...көпірдің қазығы қағылды
Қостанай қаласының іргесінен ағатын Тобыл өзенінің үстінен тағы бар жаңа көпір салынатын болды. Көпірдің ұзындығы – 313 метр. Оның құрылысына мемлекет қазынасынан 7 миллиард 765 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Көпірдің жобалау жұмыстарының барлығы дайын. Мамандардың айтуынша, құрылыс осы күзден басталып, 2012 жылы аяқталады. Құрылысты “Казахдорстрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізеді.
Көктемде қар суы еріген кезде Тобылдың осы саласы тасып, жолдан көлік өте алмайтын. Сонымен қатар, су астында қалған саяжайлар біраз жылға дейін пайдалануға келмейтін. Енді болашақ көпір қала тұрғындары мен жолаушыларға осы қиындықтарды ұмыттыратын болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.
...өнім шығарыла бастады
“Ақтөбе металл емес құбырлар зауыты” акционерлік қоғамы жақында жылу және ыстық су жүйелері үшін шыны талшықты құбырлар шығара бастады. Мұндай өнім Қазақстанда, қала берді ТМД елдерінде бірінші рет өндірілуде. Шыны талшықты мұндай құбырлар 130 градус ыстыққа дейін төзімді. Эпоксидтік-винилэфирлік шайыр негізінде композиттік материалдан жасалып, шыны талшықпен және қатты пенополиуретанмен қапталған мұндай құбырдың тығыздығы 70-100 шаршы метр-килограмм болады. Ол коррозияға ұшырамайды, ішкі коррозиялық жабындыны талап етпейді, металл құбырларға қарағанда жылуды 100 есе үнемдейді, ішкі жағында тат тұрмайды, микробиологиялық коррозия болмайды. Жаңа өнімнің басқа да артықшылықтарымен бірге, бұл құбырлар 50 жыл пайдаланылады.
Кәсіпорынның шыны талшықты құбырларына сұраныс жоғары. Қазір зауыт ұжымы су мұнараларына және түтін тартатын үлкен сыйымдылықтағы құбырларға арналған үшінші қондырғыны игеруге дайындалуда.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.
...мешіттер ашылды
Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылында Сайыпназар ахун атындағы мешіт үйі халық игілігіне берілді. Сайыпназар ахун – кезінде Шортанбай жыраумен айтысатын атақты Заман ақынның шөбересі. Сайыпназар алдымен Бұқарадағы “Көкалташ” медресесінде, бертін келе Ыстамбұлда, сосын Мысыр қаласында дәріс алады. Ол араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін еркін меңгеріп, діни уағызды жетік білгені үшін ең жоғарғы ғылыми атақ – мүсанниф атағын алады. Елге оралған ол өмірінің ақырына дейін медреседе балаларға дәріс беріп, екі мешітті қатар ұстайды. Оның соңында бірнеше жазбалары, араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған дастандары қалған.
Сондай-ақ, Жаңақорған ауданына қарасты Қосүйіңкі ауылында да сәнді мешіт үйі бой көтерді. Мешіттің ашылу рәсіміне еліміздің бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі атбасын бұрып, ауыл тұрғандарының игілікті істеріне зор ризашылық білдірді.
Аудан әкімі Бекмырза Еламанов өзінің құттықтауында халықты ауызбіршілікке, имандылыққа шақырса, ауыл ақсақалдары мешіт үйін салған белгілі кәсіпкер Мейрамбек Қоспанбаевқа ақ алғыстарын айтып, ат мінгізді.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы.