылғы 24 ақпандағы санында жарық көрген журналист Амантай Кәкеннің “Дақпырт пен шындық” атты мақаласы маған көп ой салды. Онда сөз болған жайлардың ішінен Александр Матросовқа қатысты айтылғандарына ғана тоқталмақпын. Мұның себебі – ауылдас ағамыз, Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың есіміне, ерлігіне бала жастан қанық болып өскен, кейін өмірі мен жауынгерлік жолын зерттеп, шайқасқан жерлерінде болып, деректі кітап жазған журналист ретінде майдан даласында жүректерін жауып тұрған оққа тосқандардың есімдерін де жақсы білемін, олар жайлы жариялылық лебі ескен жылдарда жазыл­ғандарға да қанықпын. Біраз жылдар бұрын батыр ағаның жеке қаруы сақтаулы Мәскеудегі ТМД Қарулы күштері мұражайында болғаным бар. Сонда білгенім, Ұлы Отан соғысы жылдарында Александр Матросовтың ерлігін 300-ден астам жауынгер қайталаған, олардың 132-сіне қаза тапқаннан соң Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Егер тарихи шындыққа сүйенсек, Аман­тай Кәкен жазғандай, жау пулеметін кеу­десімен жапқандардың бәрін де Александр Матросовтың ерлігін қайталаушылар сана­тына қосу әділдікке жатпайды.Мына қырғыз ағайындардың біздің Жамбыл облысына көршілес Талас облысынан шыққан Кеңес Одағының Батыры Шол­анбай Тілеубердиев өз ерлігін Воронеж майданында 1942 жылдың 6 тамызында жасаған. Жерлестері шығарған кітапта осы туралы айтылады. Ал, А.Матросовтың ерлік жасаған күні 1943 жылдың 23 ақпаны. Сонда кім кімнің ер­лігін қайталаған болып шығады?! Башқұрт журналисі Рауф Насыров көп жылдар бойы А.Матросов өмірін зерттеп, оның ешқандай орыс емес, башқұрт екендігін дәлелдеп “Башқұртстан” газетінде мақалалар жариялаған. Ең қызығы, Алек­сандр Матросов атанып кеткен Шакирян Мұхамедияновтың башқұрт ұлтының табын руынан екендігі. Бұл елдің ұлттық батыры Салауат Юлаев та табын руынан еді. Миасс қаласынан 100 шақырым жердегі Қонақбай ауылында дүниеге келген Шакирянның шешесі ерте қайтыс болып кетеді де, зағип әкесі екінші рет үйленеді. Өгей шешеге жақпаған бала үйінен қашып кетіп, жетім балалар үйіне түсіп, шоқынып, орыс фами­лиясын қабылдайды.Бұл белгілі жәйт.Якут, хақас, тува халықтарының аты-жөндері орысша болып келетінін еске түсірсек те жетерлік.Осыған орай Өзбек­станда Сабыр Рахимовты өз ұлттарынан шыққан батыр ретінде құрметтеп, ескерткіш тұрғызғаны, ал, оның қазақ екені еске оралады. Ескерткіш демекші, башқұрттың Қонақбай ауылында тұрғызылған белгіге А.Матросовтың шын аты-жөні жазылған. Қырғызстанда да Шолпанбай Тілеубердиевті А.Матросов ерлігін қайталаушы демейді. Кеңес дәуірінде оның ерлігіне дұрыс баға берілмегені жайлы ашық жазады. Даңқты жерлесіміз, небәрі 24 жасында ерлік жасаған Ақәділ Суханбаев ағамызды да А.Матросов ерлігін қайталаушы деп атауға аузымыз бармайды. Ол өз ерлігін 1944 жылдың 31 шілдесінде Польша жерін­де, Стельцевизно деревнясы үшін болған шай­қаста мыңдаған жауынгерлердің көз алдында жасаған.ТМД Қарулы Күштері мұражайында сақтаулы Кеңес Одағы Баты­ры атағына ұсыну қағазында жазыл­ғандай, атқыштар батальонының бөлімше командирі Ақәділ Суханбаев шешуші сәтте жауынгер­лердің алға жылжуына кедергі жасап жатқан жау пулеметіне кеудесін тосып, оқ нөсерін тоқ­татқан. Сол сәтте ерлігі мен есімі тұтас май­­данға демде тара­лып, ұран болып жауын­гер­лерді шабуылға көтерген. Кейін ұрыс тын­ғанда 31-ші армияның қолбасшысы, Кеңес Одағының Батыры, генерал-полковник Васи­лий Васильевич Глаголевтің тапсырма­сымен денесі қазылып алынып, Польшадан Литваның көрікті қаласына әкелініп үлкен әскери салт-жорамен жерленген. Ұрыс қызу жүріп жатқан қауырт кезге қарамастан қазақ жауынгеріне осыншама құрмет көрсетілуі оның ерлігінің соғыс тарихында маңызды рөл атқарғандығын көрсетеді. Белоруссияның астанасы Минскіде болған кезімізде қаладағы үлкен көшелердің бірі В.В.Глаголевтің есімімен аталатынын білдік. Осындағы Ұлы Отан соғысы мұражайында азат етуші жауынгерлер сапында А.Суханбаевтың да портреті ілулі тұр. Беларустар өз бөлімшесімен жау күшті бекінген Гродно қаласына бірінші болып кірген Ақәділ ағамыздың ерлігін ерекше қадірлейді. Қалада бір көше қазақтың батыр ұлының атымен аталады. Осы көшедегі кәсіптік-техникалық училищеге ескерткіш тақта орнатылған. Мектеп мұражайында арнайы мүйіс те бар. Соғыстан кейін десант әскерлерінің қолбасшысы қызметінде жүріп, 1974 жылы қайғылы қазаға ұшыраған қолбасшы В.В.Глаголевтің есімі туған қаласы Калуга мен Мәскеудегі көшелерге де берілген. Ол өзі басқарған әскери құрамалардың ержүрек жауынгерінің есімі мен ерлігі қастерленуіне әрдайым қамқорлық жасап отырған. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жылдық мерекесі қарсаңында сол кезгі Жамбыл, қазіргі Тараз қаласындағы көшелердің біріне А.Суханбаев есімі берілуіне генералдың тікелей ықпалы бар.Бұл туралы сол жылдары облыстық партия комитетінде жауапты қызмет атқарған ақын Жақсылық Сәтібековтың мақаласы да ( “Генералдың тапсырмасы”, “Еңбек туы” газеті, 23 наурыз, 1990 жыл) кезінде жарық көрген. Ерлік жасағанына бір жарым ай уақыт өткенде, Кеңес Одағының Батыры атағы берілмей тұрып-ақ (Жарлық 1945 жылдың наурызында шықты) 1944 жылдың 20 қыркүйегінде еңбекшілер депутаттары Свердлов ( қазіргі – Байзақ) аудандық кеңе­сі­нің 74-ші санды шешімімен өзі оқыған орталау мектеп пен туып-өскен “Қарасу” ұжымшарына есімі берілген Ақәділ Сухан­баевтың жеке қаруы Мәскеуге ТМД Қарулы Күштері мұражайына қойылған. Ерлігі туған елі Қазақстан ғана емес Ресейде, Белорус­сияда, Литвада ерекше қадір­леніп келеді. 2005 жылы Тараз қала­сында ерлік жасап тұрған сәтін бейнелеген ескерткішінің ашы­луы салтанатына Елба­сымыз Н.Ә.Назарбаев қатысып, сөз сөйле­ген. Жыл сайын 31 шілдеде батыр ескерт­кішіне гүл қою рәсімі өтіп тұрады. Биыл туғанына 90 жыл толады. Осыған орай жерлестері аудан орталығы – Сарыкемерде батыр ескерткішін тұрғызды. Ерлікті елін сүйгендер жасайды.Батыр бабаларының қаны бойында тулаған, намыс қайраған Ақәділ ағамыздың сын сәтте өз өмірін саналы түрде қауіпке тіккені сөзсіз. Оны әдейі бұрмалап, теріс баяндап өзгенің ерлігін қайталаушы деп кемсітуге болмай­тынын арнайы сөз еткеніміз де осыдан. Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Жамбыл облысы.
Соңғы жаңалықтар