Тарихы 1930 жылдан бастау алатын 44859-әскери бөлімі алғаш рет №42 қойма ретінде құрылды. 1947 жылы әскери қойма 175-ші округтік артиллериялық оқ-дәрі базасы болды. 1969 жылдан бастап оның мәртебесі өсіп, оған жаңа штат, жаңа міндет және жаңа атау берілді. Бөлім әскерлерді зениттік, жедел-тактикалық ракеталармен және алуан түрлі оқ-дәрілермен қамтамасыз етуге, өнімді зауыттардан қабылдап алып, әскери қоймаларда сақтауға, оны жөндеп, жинастырып, техникалық қызмет көрсетуге арналған.
Ұлы Отан соғысы жылдарында және Ауғанстан Демократиялық Республикасына интернационалдық көмек көрсету кезеңдерінде әскери бөлімнің атқарған рөлі зор.
Тоқсаныншы жылдардың басында кеңестік держава ыдырады, оның салдары қорғаныс өнеркәсібіне де тимей қалмады. Осыған қарамастан арсеналдағы жұмыс тоқтаған жоқ. Сол ауыр жылдары арсеналдың командирі болып полковник Сергей Анпилогов тағайындалды. Ол ұжымдағы жұмыстың оңға басуына өзіндік үлесін қосты. Оған адамдар сенді, кадр мәселесінің тапшылығына қарамастан алға қойылған тапсырмалар орындалды. Оның жеке басшылығымен әскери қалашықты абаттандыру, казармаларды жөндеу, асхананы жабдықтау жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде әскери бөлім орналасқан қалашық Қарулы Күштерде үлгі тұтарлық нысанның біріне айналды. Мұнда 500 орындық клуб, заманауи ашық спорт кешені, балаларға арналған ойын алаңдары, жаңа өрт сөндіру депосы бар. Биыл әскери қызметкерлерге арналған жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Н.А.Жоламановтың үздіксіз бақылауының нәтижесінде бұл тұрғын үйлер сапалы салынып, уақтылы берілгелі тұр. Сондай-ақ бөлімді сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жаңа су сорғы стансасы іске қосылды. Бұдан басқа да әлеуметтік тұрғыдағы өзекті мәселелер шешімдерін тауып келеді. Жергілікті билік органдарымен қарым-қатынас та дұрыс жолға қойылған.
Арсенал басшылығын 2005 жылы қолына алған полковник К.Нұрмаханбетов өзінің әділ әрі талап қоя білетін командир екендігін таныта білді. Бөлімнің бүгінгі тыныс-тірлігіндегі табыстары мен жағымды келбетінде командир қолтаңбасы да бар.
Қорғаныс министрі мен Штабтар бастықтары комитеті төрағасының бұйрықтары мен директиваларында көрсетілген талаптарға сәйкес бөлім жеке құрамының күшімен оқ-дәрілердің қауіпсіздігін сақтауда айтарлықтай жұмыстар атқарылды.
Күзеттің сенімді әрі қауіпсіз болуы үшін 2003 жылы “Қуат” ғылыми-өндірістік бірлестігі күзет пен өрт қатері кезінде дабыл беретін кешенді жабдық орнатты. Жабдықты техникалық құралдардың жұмысын бақылайтын кезекші оператор іске қосып, үнемі назарда ұстайды.
Штабтар бастықтары төрағасының бұйрығына сәйкес 2005 жылдың мамыр айынан бастап әскери бөлімнің базасында қару-жарақ пен оқ-дәрілер қоймасы бастықтарының курстық әзірліктері өткізіліп келеді. Курстық әзірліктің негізгі мақсаты әскерлердегі қару-жарақ пен оқ-дәрілер сақтау қоймалары бастықтарының міндетін уақытша атқарушылардың білімін жетілдіру болып табылады. Мұнда тактика, техника, атыс, инженерлік өнер, өртке қарсы күрес, сапта жүру, әскери медицина, мемлекеттік-құқықтық дайындықтарынан дәріс беріледі. Курстық әзірлікті сәтті аяқтаған тыңдаушыларға бітіргендігі туралы арнайы куәлік табыс етіледі.
Тыңдаушыларды оқытуда бөлім офицерлері өздерінің жинақтаған мол тәжірибелері мен кәсіби білімдерін сарбаздар санасына сіңіре білуде. Қазіргі уақытта әскери бөлім өзінің мерейтойына қызу дайындық үстінде. Ұжым еліміздің қорғаныс қабілетінің нығая түсуіне өздерінің елеулі үлес қосып жүргендіктерін мақтан тұтады.
Н.ШЫРЫНБЕК, майор, 44859-әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары.