01 Қазан, 2010

Еуразиялық экономикалық қоғамдастық: Нақты интеграцияның 10 жылдық белесі

1216 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Әлем және Қазақстан Тайыр МАНСҰРОВ, ЕурАзЭҚ-тың бас хатшысы. Биыл 2000 жылы Астанада құрыл­ған посткеңестік кеңістіктегі ең табыс­ты және ықпалды интеграциялық бір­лестік – ЕурАзЭҚ-қа 10 жыл толып отыр. Беларусь, Қазақстан және Ресей арасындағы Кеден одағының нақты күшіне енуі, сондай-ақ ЕурАзЭҚ-тың Дағдарысқа қарсы қоры мен Жоғары технологиялар орталығының құрылуы сияқты қоғамдық мәні зор дүрмекті оқи­ғалар аталмыш мерейтойға ерекше сипат бере түседі. ЕурАзЭҚ-тың құрылуы посткеңес­тік елдер арасындағы мемлекетаралық қа­рым-қатынастар тарихында елеулі оқиға болып, ол елдер арасындағы бай­ланыс­тар­дың сапалық тұрғыда жаңа интегра­циялық дамуға көшкен­дігін бейнеледі. Көпшіліктің мойындауы бойынша, Президент Н.Ә.Назарбаев 1994 жыл­дың наурызында М.В.Ломоносов атындағы университет қабырғасында сөйлеген тарихи сөзінде тұңғыш рет ұсынған еуразиялық бірігу туралы батыл идеясы ЕурАзЭҚ-тың бүгінгі табыстарынан нақ­ты көрініс табуда. Сол жолы Елба­сы ұсынған Мем­ле­кеттердің еуразия­лық одағын құру ту­ралы жобада ол “посткеңестік кеңіс­тікте тұрақтылық пен қауіпсіздікті, әлеуметтік-экономи­калық модерни­за­циялауды нығайту мақ­сатындағы егемен мемлекеттердің интеграциялану фор­масы” ретінде айқындалған болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айт­қан Мемлекеттердің еуразиялық ода­ғын құру туралы идея көршілес елдер­дің экономикалық байланыстарын тиім­ді пайдалану және нығайту қажет­тілігі жө­ніндегі ұзақ ойларының нәти­жесі бола­тын. Қазақстан Президенті Вернад­ски­йдің, Гумилевтің, басқа да еуразия­лық ғалымдардың айтқан идея­ларын жаңа өмір шындықтарын ескере оты­рып дамытты әрі жаңа интеграция­лық идеологияның тініне экономи­каны қоя отырып, осынау рухани қаң­қаны нақ­тылы мазмұнмен күшейтті. Сол кездесуге қатыса отырып, мен осынау батыл жобаға және барлық жер­лерде де бөлінушілікке ұмтылыс үстем­дік құрып тұрған уақытта осын­дай ба­тыл интеграциялық жобаның ұсыныл­ға­нына таңқалған белгілі ре­сейлік ға­лым­дардың жүздерін көрдім. Ыдырау­шы­лықтың нағыз дер шағында бей-берекет өріс алған теріс ағым­дарға тиім­ді балама ретінде Қазақстан бас­шы­сы тарапынан айтылған дәл осынау сындарлы ұсыныс ТМД-дағы бірік­тіру­ші қозғалыс дамуындағы ай­қын­даушы факторлардың біріне айналды. “Тарих бізге ХХІ ғасырға өрке­ниетті жолмен енуге мүмкіндік беріп отыр. Біздің пайымдауымызша, пост­кеңестік кеңістік дамуының объективті қисынын және бұрынғы КСРО халықтарының ерік-жігерін бейнелейтін Еуразиялық одақ құру бастамасының интеграция­лық әлеуетін жүзеге асыру соның әдіс-тәсілдерінің бірі болып табылады”, деді Президент Н.Назарбаев 1994 жылдың наурызында. Өзінің ішкі қуаты жағынан таңқал­ды­рарлықтай болған осынау үндеудің ол кезде біркелкі қабылданбағанын да атап өту керек. Президентке сұрақтар­дың қарша жауғаны есімде. Солардың бірі “Сіз идеяңыз қолдау таппайды-ау деп қауіптенбейсіз бе?” деген сауал болды. Оған “Қауіптенбеймін! Бүгін болмаса, ер­тең қолдайды. Біз одан ешқайда кете ал­маймыз”, деп жауап берді Н.Ә.Назарбаев. Еуразиялық одақ идеясы алғашқы айлардан бастап-ақ қызу қолдау мен іс жүзінде асығыс айтылған қарсылық­тарға дейінгі бағалаулардың бүкіл спектрін өз төңірегіне жинап алды. Осындай жағдайда Еуразиялық одақ посткеңестік кеңістікті қолайластыруда­ғы құлдыраған ыдыраушылықтың күй­ретуші зардаптарын жоюға бағытталған ең озық және негізделген жоба болды. Бүгінде ЕурАзЭҚ-тың табысты дамып келе жатқанын барша жұрт көріп отыр. “Дамудың жаңа сапалық деңгейі­не шығудағы интеграцияның страте­гия­лық маңызын түсіне отырып, Қоғам­дастыққа мүше мемлекеттер “Еуразия­лық экономикалық қоғамдастықты” құру арқылы ХХІ ғасырға аяқ басты. Біз сенім мен өзара тиімді қызмет­тес­тіктің жаңа принциптеріне құрылған ұйымды құрдық”, деп атап көрсетілді 2010 жылдың 5 шілдесінде Қоғамдас­тық­тың 10 жылдығына байланысты Астанада өткен ЕурАзЭҚ-тың Мем­лекет­аралық кеңесінің отырысында қабылданған президент­тердің бірлескен мәлімдеме­сін­де. Ресей Федерациясының Прези­денті Д.А.Медведев: “Он жыл – аз мерзім емес, екінші жағынан алғанда тарихи тұрғыда оншалық көп те емес. Кейде біздерге біз бір орында тұрғандай болып көрінеді. Іс жүзінде біз жылдам қозғалдық. Біздегі ЕурАзЭҚ шеңбе­рінде, жаңа құрылған Кеден одағы шең­берінде орын алған істерді Еуропадағы интеграцияның қалай жүргендігімен салыстырып көріңіздер. Біз жылдамы­рақ қозғалып барамыз. Үлкен жұмыс­тар атқарылды — алда тұрған жұмыстар одан да көп. Сонымен бірге, біздің құрылымның алға басқан интеграция фазасына енгендігін тағы да айта кеткім келеді”, деп атап өткен болатын. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назар­баев 2010 жылы 5 шілдеде Астанада өткен ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық кеңесінің отырысында былай деп атап көрсетті: “Құрылғанына 10 жыл өткеннен кейін біз ЕурАзЭҚ посткеңестік кеңіс­тіктегі неғұрлым табысты интегра­ция­лық бірлестік болып табылады деп сеніммен айта аламыз. Бүгінде ол біздің мемлекеттеріміздің экономика, ғылым, әлеуметтік саладағы ықпалдастықты те­реңдете түсуі үшін нақты алаңға айнал­ды... Осы дағдыларды сақтап қана қой­май, сонымен бірге, әлемдік тәжірибені ескере отырып, біздің Қоғамдастықтың одан әрі дамуы мен өркендеуін қамтамасыз ету қажет”. “Егер Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың құрылуы туралы айтар болсақ, осылардың бәрінің бастауында Қазақстан Президенті тұрды. Нұрсұлтан Әбішұлы ЕурАзЭҚ-тағы барлық қарым-қатынастардың қозғалтқышы болды. Біз іс жүзінде ЕурАзЭҚ-тағы қарым-қатынастарды тоқтатып тастаған кезде оның біздің одан әрі алға басуымыздың тұжырымдамасын қалыптастыру үшін топ құру жөнінде ұсыныс білдіргені есімде. Ол осыдан бес немесе алты жыл бұрын болды. Шынымен де, бір жылдан соң ол ЕурАзЭҚ үшін біздер жасауға тиіс бірқатар қадамдарды көрсетіп берді және соңында біз солай жасадық та”, деп атап өтті өз кезегінде Беларусь Рес­публикасының Президенті А.Г.Лука­шенко. ЕурАзЭҚ-тың нақты табыстары, ең алдымен, Кеден одағының ырғақты іске қосылуы, халықаралық тұрғыда шы­найы мойындалуда. Тіпті, біздің елде­рі­міздің БСҰ-ға өтуі мәселесінің алға басуы сияқты құбылыстың өзінің, бірінші кезекте ЕурАзЭҚ жұмысының тиімділігімен түсіндірілетіндігі де еш құпия емес. Халықаралық сарапшылардың пікі­рінше, ЕурАзЭҚ-тың Кеден одағының құрылуы ұзақ уақыттардан бері нәтиже бермей келген құрамына Аргентина, Бразилия, Парагвай, Уругвай және Ве­несуэла кіретін МЕРКУР елдері (“Оңтүстікамерикалық ортақ рынок”) Кеден кодексінің үстіміздегі жылдың 3 тамызында қабылдануына түрткі бол­ды. Бұл бірлестіктің 1986-1991 жылдары құрылып, еркін сауда аймағынан ке­ден одағына көшу туралы олардың 1995 жылдың 1 қаңтарында мәлімдегенін еске сала кетпекпін. 2000 жылдың 10 қазанында дәл Аста­нада Беларусь Республикасы, Қа­зақстан Республикасы, Қырғыз Рес­пуб­ликасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы президент­тері­нің Еуразиялық экономикалық қоғам­дастық құру туралы келісімге қол қоюларының нышандық мәні терең. Қоғамдастықтың айқын регламент­телген жаңа органдарын құру, 2000 жыл­дың қазанында бес мемлекеттің президенттері қабылдаған негіздеуші құжаттарда қарастырылған ЕурАзЭҚ-ты дамытудың ашық та нақтылы міндеттері мен мақсаттарының белгіленуі инте­грацияның одан арғы неғұрлым күрделі міндеттерін жоспарлы да тиімді шешуге жағдай жасады. Еуразиялық экономикалық қоғам­дас­тық 181 миллиондай халық тұратын 20,374 миллион шаршы шақырым аумақты алып жатыр. ЕурАзЭҚ қуатты ми­нералды-шикізаттық базаға ие әлем­дегі ең ірі өңірді құрайды. Оның жер қойнауында іс жүзінде жылу-энергети­калық, металлургиялық, кен-химия және басқа да минералды шикізат­тардан тұратын пайдалы қазбалардың бүтіндей бір кешені бар. ЕурАзЭҚ елдерінің әлемдік мұнай қорларындағы үлесі 10 пайызды, газда 29 пайызды (әлемде 1-орын), көмірде 20,7 пайызды (әлемде 1-орын) құрайды. Өнеркәсіптік уран қоры бойынша ЕурАзЭҚ Австралия, АҚШ және Ка­нада елдерін қоса алғандағы көрсет­кіш­тен алда тұр, ал алмас, платиноид, ал­тын, күміс, цирконий, сирек металдар мен сирек кездесетін элементтер және өзге де пайдалы қазбалар бойынша ЕурАзЭҚ елдері әлемде 1-3 орындарға ие. ЕурАзЭҚ-та жұмыс істеп тұрған еркін сауданың шынайы режімі 2000 жылғы 29 миллиард доллардан 2008 жылы 123 миллиард долларға дейін, яғни 4,1 есеге жеткізе отырып, Қоғам­дас­тық елдері арасындағы тауар айналымының тиімді өсуін қамтамасыз етті. Осындай табыстар 2007 жылдың 6 қазанында Душанбеде ЕурАзЭҚ-тың Мем­лекетаралық кеңесіне ЕурАзЭҚ шең­беріндегі кеден одағының құқықтық базасын құру туралы шешім қабылдауға жағдай жасады, ал Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің басшылары кеден одағын құрудың 2007-2010 жыл­дарға арналған іс-қимылдар жоспарын бекітіп, Біртұтас кеден аумағын құру және Кеден одағын қалыптастыру туралы келісімге, сол сияқты Кеден одағы комиссиясы туралы келісімге қол қойды. Президенттердің саяси ерік-жігер­лері және тараптар үкіметтері мен Қо­ғам­дастық құрылымдарының оза қи­мыл­дау қарқынына бағдарланған бел­сен­ді жұ­мысы 2010 жылдың 1 қаң­та­рында-ақ импортталатын тауарларға (олар 11 мыңнан астам тауар түрлері) Бірегей кеден тарифін енгізе отырып, ЕурАзЭҚ-тың Кеден одағы жұмысының басталып кетуін қамтамасыз етті. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден одағы комиссиясы — ұлтүстілік орган Кеден одағындағы сыртқы сауда­ны тарифтік және тарифтік емес рет­теуде өзіне берілген өкілеттіктерді жү­зеге асыруда, Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің Бірегей тауарлық номенклатурасы (КО СЭҚ ТН) мен Кеден одағының Бірегей кедендік тарифі (КО БКТ) қолданылуда. 