08 Қазан, 2010

КҮЗГІ БАҒАЛАР: жылдағыдан өзгеріс қандай?

578 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Қоңыр күз түсе бірқатар тауарлар бағаларының өзгерістерге ұшырайтыны дағдылы көрініске айналды. Сол әдет биыл да қайталанып отыр. Өкінішке қарай, бағаның төмендеуі емес, көбіне-көп жоғарылауы және кейде негізсіз жоғарылауы орын алып жатады. Олай болса, биылғы күздегі ахуал қандай? Төменде беріліп отырған топтамадан осы сауалға белгілі бір дәрежеде жауаптар табуға болады. АСТАНА____________________________________________ Әдетте күзгі жиын-терім толық аяқталып, жиналған астық қамбаға құйылып алынған бойда азық-түлік тауарларына, соның соңын ала азық-түлік емес тауарларға қойы­латын бағалар күрт қымбаттап ке­туші еді. Ал биыл бидай бағасының науқан мәреге жетпей жатып-ақ тауар бир­жаларында көтеріле түскенін еске алсақ, сарапшылар күткен қым­батшылықтың басталып та кеткеніне келісер едік. Бірақ бұл дүрбелеңнен еліміздің тұрғындарын Ауыл шаруашылығы министрлі­гі­нің алдын-ала жасаған қамы – Азық-түлік келісім-шарт корпора­ция­сының астық ба­ғасын қазіргі мөлшерінде ұстап тұру жөнінде өн­діруші шаруашы­лық­тар­мен жасас­қан келісім-шарты ғана сақтап қалды. Дегенмен, шілде айындағы қым­баттаушылықтың сұраусыз кет­пегенін де айтып өтейік. Бәсеке­лес­тікті қорғау (монополияға қарсы) агенттігі нан бағасын негізсіз көте­ріп жіберген оңтүстік өңірлердегі бірқатар кәсіпорынмен соттасқалы отыр. Аталмыш ведомство қымбат­таушылықтың неден шыққанын өздігінше тексеріп көрген. “Біз жүр­гізген зерттеу жұмыстары баға­ның өсуіне объективті себептердің болмағанын көрсетті, – деп мәлім­деді агенттік төрағасы Мәжит Есен­баев таяуда Үкімет отыры­сында. – Өндірісшілер нанның ба­ғасын бір мезгілде бірдей деңгейде көтеріп жіберген. Сол уақытта олардың көпшілігінде бұрынғы ба­ғамен сатып алынған ұнның қоры болған. Былайынша айтқанда, олар мұны өзара келісіп алып істеген”. Осы жиында М.Есенбаев нан­нан бөлек, ұнның бағасын негізсіз көтеріп жібергендердің де анық­талғанын айтты. Ведомство бұл деректер бойынша Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оң­түстік Қазақстан, Қостанай, Маң­ғыстау, Павлодар және Қарағанды облыстарының 22 рынок субъек­тісін тексеріп шыққан. Өндіріс­ші­лер жұмыс­тарындағы монополияға қарсы заңнаманың бұзылған де­ректері дәлелденер болса, агенттік айыпты тұлғаларға айтарлық­тай қатаң ша­ра­лар қолданбақ. Үстіміздегі жылғы құрғақшы­лық бидаймен бірге қарақұмық өніміне де қатты залал келтірді. Соның салдарынан бұл дақылдың құны әуелі Ресейде шарықтай жөнелді. Содан соң қымбаттау үле­сі бізге де келді. Бұл өз кезе­гін­де республи­ка­дан қарақұ­мық­тың сыртқа көптеп кетіп қалу қау­пін туғызды. Осыған орай кезекті Үкімет отырысында Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Ақыл­бек Кү­ріш­баев өсімдік майы­ның барлық түрлерін, сондай-ақ зығыр мен рапстан басқа өсімдік майы да­қылдары тұқымдарын сырт­қа шы­ғаруға уақытша тыйым салу мәсе­лесінің қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Экономи­ка­лық даму және сауда министрі Жа­нар Айт­жа­нова өз тарапынан өсімдік май­лары мен қарақұмық жармасын өндіру үшін керекті тұқымдарды сыртқа шығаруға уа­қытша тыйым салатын үкіметтік ше­шімдердің жобалары дайында­лып жатқанын жария етті. Осының соңын ала жанар-жа­ғар май бағаларына да үстеме қо­сылатыны туралы хабар шықты. Оны Мұ­най және газ министрлігі мұнай өнеркәсібін дамыту депар­та­менті­нің директоры Қуандық Құлмұр­зин баспасөз мәслихатында мәлім етті. Дәл есебі, бензин литрінің бағасына қазанның басында екі теңге қосылған. “Баға ай ішінде жоспарланған шектеулі-көтерме цифрдан, яғни АИ-92 бензинінің литрі – 90 теңгеден, АИ-80 бен­зині 72 теңгеден, ал дизель отыны 73 теңгеден өсе қоймайды деп ойлаймын”, – дейді Қ.Құлмұрзин. Ал көрші Ресейде 92-ші бензиннің құны жоғарырақ, онда ол 20 рубль тұрады. Бұл біздің ақшаға шақ­қанда, 95-96 теңге шамасында. Олай болса, бізде алдағы уақытта бензин бағасының бүгінгіден өсе түсуіне себеп те, салдар да бар... Осылардың қабатында бүкіл әлемде киім бағаларының күрт қым­баттайтыны туралы да дабыл қағылып жатыр. Мұны сарапшы­лар мақта-мата өнеркәсібі сала­сын­да тұрақты орын алған инф­ля­циямен байланыстырып отыр. Соңғы оншақты жылдың ауқы­мын­да Азия құрлығын басып қал­ған су тасқыны шитті мақтадан алынатын өнімнің үштен бірін ке­мітіп қойған. Нәтижесінде мақта бағасы биыл қатты көтеріліп, өт­кен жылмен салыстырғанда 50 пай­ызға артқан. Жалпы, күзгі қымбаттау­шы­лық­ты сарапшылар екі түрлі тұр­ғыдан қарастырып отыр. Оның біріншісі биылғы қуаңшылық жағдайына байланысты өнімнің жылдағыдан кем жиналуына те­лінсе, екіншісі кәдімгі алыпсатар­лық үстеме жүйесінің қатты айналым алып кетуінен туындаған. Серік ПІРНАЗАР. ҚОСТАНАЙ_______________________________________ Қостанайдағы дүкен сөрелерінен қашан іздесең де табыла кететін кәдімгі қарақұмық жармасы бүгінде қат және қымбат азыққа айналып шыға келді. Бұрын килосы 100 теңгеден аспайтын қарақұмықтың бағасы бұл күнде базарда 230-240 теңгеге жеткен. Тұрғындар өсімдік майының, ет пен сүттің, ұнның қымбаттағанын да сезініп отыр. Облыс әкімі Сергей Кулагин жақында ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді, ұқсату кәсіпорындары басшыларын және сауда қызметкерлерін жинады. – Биылғы егін енді ғана жи­на­лып, қамбаға түсті. Ұқсату кәсіп­орындарының дүкен­дерге шыға­рып жатқан өнімі өткен жылдың қо­рынан алынып отыр. Сонда ба­ғаның шарықтауына жол болсын? – деді облыс басшысы. Биылғы қуаңшылық ұқсату кә­сіпорындары мен саудада­ғы­лар­дың бағаны көтеруіне оңтайлы “ұтыс” болып тұрған сыңайлы. Об­лыстағы қымбатшылыққа қуаң­шы­лықтың зардабын қатты көрген көрші Ресей рыногындағы баға­ның қымбаттауы да әсерін тигізді. Дегенмен, Ресейдегі алаңдаушылық облыстағы қымбатшылықтың негізі болмауға тиіс. Облыс әкімі­нің орынбасары Нұралы Сәдуақа­сов­тың айтуына қарағанда, келесі жиын-те­рін­ге дейін өзімізге молынан же­тетін өнім жиналды. Қуаңшы­лық­қа қарамастан, озық технология мен жаңа техниканың арқасында диқандар 3 миллион 471 мың тон­на жоғары сапалы бидай жинады. Қамбада былтыр­дан қалған қор тағы бар. Бұрнағы жылдары об­лыс­та майлы дақылдар алқабы 100 мың гектарға да жет­пей­тін. Биыл ол 153 мың гектарға егілді. Ал жар­­малық дақылдар бұ­рынғыға қа­­ра­ғанда екі жарым есе көп се­біл­ді. Биылғы қым­бат­шы­лық жы­ры­ның “кейіпкері” болып отырған қарақұмықтың гектары да екі жа­рым есеге көбейген. Майлы дақыл­дардан 60 мың тоннадан аса, жармалық дақылдардан 8,6 мың тонна өнім жиналады. Биылғы қуаңшылықтан картоп шығымдылығының нашарлағаны қатты білінді. Қостанай ауданын­дағы картоп егумен айналысатын шаруашылықтар биыл күзде гек­тарынан 16-17 тонна өнім жина­ды, ал алдыңғы жылдары бұл көр­сеткіш 33 тоннадан кем түспейтін. Облыс аудандарында “екінші нан” 108 мың тонна жиналады деген мамандардың болжамы бар. Бірақ бұл ішкі рынокқа олқылау бола­тын сыңайлы. Облыста жалпы пай­далануға жыл тәулігінде 62 мың тонна картоп қажет. Көрші Ресейдің, Қазақстанның солтүс­тігіндегі облыстардың Қостанайға сұраныс жасауы өзі аз өнімнің тапшылығын тудыратын түрі бар. Облыста ет пен сүттің бағасы да көтерілді. Етті базардан ала­тындар бұрынғы бағаға 150 теңге қосылғанын байқады. Тамыз айынан бастап пастерленген сүт 15 пайызға, айран – 18, жұмыртқа – 17, жоғары сортты ұн – 7, мака­рон 5 пайызға, ал сары май­дың бір килосы 78 теңгеге қым­баттады. Ауылда жем-шөптің тап­шылығына байланысты сүттің са­тып алу бағасы 20-26 пайызға көтерілді. Міне, осы кезде қала­дағы ұқсату кәсіпорын­да­ры да сүт­тің бағасын 15-20 пайызға көтере қойды. Олар шикізаттың 70 пайы­зын жеке тұрғындардан, қалған 30 пайызын ғана шаруашы­лық нысандарынан сатып алады екен. Тұрғындар сүт зауыттарына 3,4-3,5 пайыз майлылықтағы сүттің литрін 55-60 теңгеден өткізеді. Ал дүкендерде майлылығы 2,5 пайыз ғана сүттің литрі 150 теңгеден төмен емес. Сүтті сұйылтқаны үшін бағаны осынша көтеру қанша­лықты қисынға келеді? Ет және сүт өнімдерінің, жұмыртқаның қымбаттауына осы өнімдердің тапшылығы себеп деуге болмас. Өңірде қуатты ұқсату кәсіп­орындары іске қосылды. “Алтын май” кешені тәулігіне 300 тонна ұн, 4 тонна өсімдік майын өндіре алады. Ал облыс орталығы іргесі­нен ашылған “Қарасу ет” ет өңдеу кешені жылына 5400 тонна ет және түрлі шұжық өнімдерін шы­ғарады. Қостанай ұн комбина­тынан жылына 30 мың тонна макарон шығаратын шетелдік құ­ралдармен жабдықталған кәсіп­орын ашылды. Осының барлығы да алдымен облыстағы базар мен дүкен сөрелерінің молшылығын жасауға атсалысады. Облыс әкімі Сергей Кулагин биыл қуаңшылық болғанмен, бағаны қымбаттатудың экономи­калық негізі болуы керектігін айт­ты. Әдетте, бағаны рынок реттейді. Олай болса ұқсату кәсіпорын­дары­ның шығынына жататын газға, электр энергиясына, жанар-жағар ­майға баға өзгермей тұрып, бірін­ші кезектегі қажетті азық-түлік түр­ле­ріне бағаны қымбаттату қисынға келіңкіремейді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. АҚТӨБЕ__________________________________________ Азық-түліктің жеткілікті, бағаның бақылауда екені облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың төрағалығымен өткен тұтыну рыногындағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі облыстық штабтың кеңейтілген отырысында мәлім етілді. Мәжілісте облыстық ауыл ша­руа­шылығы басқармасының бас­тығы Ерсайын Әжібаев тұрғын­дар­ды азық-түліктік астықпен қам­та­масыз ету және ұн мен нанның бағасын қалыпты ұстауға бай­ланысты атқарылған жұмыстарды саралай баяндады. – Қуаң­шылықтың келеңсіз салдарларын жою және облыста ұн мен нан ба­ғасын қалыпты ұстау мақсатында осы жылдың 4 қыркүйегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ақ­төбе облысының әкімдігі, “Қаз­Агро” АҚ, “Қазақстан Астық одағы” және “Өңдеушілер Одағы” заңды тұлғалар бірлестіктері ара­сында бекітілген меморандумға сәй­кес облыс тұрғындарының қа­жеті үшін бір тоннасы 26500 теңге тұратын 131,3 мың тонна азық-түліктік астық жеткізіледі, – деді ол. Облыстық әкімдік пен ұн және нан-тоқаш бұйымдарын өндіретін “Рамазан”, “ЖаңаӘл­жан”, “Степ­ное”, “Иран фирма­сы”, “Ақтөбе нан өнімдері ком­бинаты”, “Ақ­төбе-нан”, “Тағам-аймақ” жауап­кершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты өндіруші кәсіпорындар арасында 2011 жылдың 1 қазанына дейін бірінші сортты ұнның, нанның, макарон бұйымдары өндірісінің көлемін қысқартуға жол бермеу және қа­лыпты бағаны қолдау туралы ме­мо­рандумға қол қойылды. Тұрғын­дарды ұн және нан тағамдарымен тұрақты қамтудың ерекше әлеу­меттік маңызын ескере отырып, бұл мәселені облыстық әкімдік тұ­рақты бақылауда ұстайтын болды. Азық-түліктің мол қорын жасау және олардың бағаларын тұ­рақ­тандыру астық дайындауға, мал санын қысқартпауға да тәуелді. Ал оның өз кезегінде мал азығының жеткілікті болуын қажет ететіні белгілі. Бүгінгі күнге облыста 1355,2 мың тонна немесе қажеттілікке шақ­қанда 115,1 пайыз пішен дайын­далған. Мал азығын дайындау әлі де жалғасуда. Аудандардың және сауда-саттық құрылымдарының күшімен алдағы қысқа қажетті 71,4 мың тонна жемнің 60 мың тонна­сы дайындалса, “Азық-түлік келі­сім-шарт корпорациясы” АҚ арқылы қосымша 30 мың тонна жем жеткізілмекші. Тағы бір бағасы қатаң бақы­лауға алынып отырған тағам түрі — өсімдік майлары. Аймақ тұ­тынушыларын бұл өнім түрімен негізінен бұрынғы “Туркуаз” ком­паниясы қамтамасыз етіп келген бо­латын. Атауын өзгерткен “SavoІa Foods CІS” ЖШС басшы­сының айтуынша, күнбағыс өнімін жинар алдында зауыт өндірісі шикізат ретінде жартылай фабри­катты пайдаланған. Ал ол күн­бағыс өніміне қарағанда қымбатқа түскен. Сол себептен қыркүйек айында босату бағасы 8,8 пайызға көтерілген. Жаңа егіннің жиналу қорытындысымен байла­нысты өсімдік майының да ба­ға­сын реттеуге мүмкіндік туады де­ген үміт бар. Кеңес жұмысын қорытын­ды­ла­ған облыс әкімі Елеусін Сағын­ды­қов бағаны қалыпты ұстауды, халық тұтынатын азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермеуді қадап тапсырды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ.