“ҚҰЛАНСАЗДЫҢ” ТҰСАУЫН КЕСКЕН ӘСЕТ ЕДІ
Ежелден қызыр дарып, бақ қонған жыр алыбы Жамбыл жері рухани өнердің қазынасындай. Жетісу ақындарының алтын діңгегі Сүйінбайы, Нұрғиса мен Әсеттей сазгері, Балғабек Қыдырбекұлы, Сейдахмет Бердіқұлов тәрізді ұшқыр ойлы қаламгерлері, кейінгі толқын ізбасарлары бар киелі мекен. Мұның өзі мәдени өнердің ошағына айналған Алматыға таяу орналасқандықтан да шығар күні бүгінге жастар өнер әлемінен өзіндік орын тапқаны. Осындай талантты жастардың басын қосқан “Құлансаз” ән-би ансамблінің көрерменмен қайта қауышуын да жұртшылық жылы қабылдады. Ұжым күні кеше еліміздің бас қаласы Астанадағы талғампаз көрермен алдында өнер көрсетті. Осыған орай аудан әкімі Махаббат Бигелдиевке жолығып, ой өрбіткен едік.
– Ауданымыз өнерден де, таланттан да кенде емес. Рухани өмірде өзіндік қолтаңбасы бар. Қызырлы мекенде туып, өскенімізді мақтан тұтамыз. Өйткені, әкем Сәдуақас белгілі сатирик Оспанхан Әубәкіров, жазушы Жәнібек Кәрбозиндермен қатарлас жүрген, қаламы қарымды журналист еді. “Құлансаз” ансамблінің 30 жылдан соң қайта жаңғырып, халықпен қауышуын ерекше атар едім. 1980 жылдардың басында қазақтың талантты композиторы Әсет Бейсеуов пен режиссер Төлеу Қосановтың басшылығымен “Құлансаз” ансамблінің негізі қаланған болатын. Өнерлі жастардан құралып, ұлттық өнерге негізделген ансамбль репертуарында халық әндері мен күйлері, Қазақстанның әйгілі күйшілері мен ақын-жырауларының шығармалары, танымал композиторлардың еңбектері мен халық билері кеңінен орын алған еді. Құрамында Дабыртай Сейполдаев, Марат Әбдіқадыров, Базарбай Кәрбозов, Кеңес Керімбаев, Сарагүл Машақова, Зәуреш Ерғалиева, Нәсілхан Мұстапаева, Сағымбек Малтабаров, Базаркүл Әжіқожаева, Алтын Әліпбаева, Зағира, Жазкен Жұмабековтер, Ержан Қосбармақов, Ұлжан Айнақұлова, Шора Кәстекбаев, Манзура Әбдірахманова, Дүйсебай Шаштайұлы, Молдахан Саркөбенов, Шекер Сәрсенбиева, Айман, Шолпан Дәуітова сынды тағы да басқа өнер саңлақтарының есімі халыққа кеңінен таныла бастаған-ды.
Ансамбльдің шығармашылық жолы Монғолия, Ресей, Украина, Түркіменстан, сондай-ақ Қазақстанның өзге де облыстары мен аудандарындағы өнер сапарларымен жалғасын тауып, 1983 жылы “халықтық” атағын иеленген. Осылайша халыққа танылған ансамбль араға бірнеше жылдар салып, тоқырау кезеңін басынан өткерді. Ауданға қызметке тағайындалғаннан “Құлансазды” неге жандандырмасқа деген ой келді. Оның жүзеге асуына облыс әкімі Серік Әбікенұлы барынша қолдау көрсетті. Осылайша кешегі “Құлансаз” құрамы толығып, репертуары жаңаланып, материалдық-техникалық базасы нығайып, көрерменмен қауышты. Ансамбльдің көркемдік жетекшілігін жерлесіміз, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ержан Қосбармақов қолына алды. Дарынды жан қысқа мерзімде үлкен дайындықпен ансамбльді киелі сахнаға қайта алып шықты. “Құлансаз” халықтық фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблі өзінің 30 жылдық шығармашылық мерейтойын туған жер төсінде дүбірлете атап өткенін де айта кетсем деймін.
Бүгінде ансамбль құрамында 50-ге жуық дарынды жастар мен өнер саңлақтары еңбек етеді. Ұрпақтар үндестігін сақтаған ансамбльдің құрамы бұл күнде Данияр Сқақов, Алма Аманжолова, Айым Қоғамова, Аяулым Сәдіғалиева, Жанель Сембаева, Айзат Қарабекова, Марта Төлепберген, Алмас Жұмағалиев және тағы да басқа көптеген талантты жастармен толықты. Ансамбль репертуары халық әндері мен күйлеріне, Сүйінбай мен Жамбылдың, Нұрғиса мен Әсеттің, ақындар Есенқұл Жақыпбеков, Орысбай Әбділдаев, Рәтбек Терлікбаевтың, сазгерлер Жолдасхан Құрамысов, Бауыржан Есебаев және Талғат Сембаевтың Отанға, елге, жерге деген асқақ рухқа толы шығармаларына, ұлттық нақыштағы билерге негізделіп, кемелдене түсті.
Елбасының Жетісу өлкесіне жұмыс сапарында “Құлансаз” ансамблі өнер көрсетіп, өз бағасын алды. Тіпті, ансамбльдің жекелеген орындаушылары филармонияның танымал әншілерінен кем еместігін жұртшылық жиі айтып жүр. Марат Әбдіқадыров пен Базарбай Кәрбозовтың дуэті тыңдарман қауымның көз алдына ағайынды Рашид пен Мүсілім Абдуллиндерді елестетеді десем, ел ішінде талай-талай дарынды да, талантты жандардың бар екенін “Құлансаз” дәлелдегендей.
Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғалары мен Жетісудың танымал ақын-жырауларының шығармаларын дәріптеп, ұлттық өнерді насихаттайтын “Құлансаз” ансамблі алғашқы концертін шілде айында жер жәннаты Жетісу өлкесінің өнерсүйер қауымына арнаған еді, енді міне, елордадағы көпшілікті әсем ән мен күміс күйге бөледік. Бұл Астананың 10 жылдық мерейтойы мен Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебесіне деген жамбылдықтардың тартуы десек те болады.
Әруақты бабаларын, ақ жаулықты аналарын, ержүрек батырларын, арқалы ақындарын, тәуелсіз елін, туған жерін, елінің даңқын, дәстүрі мен салтын Сүйінбайдың сазымен, Жамбылдың әнімен, мың бұралған биімен, күмбірлеген күйімен жырлаған “Құлансаз” елорданың еңселі жұрты мен алқалы әлеуметіне ән мен жырдан шашу шашты.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
* * *
ТОҚСАНДА САХНАДАН ТҮСКЕН ЖОҚ
Семей жұртшылығы Қазақстанның халық әртісі Күләш Сәкиеваның 90 жылдық торқалы тойын салтанатты жағдайда атап өтті. Өнер тарланының есімін көрермен қауым ең алдымен театр актрисасы ретінде жақсы біледі. Өйткені, ол осы саналы өмірінде 150-ден астам рөлде ойнаған екен.
Күләш Сырымбетқызының Семейдегі Абай атындағы сазды-драма театрында еңбек ете бастағанына да алпыс жылға жақындап қалыпты. Оның осы жылдар ішінде ондаған жас таланттарды өнер әлеміне баулып ұшырғаны өз алдына бір әңгіме. Сондай еңбектерінің нәтижесінде Семей қаласы мен Зайсан ауданының құрметті азаматы атанып отыр.
Республикамыздың өнерсүйер қауымы Күләш апайдың есімін тамаша әнші ретінде де жақсы біледі. Жоғалып бара жатқан бірнеше халық әндерін Қазақ радиосының алтын қорына жаздырған да осы кісі. Кеңес заманында бұл кісінің орындауындағы сол әндер өз алдына жеке пластинка болып шыққаны да бар.
