08 Қазан, 2010

Өзара мүдделерге өріс кең

542 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Сербия Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары табысты болды Кеше Ақордада Қазақстан Республика­сы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге тұңғыш рет ресми сапармен кел­ген Сербия Республикасының Президенті Борис Тадичпен кез­десті. Ресми қарсы алу рәсімдері аяқталған соң, Мемлекеттер бас­шылары шағын құрамдағы келіссөз үсте­лі­не отырып, екі елдің арасындағы сауда-эко­но­микалық байланыстарды дамыту және саяси әріптестікті жан­дан­дыра түсу ба­ғытындағы перс­пек­тиваларды тал­қы­лады. Осы уақытқа дейінгі екі елдің қатынасы­на тоқталатын болсақ, ол өзара түсіністік пен сенімді әріп­тестік ахуалында дамып ке­ле­ді. Әлем­дік саясаттағы маңызды проб­ле­ма­ларда екі елдің ұстанымы ұқсас. Сербия Қа­зақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ние­тін тұ­рақты түрде жақтап келген ел­дер­дің бірі және ол Ұйымның Астана Саммитін өт­кізуін де қолдаған мем­лекеттердің қатары­нан табыл­ды. Екіжақты байланыстар шең­бе­­рінде серб жағы Қазақстан басшы­лығы­ның Косово мәселесі жө­нін­дегі позиция­сы­ның тұрақтылы­ғына ризашылық білдіріп отырады. Соңғы жылдары екі елдің сая­си ведом­стволары арасындағы байланыстар белсенді іс-қимыл танытуда. 2009 жылдың қараша айында Сыртқы істер министрінің орын­ба­сары, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының ЕО жө­ніндегі байла­ныс­та­рын Ұлттық үйлестіруші К.Жи­галов Белградта болып, Сербия Рес­пуб­ликасының Сыртқы істер министрі В.Ере­мичпен кездесіп, келіссөздер жүргіз­ген. Сол кез­де­су кезінде В.Еремич Сер­бия Қазақстанның ЕҚЫҰ Саммитін өткізу жөніндегі бастамасын қол­дай­тынын жа­риялады. Ал соңғы рет, үстіміздегі жылдың шілде ай­ын­да Алматыда болған ЕҚЫҰ СІМ-нің бейресми кездесуі шеңберінде Мем­лекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Сербия Сыртқы істер министрі В.Еремичпен кездесіп, тараптар екіжақты қарым-қатынастардың қа­зіргі жағдайы мен даму перс­пек­тивалары туралы ойларымен бө­ліс­кен еді. Осы кездесуде Сербия Республикасының Президенті Борис Тадичтің Қазақстанға сапа­ры да пысық­талған болатын. Сауда-экономикалық бай­ла­ныстар туралы айтатын болсақ, ол түрлі объективті себептерден, со­ның ішінде екі елдің географиялық тұрғыдан алыстығынан, бұрынғы Югославия республикаларында саяси тұрақтылықтың болмауынан және дәстүрлі байланыстардың жоқтығынан жеткілікті дәрежеде дамымай келеді. 2009 жылдың қо­ры­тындысы бойынша екі елдің ара­сындағы тауар айналымы 18,3 млн. АҚШ доллары көлемінде ғана болды. Ал үстіміз­дегі жылдың алғашқы жартыжылдығындағы сауда айналымы 5,9 млн. АҚШ дол­лары кө­лемін құрап, 2009 жыл­дың сәйкес мерзімі­мен салыс­тыр­ған­да 1,3 есе азайып кетті. Қазақ­стан Сербияға минералды өнімдер, механизмдер мен электр-техни­ка­лық бұйым­дар шығарады, ал Сер­бия бізге химия өнеркәсібі бұйымдарын, ағаш және тоқыма өнімдерін импорттайды. Қазақстанда сербтік “Энер­го­проект” компаниясы табысты жұмыс істеуде, ол Алматы метро­сы­ның Алмалы және Абай стансаларын салуға қатысуда. Сондай-ақ Ақтау, Орал және Аты­рау қалаларындағы сауда және биз­нес-орта­лықтарын салуға қа­тысуда. Қазір Сербияда же­ке­ше­лен­діру үдерістері қатты жүріп жа­тыр, осы сәтте қазақстандық ин­вестицияны елдегі перспек­ти­ва­лы салаларға (қонақ үй биз­несі, фармацевтика, ауыл