Күні кеше фәниден озған Мейірбек Ақынбеков – сатирик, аудармашы, журналист еді. Ол Оңтүстік Қазақстан облыстық және аудандық газеттерінде, республикалық “Сұхбат” газеті мен “Денсаулық” журналында жұмыс істеді. Республика баспаларынан лирикалық, сатиралық, балаларға арналған жыр жинақтары мен аударма кітаптары жарық көріп, өз жырлары орыс, өзбек тілдеріне аударылған.
“Сөз сойыл” әзіл-сықақ отауының белсенді авторы бола жүріп, “Егемен Қазақстан” газетінің Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлдегері болған Мейірбек Ақынбекұлының дүниеден қайтқанына бір жыл толып отыр. Бүгін біз марқұмның көзі тірісінде редакцияға жолдаған біраз әзіл-оспақтарын жариялауды жөн көрдік.
_____________________
Сатира саңлағынан сарқыт
ӘПӘНДИРОВКА
Әйелі күндегіше қуырып отыр,
Күйеуінің күлін көкке суырып отыр,
– Бетім-ай,
Байдан бай таңдаппын,
Сөйтіп жүріп,
Сен масылды қайдан таптым,
Құрайық деген соң отан
Болар деп майшелпегім,
Бұйдалы ботам,
Көне саппын.
Сөйтіп, “жалынды махаббатыңның”
Алғашқы отына “өле саппын!”
Сөйткен байымның бар байлығы-айлығы,
Сырттан табар май, шайлығы!
Әкелер қойы, қазысы.
Міне, осы бар бітірген мәз ісі.
Әйтеуір күн көріп отырмыз.
Шынын айтқанда қатарымыздан қалып,
Күнде “өліп отырмыз”.
Болмаса анау өзіміздей
Итемгеннің “волгасы бар”.
Жоғарымен әмпей “жорғасы” бар.
Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болар,
Жан-жақтан мықты жолдасы бар.
Әйелінің кигенін көрсең,
Жалт-жұлт етіп жүргенін көрсең,
Асылып өлгің келеді.
Сол Итемгенге Күшікгүл болып
Бас ұрып, өлгің келеді.
Әй, маубас!
Бүйтіп еркек болғанша,
Шөлде қаңғып, тауды ас!
Тасбақа тер, жылан сау,
Сөйтіп жүріп өл,
Көз жасым болмас көл,
Саған вниманием нөл! – деді.
Содан кейін де “жаушабар”
Талай сөз өрледі.
Еркегі жиылды, киінді.
Бар айтқаны:
– Кеттім! – деді, –
Түбіме жеттің! – деді.
– Қайда кеттің?
– Әпәндировкаға!
Яғни, басы ауған жаққа!
...Ал, ағайын бүгінде
Түзде нарық қысқан,
Үйде әйелі жүрегін жарып қысқан,
Еркекте ес қалды ма?
Оның алыстағыны арқалап,
Жақындағыны дорбалап тасығанын
Көр сезім әйелі еске алды ма?
Күнде ығыр мыжыңнан
Құлақты жер ызыңнан
Кім де болса сасыпты.
... Ал бұл жерде жөн болғаны
“Пәледен машайық қашыпты!”
ӨСЕКНАМА
Өсек о баста –
Әлімсақтан таралған.
Нағашысы – Өтірік
Бауырына басып баулыған.
Бірде ол:
– Жиен, – деген, –
Сен үшін отқа түсіп күйем, – деген, –
Бір дорба бата берем,
Соны өмір бойы іске асырсаң,
Әрдайым жаным риза болып,
Оң жамбасыммен жата берем!
– Айта қойыңыз... Сол батаңыз...
– Алдымен шындықты
Зеңбірекпен атамыз!
Гүлі түгілі күлі қалмасын,
Жер бетінде шындықтың
түгі қалмасын,
Орнына өзіңді себеміз.
Қаулап өсесің,
Лаулап өсесің,
Өнбейтінді өндіріп,
Даулап өсесің!
Сөз атаның балаларының ішінде,
Өзіңше бір түр боласың.
Қысқасы, айдай әлемге,
Жалғыз өзің пір боласың!
Жаныңа желдіртіп желсөз келеді,
Жайтаңдап жағымпаз келеді.
Елбеңдеп екіжүзді келеді,
Салып ұрып сатқын келеді.
Тұқымдас туыстарың ғой,
Оларды сыртқа теппе,
Өйтсең айтады өкпе!
Бәрін іске қос,
Сөйтіп артын тос,
Ал содан қызық басталады.
Алдыменен айналаңның бәрі
“Пыс-пыс” деп жанады.
Онан соң “мыс-мыс” деп жанады,
Тұрған маңың түп-түгел өрт болады,
Өлмей құтылмайтындай дерт болады.
Міне, осы кезде
Менің атым “Өс-е-ек” – деп,
“Тұлғам – кесек!” – деп
“Гу-у-у-ук, Пыш-ш-ш-ш!” деген пойызға мін де,
Жаңа орынға тарт.
Иә, өстіп жұмысың алға тарта берсін,
Мәртебең арта берсін,
Аумин! –
Деп бата берді
Нағашысы Өтірік,
Аузы көпіріп.
* * *
Содан бері Өсек өңмеңдеп жүр,
Қадала кетер шөңгең боп жүр.
ТҮСІНІКТЕМЕ СӨЗДІКТЕР
Екіжүзді – найсап пен нақұрыстың жиені.
Өсекші – жел сөздің желкен көтерушісі.
Өтірікші – шындықтың қырманына өрт қоюшы.
Мақтаншақ – көпіршік сабын.
Еріншек – “ертеңі” таусылмас ертегіші.
Жалқау – құдайдан дәметкен қайыршы.
Маскүнем – ішкіштер қосынының байырғы сарбазы.
Қарабет – ар-ұяттың әрі бетіне жұқпайтын жан.
* * *
ӘЙ, ЕСІТТІҢ БЕ?
Бір-бірімен жалғас отырған көршілерден ду етіп сөз шығып, ауладан-аулаға түрленіп, лауылдап ұзай берді. Ол мынадай еді...
– Есіттің бе, Дабыл Әбілмен сөзге келіп қалыпты.
– Апырай ә, Дабыл оның жағасын жыртпаса жарар еді.
– Әй есіттің бе, Дабыл Әбілмен ерегісіп жағасын жыртыпты, мас болуы керек шамасы. Бір нәрсемен ұрып жарақаттамаса игі еді...
– Әй есіттің бе, Дабыл Әбілмен жанжалдасып жағасын жапалақтың жүніндей жұлыпты. Удай мас екен, жан қалтасынан бәкі алып, Әбілді бала-шағасымен шулатып, үйді айналдыра қумаса нетті. Оның сондай әдеті бар.
– Әй, есіттің бе, Дабыл өлесі мас болып, Әбілмен төбелесіпті. Жағасын дар-дар айырыпты. Қонышынан кездік суырып алып, бала-шағасымен дүрліктіріп үйін айналдыра қуыпты. Мінезі тентек еді, апырай, қуып жетіп Әбілге кездік салмаса...
– Әй, есіттің бе, Дабыл дупль мас болып, Әбілдің жағасын өрім-өрім етіпті. Бала-шағасымен қосып үйін айналдыра зырқыратыпты. Қуып жеткенінде бір-бір пышақ сұғып алған да, Әбілге төрт рет қадаған. Ер азамат қыршын кетпесе жарар еді...
– Әй, есіттің бе, Дабыл мастықтан арыстандай ақырып, көршісі Әбілге жетіп барыпты. Жағасын дал-дұл етіп, мойнынан қылқындырыпты. Отбасымен дүрліге қашқан Әбілді үйін айналдыра қуыпты. Төс қалтасынан төрт елідей жүзі бар қанжар шығарып, жеткендерін шала-жансар етіп сойып тастапты, ал Әбілдің басын кесіп алыпты!.. Бір боздақ қыршын кетті-ау...
– Не дейді-әй, Әбіл өліп пе... Бауырым-а-а-ай! Бауырым-а-а-ай!.. Арманда кеткен бауыр-р-ем! Қыршын кеткен бауыр-р-ем!
Ой-бо-о-о-ой! Үй-бо-о-о-ой! АҺ!.. ҮҺ!..
Бұл сұмдық хабар Дабыл істейтін мекеменің бастығы Пүшәйт Елпілдековке де жетті. Жаратылысынан түсі сұсты, көрінісі гүжбен Дабыл жайлы осы жігіт дөкір-ау деп ойлайтын. Мына оқиға бастықтың ойын тым шүбәсіз етіп жіберді. Бәрібір жұмыс орнынан сұрайды ғой деп полициядан хабар келмей тұрып-ақ мінездеме жазып үлгірді.
Мінездеме
Дабыров Дабыл этикадан хабары жоқ, дөрекі. Жұртпен тіл табыса алмайды. Қай жұмыста жүрсе де артынан айқай-шу еріп жүреді. Кәмілов Әбілдің үйіне есінен тана мас болып барып ерегіскен. Жағасын шұлғаудай дар-дар айырған... Беліне айбалта қыстырып барып, отбасымен дүрліктіріп, он рет үй айналдыра қуған. Қолына түскен бала-шағаның сирағын кескілеп, Әбілдің басын шорт шауып алған. Сөйтіп, жұрт көрсін деп қақпа басына іліп қойған. Мұндай қанішердің жазасы...
Тоқта, тоқта, мынау не қылған жазу. Елпілдеков жұма күні хатшы қыз берген үстел үстіндегі бір қағазға үңілді.
“Қымбатты Әбіл!
Жексенбі күнгі кешкі сағат 7-де менің туған күнімді атап өту кешіне кел!
Көршің Дабыл”.
Не дейді?.. Бұл шақыру хаттың астында өзіне, мекеме қызметкерлері Әлімге, Сәлімге, Әділге, Сәділге... тағы басқаларға жазылған шақыру хаттары жатыр екен. Еһ, мен жігіттерді ұйымдастырып бастап баруым керек еді... Бұл хаттар қамаулы қалып, ешкімге таратылмаған екен ғой! Бүгін дүйсенбі...
...Кейін анықтаса, хабарсыз жұртты Дабыл үйме-үй жүріп өзі айтқан. Бірінші көршісі Әбілдің жабық қақпасын ешкім дыбыс бермеген соң қатты-қатты қаққан, атын айқайлап шақырған. Телевизор қызығымен отырып алғаш дыбысты аңғармаған Әбіл кейін бала-шағасымен дүр етіп үйден аулаға шыққан. Екі көрші қатты қауқылдасып амандасқан. Бір-бірінің иықтарын қағып қолдарын сілкілескен. Құрдас, әрі етене достар құшақтаса төс түйістірген. Дабыл дастарқан жайып, көптен күтіп отырғандығын айтып шамалы назбен өкпелеген. Міне, осы дауыстарды естіп, қақпаны Дабылдың қайта-қайта соққанын, құшақтасқандарын көрген көршілердің одан соңғы әңгімесі “Әй, есіттің бе!..” болды.
Мейірбек АҚЫНБЕКОВ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
* * *
Өтпелі кезең хикаялары
АЛАШАҚ, БЕРЕШЕК...
Құрақбай құрдасымның алғашқы дағдарыс жылдарында тапқан-таянғаны тамаққа, алғаны ішер асқа, қалғаны тұрмыстың түйінін тарқатуға жетпей қиналған шағы-тұғын. Айналайын банктер, сол кезде халқының қамын қамдап несиенің неше түрін шығарды ғой! Олар да өзара бәсеке ме, қалай, дереу “Пайызы төмен несие алың!”, “Пайызсыз несие алың!” деп жағы талғанша жарапазан айта жарнамалап, тіпті үйме-үй аралап, “ал да алдың” астына алып, несие ақшаны алақанына салып, талайды нарықтың қыспағынан құтқарғандай болған.
Үйіне өзі әкеліп беріп тұрған банк несиесіне мәшине де, үй де, жауһардай жайнаған жиһаз да, не керек, қысқасы, ең қажет дегенін сатып алып, “шала байып” қалғанымен, бұл күнде “несиенің де берекесі шамалы екен” деп отыр, құрдасым. Қиналған сәтте үйіне келген банк өкілінің меселін қайырмай, несиенің түрін ала берген құрдасым, енді банкке де өкпелі.
Қолында несиеге алған ақшасы бар кезде Асабайға алпыс мың, Жетібайға жетпіс мың беріп, мырза атағына жетіп қалған-тұғын. Сөйтсе, өзінен қарыз алып жүрген әлгілер де қарап жүрмеген екен. Олар да біреуге қарыз беріп, өздері де біреуден қарыз алған екен. Енді арада жылдар жылжыған кезде біріне бірі берешек, бірінен бірі алашақ.
Өзінің дәл бүгінге, несие пайызын қайтаруға дәрмені болмаған соң, көршілері Есеннен елу мың, Адақтан алпыс мың алып, банктегі несие қайтарымын жауып отыр.
Қазір көршілерінің бәрі де біріне бірі қарыздар. Құдайға шүкір, әзірге жоқ арыздар! Соңғы кезде оның есебі тек қана бір Аллаға аян. Бастапқыда алған қарызы мыңдап саналса, кейіннен дөңгелене, дөңгелене он мыңдап, қазір жүз мыңдап есептелетін болды. Оның үстіне күн санап құнсызданатыны тағы бар. Оны құндандыра қайтаратын да парыз бар.
Құрақбай көршілері Алғиға алпыс мың, Желбиге жетпіс мың қарыз ақшасын қайтарып берсе, есесіне құрдасыма Жүгембай жүз мың, Тоқбай тоқсан мың берешек, алашақ болып Құрақбай да борышкерлер өткелінен өйтіп-бүйтіп өтіп келеді-ау, әйтуір!
Несие қайтаратын жылдың мерзімі де жеткізіп болмайтын ұзақ, әлі он жыл бар.Тек құдай сақтасын, біріне бірі қарызданып жүріп, әлгілер о дүниеге...
Аталық ӘБДЕШҰЛЫ.
Маңғыстау облысы.
* * *
Ауылдың айтқыштары
Белгілі айтыс ақыны Серік Құсанбаевтың облыстық “Дидар” газетінде қызмет істей бастағанына үш-төрт жылдың жүзі болса керек. Серіктің зайыбының есімі де Дидар екенін көпшіліктің біле бермеуі әбден мүмкін. Газетке алғаш орналасқан тұста түрлі қызықты оқиғалардың да кезіккенін ақын күле отырып әңгімелейді.
– Бірде үстеліме келіп жайғаса бергенім сол, – дейді Серік Сәдуақасұлы, – телефон шыр ете қалды. Трубканы құлағыма тосып, “аллоу” демеймін бе.
– Дидар ма? – деп гүж етті ар жағынан біреу. Сасқанымнан үйдегі әдетпен:
– Жо-жоқ, Серік! – дегенім бар емес пе.
* * *
Серіктің сол қолының бір саусағы жоқ екенін жақын жүрген адамдар болмаса, басқа жұрт аңғара бермейді. Біраз жылдар бұрын Көкшетауда өткен Көкен Шәкеевті еске алуға арналған ақындар айтысында маңғыстаулық Нұрлан Мұсаевтың бағасын берерде белгілі ақын Баянғали Әлімжанов сан жазылған тақтайшадан жаңылып қалып:
– Он ұпай, он, он! – деп екі қолын көтере беріпті.
Соңынан әлгі жас ақын былай деп әзілдеген екен:
– Әлгінде мені құдай сақтады. Баянғалидың орнына Құсанбаев қол көтергенде мен небәрі тоғыз-ақ ұпай алған болар едім...
* * *
Күршімдегі белгілі кәсіпкер Жолымхан Нұрымовтың қыршаңқы тіркестері мен ұтқыр әзілдерін естіген адамның бұл азаматқа одан әрі тәнті бола түсетініне күмәніміз жоқ.
Жолымхан бірде өзімен көрші тұратын архивтің директоры Мейірхан Құсмановтың үйіне бас сұқса керек. Мекең түскі шайдан соң теледидар көріп жатып қалғып кеткен көрінеді. Өмірі шешпейтін галстугі мойнында, көзілдірігі жарқырап ұйықтап жатқан құрдасын оятпастан шығып кеткен Жолымханға біраздан соң Мейірханның өзі телефон шалыпты:
– Әй, Жолымхан, сен маған келемін деп едің ғой! – дейді ол даңғырлап.
– Баруын бардым, Меке, – деген екен сонда Жолымхан, – бірақ, сен мавзолейдегі Ленин құсап жатыр екенсің, оятуға бата алмадым...
Хасен ЗАКАРИЯ.
Шығыс Қазақстан облысы.
* * *
ЖҰМЫСТАҒЫ ЖҰМЫР СӨЗ
Бір мекеменің мәжілісқұмар басшысынан біреу:
– Бүгін қандай басқосу бар? – деп сұрағанда:
– Екі өндірістік жиналыс, төрт салтанатты мәжіліс және бір митинг, – дейді ол.
– Апырай, осы қисапсыз жиналыс, мәжіліс дегендер сіздерді қалай жалықтырмайды? – деп сынай қарағанда:
– Бұл сын-ескертпеңізді арнайы жиналыста талқылайық, бауырым, – депті сонда мәжілісқұмар бастық.
* * *
– Ал құттықтаймыз! Дегенің болып, бастықтың оң қолы болып шыға келдің!
– Оң қолы болуын болдым-ау, неғып байқамағаным, басекең солақай екен!..
* * *
Бір жалқау сан түрлі сылтау айтып, күнде жұмыстан ерте кетеді екен.
Бір күні ол бастыққа келіп:
– Үйге қайтуға рұқсат етіңізші. Біз қоныс аудармақшы едік, әйеліме көмектесуім керек, – деп сұраныпты.
– Жібере алмаймын, – дейді бұдан әбден ығыр болған бастық. – Өйткені, жаңа ғана әйелің телефон соғып, “жерден сынық қурай көтермейтін ол көк жалқаудан көк тиын пайда жоқ, босатпай-ақ қойыңыз, жұмысын істей берсін” деді.
Сонда жалқау күліп жіберіп:
Өтірікші мен ғана ма десем, сіз де қалыспайды екенсіз-ау, мен бойдақпын ғой! – депті.
Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.