КЕЗІНДЕ МАФИЯ ҰЯСЫ АТАНҒАН ҚАЛАДА ЕҚЫҰ ПАРЛАМЕНТТІК АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ КҮЗГІ МӘЖІЛІСІ ӨТУДЕ
Палермо десе не еске түсетін? Сицилия. Сицилия десе не еске түсетін? Мафия. Мұны неге өткен шақпен айтып отырмыз? Адамзат санасына әбден сіңіріліп қалған стандарттар мен схемалар аз емес. Солардың бірі – Сицилия мафиясы. Атын атағаннан-ақ сицилиялықтардың сай-сүйегі сырқырайтын бас мафиози Карлеонеге осы аралдағы бір шағын қалашықтың аты берілгенінен-ақ жалпы Италияда, соның ішінде осы Сицилия аралында ұйымдасқан қылмыстың халықты қандайлық қан қақсатқанын ғана емес, мафияның өңір өміріндегі алған орнын да шамалауға болады. Бірақ бүгінде бұл өткен күндер еншісі. Қазір Палермодан мафия ізін көргіңіз келсе, қаланың орталық бөлігіндегі қара обелискіден басқа ештеңе таба қоймайсыз. Ол ескерткіш мафиямен күрес құрбандарына арналған.
Сицилия мафиясының жүгенделгеніне жақсы дәлелдің бірі – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының күзгі мәжілісін Италия оңтүстігіндегі осы аралдың астанасы Палермода өткізу жөнінде ұйғарым жасалғандығы. Аралдың шығыс жағалауында, Пелегрино тауының табиғаты тамылжыған беткейінде орналасқан Палермо жерінде гректер, арабтар, римдіктер, норманндар қалдырған өркениеттер қазынасы аса мол. Палермоның талайлы тағдырын шамалау үшін аралдың 400 жыл бойы испан корольдігінің бір бөлігі болып келгенін айтудың өзі жеткілікті. Қаланың қақ ортасында парламенттік Ассамблеяның мәжілісі өтіп жатқан сарайдың дәл іргесіндегі алаңда испан королі Филипп VІ-ға еңселі ескерткіш тұр. Оны алып тастайық деп жанығып жүрген жұрт жоқ. Жалпы, мына дүниеде біреуге бодан болып көрмеген елді табу қиын, сондықтан заманында орысқа күніміз қараған екен деп қарадай қысылып-қымтырылудың жөні шамалы. Әлем түгелге жуық отарланған ол ғасырлар былай тұрсын, кешегі жиырмасыншы ғасырдың ортасына дейін мына тұрған ұлы Қытайдың біресе маньчжурлықтардың, біресе жапондардың қол астында келгені, елдің қолы тәуелсіздікке 1949 жылы ғана жеткені белгілі.
ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы 1991 жылы Мадридте құрылған. Бүгінде бері қойғанда қос құрлықтың өміріне нақты ықпал жасап отырған аса беделді ұйымның белді институты саналатын бұл құрылымға 56 елдің 320 парламентарийі мүше. Ұйымның “парламенттік өлшемін” қамтамасыз ететін Ассамблея ЕҚЫҰ кеңістігінде демократияны дамыту жолындағы парламентаралық үнқатысуды жолға қоюды басты міндеттердің бірі санайды. Қақтығыстардың алдын алу мен реттеу тетіктерін жасап, жүзеге асырады. Қысқы мәжілістер дәстүрлі түрде ақпан айында Венада шақырылса, қыркүйек пен қазан айларының бірінде күзгі мәжілістер өткізіледі. Былтыр осындай қоңыр күз күндерінде Грекия астанасы Афинадағы мәжіліске қатысқанымыз бар еді, келесі күзгі мәжілістің орны Палермо болып сонда белгіленген. Ассамблеяның тағы бір беделді мінбері – жыл сайынғы сессиялар. Соңғы сессия Ослода болды. Оның алдындағы, рет саны бойынша 17-ші жылдық сессия 2008 жылдың 29 маусымы мен 3 шілдесінің арасында Астанада өткенін, ол форум жұмысына Еуропаның, Азия мен Американың елуден астам елінің, көптеген халықаралық және парламенттік ұйымдардың 600-ге жуық делегаты қатысқанын өзіңіз біліп отырсыз. Сол жиынның ұйымдастырылу деңгейі, ең бастысы – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың кең құлашты сөзі Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы кезекті төрағалық болып қалмайтынына, ТМД елдері арасынан, бүкіл мұсылман жұрты мен түркі тілдес мемлекеттер арасынан мұндай биікке алғаш қол жеткізген елдің Ұйым тыныс-тіршілігіне соны серпін қосарына сендірген еді. Солай болып шықты да.
Қазақстан делегациясы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының мәжілістеріне дәйім-ақ қатысып келеді. Ал биылғы жылдың, еліміз Еуропа төрінде тұрған жыл мәжілістерінің жөні тіпті бөлекше. Еліміз бұл жиынға қос қырынан қатар қатысып отыр. Бірінші қыры – Парламенттік Ассамблея мүшелерінен құралған делегация. Оның құрамында сенаторлар Қуаныш Сұлтанов, Әділ Ахметов, Бақберген Досманбетов, Мәжіліс депутаттары Әмзебек Жолшыбеков, Светлана Бычкова, Төлебек Қосманбетов бар. Депутаттар бұл жаққа осыдан үш күн бұрын ұшып шыққан. Астанадан Венаға, одан Венецияға, одан Римге, одан Палермоға жеткен халық қалаулылары кеше ашылған ПА мәжілісіне қатысуда.
Біз бортына аз ғана адам сыятын арнаулы шағын ұшақпен кеше Астанадан Палермоға тіке тарттық, аспанда алты сағат болып, Сицилия аралына түс әлетінде топ ете қалдық. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының жұмыс ырғағы қазір осындай. Қауырт.
Алғашқы күні Жерорта теңізі форумының аясында Сицилияның Өңірлік ассамблеясының төрағасы Франческо Касцио, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Петрос Эфтимиу, Италияның сыртқы істер министрі Франко Фраттини сөз сөйледі. ЕҚЫҰ-ның келесі жылғы төрағасы ретінде Литва атынан сол елдің сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис, өткен жылғы төраға ретінде Грекия атынан сыртқы істер министрі Георгиос Папандреу сөз алғанын да айта кету керек. Демек, осындай сөзді келесі жылы Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы да айтуға тиіс. “Қылмысқа қарсы күресте экономикалық және экологиялық ықпалдастықты нығайту”, “Мәдениет пен қоршаған орта мәселелеріндегі ынтымақтастық – Жерорта теңізі өркениетінің көрінісі” деп аталған сессияларда тыңдаған жанға көп ой салатын баяндамалар жасалды.
Күзгі мәжілістің күн тәртібіндегі басты мәселе – трансұлттық ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықпен күрестің проблемалары. Бүгінгі ол конференцияда Қазақстан атынан Парламент Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов сөз сөйлейді.
Мұндағы парламентарийлер ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың конференцияны ашардағы сөзіне орынды қызығушылық танытуда. Сенбідегі жиын жайында газеттің келесі нөмірінде әңгімелейтін боламыз.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ, “Егемен Қазақстан” – Палермодан.