Үкімет саланы жаңғырту жұмыстарын қолға алды
Еліміздегі ең бір күрделі салалардың бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы. Себебі бұл саланың жұмысы бүкіл халықты қамтиды. Оның үстіне өз тәуелсіздігіне ие болып, нарық қатынастарын жаңадан орнатқан елімізде бастапқы кезеңде бұл саланың жұмысы қозғаусыз қалған болатын. Оған түрлі жағдайлар әсер етті. Біріншіден, саланың нарық қатынастары деңгейіндегі жүрер жолын анықтау қажет болды. Екіншіден, қаржы тапшылығын бастан кештік.
Сөйтіп бұл саладағы реформа уақыт пен экономикамыздың ыңғайына байланысты бірте-бірте жүзеге асырылып келеді деуге болады. Ең бастысы, еліміздің тұрғын үй секторы жекешелендірілді. Тұрғын үйлердің басым көпшілігі жеке меншік пәтер иелері кооперативтері мен кондоминимумдеріне тапсырылды. Сондай-ақ оларға қызмет көрсететін коммуналдық жүйелер мен нысандардың да иелері анықталды. Осы арқылы сала қызметі ыңғайға келтіріліп, күйреуден аман қалды.
Дегенмен осы аралықта қаржының тапшылығына, инвестициялық мүмкіндіктердің айқындала қоймауына байланысты коммуналдық жүйелер мен нысандардың көпшілігі тозу жағдайын бастан кешті. Қазір осы күрделі қиындық бірте-бірте еңсерілу үстінде. Соңғы кездері “Жол картасы” бағдарламасы аясында салаға біраз қаржы бөлініп, жыртық-тесіктер аз да болса бүтінделіп қалды. Бірақ соған қарамастан қазірдің өзінде су жеткізу жүйелеріндегі желілер мен нысандардың 66 пайызы, жылумен жабдықтау желілері мен нысандарының 63 пайызы, электрмен жабдықтаудың – 73 пайызы, газбен жабдықтаудың 54 пайызы жөндеуді күтіп тұр.
Осыған байланысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі салалық бағдарламасының жобасы әзірленген болатын. Осы аптада өткен Үкімет отырысында аталған жоба қаралып, қабылданды.
Отырыста баяндама жасаған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокиннің айтуы бойынша, соңғы жылдары саланы техникалық-технологиялық тұрғыдан жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Осыған сәйкес тұрғын үйлер мен коммуналдық жүйелерге ресурс үнемдеуші құрал-жабдықтар, есептегіштер орнатылуда. Олар газ бен суды, электр қуатын үнемдеп жұмсауда едәуір тиімділік беріп отыр. Қабылданып отырған жаңа бағдарламаның негізгі идеологиясы да осы мәселеге келіп саяды. Бағдарлама коммуналдық саладағы инфрақұрылымдарды дамытудың бірқатар жүйелі әдістері мен тетіктерін қарастырады. Біріншіден, жаңадан салынатын желілер мен қондырғылар мұнан кейін оларды жеке меншік пе, жоқ әлде мемлекеттік құрылым ба, кімнің пайдаланатынына қарамастан республикалық немесе жергілікті бюджеттің есебінен қаржыландырылады. Екіншіден, коммуналдық меншіктегі желілер мен қондырғыларды, ғимараттарды жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары кәсіпорындардың өз есебінен және бюджет есебінен қаржыландырылады. Үшіншіден, жеке меншіктегі желілер мен ғимараттар толықтай сол кәсіпорындардың өз қаржылары есебінен қаржыландырылады. Төртіншіден, мемлекеттік және жеке меншік кәсіпорындардың жөндеуге және қайта жарақтандыруға бағытталатын қаржыларының басым бөлігі тариф қалыптастырудың жаңа тетіктерін енгізу есебінен құралатын болады. Бесіншіден, жергілікті атқару органдары өз өңірлері үшін бекітілген мақсатты индикаторлардың негізінде коммуналдық жүйені жаңғыртудың үш жылға дейінгі кезеңге арналған қысқа мерзімді жоспарын және коммуналдық жүйені дамытудың 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтитын перспективалық жоспарларын әзірлейді. Аталған жоспарлардың жиынтығы негізінде агенттік бекіту үшін Үкіметке тиісті ұсыныстар дайындайды.
Жалпы, 2004-2010 жылдар ішінде коммуналдық саланың желілері мен қондырғыларын жөндеу және салу үшін 62 млрд. теңге бюджет қаржысы жұмсалған болатын. Осы қаржы, бүтіндей алғанда, жүйенің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ете алды. Бұл жұмыстар енді “Жол картасын” жүзеге асыру барысында қалыптасқан тәжірибені есепке ала отырып одан әрі жалғасатын болады. Сонымен қатар алдымыздағы кезең үшін коммуналдық саланың одан әрі қалыпты жағдайда дамуын көздейтін жаңғырту жұмыстары ресурс үнемдегіш технологияларды енгізе отырып неғұрлым қарқынды сипат алмақ. Мәселен, осыған дейінгі бөлінген 43 млрд. теңге қаржының негізінде өткен 6 жылдың ішінде көптеген жерлерде су жеткізу құбырлары салынып, осы қызметке халықтың қолжетімділігі 4 пайызға артқан болса, ендігі кезекте олардың техникалық жағдайына бағалау жұмыстары жүргізіле отырып, халқының саны 25 мың адамнан асатын 58 қаланың су тарату жүйесін жаңғыртудың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленеді.