Міне, осындай жан-жақты өнер иесін көрермен, тыңдарман қауым әлі де ұмытпаған екен. Абай атындағы театрда өткен мерейтой кешіне халық көптеп жиналып, ақ тілектер молынан ақтарылды. Кеш барысында спектакльден үзінділер көрсетіліп, әндер шырқалды. Мерейтой иесін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп құттықтады.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.
* * *
ЖЫР ҚАНАТЫ ТАЛМАҒАН
Кеше Конгресс-Холда Алматы облысы Жамбыл аудандық “Құлансаз” фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблі “Жетісудың желпіген самалы” атты өнер кешін ұсынып, өңірдегі шығармашылық ұжымдарының елордада өтетін мәдени шараларын қайта жаңғыртқандай әсер қалдырды.
Әр өңірдің ежелден тереңнен бастау алып жататын қайнар көзі, тұма бұлағы, тарихи таңбасы мен рухани тамыры өзге жерлерге қарағанда бөлек өрнекпен нұрланып көз тартатын, құт дарыған, құлаш жайған, құдіретті өнер қонған киелі топырақтары болары хақ. Жетісудай жер жәннатында мұндай киелі жерге жыр алыбы Жамбыл мен Сүйінбайдай дүлдүлдер дүниеге келген өңірді жатқызсақ, оған сірә, осыдан отыз жыл бұрын құрылып, бүгінде облыс әкімінің қолдауымен қайта жаңғыртылған “Құлансаз” ансамблінің өнері қай жағынан да дөп келетіндей. Алатаудың асқақтығын еңісіндегі түйе өркеш шыңдары анық ұқтырып, жаздыкүнгі жайлаукөл кешінің тамаша бір мезетін көз алдыңызға әкелетін көрініспен басталған кешті Марта Төлепберген мен Аяулым Сәдіғалиеваның Т.Әлімбекұлының “Жыршылар толғауымен” өрбітуі өте әсерлі жетті.
Бас-аяғы он үш адамнан ғана құралған фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің әрбір мүшесі “Қарасай” Нұрғиса Тілендиевтің “Ата толғауы”, “Бооуырлаштар” күйлерін мінсіз тартып, кәсіби шеберліктері кәдімгі республикалық деңгейдегі айтулы өнер ұжымдарымен тең түспесе, кем түспейтінін көрсетті. Ерлан Байбазаров пен Дана Есенәлиеваның домбыра мен қобыздың үнін көкейге қондырып, Н.Тілендиевтің “Аққу” күйін бұрын-соңғы үлгілерді қайталамай, тың қырынан ойнап шыққаны жастардың бастапқы сарынға байланбай, керісінше өз тараптарынан қай күйді де байытып, жаңғыртып тартуға құштар екендіктерін аңғартып тұрды. Әсіресе, Ерлан Байбазаров Н.Тілендиевтің әйгілі “Әлқисса” күйін орындағанда, көрермен саңлақ күйшінің сахнадағы бейнесі мен дүбірлі үнімен қайта қауышқандай бір желпініп қалған. Әдетте хас таланттар тек Алматы мен Астанада ғана жүреді деп ойлаймыз. Бірақ әр кез осындай өңірден келген өндірдей жастар өнерлерін ортаға салғанда, бұл ойымыздың жаңсақ екенін ұғамыз. Жетісу өнердің жерұйығы іспетті. Ар жағына үңіле түссең, небір дауысы жаһұт әншілер мен қасиетті қара домбыраны қолына алғанда саусақтары бір-біріне жұқпай, ойнақшып, бейнебір бәйгедегі жүйріктей құйқылжи жөнелетін күйшілер кезігеді. К.Әзірбаев атындағы әншілер байқауының, “Шабыт” халықаралық жастар фестивалінің лауреаттары Данияр Сқақов, Марта Төлепберген мен Аяулым Сәдіғалиеваның Арқа, Батыс пен Жетісу дәстүрлі ән мектептерінің таңдаулы жырларынан кестелеген ән дестесі олардың бір ғана мақаммен шектелмей, еліміздің әр өңірінде орындалатын дәстүрлі шығармалардың шырқын бұзбай шырқай алатынын аңғартты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ержан Қосбармақов Т.Әлімбекұлының “Қазыбек бидің толғауын” орындағанда, дәстүрлі ән өнері тек саз бен сөздің үйлесімі ғана емес, халыққа ғибратлы ой айтатын, жұртты ынтымақ пен бірлікке үндейтін өнегелі төр екенін ұққандаймыз.
Биші қыздардың ақ қайыңдай майысып, “Биші қайыңды”, “Тұмар қыздың биін”, “Халықтар достығы” топтама биін ұсынғаны мұнда би өнерінің әжептәуір дамып қалғанын ұқтырды. Айта кететін айрықша бір нәрсе – фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің өнері де, үстеріндегі ұлттық киім үлгілері де қай елдің сахнасында көрсетсең де, мақтаныш етуге лайық екені. Кеш соңында В.Никитиннің “Астана” әнін орындаған Жанель Сембаеваның жалынды үні Жетісу өңірі эстрадалық жұлдыздардан да кенде еместігін көрсеткен. Бірақ та , “Бәрін айт та бірін айт” демекші, эстрада, би, толғау, қазіргі заманғы әндер болсын, Жетісудың тек өзіне ғана тән болып келетін тәтті әуен мен жұмсақ әуез үрдісін үзбей жалғасты.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.
* * *
АҚЫН САЗЫНЫҢ САРҚЫЛМАС САРЫНЫ
“Шабыт” сарайында белгілі композитор Серік Еркінбековтің домбыра мен симфониялық оркестрге арналған “Шәкәрім” атты тың туындысының тұсаукесері өтті.
Халқының рухани мұратына қызмет еткен ұлы тұлғалардың тағдыры мен тағылымы туралы кесек-кесек көркем туындылар дүниеге келіп, қазақ мәдениеті мен өнерінің көші кешегі бабалар сарыны ізімен заңғар биікке көтерілуіне куәміз. Дарабоз ерлер бейнесі заманауи тілмен өрнектеліп, шалқыма күйлердің шартарапқа жайылуы дәстүрлі музыка мен классикалық жауһарларды барынша жақындатып, бірегей үнге жұмылдыруда. Ұлттық музыка қорында мұндай симфониялық шығармалар саусақпен санарлық қана. Сол санатты “Шәкәрім” симфониясы толықтырып, ақын бейнесі тағы бір жаңа қырынан ашыла түсті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттік симфониялық оркестрі орындаған шығарманы жұртшылық бір деммен тыңдады. Композитор Серік Еркінбеков пен осы симфонияның жазылып, жарық көруіне бірден-бір себепші болып, демеушілік еткен меценат, Шәкәрімнің ұрпағы Медғат Құлжанов баспасөз мәслихатына қатысып, Шәкәрімнің өлеңдері мен әндері арқау болған туындының ерекшеліктері туралы әңгімелеп берді. Ал, композитор С.Еркінбековтен жаңа симфония туралы айтып беруін сұрағанымызда: “Оған мен Шәкәрімнің өзінің біраз әндерінің әуенін таңдап алдым. Сол себепті де классикалық музыкалық аспаптарға негізделген оркестрге қазақтың қара домбырасын қосып, симфонияға барынша ұлттық бедер беруге талпынып бақтым” деген.
Халқымыз мақтан тұтар тарихи ірі тұлға әдебиет пен өнерде талай мәрте тұшымды жырланды десек, енді міне, музыканың шыңы саналатын симфония тілімен төгіліп, халыққа қайнарлы бұлақтай жетіп отыр. Е.Брусиловскийдің “Құрманғазы” мен “Тәттімбеті”, Ғ.Жұбанованың “Жігері”, Қ.Қожамьяровтың А.Розыбакиевке арналған 1-ші симфониясы сияқты еліміздің айтулы симфониялық оркестрлері орындап жүрген інжу-маржандар қатарына тағы бір ұлттық симфонияның келіп қосылғаны қуанышты жәйт.
