Бәрекелді!
Биылғы жылдың қара дауыл соққан 8 қыркүйегі күні облыс жұртшылығының есінде: “Өрт, орман тағы да өртенді”, деген бір ауыз суық сөзбен қалды. Ала жаздай қапырық ыстықта шырт етпеген Шалдай ормандарына әдейілеп шырпы тигізгендей от-жалын лап ете түсті. Орманды алқаптың 6 мың гектардай жері жанып кетті. Қалың ағаш шетінде бейқам отырған ауылдар дауылды күні қарадай әлекке түсті. Суық хабар жетісімен-ақ, жан-жақтан көмек келіп үлгергенше, аудан әкімі Сапаркелді Смағұлов өрт жалыны лаулап тұрған Шалдай ауылында жедел кеңес өткізді. Аудандық әкімдікке қарасты билік құрылымдарын орман өртін сөндіруге, ауылдағы бала-шаға, ел-жұртты аман-сақтап қалуға жұмылдырды. Өзі де кабинетін жауып, күні-түні өрт сөндіруге келген жұртпен бірге жүрді. Шарбақты ауданы ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Дәулет Қасымовтың айтуынша, сол күнгі алапат апат шалғайда отырған ауылдарға оңай соққан жоқ, тұрғындар қатты қорқып қалды. Ал Бәйімбет ауылындағы кейбір отбасылары дүлей желден шығуға жасқанды ма, әлде ормандағы өрт ауылға жете қоймас деп ойлады ма, аудан әкімі бастап, өрт сөндірушілер келген кезде барып, апыл-ғұпыл жинала бастаған көрінеді. Сол жерде ауылдың 25 тұрғынын жеделдетіп өздерінің қызметтік көліктеріне отырғызып, бірінен соң бірін Шоқтал ауылына жібереді. Үш айлық сәби түтіннен тұншыққан соң, бетін су орамалмен жауып алып кетуге тура келіпті. Өрттің жалынынан сескенбей, әкім бастаған топ асығыста үйлерінде адамдар қалып қойған жоқ па екен деп ауылға қайта оралды. Адамдар өміріне қауіп төнген уақыттағы және табиғи апатқа тап келген кездегі бұл әрекеттерін әкім де, полиция қызметкері де, өрт сөндірушілер де өздерінің қызметтік, азаматтық борышымыз деп санады. “Ол кезде ойланып тұруға мұрсат та болған жоқ, біз әрқайсымыз қауіп-қатердің ортасында жүріп осыны ұқтық. Көмектеспесек ауылға енді кім көмек береді деген ой ғана болды санамызда”, – деп еске алды сол қысылтаяң шақты Д.Қасымов. Облыстан, Астанадан жедел көмек келіп жеткенше екпіні қатты аласұрған желдің өтінде жүріп, лаулап көтерілген өрт кезіндегі ер-азаматтардың басты мақсаттары осы еді. Үш күннен соң, күзгі жиын-терін алдында ауылдардың тыныштығын кетірген алапат өрт те басылды. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың басшылығымен жан-жақтан көмек жетті. Ауылдар ес жиды. Оқыста апаттан қаза болған марқұмдарды жерледі. Жуырда еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко арнайы келіп, өрт кезінде қырағылық, қажырлылық көрсеткен өрт сөндірушілерге, басқа да адамдарға “Құтқару операциясына белсенді қатысқаны үшін” төсбелгілерін тапсырды. Бұл адамдардың қатарында Шарбақты ауданының әкімі Сапаркелді Смағұлов, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Дәулет Қасымов та бар. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Кеше