08 Қазан, 2010

ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы

499 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСТЕРІ Қазақстан, Ресей және Бела­русь мемлекеттері Кеден одағына бірік­кені белгілі. Кеден одағына ену кез келген мемлекет үшін пай­далы, алыс-беріс кезінде жеңілдік­тер болады, сауда-экономикалық ынтымақтастық дами береді. Өскеменде сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі VІІ Қазақстан-Беларусь үкіметаралық комиссиясы жұмыс істеп, жаңа белестерді анықтап алды. Қонақтар “Алтай” технопар­кіндегі жәрмеңкені тамашалады. Мұнда екі мемлекетте шығары­ла­тын ауылшаруашылық тауарлары, тех­никалары, басқа да заттар қойылған. Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда-саттық соңғы жылдары құлашын кеңге сермеп келеді. Атап айтқанда, тек биыл Белоруссияға экспорт көлемі 419,3 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 есе өскен. Ал көрші елден бізге 273,3 миллион АҚШ долларының өнімдері келіп, бұл көрсеткіш биылдың өзінде 62 пайызға өскен. Екі мемлекет арасындағы сау­да-саттық жөніндегі комиссияның мәжілісі “Алтай” технопаркінде өтті. Облыс әкімі Бердібек Са­пар­баев келген қонақтарды құттықтап, осы жерде жақында ғана Қазақстан мен Ресей Федерациясы прези­денттері Н.Назарбаев пен Д.Медведевтің жетекшілік етуімен ірі инвестициялық форумның өткенін тілге тиек етті. Өңір басшысы Шығыс Қазақстанның серпінді жобалары жайлы айтып берді. “Казцинк”, Үлбі металлургия зауыты және Өскемен титан-магний комбинаттарында жаңадан зауыттар мен өндіріс орындарының ашылуы нәтижесінде экономиканың қа­рыштап алға басқанын да назардан тыс қалдырмады. Семейдегі “СемАЗ” зауыты беларустармен бірігіп еңбек етудің нәтижесі. Биыл Могилев облысының іскер адамдары Шығыс Қазақстан облысына келіп, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстар бойынша бірқатар келісімдерге қол қойды. Комиссия мәжілісінде бірқатар мәселелер талқыланды. Мәселен, ауыл шаруашылығы дақылдарын сорттау, төтенше жағдайлар жөнінде тәжірибе алмасу, өрт сөндіруді жетілдіру жайлы да пікір алмасылды. Жыл аяғына дейін 60 қазақстандық Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты мамандықты жетілдіру институты базасында арнайы жаттығудан өтпек. Өрт сөндіруге арналған арнайы жаб­дықтармен жабдықталған көліктерді пайдалану жағы да назардан тыс қалған жоқ. “МАЗ” автокөліктері базасында құрастырылған жаңа тех­никаны сатып алу да ойластырылды. Беларусь Премьер-министрінің орынбасары И.Бамбиза мен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Берді­бек Сапарбаев кездесіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Туризмді дамыту, экономика мен сауда-саттықты өркендетудің жол­дары қарастырылып, келісімге келді. Жетінші Үкіметаралық комиссияда бірқатар құжаттарға қол қойылды. Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынас жаңа белестерге аяқ басты. Алдағы уақытта бірлескен форумдар, семинарлар мен жәр­меңкелерді өткізудің пайдалы еке­ніне көз жеткізді. Беларусь елінен келген қонақтар ҮМЗ, “Азия Авто” зауы­т­та­рында, “Өскемен құс фаб­рикасы” мен “Шығыс-сүт” серіктес­тігінде болып, мұндағы жаңа техно­логиямен танысты. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы. * * * МИНИСТР КЕМШІЛІКТІ КӨРСЕТТІ Қаржы министрі Б.Жәмішев, Президенттің Пар­ла­менттегі өкілдігінің басшысы А.Бейсенбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Б.Нұрымбетов бастаған республикалық ақпараттық-на­сихаттық топ “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында өңір­дегі мекеме, кәсіпорын басшыларымен кездесу өт­кізді. Кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­станның жаңа мүмкіндіктері” атты  Жолдауындағы негізгі басым­дық­тар жайлы әңгімелеген Б. Жәмішев олар эконо­миканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу, үдемелі индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту есебінен экономиканың орнықты өсіміне қол жеткізу, адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін болашаққа белсенді инвестиция салу, қазақстандықтарды сапалы әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету, ұлтаралық келісімді нығайту болып та­бы­лады, – дей келіп, облыстың экономикалық әлеуеті жө­нінде өз ой-пікірлерімен бөлісті. Министрдің айтуынша, облыстың экономикалық әлеуеті орасан зор. Бірақ жемісті нәтижеге қол жеткізу жағы сылбыр. Облыс экономикалық даму жөнінен республика бойынша көш соңында келеді. Министр бұған мысал ретінде, 2009 жылдың қорытындысында облыстан шыққан және орта бизнес субьектілерінен түскен корпоративтік салық бар болғаны 838 миллион теңгені құрғанын, ал бұл еліміздегі ең төмен көрсеткіш болып саналатынын жеткізді. Оның айтуынша, облыс шағын және орта бизнесті дамытуда артта қалып отыр. Министр аймақтағы артта қалушылықты үдемелі ин­дустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру арқылы да еңсеруге  болатынын, “Жол картасы” бағдар­ла­­ма­сының жұмыссыздықты жоюдағы оң ықпалын және “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожолының экономика­лық тұрғыдан көп пайдасы бар екенін де тілге тиек етті. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы. * * * МАҚСАТ – ӘЛЕМДІК ТАЛАПҚА САЙ КӨЛІК ЖАСАУ Үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық даму бағдар­ла­масын жүзеге асыру ісінің көш басында “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы тұр. Бір идеяның айналасына топтас­қан жүз елу мыңнан астам еңбеккердің мақсат-міндеті абырой биігінен төмендеп қалмай, қашанда компанияның атағын жоғары ұстау. Осы орайда елімізді әлем­дік талапқа сай, соңғы үлгідегі сапалы көлік мәшинесімен қам­тамасыз етіп отырған “Астана локомотив құрастыру зауыты” АҚ президенті Мейрамғали Тілеужановпен әңгімелесудің сәті түскен еді. – Мейрамғали Шөпшек­байұлы, елімізде локомотив құрастыру ісі қашан басталды? – Жасыратыны жоқ, Кеңес Одағы тарағаннан кейін темір жолды материалдық жағынан бір орталық­тан қамту үдерісі үзілді. Әр мемлекет өз күнін өзі көре бастады. Қайта құ­ры­­лымдалған темір жол саласында да көптеген техникалардың тозығы же­тіп, ескіре бастады. Оны сатып ала қоюдың да реті қи­ындап кетті. Ес­кі техни­каларды жамап-жасқай беру де жыл­жымалы құрамның қоз­ға­лыс қа­уіпсіздігіне зиян келтіріп жатты. Осы орайда Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен “жығылсаң – нардан...” дегендей, әлемдегі ең ірі локомотив жасайтын кәсіп­орындарды іздестіре бастадық. Оны мұхиттың арғы жағынан таптық. Ұзақ жылдарға арналған келісім-шарт жасастық. 2008 жылы көктемде тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш локомотив зауытының қадасы қағылды. Ал 2009 жылғы шіл­денің 3-інде республика Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев өзі салтанатты түрде тұсаукесер рәсімін өткізіп, мә­шине құрас­тыру зауытының еңбек­кер­лерін құттықтады. Біздің зауыттың құрылысы рекордтық мерзімде аяқталды. Соңғы технологиямен жабдық­тал­ған кең әрі ауқымды цех­тар­да жұмыс істеген зауыт еңбек­керл­ері ғана емес, оны тама­шалаған қонақтардың да жү­регінде “осындай зауыт сала алады екенбіз-ау” – деген мақтаныш сезімі ұялайды. Бүгінде зауытты Қазақстан инженериясының шынайы аван­гарды деп қысылмай айта аламыз. Металл өңдеудің, ауыр мәшине жасаудың озық техно­логиясы, түрлі ұлт өкіл­дерінен жасақталған инженер-мәшине құрастыру­шылардың командасы әлі де талай биіктерді бағын­дыра алады. – Осы зауыт туралы айтыл­ғалы бері ағылшынша “Evolutіon” деп сайраумен келеміз. Орыс­шасынан да жаңылмаймыз. Жаңа өзіңіз айтқан­дай, тәуелсіз еліміз­дің тұңғыш локо­мотив зауыты болғандықтан неге қазақша баламасын таппадыңыз­дар? – Мұныңыз өте орынды базына. Бірақ біз алдымен осы жобаны Америкадан атан түйе­дей қалап алғандықтан, оның бастапқы атын бірден жойып жібергіміз келіп отырған жоқ. Оның тағы бір себебі – аты әлемге танылған компа­нияның өнімі өзінің бренді. Сонымен бірлесе отырып, өз төл туын­дымызды шығара алсақ, сол кезде оны “Тұлпар” дейміз бе “Құлагер” дейміз бе, ыңғайлы ат табармыз. Әзірге “Evolutіon” қазақша айтқанда, бәйгенің басын “шаппай бер” деп тұрған компания. Осы орайда бұл техниканың басқалардан ерекшелігін айта­йын. Магистралдық жүк тепло­возы ТЭЗЗА “Evolutіon” басқа локомотив түрлеріне қарағанда, экономикалық жағынан тиімді және экология­лық жағынан барынша таза. Жылу отынын да аз тұтынады. Тепловоз кабинасы сани­тарлық-гигиеналық талапқа сай. Ауа­баптағышы бар. Ба­қы­лау және қорғау жүйесі микро­процессорлық ССА бағдар­ламалық аппарат кешенімен автоматты түрде орындалады. – Осы бесінші буынды тепло­воздың жылына қаншасы шыға­рылады? – Зауыт іске қосылғалы бері 16 локомотив құрастырылып, ТМД рыногына экспортқа шы­ғару үшін Ресей Федера­циясы темір жол көлігі серти­фикаттау регистрінің сарап­тауынан өт­кізілуде. Толық қуатында жұмыс істегенде зауыттың жыл­дық өнімі 100 магистралдық, 50 маневр­лік тепловозды құрайды. Биылғы жылы 30 данасын шығаруды жос­пар­лап отырмыз. Оның сегізі экс­портқа бағыт­талған. Келесі жылы 69 данасын шығаратын болсақ, оның 20-сы алыс және таяу шетелдерге ар­налмақ. 2014 жылы жүзге жет­кі­зе­тін түріміз бар. Ал, 2015 жылдары оған қосымша 50 маневрлік тепловоз құрастыруды жоспарлап отырмыз. – Қазір зауытта қанша адам еңбек етеді? – Зауытта жоғары білімді мамандар еңбек етеді. Мұнда конструкторлық және техноло­гиялық бюро бар. Мамандар “General Elektrіc Trans­portatіon” зауытында АҚШ, Мексика, Авс­тралияның басқа да компания­ларынан білік­тілік тәжірибесінен өтуде. Қазір негізгі жұмысты атқа­рып жатқан тепловоз қаң­қасын құрастыру цехының өзінде 104 адам еңбек етеді. 