шаруашылы­ғы мәшине­лерін жасау) құюға мүмкіндік бар. Шағын құрамдағы кездесу аяқ­талған соң келіссөз кеңейтілген құрамда жалғасты. Оны ашқан Нұрсұлтан Назарбаев шағын құрамдағы кездесудің сәтті бол­ға­нын атап өтті. Біз Сербияны Қа­зақ­станның Балқан түбегіндегі ма­ңызды әріптесі деп санаймыз. Сер­бия Республикасының Астанада елшілігін ашу туралы ниетін жақ­таймыз және оны қолдау шара­ла­рын жасайтын бо­ла­мыз. Бүгінгі қол қойылғалы отырған құ­жаттар екі елдің арасындағы құқықтық база­ны байыта түсіп, біздің азамат­тарымыздың өзара қарым-қаты­на­сын тереңдететін болады, деді Нұр­сұлтан Әбішұлы. Жауап сөзінде Борис Тадич өзінің Қазақстанмен екі арадағы қатынастың жаңа парақтарын ашып отырғанына қанағаттана­ты­нын жеткізді. Біз Қазақстанның 20 жылдағы жетістіктеріне таңырқай қараймыз, дей келіп, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған­да­ғы қадамдарын құптайтынын және желтоқсан айында болатын Сам­митке қатысатынын айтты. Со­нымен қатар, Сіздің де Белградқа жасайтын сапарыңызды асыға кү­теміз, деді ол біздің Президентке қаратып. Келіссөздер аяқталған соң тараптар екіжақты бес құжатқа қол қойды. Соның ішінде екі елдің үкіметтері арасындағы ел азамат­тарының өзара сапарлары туралы ке­лісім мен сыртқы саясат ве­домстволары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы хаттамаға Қазақстан жағынан Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ.Сауда­баев, Сербия жағынан Сырт­қы істер министрі В.Еремич қол қой­ды. Енді, осы құжаттарға сәй­кес, екі елдің ұлттық паспортының иеле­рі визалық талаптан боса­тылатын болады. Екі елдің арасындағы инвес­ти­цияларды өзара қолдау туралы және Еркін сауда туралы келісімге Қазақстан жағынан Эконо­мика­лық даму және сауда министрі Ж.Айт­жанова, Сербия жағынан Сауда және қызмет министрі С.Мило­сав­ле­вич қол қойды. Еліміздің Сауда-өнеркәсіп палатасы мен Сер­бия­ның Шаруашылық палатасы ара­сындағы ынтымақтастық ту­ралы келісімге Қазақстан жағынан палатаның вице-президенті Т.Жда­нова, Сербия жағынан Шаруашылық палатасының президенті М.Буга­рин қол қойды. Қол қою рәсімдерінен кейін Прези­дент­тер журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. Біз­дің бүгінгі келіссөздеріміз негізінен сауда-экономикалық ынтымақ­тас­тықты жандандыру төңірегінде болды, деп бастады өзінің сөзін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Одан әрі Президент Сербияның Астанада ашылғалы отырған елшілігі екі елдің ын­ты­мақтастығының дамуына қызмет етеріне сенім білдірді. Сондай-ақ қол қойылған құжаттардың маңыз­дылығын атап өтті. Іскерлік қаты­настарды одан әрі дамыту үшін сау­да-экономикалық ынтымақ­тас­тық жөніндегі бірлескен Үкімет­ара­лық комиссия құру туралы ке­лісім жасалғанын жеткізді.  Екіжақты әрекеттесудің жемісті бағыттары ретінде өңдеу, көлік, транзит және құрылыс салала­рында бірлескен жобаларды айтуға болады. Сондай-ақ фармацевтика, туризм, шағын және орта бизнес салаларында Сербияның жинақта­ған тәжірибесі мол болғандықтан, екі елдің арасындағы қарым-қа­ты­настар осы бағыттарда да жан­дана­ды деп сенеміз. Мен серб ком­панияларын еліміздің индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасына қатысуға шақырдым, деді Қазақстан басшысы. Со­ны­мен бірге, келіссөздер бары­сын­да Сербияның Кеден одағы­мен өзара ықпалдастығы туралы сөз болғанын атап өтті. Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасы­мал­дау көлемін ұлғайту шеңберінде Қазақстан мен Сербия арасындағы көлік транзитті әлеуетін бірлесіп пай­далану туралы пікір алма­сыл­ғанын айтты. Келіссөздердің ма­ңызды бөлігі халықаралық қаты­нас мәселелері туралы пікір алма­суға арналды. Бұл мәселелерде екі елдің ұстанымдарының ұқсастығы аталып өтті, деді Қазақстан Пре­зиденті. Жауап сөзінде Борис Тадич жылы шырайлы қарсы алу және ашық та тура әңгімелер айтқаны үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді. Н.Назар­баев­тың Қазақстанды жаңғыр­ту­да­ғы рөлін өте жоғары бағалай­ты­нын мәлімдеді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының жемісті істермен өтіп жатқанын айта келіп, өзінің Астана Самми­тіне қуана қатысатынын жеткізді. Сөзінің арасында Сербияның Еуроодаққа өту ниетін Қазақстан­ның жақтап отырғанын атап өтіп, осыған байланысты ризашылығын білдірді. Инфрақұрылымдық ба­ғыт­тарды айтқанда біз Дунай өзе­нінің әлеуетін көлік қатынасында бірлесе пайдалану мәселесін де тал­қыладық, деді Б.Тадич. Президенттер мәлімдеме жасағаннан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді. Белград журналисінің экономиканың нақты қай саласындағы ынтымақ­тастықта прогресс болады деп ай­ту­ға болады деген сауалына Нұр­сұлтан Назарбаев қазірдің өзінде Қазақстанда сербиялық ондаған компаниялардың жұмыс істейтінін айта келіп, болашақта нақты нәти­жеге қол жеткізе алатын сала ре­тін­де фармацевти­каны ауызға алды. Егер сербиялық компания­лар Қазақстанда фармацевтика зауытын саламын десе, біз оны бірден қолдар едік, деді Қазақстан басшысы. Өйткені, біз бүгінгі жуық шамамен 700-800 млн. АҚШ доллары көлемінде дәрі-дәрмек сатып аламыз. Сондықтан Қазақ­станда фармфабрика салу өте тиім­ді. Тұтынушыны алыстан іздеп ке­регі жоқ, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. *  *  * Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден кейін Сербия Республикасының Президенті Борис Тадич “Хабар” телеарнасына арнайы сұхбат берді. Сербия Президенті өзінің Қазақстанға алғашқы сапары табысты болғанын атап өтті. – Соңғы он жылда Қазақстан таңқалар­лық нәтижелерімен көрінуде. Егер еске түсірсек, бұдан 20 жыл бұрын Қазақстан ең­бекақы мен зейнетақы төлемдері проблема­сымен бетпе-бет келді, бүгінде мүлде басқа­ша көрініс. Бұл дамудың жоғары деңгейін және елді жақсы басқаруды білдіреді. Адам­ның бастамасынсыз ешқашан ештеңе бол­май­ды. Қазақстанның табысы Нұрсұлтан На­зарбаевтың жеке басымен тығыз байла­нысты. Мен елдің неге қол жеткізгенін, қан­дай инфрақұрылымдық жобалардың іске асы­рылғанын, адамдардың өмір сүру деңгейі қалай артқанын көріп отырмын. Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде әлемдік деңгейдегі мем­ле­кеттік қайраткер. Ол үлкен құрметке ие саясаткер және оның өз халқы мен өз елінің өмі­рін жасқартуға қосқан үлесін байқамау әрі бағаламау мүмкін емес, – деді Борис Тадич. Екіжақты қарым-қатынастардың дамуын бағалай келе, Сербия Президенті эконо­микалық ынтымақтастықтың әлеуеті келе­шекке арналған перспективалық жоспар құ­руға мүмкіндік беретінін атап өтті. Атап айт­қанда, фармацевтика, энергетика, ауыл ша­руа­шылығы, құрылыс және т.б. салалар­дағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері ашылуда. Жақсыбай САМРАТ. ---------------------------------- Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.