Бұл кеште ХХ ғасырдың озық ойлы дарынды ақыны әрі композиторы Шәкәрім Құдайбердіұлының тағдырын ашатын біраз нөмірлер ұсынылды. Ақынның өлеңдері оқылды, поэтикалық қойылым мен әндері орындалды. Белгілі қоғам қайраткері Сиязбек Мұқашев, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева, меценат Медғат Құлжанов өмірі азаппен өткен тылсым тұлғаның тағдыры мен және осы тақырыпты талғаммен біршама алға оздырған автор жайындағы ой-пікірлерімен бөлісті. Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов Шәкәрімнің “Адамдық борышың” өлеңін оқыса, виолончельде ойнаушылардың “Жас өркен” ансамблі Абайдың “Айттым сәлем, қаламқас”, Әбілхан Нұрболат Шәкәрімнің “Анадан алғаш туғанда” әндерін әдемі орындады.
Композитор қазір шығармашылық жағынан өзінің нағыз кемелдену кезіне жетті десек, артық айтпаған болар едік. Оның симфониялық, аспаптық музыкасы Еуропа елдерінің сахналарын кең шарлағаны автордың шығармашылық кеңістігін айқындар тағы бір айрықша қыры дер едік. “Отан таңы”, “Мәңгілік алау” “Минарет” балеттері туралы ойлар бұған дейін де азды-көпті түйінделсе, ал “Алтын Арқа” симфониялық, камералық және халық аспаптары оркестрі мен хорға, бес орындаушыға арналған монументалдық шығармасы, органға, солистер мен симфониялық оркестрге арналған “Көк минареті”, сонымен қатар вокалдық шығармалары мен театрға, киноға жазған музыкалары әлі де болса толыққанды зерделеуді қажет ететіні түсінікті.
Ал, “Шәкәрім” симфониясынан С.Еркінбековтің стиліне тән тамаша әуезділікті, кең құлашты лирика мен философиялық тереңдікті, жаңа музыкалық тіл мен ұлттық қайнарды анық аңғарамыз. Екі бөлімді шығармада жалғызіліктің мұңы, өмірге деген құштарлық пен соның жолындағы күрес, ғарышқа ұшып кеткендей әсер қалдыратын арман, ақын толғауы, Шәкәрімнің қажылық жолындағы Шығысқа саяхаты, өткені мен бүгінгі күн тынысы, бәрі-бәрі композитордың өз басынан, ішкі жан-дүниесінен өткендей толғанады. Өзі айтып өткендей, симфония Шәкәрімнің әндерінен алынған, негізгі үш музыкалық тақырыпқа сүйенген. Біріншісі – “Анадан алғаш туғанда” атты әнінің әуезді әуені негізгі партия болып саналады. Екіншісі, музыкалық үндеу Шәкәрімнің “Сәлемде Әбдіғали бауырым жалғызға” деген әнінің алғашқы үш нотасынан тұрады. Кіріспе бөлімде басталып, әр көріністе бірнеше рет қайталанып отырады. Ол шығарманың соңында арка функциясын орындайды. Үшіншісі, қосымша партия, бұл музыкалық тақырыптың бастауы ретіндегі лирикалық әуездегі “Мұхамеджан әні” еді.
Симфонияда қайталанатын тағы бір музыкалық көрініс – ішекті аспаптардың пицикатосында орындалатын “кеңістік” әуені. Ал, симфониялық оркестрге домбыра үнінің қосылуын қазіргі кезеңдегі қазақ композиторларының жаңа дыбыстық, ырғақтық ізденістеріне жатқызуға болады және еуропалық жанрға ақын толғауы, жыршы әуені ұлттық бояу қосып тұрғандай.