2014 жылға қарай кәсіпорында 700-дей адам жұмыс істейтін болады. – Үкімет тапсырмасы бо­йынша елімізде барлық кәсіп­орындарда қазақстандық үлесті ұлғайту шарасы жасалып жатыр. Осыған орай қандай жұмыстар атқарудасыздар? – Қазіргі уақытта біз отандық өнім өндірушілерді көптеп тарта бастадық. Со­ның бір көрінісі – жа­қында 35 отандық компа­нияның өкілдерімен жүзбе-жүз кездес­тік. “Локомотив құрас­тыру зауыты” АҚ “Шы­ғысмаш­зауыт”, “П­е­тропавл ауыр мәшине жасау зауыты”, “Пе­тропавл ауыр мәшине құрас­тыру зауыты” акцио­нерлік қоғамдарымен екі жақты ке­лісімдерге қол қойды. Отан­дық өнімдердің сапасы “General Elektrіc” компаниясы басшылығын да қанағат­тан­дырып отыр. Мысалы, Темір­таудың темірінен жасап шы­ғарған 30 тепловоз платфор­масына осыдан екі ай бұрын “General Elektrіc” компания­сынан сапасы өте жақсы деген сертификат алдық. Қазіргі таңда Қызыл­жардағы ауыр мәшине жасау зауытына ло­комотивке қажет бөлшектер жасатуға тапсырыс бердік. Оның жалпы бағасы бір млрд. теңгеден асады. Ал, бір жылдың ішінде Темір­таудан үш млрд. теңгенің темірін сатып алдық. Қысқа мерзімді бағдарла­маға орай, кәсіпорында отандық өнім өндірушілердің үлесін 2015 жылға қарай 52 пайызға жеткізуді межелеп отырмыз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. Астана. * * * КІТАПХАНАЛАР ДА ЕҢСЕ ТҮЗЕУДЕ Өткен жылдары қаладағы орталық кітап­ха­наның екі бірдей филиалы “Жол карта­сы”бағдарламасы бо­йынша күрделі жөндеуден өткізілді. Бұрын олар­дың жағдайы тіптен де қиын еді. Енді, міне орталық кітапхананың бас корпусына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле бастағанына үш айдан асып барады. Ал оған мұндай жөндеу жұмыстары жүргізілмегеніне 34 жыл болған екен. Алдында кітапхана филиалдарын жөндеуден өткізіп алған аталмыш мекеменің байырғы бас­шысы Бақжамал Башарханова бұдан кейін де ты­ным таппай өз дегеніне жеткен. Одан кейінгі жерде 23 милион теңге тұратын тендерді ұтып алған жергілікті “Бел-Каз” жауап­кер­ші­лігі шектеулі серіктестігі іске кірісіп кет­кен. Содан бергі мерзімде негізгі жұмыстар жүзеге асырылып үлгерілді. Кітапханашылар да бар жұмысты құрылысшылардың мойны­на арта салмай, жөндеу жұмыстары бары­сында кітап қорының аман сақталуы үшін оларға барынша қолқабыс, көмектерін көрсетуде. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей. * * * АГРАРЛЫҚ САЛАДАҒЫ ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ ТИІМДІЛІГІ ТМД аясында экономиканың аграр­лық секторындағы интеграцияны қалып­тастыру мен дамыту аса өзекті мәселе бо­лып отырғаны белгілі. Интеграциялық үде­рістің негізінде құрылған құрылым­дар­дың тәжірибесіне сүйенсек, олардың тұрақ­ты­лығымен, өміршеңдігімен және эко­номикалық тиімділігімен еркекшеле­тіні байқалады. Достастық елдерінің ұлттық эконо­ми­ка­сы жүйесінде ауыл шаруашылығы ІЖӨ құрылымында едәуір үлесті алатыны бай­қалады. Мысалы, Ресейде ІЖӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлес салмағы 2000 жылы 7,6 % болса, 2005 жылы – 5,2 %, ал 2008 жылы 4,5 %-ға дейін төмендеген. Қазақстанда сәйкесінше – 8,7 %, 6,5 %, 5,6, 6,5 %; Украинада – 9,6, 9,2, 8,6 % және Беларусь мемлекетінде 11,6%, 7,5 %, 8,3 % деңгейінде болған. Егер бұл саланың халықты азық-түлікпен, өндірісті шикі­затпен қамтамасыз ететінін ескерсек бола­шақта оны басымдықты дамыту қажет. Сонымен қатар, саланың әлеуметтік аспектілерін де атап өткен жөн. ТМД-ның көптеген елдерінде ауыл шаруашылығы басты жұмыс беруші сала болып табы­ла­ды. Мысалы, жаһандық урбанизация үдерісіне қарамастан, ТМД елдері халқы­ның көп бөлігі ауылдық аймақтарда тұ­рады және сонда жұмыс істейді. Мысалы, Қазақ­станның ауылдық аймақтарында халықтың – 43%-ы, ал Тәжікстанда 73%-ы тұрады. Ұлттық