12 Қазан, 2010

“Міндетіміз – заңдылықты қорғау”

476 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекеттік мәселе

Таяуда Маңғыстау өңіріне сапар сәті түскен болатын. Реті кел­генде осы облыстың прокуроры Сабыржан БЕКБОСЫНОВПЕН кез­десіп, сұхбаттасудың да мүмкіндігі туды. Прокурормен әңгімемізді ағым­дағы жылдың өткен сегіз ай мерзімінде азаматтардың құ­қықтары мен бостандықтарын және мемлекеттің мүддесін қорғауда, сыбайлас жемқорлық пен қылмысқа қарсы күресті күшейтуде қандай жұмыстар атқарылды деген сұрақтар төңірегінде өрбіттік. – Үстіміздегі жылдың сегіз ай­­ында атқарылған жұмыстарды ек­шейтін болсақ, – деп бастады сөзін Сабыржан Мәдиұлы, – цифрларға жүгінгеніміз жөн болар. Осы кезге дейін прокуратура органдары 423 тексеру жүргізді, 624 прокурорлық ықпал ету актілері енгізілді, 146 заңсыз актілердің күші жойылды. Мемлекет пайдасына 1 миллиард 649 миллион 755 мың 333 теңге қар­­­жы өндірілді. Прокурорлық ықпал ету шаралары нәтижесінде 24 791 азаматтың конституциялық құқығы қорғалды. Мәселен, меди­циналық-әлеуметтік ұйымдарда мүгедектер мен қарттардың құқық­тарын қорғауға бағытталған заң­на­маның қолданысына тексеру жүр­гізіліп, осы мекемедегі қызметкер­лердің өз міндеттерін дұрыс орын­дамау деректері анықталды. Атап ай­тар болсам, медициналық-әлеу­меттік ұйымдардың жауапты қыз­меткерлерінің салғырттығынан осы ұйымдарға өткен ғасырдың 90-шы жылдары орналастырылған бірнеше адамның күні бүгінге дейін құ­жат­тандырылмағаны, яғни олардың жеке куәліктерінің, салық төлеу­ші­нің тіркеу нөмірлерінің, әлеуметтік жеке кодтарының жоқтығы анық­талды. Осының салдарынан бұл адамдар өздеріне тиісті зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыларын күні бүгінге дейін алмаған. Тексеру қорытындысы облыс прокурату­расының алқа мәжілісінде қаралып, барлық анықталған құқық бұзу­шы­лық бойынша құзыретті органдарға прокурорлық ықпал ету актілері енгізіліп, кінәлі қызметкерлер тәр­тіптік жауапкершілікке тартылды, мүгедектер мен қарттардың құ­қық­тары қорғалды. – Уақытында кейбір заңгерлер елімізде жүргізіліп жатқан құқық­тық реформа аяқталды деген тұ­жы­рым жасаған болатын. Сөйтсек, бұл асығыс айтылған пікір болып шықты. Сот, құқық саласы әлі де реформалауды қажет етеді екен... – Осыған дейінгі реформа­лардың күткен дәрежеде нәтиже бер­мегенін айта келе, Елбасы өз ше­шімімен құрған Мемлекеттік ко­миссия әзірлеген және соған орай өзі мақұлдаған “Құқық қорғау қыз­меті мен сот жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар ту­ралы” Жарлыққа қол қойып, құқық қорғау органдары жүйесін рефор­малау жөнінде бірқатар тапсыр­ма­лар берді. Бұл ұйымдас­ты­ру­шы­лық-құрылымдық, қызметтік мін­­­дет­тілік туралы шаралар. Құқық қор­ғау органдарының құзыреттерін айқын ажыратып, оларға тән емес қызмет­терден босату және сот ісін жүргізу­ді жетілдіру реформаның негізгі бағытының бірі болып табылады. Тергеу органдарын реформа­лау­ға және сотқа дейінгі іс жүр­гізуді жетілдіруге байланысты про­куратура органдарынан құқық қор­ғау қызметіне қатысты үйлестіруші функциясын күшейту, сотқа дейінгі іс жүргізуде прокурорлардың рөлі мен жауапкершілігін арттыру талап етіледі. Мемлекет басшысының нұс­қауына сай барлық құқық қор­ғау органдары өз жұмысында қо­ғам­дық пікірді толықтай есепке алу­лары, яғни қоғамдық пікірмен есептесулері тиіс. Сондықтан біздер – құқық қорғау органдарының басшылары халықпен жиі кездесіп, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүр­гізуіміз қажет. Өз кезегінде бұл ша­ралар әлемдік тәжірибеге негіз­дел­ген құқық қорғау және арнайы ор­гандардың өте тиімді құрылымын жасайтынына сенімдімін. – Сабыржан Мәдиұлы, бүгінгі күні азаматтардың еңбек құқыта­рының бұзылатыны, еңбекақыларын уақытында ала алмайтындығы ту­ралы фактілердің жиі кездесетіні жа­сырын емес. Осы мәселеде қан­дай жұмыстар атқарылды? – Облыстық прокуратура аза­маттардың еңбек құқығын қорғау мәселесіне үнемі назар аударып ке­леді. Еңбек заңнамасын қолдануды тексеру нәтижесінде 16 ұйғарым ор­ындалып, заңдылықты бұзуды жою туралы 193 ұсыныс қабылдан­ды. 10 адам тәртіптік, 94 адам әкім­шілік жауапкершілікке тартылды. Уақытында қабылданған шаралар мен “Sat Operatіng Aktau”, “Жөн­деу”, “Тазалық”, “Аско” мен “Түп­қараған” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің 8063 жұмыс­шы­сының 657 миллион теңгеден астам еңбекақысы өндірілді. Мысалы, “Sat Operatіng Aktau” серіктестігі өткен жылдың желтоқсанынан бері осы мекеменің 252 қызметкеріне 97 миллион 316 мың теңге көлемінде жалақыларын уақытында бермеген. Тексеру нәтижесінде бұл заң бұзушылық жойылды. Бейнеу аудандық прокурату­ра­сы еңбек заңнамасының қолданы­сын тексеру барысында “Каско” жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігінің қазақстандық жұмысшы­лар­ға 48 миллион 506 мың 294 теңге көлеміндегі жалақыларын кешегі күнге дейін төленбей келгенін ан­ықтады. Тексеру қорытындысы нә­ти­жесінде серіктестік директо­ры­ның атына заңның бұзылуын жою туралы ұсыныс енгізіліп, нәти­же­сінде жұмысшылардың жалақы­ла­ры толық төленді. – Әр өңірдің өзіне тән пробле­малары болады. Мысалы, мұнайлы өңірдің ең басты, ең негізгі деуге бо­латын мәселесі – қоршаған ортаны қорғау. Олай болса, әңгімемізді осы тақырып төңірегінде өрбітсек... – Өндірісті өлкенің ең басты проблемаларының бірі – қоршаған ортаны қорғау заңнамасын ор­ын­дату деуге болады. Осы ба­ғытта үс­ті­міздегі жылдың 8 айында 59 тек­серу жүргізілді, 509 заң бұзу­шылық анықталды, оны жою ту­ралы 73 ұсы­ныс енгізіліп, 543 адам­ның конс­­­­­титуциялық құқығы қор­ғалды. Осы мәселеде 33 лауа­зым­ды тұлға тәр­тіптік, 114 тұлға әкім­шілік жа­уап­кершілікке тартылды. Атап айтар болсам, Ақтау та­биғат қорғау прокуратурасы актісі не­гізінде белгіленген мөлшерден тыс ілеспе газды жаққаны үшін “Бозашы Оперейтинг ЛТД” ком­паниясы филиалына әкімшілік ай­ыппұл салынып, экологияға кел­­­­­­тірген зияны үшін 1 миллиард 124 миллион теңге өндірілді. Тағы бір айта кететін мәселе, соңғы бірнеше жыл бойы итбалық­тардың қырылу деректері ұлғаюына байланысты арнайы табиғат қорғау прокуратурасы қызметкерлері Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі және Балық инспекциясы басқармасы өкілдерімен бірге Маң­ғыстау облысы Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі аумағында Кас­пий итбалығының қыстайтын ор­нын белгілеп, анықтады. Ке­ме­лер­дің итбалықтың шоғырланған ор­ы­ндарынан біршама қа­шық­тық­ты сақтап жүрулерін қамтамасыз ету үшін теңіз порттары мен мүд­де­лі мемлекеттік органдарының басшыларына ақпарат жолданды. Аталған органдар мен шаруашылық субъектілері біздің ұсынысымызды қолдап, кемелердің теңізде қозғалу бағытын қайта қарап, бекітті. – Сыбайлас жемқорлық – қоғамдық дерт. Оның тамырына бал­та шабу, оны жоюға бағытталған күрес науқандық шара болмауға тиіс. Облыс көлемінде коррупцияға қарсы күрес нәтижесіне көңіліңіз тола ма? – Елбасымыз Нұрсұлтан На­зар­баев сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күресті үздіксіз және үнемі жүргізіп отыру керектігін, оны бү­тіндей жоюға бағытталған кешенді жұмыс істеуіміз қажеттігін алды­мыз­ға міндет етіп қойды. Осыған орай аталған қылмысқа қарсы кү­ресті тиімді қадағалау қызметін қам­тамасыз ету бойынша шаралар қа­былданды. Бұл сала бойынша 58 тек­серу жүргізіліп, 791 заң бұзу­шылық фактілері анықталды. Оны жою туралы 57 ұсыныс енгізіліп, нә­тижесінде 65 лауазымды тұлға тәр­тіптік, 4 адам әкімшілік жау­ап­кершілікке тартылды. 5 қылмыстық іс қозғалып, бүгінгі күні сол істер­дің 4-еуі сотқа жолданды. Мұндай құқық бұзушылықтар мемлекеттік органдардың мемле­кет­тік сатып алу, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнама­лар­ды қолдану кезінде орын алған. Мы­са­л келтіретін болсақ, Жаңа­өзен қаласының прокуратурасы “Жаңаөзен қалалық құрылыс бө­лімі” мемлекеттік мекемесінде “Мем­лекеттік сатып алу туралы” Заң талаптарының сақталуына тек­серу жүргізді. Тексеру нәтижесінде Жаңаөзен қаласының шағын ау­дан­дарының аяқталмаған инже­нер­лік желілерінің құрылысы жұмыс­та­рының мемлекеттік сатып алу бой­ынша өткізілген ашық конкур­сының жеңімпазы заңсыз анық­талғаны белгілі болды. Конкурстық комиссия мүшелерінің шешімімен “Проффармат-Сервис” серіктестігі жеңімпаз деп танылып, 23 миллион теңгеге келісім-шарт жасалған. Тек­серу кезінде аталған серіктестіктің жарылыстан қорғалған электрлік техникалық жабдықты қоса алған­да, электр пештерімен өзге де тех­никалық құрылғылар мен бақылау және есепке алу аспаптарына бай­ланысты технологиялық жаб­дық­тар­ды монтаждау жұмыстарымен ай­налысуға құқық беретін лицен­зия­сы жоқ екені анықталды. Соны­мен бірге, “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңның 26-бабының 5-тармағына сәйкес, конкурстық ко­миссия конкурсқа қатысушылар­дың шартты бағасын салыстырады және олардың ішінен ең төменгі баға негізінде жеңімпазды анық­тайд­ы. Осы орайда “Өзенэнерго” серіктестігінің шартты бағасының төмен болуына қарамастан, ко­мис­сия керісінше “Проффармат-Сер­вис” серіктестігін жеңімпаз деп та­нып, келісім-шарт жасаған. Тексеру қорытындысымен Жаңаөзен қала­лық прокуратурасы Маңғыстау об­лыстық мамандандырылған ау­дан­аралық экономикалық сотына “Жа­ңаөзен қалалық құрылыс бө­лі­мі” мекемесінің конкурстық ко­мис­сия шешімін заңсыз деп тану ту­ралы талап-арыз түсірді. Осы та­л­­ап арыз негізінде сот жоғарыда аталған келісім-шартты заңсыз деп тапты. Маңғыстау аудандық прокура­турасы осы аудандық жол поли­ция­сының инспекторы Н.Шәуеновтің азамат Е.Жамансариевке кө­лік құралын заңсыз басқару куәлігін бер­генін анықтады. Н.Шәуенов атал­ған деректі жасыру мақсатында жал­ған құжаттар рәсімдеп, ау­дан­дық ішкі істер басқармасы бас­ты­ғының қолын өзі қойған. Аталған дерек бойынша Н.Шәуеновке қа­тыс­ты қылмыстық іс қозғалып, ол екі жылға сынақ мерзімімен шарт­­ты түрде үш жылға бас бостан­дығынан айрылуға кесілді. Облыс прокурорының нұсқауы­мен облыстық Қаржы полициясы департаменті “РАП-Құрылыс” се­рік­тестігінің директорына қатысты қыл­мыстық іс қозғап, ірі мөлшерде ал­а­яқ­тық жасаған Л.Рахова жеті жыл­­ға бас бостандығынан айырылды. Реті келгенде тағы бір мысал келтіре кетейін, облыс прокура­турасының бірнеше рет нұсқауынан соң қаржы полициясы “Инком-құрылыс” серіктестігінің басшыла­ры және құрылтайшылары А.Тол­мачев, Д.Бессараб, С.Шубскийге қатысты қылмыстық іс қозғады. Олар 2004-2008 жылдар аралығында аталмыш серіктестіктің құрылтай­шылары ретінде Ақтау қаласының 28 және 29 шағын аудан­дарындағы 212 үлескердің қатысуы­мен салы­нып жатқан тұрғын үй құрылы­сының 66 миллион 626 мың 275 теңге қаражатын талан-таражға салған. Алаяқтардың үшеуі де қашып кеткенімен, Ақтау қалалық соты оларға қатысты сырттай қ­а­мау­ға алу санкциясын берді. Ос­ы­лар­дың бірі А.Толмачев өткен жыл­дың тамыз айында ұсталып, 8 жыл­ға бас бостандығынан айырылды. – Сабыржан Мәдиұлы, біраз әңгіменің басын қайырдық. Деген­мен, уақытында дүйім елді дүр сіл­кіндірген түзеу мекемелерінен қашу оқиғасы болған еді. Осыған қатысты қолданылған шаралар туралы да айта кетсеңіз. – Биылғы жылдың 22 маусы­мында Маңғыстаудағы ГМ 172/1 түзеу мекемесінен ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін сотталған 21 адамның қашқанынан барша жұрттың хабары бар. Оларға қатыс­ты Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозға­ды. Сонымен бірге облыстық про­куратура осы түзеу мекемесінің бас­­тығы М.Жанахметовке, орын­ба­сары Ш.Халменовке, колония бас­тығының кезекші көмекшісі М.Нұр­­сейітовке және шұғыл бөлім бастығының міндетін атқарушы М.Ысқақовқа қатысты Қылмыстық кодекстің 316-шы бабының 2-ші бөлігімен, яғни абайсызда ауыр зар­даптарға әкеліп соқтырған са­лақ­­тығы үшін қылмыстық іс қоз­ғады. Қазіргі кезде осы қылмыстық істер бойынша тергеу аяқталып, олар­­ды қылмыстық істердің мате­ри­ал­да­рымен таныстыру жүргізілуде. Әңгімелескен Шарафаддин ӘМІР. Ақтау.