ЖЕТІ МЫҢҒА ЖЕТЕТІНДЕЙ ЖАҒДАЙ БАР
Өзгеге өнеге етіп ұсынар, үлгі етіп көрсетер ізденістер бар жерде өркенді істердің көп күттірмейтіні белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыста болған кезінде мұндағы жақсы істерді атап көрсетіп, болашаққа арналған нақты тапсырмалар бергеннен кейін орталық пен облыстың арақатынасында оң үрдіс орнығып, мұндағы жағымды жаңалықтарды басқа өңірлердің назарына жеткізу барысы Кереку жаққа келушілер қатарын көбейте түскендей. Жуырда ғана мұнда Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев болып, елді мекендерді цифрлы телевизия хабарларымен қамту жөнінде меморандумға қол қойса, жұма, сенбі күндері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова келеді деп күтілуде. Ал кеше Павлодарда “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов болды.
Басылым басшысы алдымен облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездесті. Былтырдан бері облыс әкімі шалғайдағы ауылдарды аралап, оларда қордаланып қалған ауыз су, жол, денсаулық сақтау, мәдениет, білім мәселелеріне жете көңіл бөліп келеді, әрі барған сапарларының қорытындысы ретінде облыстық әкімдікте жиылыс жасап, атқарылған істер жайлы нақты шешім, ұсыныстар тыңдауды әдетке айналдырды. Бұл айтылған сөздің жерде қалмай, біртіндеп іске асып орындалатынына негіз болуда. Кеше түске дейін облыс әкімі Бақытжан Әбдірұлы Баянауыл ауданының өсіп-өркендеуіне қатысты ауыл әкімдерін, аудандық құрылымдар басшыларын шақырып, осындай бір кең ауқымды жиын өткізіп шыққан беті еді.
– Әрине, мұндай сапарлардың қай ауданда, қай ауылда қандай мәселелер барын көзбен көріп, оның нақты орындалуына тигізер пайдасы зор. Бізге сенім артып отырған ауыл тұрғындарына берген уәделерімізді орындауымыз керек. Мысалы, Баянауылда туризмді дамыту жайлы бағдарлама, одан қалай пайда көру туралы, шағын бизнес қалай дамитыны жөнінде, өкінішке орай, әкімдіктер тарапынан әлі сөз болмай тұр. Шынында да, Баянауыл туризм кластерін дамытуға сұранып тұрған-ақ жер. Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғырдай көлдерімізді нағыз демалыс орнына айналдыруға болар еді, – деді облыс басшысы.
Осыдан кейін өндірісті өңір болған соң тақырып ауаны осылай қарай ауысты. Серпінді жобалар елдің даму, өркендеу бағытына қарай жол тартқаны белгілі. Елбасы Жолдауынан бастау алған маңызды міндеттердің бірі – елді Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасын лайықты түрде жүзеге асыру. Елімізді индустрияландыру картасына біздің облыстан 2014 жылға дейін құны 722,2 млрд. теңгені құрайтын 42 инновациялық жоба енсе, қазір бұл көрсеткіш 52-ге жетті, оның 29-ы биыл іске қосылатын болса, қазірге дейін 12 жоба жұмыс істеп тұр. Атап өтетін болсақ, Ақсу ферроқорытпа зауытында шикізатты өңдеуге бағытталған ферро-марганецтің сапасын жақсарту мақсатымен жылына қуаты 350 мың тонна агломерат өндіретін цех іске қосылды. Қазіргі уақытта зауытта екі инвестициялық жоба іске асырылуда: бірі – қуаты 1 миллион тонна болатын жоғары көміртекті феррохромды қайта өңдеу жөніндегі кешен болса, екіншісі – зауыт өндірісін басқарудың ақпараттық жүйесі. Жоғары маркалы болат және мұнай құбырларын шығаруға мүмкіндік беретін “KSP Steel” ЖШС өндірісті өңірдің экономикасына жаңа серпін берері сөзсіз. Бақытжан Сағынтаев басылым басшысын сонымен қатар облыс орталығында хлор және каустикалық соданы мембрандық әдіспен шығаратын өндіріс орны “Каустик” акционерлік қоғамы сияқты жобалар жыл аяғында пайдалануға берілетінінен де хабардар етті. Ал көптен бері жоғары деңгейде сөз етіліп жүрген Екібастұз ГРЭС-2-нің №3 энергия блогының құрылысы бойынша қазіргі күндері қаржыландыру мәселесі шешіліп қалды деуге болады. Құрылысы аяқталып, жаңа энергия блогы іске қосылған күні стансаның қуаты 500 МВт-қа еселеп артады. Сөйтіп, барлығы 1500 МВт болатын Екібастұздан тарайтын электр қуаты өз елімізге және Ресейдің біраз өңірлеріне тасымалданады. Ал, ең бастысы, маусым айында Елбасының қатысуымен тағы да бір жоба – “Қазақстан электролиз зауыты” акционерлік қоғамының екінші кезегі іске қосылды. Бұл зауыттың біздің өңір, жалпы еліміз үшін орны бөлек. Бұл бастапқы алюминий өндіретін отандық қанатты металл өндірісінің жылдық көлемі енді 250 мың тоннаға жеткізіледі деген сөз. Бүгінге дейін зауыт жылдық қуаты 125 мың тонна таза алюминий шығарып келген еді. Сондықтан Павлодарда өндірілетін алюминий Еуропа елдеріне белгілі болып, таныла да бастады. Былтыр Лондон биржасы қазақстандық қанатты металдың сапасын бағалап, оны өздерінің сауда-саттық нарығының тізіміне тіркеуге алды.
Газет басшысы мен облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев арасындағы әңгіме барысында облыс бойынша жылдан-жылға “Егеменнің” оқырмандар саны да көбейіп келе жатқаны айтылды. Мысалы, 2000 жылдармен салыстырғанда көш ілгерілеу байқалады. Дегенмен, қазақ ауылдары баршылық Баянауыл, Май, Лебяжі, Ақтоғай аудандары және өндірісті қалалар – Екібастұз бен Ақсу ел газетіне жазылуда соңғы бір-екі жылда белгіленген межелерінен қалып отырғандығы өкінішті. Сөздің тиегі тағы да қалың қазақ отырған Баянауылға барып тірелді. Бұл ауданның өзге ұлт өкілдері аралас тұратын басқа аудандарға үлгі болатындай-ақ жөні бар. Солай болады деген сенім білдірілді. Тегінде, облыста еліміздің бас газетінің таралымын жеті мыңға жеткізердей жағдай бар деп ойлаймыз.
Түстен кейін Сауытбек Абдрахманов облыс орталығындағы мемлекеттік педагогикалық институтқа келді. Оқу орнының кең залында газет басшысы студент қыз-жігіттерге жалпы еліміз қол жеткізген жетістіктер, келелі өзгерістер барысына тоқталып, алда келе жатқан дүбірлі оқиға – Астана Саммитінің мән-маңызы туралы әңгімелеп берді. Оқу орнының оқытушылары институтқа Мәшһүр Жүсіп бабамыздың есімін беру жөніндегі өз ұсыныс-пікірлерін де жасырып қалмады. Кездесу екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде өтті, басылым басшысы жастардың ойлы сұрақтарына риза болып, олардың көрегендікпен, білімділікпен қойылған әрбір сұрағына тыңғылықты жауап беріп отырды. Екі сағатқа созылған, соның өзінде бүгін шетелдік іссапарға шығуға тиісті қонақтың Астанаға жүруі керектігіне байланысты шегеруге тура келген кездесудің соңында оқу орнының ректоры Жанмырза Нұрмағанбетов сөз сөйлеп, институттың оқытушылары да, студенттері де ел газетін жылдағыдан көбірек жаздырып алатындарына сенім білдірді, газет ұжымына тың табыстар тіледі.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.