Қырғызстанға осымен екінші рет жолымыз түскен. Біріншісінде Шыңғыс Айтматов қайтыс болғанда қырғыз бауырлардың қайғысын бөлісуге барып едік. Сонда төскейде малы, төсекте басы қосылған көрші жұрттың, түркінің бір бұтағының тастүйін бекемдігін, ұлы қайғы үстіндегі ұйымшылдығын байқағандай болып едік. Қаза ауыр болса да, “орнында бар оңалардың” жөнімен, шырқау биікте Аққұла тұлпарымен ағындаған айкөл Манастың қасына қапталдан шоң Шыңғыс аруағы қосылып, қырғыз мақтанышының мәңгілік рухтары қатарласа заулағанын көзімізбен көргендей, жан-жүрегімізбен сезінгендей болып, соны көңілімізге тоқ санап оралғанбыз.
Манас демекші, “Манас” жырымен бала жасымыздан таныс едік, қайта-қайта оқуға құмар едік. Қазақтың Ер Көкшесі батыр Манастың досы болатын сонда. Ертегіміздегі Ер Төстіктің жер астынан шыққанына жеті күн болған Шалқұйрығы Көкетайдың асында аламан бәйгеге шаппаушы ма еді. Ақбалтаның Шуағы, Алмамбет пен Сырғақтар көз алдыма келеді. Қасиет дарыған Қосай алып, дана қария Бақай...
Қордайдан Бішкекке дейінгі қысқа қайырым жол үстінде осы асыл аруақтарды миымның архивінде бір-бір аунатып өттім. Бұл жолғы келісіміз де Қырғыз елінде бұған дейін болған, үдемелей қайталаған, өршу қаупі басылмаған қайғылы оқиғалардың салдарымен байланысты. Бірақ соған қарамастан адамзаттың Айтматовынан айрылған қайғы үстіндегі бірлік пен топтасқандық байқала қоймайтын сияқты. Ел тағдыры сынға түскен алмағайып күндерде халықты бір мақсат, бір мұрат жолына ұйытып біріктіретін батыр Манастың білегі мен жүрегі, дана Бақайдың тілегі жетіңкіремей тұрғандай. Әлде, соңғы бес жылда екі бірдей төңкеріс жасап, “атың шықпаса жер өрте” дегендей-ақ, дүйім дүниені дүрліктіре шулатып, революцияшылданып алған ұрпақтарына ұлы аруақтар ренжіп, әзірге сырт айналыңқырап, сұстана қапаланып жүр ме екен?
Бұл күндерде Бішкек бейбіт. Күндіз де, кешке де емін-еркін жүре беруге болады. Таң ертемен жұмысқа асыққан жұрт. Кішкентай балаларын жетелеп, балабақшаларға апара жатқан жас келіншектер. Аялдамаларда көше автобустарына отырып жатқан ел. Газет сатқан дүңгіршектер. Сауда-саттық. Әр тұста ақша айырбастайтын орындар да аз емес сияқты. Орталық көшелердің кей тұстарында аяқ алып жүруге болмайтындай. Қайнаған қызу тіршілік. Бейне ештеңе болмағандай, текетірес пен қақтығыс орын алмағандай, қан төгілмегендей. Бүліншілік ізі білінбейтіндей. Тек сәуір айындағы жаппай тәртіпсіздікке, зорлық-зомбылыққа ұласқан толқулардан кейін президент резиденциясы жөнделіп жатқан көрінеді. Ал, елдің өтпелі кезеңдегі президенті өзі таратып жіберген бұрынғы парламент ғимаратында отыр екен.
Халықтың көңілінен шықпаған Құрманбек Бакиевті тақтан тайдырған сондағы 6-7 сәуір оқиғаларына әртүрлі баға берілуде. Біреу ұнатады, біреу ұнатпайды, біреу қыжыртады. Осының астарынан әртүрлі саясат шығарады. Қырғызстанға неше түрлі пәле төндіріп, сәуегейсушілер де аз емес. Біздің ойымызша, бұл, қалай болғанда да, қырғыз халқының өз тағдыры. Болған оқиғаны ол енді өз тағдырынан, тіршілік-тынысынан, жұлын-жүйкесінен жұлып тастай алмайды. Қайткенде де болар іс болды. Енді ел болашағының қамын ойлап, қазақ атамыз айтқандай, болғанға болаттай болу ғана қалды. Мұны қырғыз ағайындар да түсінеді. Ал, болғанға болаттай болу бүгін таңда қиынның қиыны болып тұрғаны және анық. Тек сол қиындыққа шыдайтынына, бүкіл әлем көз тігіп отырғанда сыннан сүрінбей өтеріне атасы шоң Манас, бұғы киелі, негізі қайсар халық қой деп сенгіміз келеді.
2005 жылдың наурызында Ақаевтың билігі ел сенімінен алабөтен айрылып анадай болғаннан кейін сенген серкем деп үміт артқан Бакиевтің мынадай абыройсыздыққа ұшырауы үш ұйықтасақ түске кірмеген жағдай болатын. Орыстар айтпақшы, ол өзінен бұрынғы ізашарының маңдайына сарт етіп оңдырмай соққан сол баяғы тырнауышты тағы да басып кетті. Сол бір ақиқат пен әділдіктен айнымас қырсық “тырнауышты” баспай, айналып өтуге, билік басында адал жүріп, ақ тұруға болар еді-ау дейді ішпікіріміз, саясат жықпылдарына бойлай бермейтін жазған аңқау басымыз. Бірақ астамшылық пен ашкөздік ондай періште тазалыққа жібермепті. Көпшіліктің ар-намысы мен демократия құндылықтары аяққа тағы басылыпты, көпшілік мүддесі қиянат жасалып тапталыпты, халықтың зар-мұңымен, жоқ-жітігімен санасқан ешкім болмапты. Қазір Бакиев айналасындағылар мен отбасылық билігінің, баласы Максим мен інілері Жаныш және Әділ Бакиевтердің істеген сұмдықтарының кең айтылып жатқан жай-жапсарларын естігенде адамның төбе шашы тік тұрғандай. Есіргендері сонша, тіпті есірткі былығына да кіріп кететіндей сонша не көрінді екен, не жетпеді екен шіркіндерге дейміз-ау. Ел билігі, халық тағдыры кімдердің қолында болған деп бармақ тістейтін жер де осы. Ұлттық байлықты ат төбеліндей азшылық пайдаланып, халықтың тұрмысы әбден төмендеп, экономика өрге баспай, жан басына шаққандағы табыс жақын көршілерден 10 есе кем болған қайыршылық жағдайда электр энергиясы мен басқа да коммуналдық қызметтер тарифін қымбаттатып, тауқымет салмағының одан әрі ауырлатып жіберілуі төзім-сабырдың соңғы тамшысын сарықты деп жазады сарапшылар.
Бұдан әрі төзбеген, астамсыған билікке ашу-ызасы селдей ақтарылған халық наразылығы сөйтіп бір-ақ күнде бұрқ ете түсіп, елдегі оңақай-солақай барлық күштер режимге қарсы көтерілді. Осының бәрі 2010 жылдың 6-7 сәуіріндегі қан төгілген қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтырды. Мұндайда алаяқтар, әртүрлі арандатушылар, азғын элементтер де пайдаланбай қалған жоқ, сол күндерде түрлі тәртіпсіздіктерге, зорлық-зомбылық пен тонаушылыққа жол ашылды. Мекемелер мен дүкендер, үйлер тоналып, өртеліп, қиратылып жатты. Мемлекеттің билік институттары күйреді. Президент қуылды, парламент таратылды. Дүрбелең шақта құрылған Уақытша халықтық үкімет Қырғыз Республикасының барлық аумағында, әсіресе өңірлерде бақылау орната алмады, тұрақтылықты қамтамасыз етуге шамасы келмей жатты. Кикілжің-қақтығыстар қайталанып, азамат соғысының тұтану қаупі төнді. Қырғыз елі саяси дағдарыс аранында қалды, қиын жағдайға душар болды.
Көршісінің үйінен өрт шығып, от-жалын өрши қаулап бара жатса, кім тыныш қарап отыра алмақ? Қырғыз елімен ғасырлар бойы қоян-қолтық араласып келе жатқан Қазақстан тағдырлас та бауырлас халықтың басына түскен тауқыметтің одан әрі асқынбауы орайындағы өз жауапкершілігін жедел әрі жете сезінді. Осы алмағайып жауапты күндерде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы әрі сонымен қатар Қырғызстандағы аса ірі (АҚШ-ты, Қытай мен Ресейді артта қалдырған) инвестор ретінде көрші мемлекеттің қайтадан қаз тұруына көмектесу үшін өзінің һәм халықаралық қоғамдастықтың мүмкіндіктерін орайластырудың ұтымды тәсілдерін талмай іздеп, табуға талпынды.