экономиканың дамуына ауыл шаруашылығының ерекше ықпал ететін факторларының бірі, ол – осы саланың мультипликативті әсер етуінде болып отыр. Мысалы, Ресейдің салааралық балансында­ғы мәліметтер бойынша, елдің ауыл шаруа­шылығы саласында 1 рубльге өндірілген өнім көлемі экономиканың мәшине жасау, химия, қазба байлықтар өндіру, көлік және байланыс сияқты басқа да аралас салалары өнімдерінің қосымша 1,16 рубль деңгейінде өндірілуін қамтама­сыз етеді. Сонымен бірге, ауыл шаруа­шылығында өндірілген әрбір миллион доллар өнім көлемі басқа аралас салада 23 қосымша жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді екен. Достастық мемлекеттері арасында экономикалық және интеграциялық бай­ланыстар дамығанымен, экономиканың аграрлық секторындағы үйлесімді жүйе әлі де толық қалыптаспаған. Сондай-ақ, ТМД елдерінің агроөнеркәсіп кешендерінің даму деңгейлері бірдей еместігі байқалады. Бір елдерде ауылшаруашылық және азық-түлік өнімдері өндірісінің салыстырмалы түрде жоғары екендігі, ал басқа елдерде азық-тү­ліктік ресурстарға және мал ша­руа­шылығы саласына арналған жем-шөп базасына деген тұтыну көлемінің едәуір бөлігі импорт арқылы толтырылатындығы байқалады. ТМД-ның аграрлық саласындағы интегация ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді үйлестіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және олардың эконо­микасының нақты секторындағы АӨК-ті әртараптандыру мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен қатар, аграрлық саладағы интеграция жаһанданудың теріс салдарын жою және ішкі рынокты сыртқы бәсеке­лестерден қорғауға септігін тигізеді. ТМД елдері орасан зор жер, еңбек және материалдық ресурстарға ие. Сон­дық­тан, олардың ауыл шаруашылығының негізгі өнімдеріне және сол өнімдердің өңделген түрлеріне деген қажеттіліктерді толық қамтамасыз етуге және әлемдік рынокқа сол өнімдердің экспортын ұйымдастыруға мүмкіндігі бар. ТМД елдерінің аграрлық саласының ішкі өзара қарым – қатынастарын жүйелі түрде дамытуда олардың аумағында әлі де болса өнім өндіруде тәуекелділіктің және өндірілген өнімнің өзіндік құнының жо­ғарылығын ескеру қажет. Мәселен, ТМД елдері ауылшаруашылық өнімдерінің ішкі тұтыну бағасын дамыған елдердің ұқсас тауарларының бағасымен салыстырғанда жоғарылығы байқалды. Достастық елдерінің аграрлық саласы­ның тұрақты дамуына Қазақстанның агроөнер­кәсіптік кешені оң әсерін тигізбек. Еліміз әлемнің басты аграрлық шикізат өндіруші 25 елінің қатарына кіреді. Сонымен қатар, ауылшаруашылық мақсатындағы, дәнді дақылдар және картоп егетін жер көлемі бойынша басты аграрлық шикізат өндіруші 10 елдің қатарында тұр. Сарапшылардың бағалауы бойынша, республиканың ресурстары халықтың қазіргі азық-түлікті тұтынуы көлемінен 3 есе артық өндіруге жетеді. Достастық елдер рыногында Қазақстан бір жағынан ауылшаруашылық өнімдері­нің сатушысы, екінші жағынан сатып алу­шы болып келеді. Елімізде ауылшаруашы­лық өнімдерінің негізгі экспортталатын түрі дәнді дақылдар болып табылады. Әлемде ТМД елдерінің ішінде Ресей, Ук­раи­на және Қазақстан астықтың ірі экс­порт­таушылары қатарында. Бұл елдердің 2000-2008 жылдар аралығында аталған ауылшаруашылық өнімінің ортақ экс­порттық әлеуеті әлемдік рынокта, 6%-дан 24%-ға жетіп 4 есеге артқан. Қазақ­стан­дық астықтың көп бөлігін Әзірбайжан, Беларусь, Ресей, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан, сонымен бірге, алыс шетелдер сатып алады. Ауылшаруашылық өнімдерінің өндірістік өңдеуден өткен түрлері бойынша экспорт көлемінің арту тенденциясы байқалады. Мысалы, 2008 жылы Қазақстан әлемдегі ұн өнімін экспортқа шығарушы ірі елдердің бірі болды. Еліміздің дайын кеспе (макарондық) өнімдерін экспортқа шығаруға да мүмкіндігі жоғары. Аграрлық саладағы интеграциялық үде­рістерді жетілдіру және астықты сатып алу бойынша сауда операциялары мен баға құру жүйесін оңтайландыру мақса­тын­да Қазақстан және Ресей 2009 жылдың басында ортақ сауда биржасын құрды. Құрылған “Еуразиялық сауда-саттық жүйесі” АҚ-тың 60%-ы ресейлік “РТС” ЖАҚ-қа, ал 40%-ы Алматы өңірлік қаржы орталығына тиесілі. Астық пен ұнның 90% өткізілетін Қазақстан-Ресей тауар бир­жа­сын құру интеграция жүйесінің тиімді­лігінің ұтымды нәтижесі болып табылады. Аграрлық саладағы интеграциялық үдерістер аймақаралық деңгейде де, ауыл­шаруашылық өнімдерін өңдейтін ортақ кәсіпорындар қызмет ететін шекарадағы облыстарда да дамуда. Мысалы, Ресейдің ТМД шекарасында жатқан 27 субъектісі­нің 11-і Қазақстан облыстарымен шекте­седі. Қазақстан мен Ресейдің шекаралық сау­дасы жалпы сауданың 70 %-ын құрайды. Қазақстанда ауылшаруашылық ком­пания­ларының негізгі қорларына жұм­салатын инвестициялардың жартысы астық саласына келеді. Соның нәтиже­сінде Украина, Беларусь және баска да ТМД елде­рінде активтері бар ресейлік ірі сауда-өн­дірістік компаниялары аймақара­лық аграр­лық компанияларды құру үшін қазақ­стандық активтерді де сатып алуға мүдделі болып отыр. Қазақстанда мұндай инте­гра­циялық бірігулердің оң тәжірибесі бар. Ресей, Беларусь, Қазақстан және Литва рыногында жұмыс жасайтын, негізгі қызметі астық өндірісі, оны сақтау, өңдеу және өткізу болып табылатын ресейлік “Настюша” компаниясының Қазақстанда 200 мың га егістігі, 12 ауылшаруашылық кәсіпорны, 16 элеваторы және 1 шошқа кешені бар. Қазақстан да өз кезегінде Ресейдің агроөнеркәсіп кешендеріне мүдделі. Мысалы, 600 мың га жер қоры бар, 500 мың тонна астық (көбінде 4-ші және 5-ші кластағы бидай) алатын, республи­ка­дағы 3 ірі астық өңдеуші компаниялар қатарына кіретін “Иволга-Холдинг” компаниясын айтуға болады. Компания құрамында Ресейдің (Орынбор, Челябі және Курск) 10 элеваторы қызмет атқарады. Интеграция негізінде басты астық өндіруші елдердің (Ресей, Украи­на, Қазақстан) альянсын құрған жағдай­да сыртқы рынокта дәнді дақылдарға жоғары баға қою мен олардың өзара бәсекеге түспеуін қамтамасыз етер еді. Достастық елдеріндегі интеграция­лық үдерістердің перспективалы бола­шағы ет-сүт өнімдері рыногына да қатыс­ты. Құс еті экспортын дамытудың жақсы болашағы Қазақстан, Ресей және Украинада бар. Қазақстан 2014 жылға қарай ет экспорты көлемін 64 мың тон­наға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Қазақстан 2009 жылы 900 мың тон­наға жуық таза салмақты ет өндіргені­мен, оның өндеуге жіберілгені 22% ғана. Ресей жылына 1700 мың тонна ет тұ­тынады, оның 700 мың тоннасы – сиыр еті. 2010 жылы 19 сәуірде Қазақ­стан және Ресейдің ауыл шаруашы­лығы министрліктері әріптестерінің мәжілі­сін­де Кеден одағы ережесіне сай ет және басқа да мал өнімдерін өткізу бой­ынша әкімшілік-ұйымдастырушылық жұмыстар жүйесін оңтайландыру мақ­сатында нақты жоспарлар жасалынды. ТМД елдерінің ет-сүт өнімдерін өндіру салаларын дамыту үшін бірыңғай интеграциялық саясат қалыптастыру қажет. Ол өз кезегінде ет-сүт өнімдерін өндіру және өткізу саясатын бірлесіп жүргізуге және өзара тиімсіз бәсекені болдырмауға мүмкіндік береді. Ресей, Қазақстан және Украинадағы құс етінің экспортының өсу қарқыны әлемдік экспортқа қарағанда жылдам артуда. Бірақ бұл елдердің ішкі рыногы әлі де болса импорттық өнімдермен толтыры­лады. Бұл жағдай экспорттың төмен дең­гейде әртараптан­дырылғанына бай­ланысты болып отыр. Соның салдары­нан еңбек өнімділігі және бәсекеге қабілеттілік төмендеп, өнімнің өзіндік құны артуда. Интеграциялық үдерістерді одан әрі дамытуда Кеден одағының құрылуы маңызды орын алады. Сонымен, ТМД елдері экономи­касының аграрлық саласындағы интеграциялық үдерістерді қалыптастыру мен дамыту еңбек өнімділігінің, өнім сапасының және өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің артуына, олардың ұлттық экономикасының тұрақты дамуына мүмкіндіктер береді. Алпысбай СЕЙДАХМЕТОВ, Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дің “Экономика” кафедрасының меңгерушісі, профессор. * * * ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАР ҚАРЫМЫ Маңғыстау мен Ресейдің мұ­найлы аймағы Түмен облысымен өзара байланыс жаңа қарқын алатын болды. Оған облыстың басшылары мен іргелі өнеркәсіп орындарының өкілдерінен құралған делегацияның Түменге ресми сапары кезінде қол жетті. Екі облыстың салалас өнеркәсіп орындарының арасындағы тікелей байланыстарды тұрақты түрде жолға қойып, сауда-экономикалық  және ғылыми ынтымақтастықты дамытуды мақсат еткен сапар сәтті өтті. Оның соңында Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Түмен облысының губернаторы Владимир Якушов ынтымақтастықты дамыта түсуге бағытталған хаттамаға қол қойды. Делегация мүшелері Түмендегі “Сибнефтемаш”, “ГазТурба­Сервис” ААҚ-та, Батыс Сібір мұнай және газ инновациялық орталығы мен Сібір ұлттық талдау орталығында, тағы басқа да өнеркәсіп орындарында озық технология, ғылым мен өндірістің өркенді тұстарымен жете танысып, тәжірибе алмасты. Бұл сапарда болашақта мұнай-газ кешендері үшін бірлесе мамандар дайындау жайы да сөз етіліп, Түмендегі қазақ диаспорасының өкілдерімен де кездесу әсерлі болды. Жоламан БОШАЛАҚ. Ақтау. * * * Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары Қазақстан Республикасының Үкіметі  www.government.kz Ішкі істер министрлігі www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі  www.eco.gov.kz Білім және ғылым министрлігі www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі www.mz.gov.kz Көлік және коммуникация министрлігі www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі www.enbek.gov.kz Қаржы министрлігі www.mіnfіn.kz Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі www.mіnplan.kz Әділет министрлігі www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет министрлігі www.sana.gov.kz Байланыс және ақпарат министрлігі www.bam.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі  www.mіnagrі.kz Экономикалық даму және сауда министрлігі www.mіnplan.kz Туризм және спорт министрлігі  www.mts.gov.kz Мұнай және газ министрлігі  www.memr.gov.kz Индустрия және жаңа  технологиялар министрлігі  www.mіt.kz Статистика агенттігі www.stat.kz