Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кешегі пленарлық отырыстың күн тәртібінде 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыға түсті.
Сонымен, биылғы жылғы республикалық бюджеттің түсімі 3 517,8 миллиард теңге, ал шығыс 4 321,4 миллиард теңге болып белгіленді. Бұл қолданыстағы бюджетпен салыстырғанда 139,4 миллиард теңгеге артық. ІЖӨ-нің нақты өсімі 5 пайыз деңгейінде бағаланса, ол биылғы жылғы болжамнан 3 пайызға жоғары. Мұнайға орташа әлемдік баға 65 АҚШ доллары болып сақталып қалды. Инфляция 6-8 пайыз деп белгіленген. Бюджет кірістерінің нақтыланған есебі 169,1 миллиард теңге болса, соның 78,6 миллиарды мұнайға экспорттық кедендік баж енгізу, 43,1 миллиарды ҚҚС қайтару сомасын төмендету, 25 миллиарды бекеттік-кедендік тексеру нәтижелері бойынша біржолғы түсімдер, 18 миллиарды номиналдық ІЖӨ-нің артуы, 2,4 миллиарды Kazakhmys PLC пен ENRC PLC-тан (Ұлыбритания) дивиденд төлеу есебінен және өзге де кірістерден түсіп отыр.
Осы ретте 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін 89 миллиард теңге көзделіпті. “Бейнеу – Бозой – Ақбұлақ” газ құбырын салуға 37,5 миллиард теңге, “Kazіna Capіtal Management” АҚ-тың жарғылық капиталын арттыруға – 15, “Инвестор-2020” шеңберінде “Қорғас” шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы” АҚ-қа – 12,1, “Қорғас-Жетіген” темір жол желісін салуға – 10,1, “Өзен- Түркіменстан мемлекеттік шекара” темір жол желісін салуға –7,5, “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ арқылы “Шар- Өскемен” темір жол құрылысын несиелеуге –3,6 және Балқаш ЖЭС-ін салуға 3,2 миллиард теңге қарастырылыпты.
Депутаттар осы ретте заң жобасы бойынша баяндамашы болған Қаржы министрі Болат Жәмішев пен Үкімет мүшелеріне бірқатар сұрақтар қойды. Соңғы кезде азық-түлікке деген баға 5,5 пайызға өскен. Қуаныш Айтаханов, әсіресе, ұнның және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарының бағасы біртіндеп өсуге бет алғандығымен бөлісті. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев астықтың тоннасы 180 доллардан аспайтындығына, әрбір облысқа тиісті мөлшерде жеткізіліп тұратындығына сендірді. Ал өзге дақылдар түрін шекарадан асырмаймыз, деді министр сенімді түрде.
Тағы бір көтерілген мәселе – электр қуатына деген бағаның кешкі мезгілдерде 4-5 есеге қымбаттауы. Бұл кешкі мезгілдері жұмыс істейтін кәсіпкерлерге, әсіресе, фермерлерге үлкен қиындықтар туғызып отыр, деді Қожахмет Баймаханов. Қысқы VІІ Азия ойындарын өткізу шараларына қатысты 33,5 миллиард теңге қарастырылса, сондай-ақ спорт нысандарын салуға 200 миллиард теңге бөлінгені белгілі болып отыр. Құны 338 миллиард теңге болатын 72 жобаның жүзеге асуы барысы туралы ақпарат жазбаша түрде берілетін болды. Балқаш ЖЭС құрылысына қатысты инвесторлармен келісімдер әлі жүргізілуде екені де айтылды. Тағы бір жаңалық – партияларды бюджеттен қаржыландыру үшін 5 миллиард теңгенің қарастырылуы.
Осылайша өз ойлары мен сұрақтарын ортаға салған сенаторлар бюджет саясатын жетілдіру туралы талап қойып, оның орындалуын қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламалар әкімшілеріне деген жауапкершілікті күшейтуге баса назар аударды. Игерілмей қалған 130 миллиард теңгенің жайын талқылаған депутаттар бұл қомақты қаржыны ерекше инфрақұрылым жобаларын бюджеттік қолдауға, әлеуметтік сала нысандары құрылыстарын салуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыттау керек пе еді деген ойларын білдіріп қалып жатты.
Еліміз бен Тәжікстан арасындағы Өтеусіз әскери көмек көрсету туралы келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасы да қолдауға ие болды. Екінші оқылымда қаралған кейбір заңнамалық актілерге көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына жүзден астам өзгерістер ұсынылып, олардың отыздан астамы енгізілгені белгілі болды. Заң жобасы Мәжіліске жіберілді.
Жалпы отырыста кейбір заңнамалық актілерге баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты заңдық құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасында ұрлық жасағаны, тонағаны және қорқытып алғаны үшін адамның қылмыстық жауаптылығы жасын 14-тен 16 жасқа өзгерту көзделген. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттер үшін Қылмыстық кодекстің санкцияларын қатайту да қарстырылған. Екінші оқылымға әзірлеу үшін заң жобасы Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне тапсырылды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.