Жосықсыз оқиғаларға деген Қазақстанның, бүкіл қазақ халқының жан күйзелісін толғаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы күні-ақ етене жақын бауырлас қырғыз халқын қиындық-тауқыметте жалғыз қалдырмайтынын, көмек қолын созатынын жалпақ жұртқа риясыз көңілден бірден үзілді-кесілді жария етті. Көрші мемлекетте қайталап орын алған тұрақсыздық пен жай азаматтардың қаны төгілуіне зор өкінішін білдіре келе, Нұрсұлтан Әбішұлы мұндағы зорлық-зомбылық көріністері мен бүлінгеннен бүлдіргі алған ашкөз тонаушылықты айыптап, нағыз бауыр-туыс қана айта алар, үлкен жүректі, шынайы жанашырлық сөздерін айтты. Банктер жабылып, бизнес пен капитал Бішкектен, бүкіл Қырғызстаннан тым-тырақай кетіп жатты. Шынында да, тұрақтылық болмаса, ештеңе болмайды ғой. Бей-берекетсіздіктен тұрақсыздық пен жұмыссыздық туады. Бұл барып кикілжің, жанжалға ұласады. Демек, елдегі ахуалды тез арада тұрақтандыру керек еді.
Осы орайда Қырғызстандағы саяси дағдарыстың шиеленіскен шағында Қазақстан Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев президенттер Барак Обамамен және Дмитрий Медведевпен бірге президент Қ.Бакиевтің елден бейбіт жолмен кетуін ұйымдастырып, осы арқылы азамат соғысын болдырмауға барынша шешімталдықпен септігін тигізгенін атап айтуымыз керек. Сонымен бірге, Қазақстан ЕҚЫҰ Төрағасы ретінде БҰҰ-мен және Еуроодақпен, сондай-ақ Құрама Штаттар, Ресей, Қытай және Түркиямен жедел түрде консультациялар ұйымдастырып, ушыққан мәселеге дүниежүзілік қоғамдастықтың назарын аударды, осы реттегі күш-жігерді үйлестіру тізгінін өз қолына алды. Нақ осы күндерде ЕҚЫҰ-ның қазақстандық Төрағалығы еш кідірместен де мүдірместен Мәжіліс Төрағасының орынбасары әрі ынтымақтастық жөніндегі қазақ-қырғыз парламенттік тобының жетекшісі, Елші Жәнібек Кәрібжановты өзінің Бішкектегі Арнайы өкілі етіп тағайындады. Мұның өте дұрыс шешім болғандығын, осынау Арнайы өкілдің Қырғызстандағы БҰҰ және Еуроодақ елші-өкілдерімен бірлесе көптеген игілікті де ізгілікті істер тындырып, ілкімді саяси диалогты жолға қоюда және елдегі шиеленісті бәсеңдетуде маңызды рөл атқарғанын уақыт тамаша айғақтап көрсетіп берді. Жалғыз бұл ғана емес, одан кейін тағайындалған Елбасының Қырғыз Республикасымен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі Арнайы өкілі Болат Өтемұратов, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының арнайы өкілі Әділ Ахметовтер де Қырғызстанға тұрақты саяси қолдауды қамтамасыз етуге, экономикалық және гуманитарлық көмек қызметін назарда ұстауға өз үлестерін қосып келеді.
Бір айтарлығы, Қазақстан осындай бірлескен күш-жігермен сәуірде бұрқ еткен саяси дағдарыс жалынын өршітпей тежеуге болатындығына әуел бастан сенді. Алайда, мамыр айында оңтүстіктегі Жалалабад облысында, маусымның ортасына қарай Ош қаласында болған тәртіпсіздіктер мен қақтығыстар, көптеген адам құрбандығына жол берген қайғылы оқиғалар, осыдан барып қырғыз-өзбек арасындағы ұлтаралық кикілжіңнің өршу қаупі кей реттерде халықаралық ықпал тұтқасының дәрменсіз боп қалатын тұстарын қатал ескерткендей болды. Сол себептен де Қазақстанның Уақытша үкімет пен халықаралық қоғамдастыққа ең алдымен Қырғызстанның әлеуметтік мұқтаждар мен экономикалық дамудың төмен деңгейіне байланысты өзекті проблемаларын шешу бағдарын әзірлеуді ұсынуын ешкім теріс дей алмас еді.
Дағдарыстың басынан-ақ біздің еліміздің басшылығы өңірде тұратын халықтың жан-жақты қауіпсіздігін арыдан ойлап, нақты практикалық іс-қимылдар, пайдалы қадамдар жасауға ұмтылды. Сол алаңдаушылықтың бір көрінісіндей, елдегі көктемгі егіс науқанын өткізе алмай қапыда қалмасын деп көршіге кідірместен құны шамамен 2 млн. долларға жуық 3700 тонна дизель отыны мен қаншама тұқым жөнелтті. Орақ науқаны кезінде және сондай қолдау жасап, сонымен қатар елдің одан да ауқымды іскерлік және экономикалық секторын қалпына келтіруге көмек қолын созумен келеді. Өйткені, мұндағы саяси және этносаралық келіспеушіліктердің басты себептерінің бірі ішкі жалпы өнімнің төмен деңгейі, әл-ауқаттың нашарлығы, елді жайлаған кедейлік екені анық. Сөйтіп, Қазақстан бауырлас елдің экономикасын сақтау мақсатында өз күш-жігерін гуманитарлық және экономикалық көмек көрсетуге шоғырландырды. Әлбетте, мұндай қолдауға ие болып, іс-қимылын өрістете нығайтқан іскер топтардың әлеуметтік һәм саяси тұрақтандыру үдерісінде негізгі қозғаушы күш болып саналатыны да рас. Олай болса, бұл игі істің үйлестірушілік тізгінін Қазақстан тарапынан жоғарыда аталған Б.Өтемұратов ұстады. Алғашқы айларда-ақ Қырғызстанға көрсетілген гуманитарлық әртарапты көмектің жалпы көлемі 7 млн. доллардан асып жығылды.
Осынау негізгі бағыт одан әрі аса дәйектілікпен жалғасын тапты. Елбасы маусымның басында Астанадағы кездесу кезінде Қырғызстанның өтпелі кезеңдегі президенті Роза Отунбаеваға елді экономикалық қайта өркендету мен қалпына келтірудің көп миллиондық ауқымды бағдарламасын іске асыра бастауды ұсынды. Сонда Қырғызстан экономикасының ең көкейкесті мұқтаждарына және іскерлік белсенділікті қалпына келтіруге қатысты мақсатты әрі нақты бағдарлама әзірлеу үшін тәжірибелі сарапшылардан тұратын жоғары деңгейдегі жұмыс тобын құру келісілген-ді. Қазақстан тарапынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев бастаған жұмыс тобының құрамы да мәлім етілген-ді. Қайткенде де “Игіліктің ерте-кеші жоқ” деген аталы сөз дәтке қуат.
Бұдан әрі Қазақстан 2010 жылдың 27 маусымына белгіленген бүкілқырғызстандық референдумның табысты өтуін қанағат сезіммен құптады. Бұл құқықтық өріске қайтып оралу, қазіргі билік тармақтарын заңдастыру һәм елдің бейбіт дамуы бағытындағы маңызды қадам болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Референдум қорытындылары елдің барлық саяси күштерін ортақ мақсат жолына жұмылуға, күш біріктіруге шақырды.
Әлбетте, қоғамдық тәртіпті сақтап, жалпыұлттық татулықты ілгері бастыру үшін Қырғызстанның қазіргі билігіне халықаралық қоғамдастық қолдауының өмірлік маңызы зор. Өз тарапынан ЕҚЫҰ-ның осынау ізгілікті миссияны орындауға құлшыныс білдіргеніне таңдануға болмас. Сондықтан да Қазақстан ЕҚЫҰ Төрағасы ретінде ұйымның осы орайдағы әлеуетін мүмкіндігінше барынша толық пайдалануға күш салып келе жатқаны да рас. Оның орнында басқа Төраға болса, дәл мұндай ықылас танытар ма еді деп те ойлаймын. Осы ретте ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі орталығы біршама нығайтылып, ол Қырғызстанның барлық өңірлерінде әрекет етуге көшкенін, Ош пен Жалалабадта консультативтік полиция тобын орналастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізгенін тілге тиек етеміз. Осындай ізгі ниетті елдегі кейбір топтар кейде теріс түсінетіні өкінішті. Қалай болғанда да, ұлы жолдағы ұбақ-шұбақ ұлан керуен өз көшін тоқтатпайтыны анық. Бұл күндерде ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің саяси ерік-жігері Қырғызстанның зәру проблемаларына бет бұрса, ол іс басындағы Қазақстан төрағалығының арқасы деп білуіміз керек. Бұл жайды халықаралық қоғамдастық, әлемнің жетекші мемлекеттері мен көрнекті саясаткерлер оң бағалап та отыр.
Әлбетте, осындай жағдайдағы ең елеулі еңбек біздің Елбасымызға еншілі. Нұрсұлтан Әбішұлы сонау дүрбелең-дүбірлі сәуірден бастап күні бүгінге дейін Қырғызстандағы ахуалдың дамуын бір де рет назарынан шығарған емес. Ондағы жағдайды жедел тұрақтандырудың барлық жолдары мен шараларын үнемі қарастырып отыруды, бауырлас халықтың басына түскен қайғы-қасірет пен ауыртпашылыққа жаны ауырды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші Мемлекеттің басшысы ретінде гуманитарлық және басқа көмекті жұмылдыру үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы тарапынан қырғыз еліне Қазақстанмен бірге Ресей мен Өзбекстанның да көмектесуіне ықпал етті. Бір күнде 100 мыңға жуық қырғыз босқындарын қабылдап, жағдайын жасаған Өзбекстан мен президент Ислам Каримовтің сабыр-төзім мен парасатын ілтипатқа іліп, алғыс айтуды да ұмытпады. Мәмілегерлік деп осыны айтыңыз.
Елбасының тынымсыз қамшылауымен Іс басындағы ЕҚЫҰ төрағасы ретінде де, екіжақты деңгейде де Астана мен Бішкек арасындағы Елшілердің, арнайы өкілдердің, Үкімет делегацияларының барыс-келіс сапарлары әсте саябырлаған емес. Осы сапарлар кезінде әрбір туындаған мәселе нақты шешімін тауып отырды. Мысалы, Елбасы тапсырмасымен Қырғызстанға барған Ө.Шөкеев бастаған жоғары деңгейдегі жұмыс тобы қырғыз тарабымен бірлесе отырып Ош пен Жалалабад қалаларын қалпына келтіру және жалпы елдегі қайғылы оқиғалардың зардаптарын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жою жөніндегі шұғыл көмек шараларын анықтап айқындады. Сөйтіп, қираған үйлерге қажет құрылыс материалдары, жылу-энергетикалық орталықтарына арналған отын түріндегі шұғыл көмек Қазақстан тарапынан 10 миллион доллар көлемінде жеткізіліп, іле-шала игеріліп те жатыр. Бауырға бауырдың жанашыр нақты қамқорлығы осындай болса керек.
Халықаралық ықпалдастық тұрғысындағы барлық жұмыстарды оңтайлы ұйымдастырып үйлестірудегі ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы — Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың қырғыз дағдарысының басынан бергі байсалды да парасатты белсенділігін айтпай тұра алмаймыз. Қанат Бекмырзаұлы 20 сәуірде-ақ Бішкекке барған сапарының аясында уақытша үкіметпен, саясат серкелерімен және үкіметтік емес ұйымдармен кездесіп, ау-жайды анықтай зерделеп білді. Елдегі жағдай әлі де күрделі болып тұрған бұл шақта Уақытша үкімет мүшелерінің өздерінде де бірауыздылық жоқтығы жасырын емес еді. Оппозициясы бар, басқасы бар: “Қырғыздың мәселесін қырғыздар өздері шешеді, ЕҚЫҰ да, ешкім де араласпасын” деген сияқты қыңыр, қисық үндер де естілмей қалған жоқ-ты. Осындай ағайындармен тіл табысу әуелден-ақ байыптылықты, біліктілікті, сындарлы көзқарасты қажет етті. Әлі де солай екенін Жәнібек Кәрібжановпен бірге Бішкекке барғанымызда өзіміз де көріп келдік.
Қ.Саудабаев ертеңіне-ақ атап көрсеткеніндей, 27 маусымдағы референдум қорытындылары елдің саяси тұрақтылыққа, конституциялық тәртіп пен іс басындағы билік органдарының заңдылығын қалпына келтіруге қарай жасаған батыл қадамын бейнеледі. Өтпелі кезеңдегі ел президенті болып бекіген Роза Отунбаева ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде де, екі жақты негізде де өздерін дәйектілікпен қолдаған Қазақстанға, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдіруі де тегін емес-тін. Ендігі жерде биліктің неғұрлым зәру әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге шұғыл кірісуіне болатын еді. Бұл үшін халықаралық қоғамдастықтың қолдауымен Қырғызстанның Уақытша үкіметі тез арада тиісті іс-қимыл бағдарламасын әзірлеуі керек еді. Осыны ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы да, АҚШ басшылығы да мақұл көрді.
Елдің толеранттылық пен сенім ауанын қалпына келтіру қажеттігі де күн тәртібінен еш түспеді. Бұл орайда ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар жөніндегі Жоғарғы комиссары К.Воллебектің, Жанжалдардың алдын алу орталығының директоры Г.Зальбердің Қырғызстан мен Өзбекстанда сан мәрте болып жүрген игі талпыныстарын атап айтуға болады.
Қырғыз үкіметі саябыр тыныштықты сәтімен пайдаланып, 27 шілдеде Дүниежүзілік банкпен және басқа халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесе отырып Қырғызстан экономикасын сауықтыру жөніндегі донорлық конференция өткізді. Жиын қорытындысында оған қатысушы елдер мен халықаралық ұйымдар Қырғызстанға 1,1 млрд. АҚШ доллары шамасында қаржы бөлуге келісті. Ал енді осы конференцияға қатысқан біздің еліміз бауырлас халыққа азық-түлік, құрылыс материалдары мен егін орағы кезіндегі жағар-жанар маймен септесуін үзбей жалғастыра отырып, бұған дейін берілген гуманитарлық көмектің жалпы жиынын 11,6 млн. доллардан асырып үлгерді. Басқалар ойланып толғанғанша, ырғалып-жырғалғанша, Қазақстан берер көмегін дабыралатпай беріп тастады. Соған қоса қырғыз еліне қолұшын созар жаңағыдай тағы бір донорлық конференцияны ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде қазан айында Алматыда өткізуді ұйғарып отыр. Әлбетте, бұл жиынның мәртебесі де, нәтижесі де Бішкектегіден гөрі қомақтырақ болары күмәнсіз.
Иә, қиындықта қалған елге көмек болып жатыр, иншалла, бола да берсін. Бірақ осы арада біз өз Елбасымыз айтқан бір сөзді тереңірек зерделеп пайымдағымыз келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы: “Басқа мемлекеттердің бір де бір гуманитарлық көмегі елді ешқашан көтермейді. Бірінші мәселе сол, мемлекет экономиканы көтеретін, адамдарды жұмыспен қамтитын, өз халқын асырайтын әлеуетті өзі ішінен табуы керек. Сонда ғана ол тұрақтылыққа қол жеткізбек. Сол үшін де мен Қырғызстанның қайта өркендеу және экономиканы өрлету орайындағы стратегиялық саясаты болуына өте-мөте тілектеспін”, — деп барынша қадап атап көрсетті. Қырғыз билігі мен қайраткерлері, саясаткерлері мен санаткерлері осы нұсқалы сөзге құлақ асса, қане.
Шынында да, Қырғызстан кедей ел, ол тасын өрге домалатқан өркенді мемлекет бола алмайды деген пікір бар. Біздің Елбасы олай есептемейді. Себебі, қырғыз жерінің қойнауы алтын, темір, күміс, мыс сияқты қазба байлықтары мен басқа да ресурстарға бай. Арнасындағы қорының өзі 51,2 млрд. текше шақырым, мұздықтары 650 млн.текше шақырым деп есептеліп отырған тау өзендерінің әлеуеті аса зор. Қазірдің өзінде 15 су-электр стансасы жұмыс істейді. Әйткенмен, амал қанша, жаңағы барланған кен орындарының байлығын қазып алып, игілігін көру іске аспай жатыр. Игерілуі тым нашар. Мамандардың есептеулеріне қарағанда, қазіргі уақытта Қырғызстанның гидроэнергетикалық әлеуеті бар болғаны 8-9 пайызға ғана пайдаланылуда. Сөйтіп, қырғыз экспортының, бюджет қорын молықтырып толықтырудың ең бір үлкен саласы “қолда бар алтынның қадірі жоқтың” күйін кешуде. Мүмкіндігі орасан зор әрі өте бірегей саналатын туризм, санаторлық-курорттық сауықтыру саласы да нақ осындай халде. Өзді-өзі атысып- шабысып, күнара жанжалдасып жатқан, ең бастысы, аман барып, сау қайтарына кепілдік бере алмай отырған елде демалуға кім құштар дейсіз. Түріктің әмбе түркінің асыл перзенттерінің бірі Тұрғыт Өзал айтқандай, нағыз түкірігі түйме алтын, қақырығы құйма алтын дейтіндей, “түтінсіз фабрикалар” оңтайын тапса, осылар емес пе! Тіпті біздің добал есебімізше алғанның өзінде, жаңағы пайдаланылмай жатқан мүмкіндіктерді он еселегенде түсетін пайда миллиардтың (әрине, доллар!) үстіне шығып кетеді екен. Осының бәрі ниет болса, Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, жан-жақты ойластырылған, халықтың қамын, елдің болашағын көздеген стратегиялық саясат болса, түзетуге, түгендеуге болатын-ақ түйткілдер деп ойлаймыз. Ағайын елге “екі жерде екі төрт” деп данышпансып ақыл айтудан аулақпыз. Дегенмен, “естіген құлақта, көрген көзде жазық жоқ”, жанашырлық риясыз пайымдаулардан ешкім зиян шеге қоймас.
Қалай десек те, референдум өткеннен кейінгі айларда Қырғызстандағы саяси ахуал сырт қарағанда біршама оңалып келе жатқандай әсер қалдырады. Бұрқ-сарқ қайнаған, тау өзеніндей ағындаған беймаза, келесі сәтте не болары неғайбыл тіршілік, өрекпіген өмір қалыпты сабасына түсуге бет бұрғандай. Тәубе дейміз. Бұған да шүкіршілік. Ел назары алдағы 10 қазанға белгіленген Жогорку Кенештің сайлауы алдындағы науқанға, осы саясат аламанындағы партиялардың күресіне ауған. Парламенттегі орын бұрынғыдай 90 емес, 120. Аламан бәйгеге заңды түрде тіркеліп, мүшелері жазылған тізімдегі алғашқы “бестіктегі” көшбасшыларын көрсетіп қосылған партиялардың саны 29. Олар газеттерде тұғырнамаларын жариялап, мақсаттары мен ой-пікірлерін бөлісіп, Бішкек көшелерін, басқа да қалалар мен ауыл-аймақтарды, күре жолдардың бойларын өз жарнамалары мен билборд-плакаттарына толтырып тастаған. Бұл жайында біз “Егеменнің” өткен 17 қыркүйектегі санында “Бішкектегі кездесулер” деген мақаламызда таратыңқырап жазғандықтан, оған көп тоқтамайық.
Пікірталасқа, керек болса, дау-дамайға да тамызық жетіп артылуда. Осы партиялар туралы да, сайлау кезіндегі биліктің ықтимал әрекеті жөнінде де әртүрлі, көбіне-көп кереғар әңгімелер айтылып та жатыр, жазылып та жатыр. Кімнің аузына кім қақпақ? Айтсын. Айтылғандардың ішінде ақиқаты да бар шығар. Билік ана партияға іш тартады, мына партияға көмектесуі мүмкін. Ана партияның көсемімен ымы бір, мына партияны кеше ғана құрушымен жымы бір. Ертең дауысты соған алып беріп жүрмей ме? Тағы бір партиялар бұрынғы президенттер Ақаевтың, Бакиевтің астыртын ықпалында, түбі солардың сойылын соғып жүреді-ау. Осындай-осындай пайым-болжамдар, неше түрлі қисындар қаптап жүр. Сайлауалды күресі қыза-қыза кикілжің, қақтығысқа ұласу қаупін де алға тартушылар жоқ емес. Ал сайлаудан соң жеңіліп қалған партиялар есе қайыру үшін жаңа революция жасауға ұмтылуы да бек мүмкін деген болжамдарды айтушылар да өзіндік дәлел-негізге сүйенбеген деп біз кесіп айта алмаймыз.
Қырғызстандағы жағдайдың әлде де болса, сайлауға санаулы күндер қалған нақ осы шақта да күрделі екендігіне күмән келтірушілер некен-саяқ. Ош оқиғаларының себеп-салдарын ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Киммо Кильюнен бастаған Халықаралық комиссия мен Ұлттық комиссияның бірлесе зерттеу жайы әлі де алаң тудырып, әртүрлі қауесеттерге жол ашқандай. Ресей президенті Дмитрий Медведев болса, Қырғызстандағы парламенттік демократияның қаз басып кетеріне сенбейтіндей сыңай танытады. Енді біреулер елде діни экстремизмнің таралуынан сақтандырады. Ұлтшылдар парламент сайлауын болдырмауға әрекет жасайды деп сәуегейлік айтушылар да табылып қалуда. Елге халықаралық діни фанатиктер мен банда жасақтарынан Ауғанстан мен Тәжікстан шекарасы арқылы басбұзар лаңкестер өтіп кетіп, террорлық бүлік ұйымдастырады деген болжамдардан жан түршіккендей. Есірткі есірігінің де тұрақтылыққа қатысты түйткілдері толып жатқан сияқты. Негізгі ұлт қырғыз бен өзбек диаспорасы арасындағы қарым-қатынас та әңгіме өзегіне айналуда. Бірақ кейбір жікшіл топтар болмаса, екі жақтан да қарапайым халықтың ұлтшылдығы байқалмайды деген парасатқа үндеген әңгімелерге біз де көбірек ден қойдық.
Ал, бүгінгі нақты өмір шындығына келер болсақ, Қырғызстанда қиын шақта ел бастар парасатты күштер жоқ деуге кім-кімнің де дәті бармас. Сан тараптан құбыжықтай андағайлаған қорқыныш-қатерлердің алдын алып, әйтпесе, барынша бәсеңсітіп, әділ де адал, ең бастысы бейбіт те тыныш сайлау өткізуге қазіргі биліктің байыбы мен білігі, дәрмені мен пәрмені жеткілікті десек, қателесе қоймаспыз. Ел басшылығы да, саяси партиялар да парламент сайлауы сияқты саяси үдерісті тым саясиландырмайтын, сан түрлі мүдделер текетіресіне, келеңсіз оқиғалардың сылтау-себебіне айналдырмайтын саяси ерік-жігерді өз бойларынан таба білсе, құба-құп. “Қырғызстан қазаннан кейін қандай болады?” деген жұмбақ сұрақтың шешімді жауабы алтаудың алалығымен емес, төртеудің түгелдігімен ғана табыларын партиялар басындағы мүйізі қарағайдай серке азаматтар біліп те отыр-ау. Олай болмаса, “Ар-Намыс” партиясының көшбасшысы Феликс Кулов бүкіл елді ұлттық бірлікке шақырып, “Отанымызды қиын жағдайдан бірге құтқарайық!” деп ұран тастамас еді-ау.
ЕҚЫҰ-ның қазақстандық Төрағалығы сайлау қарсаңында қырғыз елінің тағдыры мен болашағы жолындағы жауапкершілік биігінен көрінді дей аламыз. Осынау мәртебелі Ұйымның тиісті институттары Бішкектегі және өңірлердегі жұмыстарын жаңа сатыға көтеріп, жандандыра түсуде. Ұйымдық-техникалық көмек, демократияландыру тағылымдары деймісіз, төзім мен сабырға үндеу. Халық тағдыры, ел болашағы үшін жауапкершілікті сезіну. Тәртіп пен адалдық, ашықтық пен әділдік. Бәрі керек. БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі Мирослав Енча, Еуроодақтың Арнайы өкілі Пьер Морель, ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі орталығының басшысы Эндрю Тесарьер, ЕҚЫҰ Жанжалдардың алдын алу орталығының директоры Герберт Зальбер, Ресей президентінің арнайы өкілі Владимир Рушайло, Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі Бейбіт Исабаев, Іс басындағы төрағаның Арнайы өкілі, Бішкек кездесулерінің бас үйлестірушісі Жәнібек Кәрібжанов... Осы адамдардың бәрінің қырғыз мәселесі үшін байыпты да ізгі жауапкершілікпен толғанғанын көрдім.
Қордайлатып қайтар жол бойы ой құшағына берілдім. Айкөл Манастың арыстан жүрегі, дана Бақайдың абыз аталық тілегі тағдырын тағы да таңдағалы тұрған, қиын да қилы асулы күндерде бір үміт, бір күдікпен толғанысқа түскен ұрпағына – менің қырғыз бауырларыма медет бере көр, жауапты сыннан сүрінбей өтер парасат пен қуат бере көр деп тіледім.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы-Бішкек-Алматы.