С.Еркінбековтің “Шәкәрім” симфониясында ат тұяғының дүбірі алыстан келіп жақындаған сайын, біртіндеп саябырсып кетіп бара жатқан керуенді елестетеді, көп дауысты шу, сонорлық, кластерлік дыбыстар, тіпті сталиндік қуғын-сүргіннің дүрбелеңі, Шығыс тақырыбы, шөл даладағы жазиралы жазық бәрі-бәрі көз алдыңыздан көлбей ағады. Мұнда Еуропа пен азиялық мәдени кеңістік, тарихи естелік пен бүгінгі күн күңгейі керемет тілмен өрілген десек болады.
Тойжан ЕГІНБАЕВА, музыкатанушы, өнертану ғылымдарының кандидаты, ҚазҰӨУ-нің профессоры.
* * *
РУХАНИ КЕЛІСІМ – БЕЙБІТШІЛІК КЕПІЛІ
Бүкіләлемдік Рухани мәдениет форумы жақында өз жұмысын бастамақ
Ұйымдастыру комитетінің тең төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Төлеген Мұхамеджановтың хабарлауынша, елордада өтетін бұл шараға әлемге танымал саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен шығармашылық өкілдері зор көңіл бөліп, жоғары баға беріп отыр. Қазақ елінің әлемдік беделін көтеруде бұл шараның алар рөлі жоғары екенін ескерсек, форумға қатысатындар қатарында Абделлатиф Арабиат (Иордания) – Иордания парламенті төменгі палатасының бұрынғы төрағасы, Абдул Филал-Ансари (Ұлыбритания) – Ага хан университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы, Абдул Хамид Алази (Ауғанстан)-Америкалық ұйым – Бүкіләлемдік Ауғанстанмен әріптестіктің келісім-шарт және мамандар бөлімінің менеджері, Абдулкарим С.С.Абухасан (Палестина)-Bіer Zeіt университетінің профессоры, PhD, Абу Барк Андерс Ригер (Алмания)-заңгер, Еуропадағы Мұсылмандар одағының төрағасы, А.Николас Брод (АҚШ)-актер, Ахмед Абдаллах (Кения)-елші, БҰҰ маманы, БҰҰ-ның Сомалидегі арнайы өкілі, халықаралық Африка баспасөзі консультативті кеңестер одағының мүшесі, Алан Делла Награ (Франция)-Caprіccі Fіlms, режиссер, Албайрам Назен (Сирия)-Тарикат Накшбанди Шейхы, заң ғылымдарының докторы сынды танымал тұлғалар бар.
Әлемнің рухани зиялы қауымын бір арнаға тоғыстыру, сол арқылы рухани мәдениеттің жекелеген тарамдарының ыдыраған күш-жігерін бірыңғай одаққа біріктіруді көздеген алқалы жиынды Қазақстанның әлемдік саяси беделін тағы бір қырынан көрсетер маңызды шара десек, форумда адамзат өркениетінің барлық өзге де құндылықтары, келісім идеалы, тату-тәтті көршілік, зорлық-зомбылыққа қарсылық, ақыл-ой салтанатына сену мұраты туралы танымал саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, дін өкілдері мен журналистер пікір таластырмақ.
“Дүниежүзілік рухани мәдениет форумы және оның рухани-адамгершілік негізін құрудың өзекті қажеттілігі”, “Билік және Ар” және “Саясаттың мемлекеттік этикаға айналу жолдары туралы” атты тақырыптарды қамтыған кең ауқымды баяндамалармен қатар, “Әлем кескінін түсінудің қазіргі заманғы дүниетанушылық, пәлсапалық негіздері”, “Экология, этика және азаматтық қоғам” сынды секциялар жұмыс жасамақ.
Нақтылап айта кететін жайт, форум жұмысы 2010 жылдың 18-і мен 20-шы қазанға дейін Астана қаласында өтеді. Дүниежүзілік форум – әлемдік тәжірибеде ең алғашқы болып органикалық түрде рухани мәдениеттің қос қанаты – діни руханият және зайырлы руханиятты біріктіретін қасиетті еншілеп отыр. Және де, осы рухани ағым синтезін жасау және осы арқылы адамзаттың болашаққа баратын сара жолын ашатын жаңа білім алуға кепілдік береді.
Бүгінгі таңда құрамына Ресей, Қазақстан, Еуропаның өзге де елдерінің көрнекті ғалымдары, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ гуманистік бағыттағы саяси қайраткерлер тартылған ұйымдастыру комитетінің жұмысы басталып та кетті. Қазақстандағы форумды ұйымдастыру комитетіне ҚР Парламент Сенатының депутаты, Төлеген Мұхамеджанов жетекшілік етуде. Сонымен, форумның негізгі кеңсесі Қазақстанның мемлекеттік құрылымдары негізінде Астана қаласында қоныс теуіп, Мәскеу мен Еуропада екі штаб құрылған болатын. Еуропадағы штабтың жетекшісі болып В.Агустат мырза жұмыс жүргізіп, қазақ жерінде өтетін бұл шараға еуропалықтардың қатысуын ұйымдастыруда. Мәскеудің жаһандық микромәдени стратегиялар орталығы жанынан құрылған ресейлік штабқа Ю.И.Бокань төрағалық етуде. Тәуелсіз қазақ елінің игі бастамасымен ұйымдастырылып отырған дүниежүзілік ауқымдағы шара барысында алқа отырыстары, дөңгелек үстелдер, семинарлар, конференциялар және екі жақты кездесулер өтеді.
Жұлдыз ҚАБДУЛЛАЕВА.
* * *
АДАЛ АСТЫҢ НӘРІ АРТЫҚ
Қазақта халал түсінігі көп жағдайларда ақ, адал деген түсінікпен астасады. Әсіресе, тағамға байланысты нақты екі мағынасы бар. Оның бірі мұсылман дінінде рұқсат етілген жануарлар етін тағамға пайдалану болса, екіншісі адал малды Алланың атымен бауыздай отырып сою. Өлексені асқа пайдалану харам саналады. Алайда әлемде “халал” сөзі тек осы екі түсінікпен шектелмейді екен. Оның көптеген нәрселерге байланысты өз мағынасы бар көрінеді.
Осынау шектелген түсінікті кеңейту мақсатында қазанның 7-9 күні аралығында “Экспо Даму” көрмелік компаниясы, Қазақстанның халал индустриясы ассоциациясы және Халықаралық экология академиясы мекемесімен бірге “Kazakhstan Іnternatіonal Halal Expo 2010” мен “KazFood 2010” көрмесін өткізді. Көрмеге 11 мемлекеттен келген 70-тен астам компания қатысты. Олардың қатарында АҚШ, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Египет, Сингапур, Чехия, Ресей, Беларусь және өз еліміздің компаниялары бар. Көрмені тамашалаушылар назарына халал стандартына сәйкес азық-түлік өнімдері, сусындар, ас қоспалары, орамалар, ыдыс-аяқ, қонақ үйлер, туристік агенттіктер, Исламдық қаржыландыру, Халал сақтандыру, мұсылман киімін шығарушылар өнімдері ұсынылды. Халал ұғымы Алла тағала адамзат баласына рұқсат еткен нәрсенің барлығын білдіреді. Халал өнімі табиғи, таза және қоршаған ортаға деген мейірімімен өзгешеленеді. Сондай-ақ, жаһандық брендке айналған бұл белгінің 6,6 млрд. адамға қызмет ете алатын әлеуеті бар үлкен өндіріс екенін біреу білсе, біреуі білмейді. Халал стандартына халық ықыласы қашанда жоғары. Өйткені оның тазалығы күмән келтірмейді. Көрменің ашылуына “Нұр Отан” ХДП хатшысы Қайрат Сатыбалды, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрмұхаммед Әбдібеков, Сібір федеральдық округының бас мүфтиі Әнуар қажы қатысты.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.