Біріккеннен халықтың бәрі ұтады
Алдағы жексенбі, 3 қазан күні Германия Федеративтік Республикасының халқы екіге бөлінген Германияның қайтадан қосылып, бір ел болғанының 20 жылдығын атап өтеді. Бұл немістер үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін тарихи, тағылымы айрықша оқиға болды.
Германия бөлініп 45 жыл өмір сүрді. Неміс халқының бір бөлігі капиталистік жүйеде, екінші бөлігі социалистік жүйеде өмір сүріп, осынау екі жүйенің арасындағы айырмашылықты жанымен сезінді десе болады. Берлинде сол екі жүйені бөліп тұратын тас қабырға орнатылып, одан адамдардың екінші жағына өтуіне қатаң тыйым салынды.
Қазіргі ұрпақ неге шекараны ашып тастамаған, жұрт өз қалаған жағына барар еді дегенді алға тартары анық. Ондай жағдайда шығыс жақтағы Германия Демократиялық Республикасындағы халықтың біршамасы батысқа қарай өтіп кететіні даусыз еді. Шекараны тас қып жауып тастаудағы мақсат та сол. Сонан соң Шығыс Германиядағы өмір Батыс Германиядағыдан жақсы деген насихат ГДР-де ғана емес, бүкіл социалистік жүйедегі елдерде айтылатын. Ал шындық басқаша еді. Ол жұрттан жасырылды. Сол үшін екі жүйенің арасына тас қамалдай қабырға тұрғызылды, “темір шымылдық” тұтылды.
Бірақ халық шындықты білді. Сондықтан да сол қабырғаны бұзуды қалады. Шындығына келгенде, экономикалық тұрғыдан қарайтын болса, екі жақтың қосылуы Батыс Германия үшін тиімсіз еді. Шығыстың кенжелеңкіреп қалған жоспарлы экономикасы батысқа айтарлықтай масыл болатыны анық. Соған қарамай, бұл елдің халқы біріккенді қолдады.
Сөйтіп 1990 жылы 3 қазанда тарихи оқиға жүзеге асты – жарты ғасырға жуық бөлінген Германия қайта қосылып, Еуропадағы ең қуатты мемлекетке айналды. Мұның саяси маңызы айрықша зор еді. Капиталистік жүйенің социалистік жүйеден артықшылығы іс жүзінде көрінді. Сондай-ақ Еуропаның ортасындағы екі жүйе арасындағы қайшылыққа нүкте қойылып, халықаралық жағдай айтарлықтай сауықты. Бұл оқиға жалпы социалистік жүйенің біржола ыдырағанының көрінісі болумен қатар, КСРО-дай алып державаның күйреуін де жылдамдатты.
Сол тұста оған әртүрлі баға беріліп жатты. Әрине, КСРО тарапынан оны жазғырған пікірлер басым еді. Мұны Батыстың қастандық әрекетіндей көрген. Ал парасатты бағаға келсек, бөлінген нәрсенің бүтінделгені барынша орынды саналды. Елді бөлген Берлин қабырғасының қиратылуы екі дүниенің арасын қосқандай болды. Қираған қабырғаның бөлшектері тарихи жәдігерге айналды.
Содан бері 20 жыл өтіпті. Бұл күнді неміс халқы өз тарихындағы атаулы оқиға ретінде жыл сайын атап өтеді. Әркез шығыс жақтың батысқа теңелу деңгейі сөз болады. Сарапшылар олардың арасында әлі де айырмашылықтың барлығын, бірақ шығыс аймақтың да үлкен жетістікке жеткенін айтады. Дәл қазір экономистер ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы деңгейі батысқа қарағанда шығыс жақта 73 пайыз екенін айтса, әлі де бұл бағытта атқарылар шаруалар барлығын аңғарғандайсың. Үлкен мәселе демографиялық жағдай екен. Сол ел біріккен кезден бастап шығыс жақтан батысқа қарай 2,7 миллион халық көшсе, оның 1,6 миллионы ғана қайтып оралыпты. Қазір жыл сайын 50 мыңдай неміс батысқа қарай көшеді екен.
Бірігудің немістік тәжірибесі әлемге сабақ. Бірігетін ел көп, бірігетін халық көп. Айталық, екіге бөлінген кәрістер қайта қосылатын болса, ол халықтың бағы болары өз алдына, халықаралық ахуал күрт жақсарар еді.
Ел басқарғандар байқап сөйлесе жөн
Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 65-ші мәжілісінде сөз сөйлеген Иран-Ислам республикасының президенті Махмуд Ахмадинежад өзінің жосықсыздау мәлімдемесімен тағы да жұртты таңдандырды.
