Түрік Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мехмет Әли Шахин бастаған ресми делегация Қазақстанға келді. Мәртебелі меймандарды Алматы әуежайында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов қарсы алды.
Лауазымды делегацияның жұмыс сапары бейсенбі күні Алматыда қазақ-түрік іскерлер қауымдастығы өкілдерімен кездесуден басталды. Қазақ жерінде істерін дөңгелетіп жүрген түрік іскерлері Мехмет Әли Шахин мырзаға осының бәрін мақтанышпен жеткізіп, елордада өтетін жоғары деңгейдегі кездесулерге өтініш пен мәселеден гөрі, алғыстарын аманаттап жатты.
Қазақ-түрік іскерлерімен кездесуден кейін іле-шала Қарасай ауданына аттанған делегацияны Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов пен Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Қаскелең қаласындағы тәтті күлшенің түр-түрін шығаратын “Хамле Компани ЛТД” ЖШС аталатын кондитерлік фабрикада қарсы алды.
Қонақтар осыдан 15 жыл бұрын негізі қаланған компанияның бүгін өсіп-өркендегенін көрді, өндірістік қуатымен танысты. Қазір бұл компания тәулігіне 60 тоннаға дейін 80 түрлі өнім түрлерін шығарады. Компания жетекшілері ресми делегацияға сандық жағынан емес, сапалық жағынан да көтерілгенін, жергілікті тұрғындардың бір бөлігін жұмыспен қамтып, инвестицияның жалпы көлемі 10 миллион АҚШ долларына жеткенін баяндады. Шоколадқа малынған күлшелері пісіп, қорапқа түсіп жатқан “Хамледегі” кішігірім саяхаттан кейін түрік спикері Үшқоңыр ауылындағы Қарасай батыр атындағы орта мектепке ат басын бұрды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті білім алған қарашаңырақтағы өлкелік мұражай, құлдыраңдап шауып жүрген бүлдіршіндер, Елбасының балалық шағын паш етер шежіре суреттер мәртебелі меймандарды толқытып, талай сауалдың тиегі ағытылды. Ауыл – әр қазақтың алтын бесігі болса, әлемге әйгілі тұлғалардың да кіндік қамы тамған, балалық шағының базары болған жерлер бар. Түрік ұлдарының да осы Үшқоңырға табаны тиіп жатса, кездейсоқтық емес. Алматы мен Астанадай еңселі қалаларды ғана емес, қазақтың даласын, Алатаудың сілемдерін бойлап жатқан елі мен жерін көрудің өзі ұлт түгелдігін толық танытса керек.
Қазіргі таңда Елбасы партасында отырған қазақ-орыс тілді аралас мектепте бір үйдің баласындай болған әртүрлі ұлттың 813 баласы оқиды. Заманауи оқу құралдарымен жабдықталған киелі шаңырақта 50 шәкіртке арналған екі шағын орталық пен мектепалды даярлық топтары жұмыс істейді.
Мұнарасы айға асылған Айя Софиядан бастап, Ахмет Сұлтандай күмбезі көк тіреген мешіті, мыңдаған имандылық үйлері бар елден келген қонақтар Үшқоңыр ауылындағы мешітке келмесе, медресесіне кірмесе – мұсылманның баласы атанбаған болар еді-ау. Қарасай батыр атындағы бұл мешіт Алматы облысындағы ең үлкен имандылық ордасы саналады. Бұл жерде де қазақ пен түріктің дәулеті бөлек болса да, милеті бір екені тағы көрінді. Жүз жерден мәртебелі болса да құрметті қонақтар жөн-жосықты бір қазақтың перзентіндей білетін Серік Үмбетов сынды ел азаматтарымен Алланың үйіне аяқ шешіп кіріп, тізе бүгіп, Көк түріктің келешегіне салауат айтып, өткеніне Құран бағыштады.
Табиғаттың құдіретін айтсаңызшы! Қазан айы ортасына жақындап, қазақтың ұлан-ғайыр өлкесінің кей бұрышы қар жамылып жатқанда, Үшқоңыр ауылындағы 4 гектар жерді алып жатқан мешіттің айналасы раушан гүлдеріне көмкеріліп, бір бұтасы да қурамай шешек атып тұр. Себелеп құйып тұрған жаңбыр райхан гүлдерінің жапырақтарынан мөлдір моншақтардай төгіледі.
Бұл мешіт осыдан 10 жыл бұрын бой көтерген. Имандылық үйіне бір мезетте 1500 адам сыяды.
Бала кезінен Құран сүрелер жатқа біліп, имандылыққа ұйып өскен Мехмет Әли Шахин медресеге де кіріп, онда дәріс алып жатқан шәкірттермен сұхбаттасты. Медреседе қандай дәрістер жүретінін сұрастырып, шәкірттердің біріне Құран сүрелерін оқытқызып, оның оқу мақамына, сүрелерді өте сауатты үйреніп жатқанына риза болғанын жасырмады.
Осылайша лауазымды қонақтардың Алматы облысына сапары аяқталды. Реті келіп тұрғанда, аталмыш облыс әлемнің 113 елімен сауда-саттық әріптестікте жұмыс істейтінін, соның ішінде Түрік Республикасымен сауда айналымы биыл 36 миллион долларға жеткенін айта кетуге болады. Алматы облысы Түрік мемлекетіне жылына 4 миллион АҚШ долларына жуық тауар түрлерін экспорттайтын болса, осы елден келетін импорттық бұйымдардың басым бөлігін каучук, пластмасса, кір жуғыш заттар, темекі шикізаты, кондитерлік өнімдер үшін пайдаланылатын түрлі қоспалар құрайды. Облыс аумағында сауда, құрылыс, кондитерлік өнім, тағы басқа салаларға маманданған 52 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Сонымен, кеше Түрік Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы бастаған ресми делегация елордаға аттанып кетті.
Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.
----------------------------------
Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.