2010 жылдың 5 шілдесінде ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық кеңесі (Кеден одағының жоғары органы) Кеден одағы Кеден кодексінің күшіне енгендігі туралы шешім қабылдады, сол сияқты ЕурАзЭҚ Сотының Кеден ода­ғына мүше мемлекеттердің шаруашы­лық жүргізуші субъектілерінің сотқа ша­ғымдануын қарастыратын жаңа редак­циядағы статуты қабылданды. Инте­грацияланған үш мемлекеттің басшыла­ры Бірлескен мәлімдемеде қысқа мерзім ішінде атқарылған сапалы жұмыстардың мемлекеттердің экономикалық саладағы байланыстарының қазіргі заман рухы мен уақыт талаптарына жауап беретін жаңа сатысының басталғандығына куә болатындығын атап көрсетті. Осылайша, Ресей Ғылым академия­сы­ның Халық шаруашылығын болжау институтының есептеріне сәйкес, сала­аралық тепе-теңдіктің интеграцияланған моделі бойынша Кеден одағының үш мемлекеті ықпалдастықтың нәтижесінде он жылдық мерзімде шамамен 15 пайыз ІЖӨ өсімі мен инвестициялық белсен­діліктің айтарлықтай артуына ие бола­ды. Бұл тиімділікке тауарлардың, қыз­мет­тердің, еңбек ресурстары мен ка­питалдың ортақ рыногын құру арқылы қол жеткізілмек. Сонымен қатар, шека­ралардан өткен кезде сауда және кеден­дік процедураларға жұмсалатын уақыт­қа, құралдар мен күш-жігерге қатысты шығындар да төмендейтін болады. Интеграцияны тереңдете түсу жөніндегі қажырлы жұмыстар одан әрі жалғасуда. Олардың қатарында үшінші елдерге қатысты сауда режімдерін біріздендіру, қорғаныстық шаралардың ортақ жүйесін құру, экспорттық баж салықтарын алу тәртібін белгілеу, экспорттық бақылауды жүзеге асыру саласында КО-ның нормативтік-құқықтық базасын әзірлеу, сол сияқты Кеден одағының толыққанды жұмыс істеу тетіктерін аяқтау жөніндегі жұмыстардың басқа да түрлі бағыттары бар. КО-ға мүше мемлекеттердің заңнамалары оның келісім-шарттық-құқықтық базасына сәйкестендірілуде. Мемлекеттік бақылаудың барлық түр­лерін КО-ның сыртқы шекараларына шығару, сондай-ақ үшінші елден шық­қан және КО-ға мүше елдер аумағында еркін айналымға шығарылған тауар­ларға қатысты кедендік ресімдеулерді жою жұмыстары жүзеге асырылуда. Кеден одағын қалыптастыруды аяқтаумен қатар, 2009 жылдың 19 жел­тоқсанында Беларусь, Қазақстан және Ресей президенттерінің Алматыда өткен бейресми саммитінде интеграцияны қалыптастырудың келесі кезеңі – 2010-2012 жылдарға арналған Біртұтас эко­номикалық кеңістіктің (БЭК) Іс-қимыл жоспары бекітілді. Бұл жоспар 2012 жылдың 1 қаңтарына қарай Біртұтас экономикалық кеңістік құруды қамта­масыз ететін 20 халықаралық құжатты түзіп, оларға қол қоюды қарастырады. Осылайша тауарлардың, қызмет көр­сетулердің, капиталдар мен еңбек ре­сурстарының еркін қозғалысы қамтама­сыз етілетін болады. Нарықтық экономика қатынастары­на және үйлесімді құқықтық нормалар­ды қолдануға негізделген Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің күш-жігерін ынтымақтастық пен интеграцияға бағдарлайтын түбегейлі мақсат болып табылады. Бұл кеңістікте тауарлардың, қызмет көрсетулердің, капиталдар мен жұмыс күштерінің еркін қозғалысын қамтамасыз ететін біртұтас инфрақұрылым өмірге енген және үйлесімді салықтық, ақша-кредиттік, валюта-қаржылық, сауда және кеден саясаты жүргізілуде. Оның үстіне Кеден одағын құру – ЕурАзЭҚ-тың таяу