Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етіп жатқанына тоғыз айдан асты. Еліміз аса зор жауапкершілік пен саяси күш-жігерді қажет ететін төрағалық барысында қандай іс-шараларды ұйымдастырды және жүзеге асырды? ЕҚЫҰ-ның үш өлшемін негізге ала отырып, осы мәселелер жайында әңгіме қозғайық. Сонымен...
1. Әскери-саяси өлшем бойынша
ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің осы жылдың 16-18 шілдесінде Алматыда өткен бейресми кездесуінде ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммитін Астанада өткізу туралы шешімге қол жеткізілгені белгілі. Ал осыдан он бір жыл бұрын ЕҚЫҰ-ның Ыстамбұл саммитінде Варшава әскери блогы құлағаннан кейінгі жылдары көрініс берген әскери-саяси жағдайларға байланысты қауіпсіздікті “қатаң” түрде қамтамасыз ету мақсатын көздеген тарихи шешім қабылданған болатын. Астана Саммиті Ұйымға қатысушы елдер арасындағы әскери-саяси ынтымақтастықты нығайтудың жолдары мен механизмдерінің тиімділігін арттыруға негіз қалайды. Сондықтан да Қазақстан ЕҚЫҰ кеңістігіндегі әскери-саяси қауіпсіздік аспектілеріне, сондай-ақ 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-та және 2008 жылдың тамызында Оңтүстік Кавказда орын алған жанжалдардан кейін өсе түскен трансұлттық сипаттағы халықаралық лаңкестікпен, радикалды экстремизм және есірткі трафигімен күрес мәселелеріне ерекше назар аударып келеді.
Еліміз өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы бағдарламасында ТМД аумағында әлі де сақталып отырған қауіпсіздікке қатысты проблемаларды, сондай-ақ Оңтүстік Кавказ бен Приднестровье өңірлеріндегі ұзаққа созылып бара жатқан жанжалдарды бейбіт жолмен реттеуге баса көңіл бөлетіндігін атап көрсеткен еді. Сонымен қатар, Қазақстан төрағалықтың бастапқы кезінде-ақ Ұйым кеңістігінде әскери-саяси жағдайдың қиындау екенін ескере отырып, дағдарысты проблемалардың алдын алып, оларды реттеуде ЕҚЫҰ-ның аса ауқымды мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігін де атаған болатын. Қазақстанның ұстанған дәл осы саясатының дұрыстығы беделді халықаралық ұйым – ЕҚЫҰ-ның Қырғызстандағы саяси дағдарыспен бетпе-бет келгенінде нақты дәлелденді. Мұны, сондай-ақ Қазақстанның Ауғанстан проблемасына ЕҚЫҰ-ның белсенді ықпал ете бастағанынан да көруге болады.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жыл басынан бері Ұйымның үш өлшемінің бірі – әсери-саяси өлшем аясында халықаралық деңгейде бірқатар іс-шаралар өткізуге бастамашы болды. Соның бірі – 14-16 маусым аралығында Венада ұйымдастырылған қауіпсіздік саласындағы проблемаларға қатысты жыл сайынғы конференция. Қазақстанның төрағалығымен өткен бұл конференцияда Ұйымға қатысушы мемлекеттер тарапынан көп жылдардан бері көтеріліп келе жатқан негізгі мәселе – аталған форумды өткізудің мерзімін көбейтіп, оның жұмыс сессиясында қаралатын мәселелердің ауқымын кеңейту жайы шешілді. Соның нәтижесінде конференцияда алғаш рет әскери-саяси өлшемнің күн тәртібіне қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты өзекті мәселелер енгізіліп, оларға тиянақты шолу жасалды және олар жан-жақты талдаудан өткізілді. Жиынға қатысушылар еліміздің төрағалығымен ұйымдастырылған конференцияға жоғары баға берді.
Қазақстан өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында “Корфу үдерісі” аясында еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің болашағына қатысты әскери-саяси мәселелерді талқылау негізгі үнқатысулар арқылы әрі қарай жалғастырылатынын атаған еді. Өткен уақыт еліміздің сол үдеден шығып келе жатқандығын көрсетті. Осыған байланысты үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында трансұлттық қауіп-қатерлердің алдын алу, қару-жараққа бақылау жасау, қауіпсіздік пен сенім шараларын нығайту, тағы басқа да тақырыптар бойынша сегіз кездесу, екі көшпелі семинар өткізілді.
Бұлардан бөлек, Қазақстан “Корфу үдерісін” жүзеге асыру мақсатында кәдімгі қару-жараққа бақылау орнату режімін қайта қалпына келтіру, Вена құжатын жаңғырту, қару-жарақ түрлерін таратпауды реттеу жөнінде бірқатар ұсыныстар мен идеялар білдірген болатын. Еліміздің барлық осы ұсыныстары ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің бірлескен отырысында, сондай-ақ Венадағы Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі форумда және ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің Алматыдағы бейресми кездесуінде жан-жақты талқыланды.
Бүгінде Еуропадағы қауіпсіздік түсінігі құрлық аясынан әріге асып, еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістікті қамтып отыр. Бұл трансұлттық қатерлерге қарсы тиімді әрекет ету мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін білдіреді. Осыған байланысты Қазақстан өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығында Ауғанстандағы саяси және экономикалық жағынан тұрақтандыруды негізгі басымдықтарының бірі ретінде алып отыр. Өйткені, Ауғанстандағы тұрақсыздықтың салдары өңірге ғана емес, әлемдегі қауіпсіздікке кері әсер етуде. Оның үстіне ЕҚЫҰ-ға мүше үш мемлекет Ауғанстанмен шекаралас орналасқан. Ал сол үш елмен Қазақстан көршілес жатыр. Ол мемлекеттердің Ауғанстан проблемасына Ұйым аясында араласуына саяси әрі экономикалық әлеуеті жетіңкіремейді. Бұл жерде Қазақстанның орны да, жөні де бөлек.
Үстіміздегі жылдың 28 қаңтарында Лондонда халықаралық конференция өткен болатын. Осы жиында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ауғанстанға көмек көрсету туралы бағдарлама әзірлеудің қажеттігі жөнінде өз пайымын білдірген еді. Аталған мәселені еліміз Ұйымға төраға болардың алдында да көтерген-ді. Ауғанстанға көмек көрсету мәселесі Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ете бастағанда, сөз жүзінде емес, нақты істер бойынша жалғасын тапты. Мысалы, Ұйымның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев қысқа мерзім ішінде – 2009 жылғы қарашада, 2010 жылдың мамыры мен шілдесінде үш рет Кабулға сапармен барып қайтты. Сапар барысында Ауғанстан Президенті Хамид Карзаймен, елдің өзге де басшыларымен кездесіп, Ұйым аясында бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.
Өткен уақыт ЕҚЫҰ-ның күш салуымен Ауғанстанда бір-бірімен жең ұшынан жалғасып жатқан лаңкестікке, заңсыз есірткі айналымына қарсы күрестің өрістей түскенін көрсетіп отыр. Сарапшылар Қазақстанның бұл бастамасын дер шағында көтерілген мәселе деп бағалауда. Сонымен қатар, еліміз осы жылдың 8-9 шілдесінде Венада есірткі саудасымен күрес проблемаларына арналған арнайы конференция шақыруға ұйытқы болды. Конференцияда ауғандық есірткі трафигі проблемасына да ерекше мән берілді. Қазақстан, сондай-ақ биылғы жылдың 20-21 қазанында Астанада өтетін лаңкестіктің алдын алу жөніндегі халықаралық жиынға да үлкен дайындықпен келіп отыр. Бұл конференцияға ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің тиісті мекемелерінен өкілдер қатысады деп күтілуде.
Қазақстан өз төрағалығы барысында әскери емес қауіпсіздік аспектілеріне мамандандырылған ЕҚЫҰ құрылымдарын, оның ішінде антитеррорлық бөлімшелер мен полицейлік қызмет мәселелерімен айналысатын стратегиялық бөлімді қолдауды басты назарда ұстап келеді. Осыған байланысты биыл аталған құрылымдар жетекшілерінің Қазақстанға жұмыс сапары ұйымдастырылды. Сондай-ақ еліміздің төрағалығында жаңа қауіптер мен қатерлерге қарсы іс-қимылда шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оған қырағы бақылау орнату саласында ЕҚЫҰ-ның мүмкіндігін нығайту басым бағыттың бірі болып табылады. Бұл мәселеде Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін шекара қызметі кадрларын дайындау мақсатында құрылған Душанбе қаласындағы ЕҚЫҰ-ның шекаралық колледжін дамытудың орны бөлек. Осыған орай біздің еліміз өз тәжірибесіне сүйене отырып, аталған оқу орнында кадр дайындау бағдарламаларын жетілдіруге қатысты ұсыныс әзірлеген еді. Қазіргі кезде бұл ұсыныс Ұйымға мүше мемлекеттердің қарауында жатыр.
ЕҚЫҰ мен ЦАРИКЦ арасында қол қойылған келісім Ұйымның өзге де халықаралық құрылымдар мен институционалдық байланыстарды дамытуға оң ықпал етті деп атап көрсетуге болады. Соның нәтижесінде бүгінде ЕҚЫҰ-ның әскери-саяси өлшемі аясында нақты жұмыстар қолға алынып жатыр. Мұны Солтүстік атлантикалық альянстың (НАТО) Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде ЕҚЫҰ мен НАТО арасында үйлесімді үнқатысуды жолға қоюға сенім артқандығынан деп қабылдауымыз керек. Міне, бұл өз кезегінде Ұйымның Іс басындағы төрағасы мен Солтүстікальянс бас хатшысының НАТО-ның штаб-пәтерінде болған екіжақты кездесуіндегі келіссөздерге жаңаша серпін берді. Соның нәтижесінде қазақстандық арнайы өкіл Брюссельде Еуроатлантикалық әріптестік кеңесінің отырысына қатысып, сөз сөйледі. Ал осы жылдың маусымында ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде Қазақстан НАТО-ның шақыруы бойынша алғаш рет НАТО-ның жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау проблемаларына арналған конференцияға қатысты.
Осы тұста атап өтейік, Қазақстаннның төрағалығы кезінде ЕҚЫҰ-ның өзге халықаралық ұйымдармен байланысы нығая түсті. Мысалы, Алматыда өткен ЕҚЫҰ сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуіне көптеген халықаралық ұйымдардың ресми өкілдері қатысып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайында пікірлер алмасты. Ал кездесуде Ауғанстанды тұрақтандыру, Қырғызстандағы жағдайды реттеуге баса көңіл бөлінді. Осы Алматы кездесуінде алғаш рет НАТО мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы бір үстелдің басында отырып, мәселені талқылауға қатысты.
Жалпы, Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ның төрағалық өкілеттілігіне кірісе салысымен Ұйымның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ-ның миссиялары орналасқан мемлекеттердің барлығына барды және “ыстық нүктелер” атанған Ауғанстан, Оңтүстік Кавказ, Балкан, Шығыс Еуропа өңірлерінде болып, ондағы жағдайлармен жете танысты.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.