2004-2010 жылдары электрмен қамту қызметін дамыту бағытында әкімдіктер 8 млрд. теңге қаржы бөлген еді. Ол қаржының басым бөлігі апатты жағдайлардан шығу үшін жұмсалды. Ендігі кезекте орта және ұзақ мерзімді инвестициялық тариф саясатын жүзеге асыра отырып, осы салаға қаржы тарту шаралары қарастырылады. Қазіргі күні аудандық электр желісі компанияларының басым бөлігі жеке меншіктің қолында. Жоғарыдағы тарифтік саясатты қолдану нәтижесінде олардың көпшілігі қайта жаңғырту жұмыстары үшін қаржы қорларын толықтыру мүмкіндіктеріне ие болды. Мәселен, 2008-2009 жылдардың өзінде 16 аудандық электр желілік компания желілерді жаңғырту жұмыстарына 48 млрд. теңге қаржы бағыттай алды. Енді жоғарыдағыдай тәсілді қолдана отырып үстіміздегі жылдың өзінде қалған 24 аудандық электр желілік компанияның тарифтерін бекіту қарастырылады.
2004-2010 жылдары әкімдіктер газбен қамту ісіне 5 млрд. теңге бюджет қаржысын бағыттаған болатын. Ол қаржының басым бөлігі жөндеу жұмыстарына жұмсалды. Қазіргі күні еліміздің 9 облысы мен Алматы қаласында газбен қамту жүйесі жұмыс істейді. Ал 5 облыс пен Астана қаласында мұндай орталықтандырылған жүйе әлі орнатылмаған. Бұл алдымыздағы кезеңде қарастырылуға тиіс мәселе.
Атап айтқанда Мұнай және газ министрлігі газбен қамту жүйесін дамыту шараларының аясында Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырын салуды жоспарлап отыр. Осы шараның нәтижесінде Қызылорда облысындағы 16 елді мекен газбен қамтылатын болады. Сондай-ақ газ құбырының бойында орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысындағы 9 елді мекен газдандырылады.
Қостанай-Көкшетау-Астана-Қарағанды магистралды газ құбырын қалау нұсқалары қарастырылу үстінде. Бұл құбыр салынған жағдайда Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының бірқатар елді мекендері мен Астана қаласының халқы газ құбырының қызметін пайдаланатын болады.
2004-2010 жылдары әкімдіктер жылумен қамту қызметін дамыту үшін 16 млрд. теңге бюджет қаржысын жұмсаған болатын. Осының нәтижесінде аталған қызметке халықтың қолжетімділігі 2 пайызға артқанымен жылу қуатын жоғалту көрсеткіштерін шектеудің сәті түспеді. Ол керісінше 3 пайызға артып кетті. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін қазіргі заманғы технологияларды қолдана отырып, жаңа құбырлар қаланады, енді бірқатарына талапқа сай жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Алдын-ала жүргізілген зерттеу жұмыстары көп пәтерлі тұрғын үйлердегі жылудың 30 пайызы төбені, қабырғаны және терезелерді дұрыс бекітпеу салдарынан жоғалатындығын көрсетіп отыр. Міне осындай енжарлық пен салақтық салдарынан 2009 жылы республика бойынша алғанда тұтынушыларға бөлінген 66 млн. Гкал. жылу қуатының 11 млн.-ы жоғалған. Бұл көп шығын әрі үлкен берекесіздік. Салыстыру үшін айтар болсақ, Халықаралық энергетикалық ассоциацияның келтірген деректері бойынша, Швецияда ғимараттағы 1 шаршы метр алаңды жылытуға 82 кВт. сағат жылу қуаты жұмсалса, Қазақстанда 240 кВт.сағат жұмсалады екен. Сондықтан мәселе халық арасындағы түсіндіру жұмыстарын да өрістете түсуді қажет етеді.
С.Нокиннің жасаған баяндамасынан алдағы уақытта әлеуметтік нысандардағы жылу қуатын толық пайдалану, олардың жоғалуына, артық шығынына жол бермеу үшін олардың қасынан автоматтандырылған жылу пункттерінің салынатындығы белгілі болды. Қанатқақты жобаға сәйкес 2011 жылы әр ауданнан 3 мектеп, 3 ауруханадан таңдап алынып, жиыны 96 нысанға энергоаудит жүргізілетін болады. Сонан кейін олардың қасынан автоматтандырылған жылу пункттері орнатылады. Аталған жылы бұған республикалық бюджет қаржысы бағытталады. 2012 жылдан бастап осы жұмысты әкімдіктер өз бюджеттері есебінен жүргізетін болады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы кезең-кезеңге бөлініп жүзеге асырылады. Оның бірінші кезеңіне ғана 272,3 млрд. теңге қажет. Бұл қаржының 77 пайызы кәсіпорындардың өз қаржылары есебінен инвестицияланады.
Сонымен Үкімет осы аптада аталған бағдарламаны қабылдау арқылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жағдайды түбірінен жақсартуға негізделген үлкен жұмысты бастады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.