Өз сөзінде Иран президенті біраз мәселенің басын қайырды, бірақ жұрттың назарын айрықша аударған оның 2001 жылғы 11 қыркүйектегі халықаралық лаңкестердің Нью-Йорктегі 3 мыңдай адамның өмірін қиған зұлымдық әрекетіне байланысты пікірі еді. Ахмадинежад оны ел экономикасының төмендеуін тоқтату үшін, Израильді қорғау үшін, Таяу Шығыстағы сионистік тәртіпті сақтау үшін АҚШ үкіметінің әдейі жасаған шарасы деп тұжырымдады. Және бұл пікірді америкалықтардың, дүние жүзі халықтарының көпшілігі қолдайды дегені барып тұрған күпірлік еді.
Бір елдерді, АҚШ-ты да сынауға болады, бұл қалыпты жағдай. Әркімнің өз пікірі, өз көзқарасы бар дейміз. Оны да білдіруге әркім де құқықты дейміз. Бірақ адамдардың, халықтардың сезімін қорлауға болмайды. Әсте де біз АҚШ үкіметіне ара түсіп, оны қорғайық деп отырғанымыз жоқ. Бұған олар мұқтаж да емес. Басқа бір елдің, басқа жердегі бір тәртіптің мүддесі үшін АҚШ үкіметі өз халқын қырып салды дегеннің ақылға сыймайтыны өз алдына, бұл тарихтағы ең бір сорақы жауыздық әрекеттің шын иелерін, лаңкестерді арашалаудың бір жолы екені даусыз. Ал бүкіл әлем халқы сол лаңкес жауыздарға лағнет айтқан.
Ахмадинежадтың жосықсыз пікірін жақтайтындар да, қолдайтындар да табылар. Бірақ америкалықтардың көпшілігі, әлем халықтарының көпшілігі қолдайды дегені сол аталғандарды қорлағандық. Америка халқы арасында, әлем халқы арасында ешкім де, Ахмадинежад та сауалнама жүргізген жоқ. Біз парасатқа жүгінеміз. Дүние жүзіндегі лаңкестік ұйымдарды қолдаушылар да бар, жазғырушылар да бар. Тағы да сол парасатқа жүгіне отырып, жазғырушылар көп деп айтамыз. Жауыздарға ара түсетін, олардың әрекеттерін ақтайтындар мүлде аз дейміз.
БҰҰ Бас Ассамблеясының мәжілісіне қатысушы 32 ел делегациясы Ахмадинежадтың жосықсыз пікіріне қарсылық ретінде залдан шығып кеткен. Олардың қатарында Еуроодақ елдерінің барлығы, сондай-ақ АҚШ, Канада, Австралия және Жаңа Зеландия елдері болыпты. Ал залдан кетпеген басқа елдерді Ахмадинежадтың пікірін жақтаушылар деп тұжырымдауға болмас. Иран президентінің пікірін дауысқа салар болса, оны қолдап, дауыс беретін елдің табылуы қиын шығар.
Иран президентінің сыңаржақ пікірлеріне жұрт бұрыннан қанық. Фашистердің еврей халқына жасаған геноцидін жоққа шығарғысы келгені, Израильді жер бетінен жою қажеттігін айтқаны көп адамның жадында. Оған, міне, АҚШ-ты айыптаймын деп, лаңкестерді ақтағандай пікірі қосылып отыр. Мұндай пікірлерді қолдайтындар сирек. Содан да Иран өзінің жақтастарынан айырылып, оқшауланып бара жатыр.
Оның бір мысалы – Ресей. Кеше ол дос ел еді. Әркез БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде Иранға қарсы санкция белгілеген қарарларды қабылдатпауға, әйтпесе оны жұмсартуға барын салатын. АЭС те салып берді. Қару-жарақты да Иран осы елден сатып алатын. 2007 жылы атақты С-300 зенитті-зымыран кешенін беруге контракт жасаған. Ал өткен аптада РФ президенті Дмитрий Медведев БҰҰ-ның маусым айындағы Иранға қатысты қарарын орындауға байланысты жарлыққа қол қойды. Енді Иран Ресейден С-300 кешенін ала алмайды. Сол үшін Тегеран Ресейді сотқа бермек болып жатыр. Достар соттаспаса керек.
Иран осылайша достарынан, жақтастарынан айырылып жатыр. Оған басты себептің бірі – ел басшысының сыңаржақ пікірлері, жосықсыз қадамдары.
Мамадияр ЖАҚЫП.