С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде “Конституция – тәуелсіз Қазақстанның тұрақты және қауіпсіз дамуының негізі” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті. Оның жұмысына облыс әкімі Б.Сапарбаев, Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Рогов, Президент жанындағы Заң шығару институтының директоры Ж.Бұсырманов, Тұңғыш Президент жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ә.Темірбеков, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, тағы басқалар қатысты.
– Әр мемлекеттің құқықтық негізін, оның өсіп-дамуын сол елдің ата заңы белгілейтіні белгілі, – деді конференция жұмысын ашқан өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы. – Осыдан 15 жыл бұрын Ата Заңды қабылдадық. Саяси мәні жоғары Ата Заңымыздың арқасында талай биік асуларға көтерілдік, көптеген халықаралық ұйымдарға мүше болдық. Қазір біздер ЕҚЫҰ-ға жетекшілік етудеміз. 11 жыл бойы тоқтап қалған ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Саммитін өткізетін болып жатырмыз. Бұл күндері Кенді Алтайда 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Бес “Достық” үйі бар. Аймақтағы үкіметтік емес ұйымдар санының өзі 650-ден асты. Халықтың әл-ауқаты жақсара түсті. Соңғы 15 жылда ғана бізде орташа еңбекақы 11 есе өскен. 15 жылда 42 мектеп, 52 балабақша пайдалануға берілді. Міне, мұның барлығы Ата Заңымыздың жарқын болашағын көрсетсе керек.
Бұдан кейін өңір басшысы сөз кезегін бұдан 15 жыл бұрын қабылданған Конституция авторларының бірі, мемлекет қайраткері, ғалым Игорь Роговқа берді. Бұдан 15 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумға 7 миллионнан астам қазақстандықтың Конституцияны жақтап, дауыс бергенін, өз таңдауын жасағанын білесіздер. Қазақстан президенттік республика болып, тәуелсіз елдің жаңа тарихының жарқын парағы ашылды. Конституция бойынша өмір сүруге үйрену керек, оны дағдыға айналдырған жөн. Демек, Ата Заңды біліп, соған сәйкес өмір сүру қажет, деді И.Рогов.
Сол күні ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар Ата Заңның 15 жылдығына арналған арнайы көрме мен бейнефильмді тамашалады. И. Рогов ШҚМУ-дағы Конституция кабинетінің ашылуына қатысып, естелікке кітап тарту етті.
Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен.