06 Қазан, 2010

Невропатологтардың кіндік әкесі

1245 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Смағұл ҚАЙШЫБАЕВТЫ жұртшылық Қазақстан невропатологтары ғылыми мектебінің негізін салған көрнекті ғалым ретінде біледі. Қашанда табиғаты таза, жаны жайсаң жақсы адам жайлы айту, оның ғибратты да тағылымы мол өмірінен сыр шерту ғанибет емес пе?! Журналистиканың, құдіретті қаламның ең бір жақсы қасиеті – та­лай танымал тұлғалармен дидарласу, сырласу мүмкіндігін сыйлайтыны. Сондайда ғой, кейде бір көріп, сөйлескен кейіпкеріңізден жаныңыз жадырап, марқайып шығасыз. Дәл сондай көңіл күйді осыдан бес жыл бұрын қазақ медицинасы неврология саласының ақсақалы, қарапайым да елгезек, қазақы мінезді Смағұл ағай­­мен кездескенде бастан кешкенім бар-ды. Бір көргенде-ақ жүзі нұр­ла­нып, мейірім шуағын шаша ықылас аудара қараған кейіпкерім, сөйлесе келе ішкі жансарайының тазалығы, имандылығы, парасат-пайымымен еріксіз тартып, өзімді сол көңіліне қа­рыздар етіп қойғандай болды. Бе­ртін келе бұл ойымды Смағұл аға ту­ралы естелік кітапты оқығанда тұр­ғы­ластары, достары, әріптестері, шә­кірттері, балаларының жүрекжарды сөздері толығымен растағандай. ҚР ҰҒА академигі, профессор Тө­регелді Шарманов: “Смағұл еке­уіміз Қарағанды медицина инсти­ту­тында бірге оқыдық. Ол – өзін-өзі жасаған ғалым. Өте ізденімпаз, бі­лімге тоймайтын адам еді. Сол қасиеттері үшін де оның тұстастары, достары ерекше бағалаушы еді. “Ұлық болсаң – кішік бол”, деген достарына, шә­­кірттеріне, туыстары­на, тіпті көп біле бермейтін бөтен кі­сінің өзіне көмек­тесуге жаны құш­тар-тын. Ал өзгенің қуанышына жүрегі жарылардай қуанатын адам бұл дүниеде сирек кездеседі. Әсіресе, шәкірттерін еш уақытта бөліп-жа­рып қарамайтын. Бәріне ұстаз, ғалым тұрғысынан да, әкелік көмек қолын созуды да мұрат тұтатын. Ең бастысы – ол артында өшпес мұра қалдырды. Неврология саласындағы құнды еңбектері, ғылыми тұжырым­дамалары, ғалым шәкірттері, қазақтың ұлттық ғылы­мына қосқан үлесі – халқымызға үшін құнды мирас, – деп еске алса, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Алдашев та Қаз дауысты Қазыбектің ұрпағы Смекеңнің адами қасиеттері жайлы тебірене ай­тады. “Өзінің кішіпейіл, қарапайым­­ды­лығымен, ішкі мәдениетімен, ма­ңай­­­ы­на қалтқысыз қамқорлығымен үлкенге іні, кішіге аға болудан бір тай­­май өтті деуі де көп сырды аңғартса керек. ... Бүгінде невропатология – ме­ди­­цинадағы күрделі саланың бірі. Жүйке ауруларының күн санап көбейіп, күрделеніп отырғанын өмірдің өзі де, дәрігерлік деректер де дәлелдеп отыр. Ең өкініштісі, жүйке аур­­уларының жасарып бара жат­қан­дығы. Әсіресе, инсульт ауруы қазір жастар арасында да жиілей түсуде. Әлбетте, әр нәрсенің негізі, бас­та­уы болады десек, онда отандық ме­дицинадағы жүйке ауруларының ғы­лыми түрде жолға қойылып, зерт­теле бастауы жетпісінші жылдардың еншісіне тиесілі. Бұл ретте про­фес­сор Смағұл Қайшыбайұлының есімі алдымен, әрі құрметпен аталады. Содан да шығар, “Қазақстан ден­саулық сақтау ісінде неврология са­ла­сының тамырына бойлауға кел­генде профессор Қайшыбаевқа қар­сылас табу қиын” дейді әріптестері. Невропатологиялық ауруларды ғы­лыми тұрғыдан зерттеудің тұңғышы, демек кіндік әкесі. Смағұл Қайшыбаев Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданында ауыл мұғалімінің отбасында дүниеге ке­леді. Нағашы жұрты атақты Әсетпен айтысқан, нар Кемпірбай атанған көшелі ақын болса, әкесі Қайшыбай Түсіпов кешегі аласапыранда “халық жауы” болып ұсталып, атылады. Смағұл сол кезден-ақ әке атына жаманат келтірмеуге, “халық жауы” еместігін дәлелдеу үшін барынша адал болуға тырысып, күш-жігерін, еңбегін аямайды. 1952 жылы қазақ орта мектеп-интернатын бітірісімен Қарағанды мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түсіп, тәмәмдаған соң еңбек жо­лын сол қаладағы жаңадан ұй­ымдастырылған Қазақ еңбек ги­гие­насы мен кәсіби аурулар ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкерден бастайды. Зерделі жас аз уақыттың ішінде бөлім мең­ге­рушісі, клиника бөлімінің бастығы, сондай-ақ республикалық кәсіби аурулар клиникасының бас дәрігері дәрежесіне дейін көтеріледі. Осы қыз­метте жүріп 8 жыл бойы Қа­ра­ғанды көмір бассейні кеншілерінде жиі кездесетін шеткі нерв жүйесі ау­­рулары мен жұлын жарақаттарының диагностикалық және емдеу тә­сіл­дерін жетілдіруге бағытталған ғы­лыми жұмыспен айналысады. 1966 жылы кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шыққаннан кейін С.Қайшыбаевтың ғылыми практи­калық қызметі республика өндіріс орындарында жиі байқалатын кәсіби аурулардың диагностикасы мен ем­деу шараларын жетілдіруге ба­ғыт­талған ұйымдастыру жұмыстарымен тікелей байланысты болады. 1974 жы­лы тау-кен өндірісінде жұмыс атқаратындар арасында жиі кезде­сетін діріл ауруының патогенезі мен емдеу тәсілдерін жете зерттеу нәти­жесінде жинақталған дәйектерге не­гізделген докторлық диссертация қор­­ғайды. Онда автор діріл ауруы­­ның пайда болуы мен дамуы туралы тұжырымдама ұсынады. Ғалымның өсу жолдарына кел­сек, 1971 жылы Қазақ өлкелік па­то­логия ғылыми-зерттеу институтына бөлім меңгерушісі, директордың ғы­лыми жұмыс бойынша орынбасары, 1976 жылы Алматы мемлекеттік мединс­ти­туты жүйке аурулары ка­­фе­драсы мең­герушісі, 1984-86 жылдары клиника бойынша проректор, емдеу факуль­тетінің деканы қызметін ат­қарады. 2004 жылдан ұлттық уни­вер­ситетте біріктірілген жүйке аурулары кафе­дра­сының құрметті меңгерушісі болады. Смағұл Қайшыбайұлы отандық денсаулық сақтау саласына дәрігер мамандарды дайындауда қажымай еңбек еткен ғалым, ардақты ұстаз. Жақсы ұстаздың қашанда шәкірттері де көп болған. Оның жетекшілігімен 40 кандидаттық, 10 докторлық дис­­­сертация қорғалды. Бұл дегеніңіз бү­тіндей ғалымдар жасағы емес пе?! Қан­шалықты еңбек, есіл уақыт, көз майы десеңізші. Ендеше, ұстаз бе­­де­лі, ұстаз бақыты дегеніміз осы болар. Оған ғалымның сүйікті шәкірт­те­рінің бірі Қазақ ұлттық медицина университеті жүйке аурулары және нейрохирургия кафедрасының доценті Ақмарал Ізбасарованың: “Смағұл Қайшыбаев өз өмірін қы­зықты да жұмбақ ғылым – невро­патологияға арнаған үлкен тұлға. Ол қаншалықты жұмысбасты болға­нымен өзінің шәкірттеріне, олардың ғылыми жұмысының проблемала­рын шешуге де уақыт табатын, шә­кірттеріне тек жетекші ретінде ғана емес, әкелік қамқорлығын да аямай, өмірлік кеңестерін беретін. Әрине, бізге ұстазымыздың жеткен биігіне жету мүмкін емес, бірақ соған тал­пынатын боламыз. Ардақты ұстазды есте қалдыру мақсатында ол кісінің туған күніне орай ғылыми-прак­тикалық конференция өткізуді дәстүрге айналдырмақпыз”, – деуі дәлел болса керек. Бүгінде ТМД аймағындағы та­ны­мал да көрнекті неврологтар ара­сын­да өзіндік орны, отандық ғылымға қосқан айтарлықтай үлесі бар С.Қай­шыбаевтың ұзақ жылдары бойы атқарған ғылыми-дәрігерлік және педагогикалық қызметі арқа­сын­да неврологтардың ғылыми мек­тебі қалыптасты. Сондай-ақ Қазақ­стан­да кеңінен таралған жүйке ау­ру­­ларының диагностикасы мен емдеу шараларының жаңа әдістері жете зерттеліп, оларды дәрігерлердің күнделікті тәжірибесінде қолдануға мүмкіндік алды. Ғалым 230-дан астам ғылыми жұмыстың, оның ішінде 7 монография, 2 оқу-әдіс­те­мелік құралдың авторы, неврол­о­гияның өзекті проблемаларына қа­тысты 10 ғылыми еңбектер жина­ғы­ның редакторы болды. Сондай-ақ, қазақ және орыс тілдерінде жарық көр­ген неврология оқулықтары Қа­зақстан мен Орталық Азия невро­логтарының қолынан түспейтін оқу құралы болып есептеледі. Ол отбасында да бақытты болды. Құдай қосқан қосағы Зура екеуі, ал­тындай ұрпақ өсірді. Ұлы Нұрлан ме­дицина ғылымдарының докторы, профессор ол Алматы мемлекеттік дәрігерлер білім жетілдіру инсти­ту­тында неврология кафедрасының мең­герушісі болса, қызы Гүлназ ме­дицина ғылымының кандидаты, бі­лікті невропатолог, немересі Саян Мәс­­­кеудің Бурненко атындағы ней­ро­хирургия ғылыми-зерттеу инсти­тутының клиникалық ордина­ту­ра­сын бітіріп, әкесі жетекшілік ететін кафедрада ассисент. Иә, Смағұл Қайшыбаев мыңда­ған пациенттері, жүздеген шәкірттері мен әріптестерінің есінде жоғары кәсіби білікті маман, үлкен ғалым, зиялы да қарапайым, қазақы жан ретінде қалмақ. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.