09 Қазан, 2010

Қажетті заң жобалары қаралды

439 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Назарбаев Университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның отырысы болып өтті. Оған Қоғамдық палатаның мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Үкіметтің, Білім және ғылым, Қаржы министрліктерінің, ғылыми орталықтардың, холдингтердің өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. Отырысқа Мәжіліс Төрағасының орынбасары, Қоғамдық палатаның төрағасы Владимир Бобров жетекшілік етсе, мәжіліс барысында “Ғылым туралы”, “Назарбаев Университеті”, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” және “Назарбаев Қоры” мәртебесі туралы” заң жобалары қаралды. Алғашқы болып баяндама жа­­саған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов еліміздегі білім саласын қаржыландыру мә­селесі жыл сайын оңтайланып келе жатқанына, 2000 жылдан бері осы бағыттарды қаржыландыру жүйесі 5 рет қарастырылғандығына ерекше тоқталды. Білім беру қызметкер­­ле­рі­нің әлеуметтік жағдайларын жақ­сарту арқылы олардың өз қызмет­­теріне деген ынталарын арттыру жол­дары да уақыт өте келе дұрыс ше­шім тауып келе жатқандығын тіл­ге тиек етті. Басқа да білім сала­сына қатысты мәселелерді баяндай келе, осы саланы қаржыландыру кө­леміне әлі де болса басымдықтар бе­рілуі тиіс деген ой білдірді. Қазіргі уақытта “Ғылым тура­лы” және “Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы” заңдар мемлекеттік ғылыми-техникалық және инновациялық саясаттың негіздерін реттейтін заңнамалық актілер болып табылады. Есте­рі­ңізге сала кетсек, “Ғылым туралы” Заңның жаңа редакциясы Парла­мент­тің төртінші шақырылымының 2009 жылғы қыркүйектің 1-індегі ІІІ сессиясының ашылуында және 2009 жылғы қыркүйектің 4-індегі ғылым мәселелері бойынша өткен кеңесте Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау қажетті­гіне негізделеді. Сондықтан да бұл заңның маңыздылығын ескере отырып, заң жобасының түйіндерін ортаға салып талқылау аса қажет. Өйткені, бұл білім сапасының жақсаруына әсер ететін бірден-бір фактор болмақ. Ал “Назарбаев Университеті”, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” және “Назарбаев Қоры” мәртебесі туралы” заң жобалары Мемлекет бас­шысы Н.Назарбаевтың Қазақ­стан халқына 2006 жылғы “Қазақ­станның әлемдегі бәсекеге барын­ша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы” және 2010 жылғы “Жа­ңа онжылдық – жаңа эконо­ми­­калық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жол­­да­уына сәйкес әзірлеген болатын. Аталған заң жобаларына сәйкес елі­міздегі білім беру саласына қа­зіргі заманғы басқару нысандарын енгізу, мектептердің инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларын іске асыру үшін қажетті академиялық еркіндік пен дербестікті дамыту, жас ғалым­дарға жағдайлар жасау, оларды әлемдік ғылым бәсекесіне бейімдеу сынды көкейкесті мәселелер қызу талқыланды. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.