болашақтағы мақсаттарының бірі. Оны жүзеге асыру Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыруға жол ашады. Біртұтас экономикалық кеңістіктің 2010-2011 жылдарға арналған құқықтық базасын қалыптастырудың күнтізбелік жоспары 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін 14 жобадан тұратын бірінші пакетті, 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін 6 жобадан тұратын екінші пакетті жасап қабылдауды және қолданысқа енгізуді қарастырады. Қазіргі уақытта БЭК құжаттарын жоғары деңгейде үйлестіру бойынша интенсивті жұмыс жүргізілуде. Интеграцияның бірінші кезеңі – еркін сауда-саттықтың нақты режімі – қазірдің өзінде ЕурАзЭҚ-қа мүше мем­лекеттер арасында еркін сауда айналы­мы туралы екіжақты келісімдер негі­зінде тиімді жұмыс істеп тұр. Тауарлар­дың ортақ рыногы біздің елдерімізде өндірілген тауарлардың еркін айналы­мы­мен ғана емес, сондай-ақ Біртұтас кедендік кеңістік аумағына үшінші елдерден енгізілген тауарлар арқылы да қамтамасыз етілетін болады. Қызмет көрсетудің ортақ рыногын қалыптастыру БЭК аймағында жұмыс күшінің еркін қозғалысын, БЭК-ке қатысушы бір мемлекеттің аумағында тұратын азаматтың құқықтық мәрте­бесін екінші бір мемлекетте реттеуді, сонымен қатар, білім алуға еркін қол­жетімділікті, жоғары және орта білім дипломдарын тануды, еңбек ресурстары мен режімдеріндегі еңбек рыногына қолжетімділіктің ортақ ережелері мен талаптарын біртекті қолдануды қарас­тырады. Қаржы, банк және сақтандыру қызметтері рыногына өзара қолжетім­ділікті қамтамасыз етумен қатар, ка­питалдың ортақ рыногын қалыптастыру валюталық реттеу нормаларын үйлес­тіруді, біртұтас төлем-есептесу жүйесін құруды және ортақ валюта рыногын қалыптастыруды көздейді. БЭК қалыптастырудың жоғарыда аталған бағыттарын жүзеге асыру ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің барлығы үшін қызмет көрсетудің, тауарлардың, еңбек ресурстарының және капитал­дар­дың ортақ рыногын құруға мүмкіндік береді. Әлемдік экономикалық дағ­да­рыстың салдарын еңсеру үшін ЕурАзЭҚ-тың бірлескен дағдарысқа қарсы шаралары қабылданды. Бірлескен және ұлттық дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру 2009 жылдың екінші жарты жылдығында Қоғамдастық елдеріндегі рецессияны ауыздықтауға, инфляция қарқынын төмендетіп, сыртқы сауда көлемін арттыруға мүмкіндік берді. 2008 жылдың 21 желтоқсанында Қоғамдастыққа мүше мемлекеттер бас­шыларының Бурабайда өткен бейресми саммиті барысында ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер арасында Дағдарысқа қар­сы қор мен Жоғары технологиялар ор­талығын құру туралы шешім қа­был­данды. 2009 жылдың 4 ақпанында ЕурАзЭҚ-тың Мәскеуде өткен кезектен тыс Мемлекетаралық кеңесінде пре­зиденттер Дағдарысқа қарсы қордың негізгі қағидалары мен мақсаттарын мақұлдап, оның көлемін 10 миллиард доллар эквивалентінде белгіледі және үкіметтерге жедел түрде қажетті құқық­тық және құрылтай құжаттарын дайын­дауға тапсырма берді. Қор құруға сон­дай-ақ ЕурАзЭҚ жанындағы бақылау­шы мәртебесіне ие Армения Респуб­ликасы қатысты. ЕурАзЭҚ-тың Дағдарысқа қарсы қорының негізгі мақсаттары айқын­дал­ды: әлемдік қаржы және экономикалық дағдарыстың теріс салдарын еңсеру мақсатында қатысушы мемлекеттерге дербес займдар беру; табыс деңгейі тө­мен қатысушы мемлекеттерге тұрақтан­дыру кредиттерін беру; мемлекетаралық инвестициялық жобаларды қаржылан­дыру. Қордың жарғылық капиталындағы Ресейдің үлесі 7,5 миллиард доллар, Қа­зақстандыкі – 1 миллиард, Беларусьтікі – 10 миллион доллар. Қырғызстан мен Тәжікстан, сондай-ақ Қоғамдастықпен қауымдастықтағы Армения әрқайсысы 1 миллион доллардан қаржы қосты. Тәжікстан Республикасына қазірдің өзінде Дағдарысқа қарсы қордан 70 миллион доллар тұрақтандыру кредиті бөлінді. Қоғамдастыққа мүше елдердің басқа да тапсырыстары қарастырылуда. ЕурАзЭҚ Жоғары технологиялар ор­талығының қызметі бірлескен ғылыми-техникалық бағдарламалар мен иннова­циялық жобаларды жасауға және жүзеге асыруға бағытталып отыр. Орталықтың міндеті бір мемлекеттің инновациялық жобаларының жемісін Қоғамдастыққа мүше басқа да елдердің пайдалануына мүмкіндік беру болып табылады. Мұны жоғары технологиялар бағытына үйле­сімді түрде бірге ілгерілеуге мүмкіндік деп бағалауға болады. Оны құру туралы шешімді прези­денттер 2009 жылдың 4 ақпанында қа­былдаса, 2009 жылдың 9 маусымында-ақ қоғамдастыққа мүше елдердің үкімет басшылары ЕурАзЭҚ Жоғары техно­логиялар орталығының құрылтай құжатына қол қойды. Орталықтың жұмысына Қазақстан­ның Ұлттық инновациялық қоры мен Ресейдің венчурлық компаниясы бел­сенді қатысуда. ЖТО-ның қарауына 150-ден астам жоба ұсынылса, қазірдің өзінде сарап­шылар олардың 68-ін қарап қана қой­май, 12-сіне жүзеге асыру туралы ұсыныс беріп үлгерді. Қоғамдастық елдерінің мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтас­ты­ғы арта түсуде. 1997 жылдың қыркүйе­гінде Беларусьте өткен Алғашқы еуразиялық спорт ойындары мен 2009 жылдың ма­мырында Минскіде өткен ЕурАзЭҚ халықтары мәдениетінің фестивалі жар­қын оқиғалар ретінде есте қалды. 2010 жылдың қыркүйегінде Қазан қаласында жасөспірім ұлдар мен қыз­дар арасында ұйымдастырылған Екін­ші еуразиялық спорт ойындары табысты өтті. ЕурАзЭҚ қызметінің негізгі бағыт­тарының бірі халықаралық ұйымдармен өзара ықпалдасу болып табылады. Бұл өз кезегінде Қоғамдастықтың әлемдегі ұстанымдарын нығайтуға және өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етудің тиімді жүйесін қалыптастырып, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге оң ықпал етеді. 2003 жылы Қоғамдастық БҰҰ-да Бақылаушы мәртебесін алды. 2007 жыл­дың желтоқсанында өткен БҰҰ Бас Ассам­блеясының 62-ші сессиясында БҰҰ мен ЕурАзЭҚ арасында ынты­мақтастық туралы қарар қабылданды. Қоғамдастық сондай-ақ БҰҰ, МАГАТЭ, ЮНЕСКО, сонымен бірге, Еуро­палық Одақ және Бүкіләлемдік кеден одағының өңірлік және функцио­налдық құрылымдарымен белсенді байланыстар орнатқан. Қоғамдастық үшін басым бағыт, әрине, ТМД-мен, ҰҚШҰ-мен және ШЫҰ-мен белсенді өзара іс-қимыл жасау болып табылады. Өткен он жыл ЕурАзЭҚ-тың инте­гра­циялық бірлестік ретіндегі жоғары тиімділігін нақты көрсетіп берді. Қо­ғам­дастыққа мүше елдер басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында салыс­тырмалы түрде алғанда тарихи қысқа мер­зім ішінде елдеріміздің сауда-эконо­микалық және әлеуметтік-гуманитар­лық өзара іс-қимыл деңгейін айтарлық­тай жақсартуға қол жеткізіліп, өмірге бірінші кезекте құрамына Беларусь, Қазақстан және Ресей кіретін Кеден одағының ауқымды жобалары енгізілді. Сөйтіп, Біртұтас экономикалық кеңістік қалып­тастыру үдерісі жеделдеді. Кез келген жаңа ірі іс-әрекет сияқты бұл жұмыстар әркез қиындықсыз жүрмейтіні табиғи нәрсе. Сондықтан біздің әр нәтижелі қадамдарымыз жан-жақты қуатталып отырса, керісінше, кейбір сәтсіздіктеріміз сындарлы жария­ланымдарға жалғасып жатады. Біздің аса айтарлықтай қиындық­тарымыздың бірі Кеден одағы елдерінің ішкі, бүгінгі мүдделері тепе-теңдігін және ұзақ мерзімді, перспективалы ұлт­тық міндеттерді сақтау қажеттігінен туындайды. Бірінші кезеңде кедір-бұдырлардан қашып құтыла алмайтының айқын – өйткені, тетіктерді, өте-мөте күрделі тетік­терді орнықтыру үдерістері жүреді. Бірақ олар дер кезінде анықталып, алас­таудың тиісті шаралары жүзеге асыры­ла­ды. Бүгінде бизнес-қоғамдастық та, халық­тарымыз да Кеден одағынан нақты пайда көре бастаса, болашақта бұл үрдіс тек қарқын ала түспек. ЕурАзЭҚ құрылған сәттен бері он жыл өтті. Еуразиялық экономикалық қо­ғамдастық өз негізінде Мемлекет­тердің Еуразиялық одағы жобасын жү­зеге асыра отырып, ХХІ ғасырда пост­ке­ңестік кеңістіктің интеграциялық даму векто­рын аса толық және шынайы айқындау үстінде. Осы арада танымал “еуразиялық” Л.Н.Гумилевті еске түсірмей тұра ал­май­­сың. Ол өзінің этногенез теория­сында адамның қоршаған әлемді өзгер­туге ұмтылысы мен қабілеті ретіндегі “пас­сионар­лық” түсінігін негіздеп кетті. Автор енгізген түсінік бойынша, пас­сионар­лардың өздері пассионарлық энергияны иеленушілер болып табы­лады. Олар аса зор психикалық энер­гия­ны өздерінің жақындарына беру арқылы оларды ұлы ерлікке және ортақ істерге жұмылдыруға қабілетті индивид­тер. Гумилевша айт­қан­да, тек пассио­нарлық тұлғалар ғана бір қарағанда тіпті мүмкін емес идея­ларды ілгерілетіп, оларды табысты жүзеге асыра алады. Бұған Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың шындық­қа айналған Еуразиялық идеясы жарқын мысал болып табылады. Елбасы Нұсұлтан Назарбаев ойға алып, тиянағын келтірген Қазақстан­ның жаңа елордасы – Астананың ға­ламат құрылысын аса беделді халық­аралық сарап­шылардың өзі ХХІ ғасыр­дағы озық жобалардың бірі деп есептейді. Астана бірінші кезекте Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ғажайып пассионарлық ерік-жігерінің арқасында ақиқатқа айналды. Үстіміздегі жылғы желтоқсанның басында елордада өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының самми­тін келесі бір табысымыз деп бағалаған жөн. Ол Қазақстанның осы аса беделді халықаралық ұйымға табысты төрағалы­ғының шарықтау шегі болатыны тағы анық. Шын мәнінде Астанаға соңғы 11 жылдан бері алғаш рет ЕҚЫҰ-ға мүше ел­дердің көшбасшылары жиналып, жа­һандық қауіпсіздіктің жаңа контур­ларын қарастыратын болады. Бүгінде біз ЕурАзЭҚ-қа мүше мем­ле­кеттер экономикалық интеграция­сының нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Бұл нәтижелер болашаққа се­німділікті, Қоғамдастық елдері халық­тарының әлеу­меттік-экономикалық прогресін одан әрі қамтамасыз етуге ұмтылысты айқын айғақтайды. Суреттерде: 1994 жылдың наурызы. М.В.Ломоносов атындағы ММУ; 2010 жылдың 5 шілдесі. Астана, ЕурАзЭҚ Мемлекетара­лық кеңесінің мәжілісі; 2000 жылдың 10 қазаны. Астана, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру.