Еліміз егемендік алған күннен бастап, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев халқымыздың әл-ауқаты мен еліміздің әлеуетін арттыруға үлкен мән беріп келеді. Сонымен бірге, ұлтаралық бірлік пен ынтымаққа әркез айрықша назар аударып, береке бастауының мықты болуын қадағалаудан шаршаған емес.
Шынында да, кез келген елдің гүлденіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы үшін бірінші кезекте бірлік пен ынтымақ керек екендігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан ата-бабаларымыз ерте заманнан-ақ елді бірлікке шақырудан танбаған. Біз бүгінде ата-бабаларымыздың өсиетіне адалдық танытып келеміз. Біздің аудан халқы еліміздегі басқа аудандар тұрғындары саны жағынан ең көп екендігі белгілі. Ауданымызда 300 мыңдай халық тұрады. Береке-бірлікті негіз тұтқан 50-ден астам ұлт өкілдері мекен етеді. 5 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар ауданда өткізілетін әр алуан іс-шараларға белсене атсалысып, азаматтық бағыт-бағдарына сай адалдықтың үлгі-өнегесін көрсетуде.
“Нұр Отан” ХДП Мақтаарал аудандық филиалы бүгінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан-2030” стратегиялық бағдарламасынан туындайтын келелі міндеттерді шешуге өз үлесін қосу үстінде. Мәселен, “Жол картасы” бағдарламасына сәйкес бірқатар істерге атсалысып үлгерді. Осы бағдарламаға сай ауданда 4 орта мектеп, 4 аурухана, 7 жол, “Таза су” бағдарламасына орай 43 ауыз су жүйесі жобаға еніп, аяқталған құрылыс нысандары ел игілігіне жұмыс жасауда.
Соңғы жылдары “Нұр Отан” ХДП жұмысына халықтық сипат беру мақсатында бақылау бекеттері құрылып, тиімді істер атқаруда. Атап айтқанда, “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратының жұмыс кестесіне сәйкес аудандық бақылау комиссиясының кеңейтілген мәжілісі болып өтті. Оған “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ұ.Сәдібеков, облыстық филиалдың партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ш.Жамалбеков, “Нұр Отан” ХДП аудандық, қалалық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары мен партиялық бақылау комиссияларының төрағалары, аудан әкімі Серік Тұрбеков, мәслихат депутаттары, мердігер мекемелер мен қоғамдық ұйымдар басшылары және партиялық бақылау бекеттерінің төрағалары қатысты.
Мәжілісте “Жол картасы” бағдарламасының орындалу барысы жайлы аудан әкімінің есебі тыңдалды және жан-жақты талқыланды. Сонымен бірге, аудандық филиал партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Н.Әліпбековтің “Жол картасы” бағдарламасы аясында салынып жатқан нысандарға бөлінген мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуы және құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуі жөнінде ақпары тыңдалды.
Сондай-ақ аталған бағдарламаның орындалуы бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, сындарлы баға берілді. Сынау ғана емес, орын алған кемшіліктерден қорытынды шығару, олқылықтарды болдырмау жолдары іздестірілді.
Бір айта кететін жәйт, нұротандықтар саламатты өмір салтын насихаттауға тиянақты көңіл бөліп келеді. Соның бір дәлеліндей, жуырда облыстағы партия филиалдары командалары арасында волейболдан жарыс ұйымдастырылды. Жарыс қызықты өтті. Нәтижесінде Түлкібас ауданы партия филиалының командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Мақтаарал, үшінші орынға Шымкент қаласы партия филиалдарының волейболшылары көтерілді.
“Нұр Отан” ХДП аудандық филиалы, сонымен бірге, “Әлеуметті қолдау – әлеуетті қолдау” қамқорлық акциясын тыңғылықты өткізді. Асыраушысы жоқ жалғызілікті қарияларға, әлжуаз отбасылары мен ата-ана қамқорлығынан айрылған ұл-қызға ұн, макарон, май өнімдері таратылды. Аудандық филиал тізгін болған осынау шара жергілікті кенттер, ауыл әкімдіктерінде жалғасты.
Әрине, мұндай шараларға іскер азаматтар қолұшын беріп жатса, нұр үстіне нұр екендігі баршаға аян. Мысалы, қамқорлық көрсету акциясына “Нұр-Ел” қоғамдық қорының президенті, қоғам қайраткері Оңалбай Аяшев басты демеуші болды.
Бүгінде “Нұр Отан” ХДП аудандық филиалы игілікті істердің басы-қасында жүр. 10 мыңға жуық мүшесі бар, 27 бастауыш, 227 партиялық топқа біріккен іргелі ұйым алдағы уақытта да елдік және бірлікке бастайтын іс-шараларға ұйытқы бола бермек.
Әбдіманап БАЙДУЛЛАЕВ, “Нұр Отан” ХДП Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Оңтүстік Қазақстан облысы.