ҚР ҚІЖК-нің 375-бабына сәйкес айыптау үкімі болжамға негізделмейді, ол тек ақиқат дәлелдердің жеткілікті жиынтығымен расталуы тиіс.
ҚР ҚІЖК-нің 19-бабына сәйкес ешкім де өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес. Демек, айыпталушының кінәлілігіне күмәнді күдік оның пайдасына ғана шешіледі.
Еліміздің Қылмыстық іс жүргізу кодексінде осылай жазылғаны анық. Бірақ кісі өліп жатса қандай дәлел керек және өш алу мақсатында орын алған қанды төбелесте адам өлтірілсе айыпталушының кінәсіздігіне қандай күдік келуі мүмкін? Бұл сұрақтардың жауабын сот қана бере алады.
Қудалау органдарының тексеріс нәтижесіне сәйкес Берғалі адам өлтірген болып танылып, ҚК-нің 96-бабы 2-бөлігінің “и” тармағы бойынша сотқа тартылады. Бірақ осы оқиға кезінде оның қолына мылтық ұстағанын қасындағы достары, не жауласқан жақтың бірде-бір адамы көрмепті. Алайда, екі топ болып жастардың мәселені қара күшпен шешуге, одан әрі төбелесуіне ұйытқы болған дәп осы Берғалі дейді.
Бұл өзі Алматы қаласында болған оқиға еді. Төле би көшесінің бойына орналасқан “Сити” сауда үйінің алдына шетелдік қымбат көліктермен келіп, біртіндеп жиналған жас жігіттер кенеттен бір-бірінің жағасынан алып, жұдырықтаса кетеді. Кенет әлгі ию-қию болып жатқан екі топтың ортасында бірнеше мәрте мылтық атылып, біреулер омақаса құлап түседі. Сол мезет жауласқан жандардың араларын әлдебір беймәлім күш қақ жарып ажыратып жібергендей болды. Жұдырықтарын оңды-солды еркін сілтеп жатқан жігіттер сап тыйылды. Бір-біріне үнсіз қарап қалған олар орны толмас бір істің орын алғанын бірден ұқты. Сосын лезде қайта ес жиып алған бәрі көліктеріне жанталаса мінді де, пәледен аулақ дегендей “темір тұлпарлары” жұлқи қозғалып жоқ болды.
Қудалау органы топ болып жұдырықтасқан тәртіп бұзушыларды біртіндеп қамауға алады. Олардың көрсетуі бойынша Берғалі “Ауди” көлігімен “Сити” сауда дүкенінің алдына келген соң келісім бойынша өздерін күтіп тұрған Бекәділ тобымен кездеседі. Берғалі қарындасымды балағаттаған сен бе дейді де Бекәділді бірінші болып беттен ұрып, жерге құлатады. Сол-ақ екен төбелес басталып кетеді. Қудалау органының сотқа берген мәліметінде төбелеске бірнеше адам қатысқан және олардың кейбірі істе белгісіз азаматтар және анықталмаған жандар деп жазыла берген. Ақыры сол шым-шытырық оқиғаның арасынан адам өлтірді деп танылған Берғалі болып шығады. Жалпы, тергеушілер болған істі жан-жақты ашуға тырысқаны, төбелеске қатысқан әр адамның сөзі мен қимыл әрекетіне назар аударғандығы байқалады. Солардың арасында негізгі істе әлгі белгісіз деп танылған, яғни тергеу ісімен анықталмаған жандардың сөзі қаперге алынбай қалыпты. Мұндай қысылтаяң жағдайда бір-ақ ауыз сөз адам тағдырын шешетіндігі рас. Соны ақыры сот тапты. Бәрі түсінікті болуы үшін оқиғаның қалай орын алғандығына сәл шегініс жасап, шолу жасап шығайық.
Берғалінің қарындасы Тойжан құрбысы Айнагүлдің ұялы телефонмен біреулермен сөйлесіп жатқанын көреді. Ол мұның бұған бұрыннан таныс, бірақ көптен келісе алмай жүрген Бекәділ есімді жігіт екенін айтады. Айнагүл оған тағы бір нөмерді көрсетіп, бұл ОҚО, Сарыағаш ауданының жігіті, есімі Әди, танысып ал, деп береді. Бөтен ойы жоқ Тойжан Әдидің нөміріне СМС арқылы танысайық деп сәлемдеме жібереді. Содан екеуі есімдерін бір-біріне басқалай атаса да, СМС арқылы хабарласып жүреді.
Бір күні Айнагүл екеуі кинотеатрда отырғанда бұлардың ұялы телефондарына Әдиден “кездесейік, біз күтіп тұрмыз” деген хабарлама түседі. Шықса Әдидің қасында Алмасбек деген жігіт бар екен. Аз-кем сөйлескен соң қыздар такси ұстап үйлеріне қайтып кетеді. Біраз уақыттан кейін Тойжан Әдиге үй телефонымен қоңырау шалады. Онымен сөйлесіп отырғанда аржағынан біреулердің қарқылдап күлген дауыстары анық естіледі. Осы кезде Тойжан Әди, Алмасбек және Бекәділдердің бірге тұратындығын біледі. Сосын:
– Аналар кімге күліп жатыр? – деп сұрайды.
– Е, олар сен танымайтын балалар ғой, өздері әңгімелесіп соған күліп жатыр, – дейді.
Бірақ тап осы сәтте мұның ұялы телефонына “Біз сендердің сырларыңды біліп қойдық, енді қоңырау шалмаңдар” деген СМС келеді. Тойжан ойланып қалды. Қандай сыр? Лезде әлгі нөмірге қоңырау шалып еді, тым-тырыс, ешкім көтермейді. Әрі ойланып, бері ойланып Әдиге қайта телефон шалып, Бекәділді шақыршы дейді. Бірақ ол оның жатып қалғанын айтады. Бұдан кейін де, бәрібір, Тойжан тынши алмайды. Ана үш жігіт бұларға ішін басып күліп жатқандай көрінеді. Амал жоқ, ұялы телефонды қолына қайта алып әлгі нөмірге “Еркек болсаң, телефонды көтер” деп СМС жібереді. Айтқандай-ақ лезде “Құдайға шүкір, еркекпін” деген жауап жетеді. Мұны оқыған Тойжанның да жыны қозды. Тойжан СМС келген нөмірге қайта хабарласты. Тап осы арада ол түзелмес қателік жіберіп тұрғанын білмеді. Әрине, алдын-ала сезсе жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыра салар еді. Бірақ балалық шығар, өзі де қайта-қайта телефон шалып қоймады. Жігіттерге сонысы ұнамады ма, аржақтан телефонды көтерген біреу бұған балағат сөздерді айтып кеп жіберді. Оны айтқан адам да тап сол арада өзінің бір пәлені бастағанын сезген жоқ. Ақыры ұялы телефон арқылы екі арада жаулық оты лап ете қалды.
Енді Тойжан да кері шегінерге жол таппады. Өзіне балағат сөз айтқан адамның кім екенін қалайда білгісі келді. Мұның намысын біреу қорлағандай көрінді. Есесін қайтармақшы болып қайта қоңырау шалды да әлгі адамның балағат сөздерін өзіне кері жаудырып жіберді. Сонда да ашуы тарқамаған соң, әлгінің кім екенін сұрап телефон арқылы тағы да хат жіберді. Жауап болмады. Үнсіздік Тойжанды қанағаттандырмады, қайта арғы жақта біреулер одан әрі мәз бола сықылықтап бұған күліп жатқандай көрінді. Ыза кернеп, бейнебір намысы тапталып бара жатқандай. Шыдай алмай сосын тағы қоңырау шалды. Анау да осы сәтті аңдып тұрғандай тұтқаны көтере қойды. Соны пайдаланған Тойжан оған “алдыңғы айтқан сөздеріңе жауап бересің бе, әйтпесе ағама айтамын” деді. Бірақ оны аржақтағы адам түсінбеді ме, “жауап бергенде қалай” деп одан бетер боқтап жібереді. Енді шынымен намысы тапталғандай болған қыз оған “Сорлы” деп СМС жолдайды. Анау да уақыт оздырмай оған бұдан асыра жауап қайтарады. Ұялы телефонмен ғайбаттасқан сұхбат осымен аяқталған шығар деп ойлады Тойжан. Өзін тілдеген кім екенін білмегеніне де қапалы еді. Сөйткенше болмады “Оның өз телефонына хабарлас” деген жазу түседі. Бұл “Кімге хабарласу қажет” деп сұрайды. “Бекәділге” деген жазу жарқ ете қалады. Тойжан өзін осыншама балағаттаған Бекәділ екен деп нақты тоқтам жасайды. Бірақ мына сөйлескен телефон иесі кім екені оған тағы беймәлім қалады.
Ертеңгісін Тойжан кеше кешкісін ұялы телефон арқылы арадағы болған әңгімені өзімен тетелес ағасы Сарыбайға баяндайды. Анау ұялы телефондағы жазуларды оқып шығады да сол мезетте қоңырау шалады. Мен Тойжанның ағасымын, “сен неге оны боқтайсың, енді жауап бересің” дейді. Ал бұл телефон расында Бекәділдің досы Алмасбектікі болатын және онымен Тойжанға ол хат жолдағаны да хақ еді. Алмасбек өз кезегінде Сарыбайға “Сен кімсің, қайда оқисың, не жұмысың бар?” деген секілді сұрақтарды қойып, кешке өзім хабарласамын деп қоя салады.
Алмасбек айтқанынан қайтпай кешкісін Тойжанның ұялы телефонына “Сити” сауда үйінің алдында кездесеміз деп хабарлама жібереді. Содан Сарыбай да енді шегінерге жол жоқ екенін түсінеді. Үлкен “разборка” басталмақ. Қарындастың дауы қалыпты шектен шығып бара жатқандай, қарсы тұрар қол жинамаса, күш бермей кететіндей көрінді. Ол әуелі Әдет деген досын шақырады. Сосын Қанат деген танысына хабарласып, көмекке келуін өтінеді. Анау осы бір оқиғаның боларын алдын-ала сезіп дайын жүрген бе “Мерседес” көлігімен әп-сәтте жетеді. Жанында бұл танымайтын тағы бір жігіт бар. “Шын дос осындайда сыналады, мен саған көмекке өз досымды да алып келдім” дейді Қанат. Бұл кім деп сұрап жатпады, өйткені Қанат оның досы, Қанаттың достары мұның да досы. Демек, олардың мүддесі бір жауласқан жандардың сазайын бірге тарттырады. Сөйтіп төртеуі бір көлікке отырып “Сити” сауда үйінің алдына барады.
Келсе, үш жігіт бұларды күтіп тұр екен. Қыздарды балағаттады, онысымен қоймай Тойжанның ағасына осы жерде кездесейік деп ұсыныс жасады. Демек, бұл жігіттер де айтқанынан қайтпайтын, сөздеріне жауап беретін жандар болса керек. Расында, іс жүзінде де солай болып шықты. Сарыбай қасындағы жігіттермен бірге қарасын көбейте үшеудің алдына барып тұра қалады.
– Сендер ме, қыздарды боқтаған?! – деп қатулана сұрайды бұлар.
– Иә, біздер, – дейді аналар еш қаймықпай.
Осы кезде Қанат пен Бекәділ екеуі оңаша шығып жеке сөйлеседі. Артынша Бекәділ тағы бір таныстарына телефон шалып, мына жігіттер өте қатулы екен, сендер тездетіп келсеңдерші дейді. Ол сөзді бәрі естіп тұрады. Бірақ ешкім әзірге мән бере қоймайды. Ал Қанаттың Бекәділге не айтқаны белгісіз еді. Содан Сарыбай да күш жинау үшін ағасы Берғаліге қоңырау шалып, жағдайды баяндайды. Бұл кезде Берғалі көшеде өз шаруасымен жүрген еді. Інісінің айтуынша, іс насырға шауып бара жатқан сыңайлы. Өйткені, ана қарындасын боқтаған үш жігіт олардан үлкен көрінеді және еш тайынар емес дейді. Демек, Берғалі жалғыз барғанымен аналар бұдан ықпасы анық. Сосын бұрыннан араласып жүрген Нұрболға телефон шалып жағдайды айтып, келуін сұрайды. Арада көп өтпей Нұрбол өзінің “Тойото” көлігімен бұған таныс емес екі өзге ұлттың жігітін ертіп келеді. Олардан кімдер екенін бұл сұрап жатпайды, оған уақыт та тығыз еді.
Бұлар “Сити” сауда үйінің алдына келгенде бір топ жігіт бір-бірімен енді айқасқалы тұрғандай көрінді. Олардың жекіре сөйлеп, шалт қимыл жасаулары айналадағы өткен-кеткеннің назарын аудармай қоймады. Кейін солардың арасынан куәлер де табылғаны анық. Бірақ қалай екені белгісіз топ болып қара көрсеткен, одан соң төбелеске ұласқан оқиға бірде-бір тәртіп сақшысының назарына ілікпепті. Әйтпесе бір өмірді жалмағалы тұрған жайдың алды алынар ма еді. Берғалі білек түріп, қабағынан қар жауып үш жігітке келе тиіседі. Олардың осы келісі-ақ тең тұрған таразы басын басып кетті. Кім менің қарындасыма хабарлама жазып жүрген, деп даусын көтере өктемдік ете сұрады. Оның қарсы алдында тұрған Бекәділ мен емес, деп бірден жауап қайтарады. Бірақ сол кезде Алмасбек балағат сөздерді жазған мен, дейді. Сол-ақ екен Берғалі жұдырығымен Алмасбектің бетінен қойып қалады. Соққының қуатты болғаны сонша анау бірден құлап түсті. Ұрыста тұрыс бар ма дегендей, құлаған жанды тепкінің астына алды. Алайда Алмасбек амалын тауып сытылып кетеді. Оны тастай беріп қашып бара жатқан Әдидің артынан Сарыбай және Әдетпен бірге тұра қуады. Қуып жетіп айқаса кеткені сол еді, артта қалған топ арасында тапаншаның даусы тарс ете қалды. Артынша тағы атылды. Әди де осы сәтте Алмасбектің соңынан жүгіріп кетеді. Сосын сап тыныштық орнады. Ешкім айтпаса да біреудің оқ тиіп мертіккені белгілі еді. Берғалінің мылтықты кім атқанын қарауға қауқары қалмады. Жан-жаққа үрке қашқандармен бірге бұл да келген көлігіне тұра жүгірді. Қасына өзіне бейтаныс жігіттер де келіп жайғасады. Артынша әлгілердің біреуі “қап, бекер істедік-ау” деп өкіне бас шайқағанын естиді. Берғалі де бекер келген екенбіз деп өзін қоярға жер таппай жолай түсіп қалады.
Басынан оқ тиіп жараланған Бекәділ көп ұзамай сол жерде қайтыс болады. Тергеушілер оқ атқан Берғалі деп қорытынды шағарады. Қыздарға балағат сөздер жолдағандар жәбірленушілер болып табылады. Ал қыздардың намысын жыртқандар тегістей айыпталушылар қатарына кіргізіледі. Марқұмның туысқандары да Берғаліні ғана айыпты деп санайды. Бірақ жоғарыда оқиғаны тәптіштеп баяндауымыздың сыры неде екендігін енді ашық айтуға болады. Бұл істі талдаған Алматы қалалық соты Берғалі, Әдет және Сарыбайлар сөз байласқан адамдар тобымен бұзақылық әрекеттер жасағандықтан ҚК-нің 257-бабының 2-бөлігінің “а” тармағы бойынша алдын-ала тергеуде дұрыс дәрежеленген деп табады. Бірақ, жоғарыдағы оқиғадан байқағанымыздай, олар тапаншамен қаруланған біреулер оқ атқан кезде оның қасында болмағаны анықталады. Сөйтіп сотталушылар Берғалі, Әдет және Сарыбайларға тағылған айыптардың дәрежеленуінің дұрыстығы мен қылмыстық заңға сәйкестігін талдаған сот оның сот тергеуінде өз дәлелін таппағандығын білдірді. Ең басты себеп, іс құжаттарында Бекәділді Берғалінің қасақана өлтіруге әрекет жасағаны көрінбейді. Екіншіден, мұны оқиғаға қатысқандардың бірде-бірі және басқа да куәлер іс бойынша сотта немесе алдын-ала тергеу жауаптарында көрсетпеген. Үшіншіден, Берғалінің бұзақылық әрекеттер жасағаны, жәбірленушілерге қол жұмсап ұрғаны кісі өлтіруге қаратылған әрекеттер деп тануға негіз болмайды. Сөйтіп, сот Берғалі тарапынан жәбірленушіге күш көрсетіп, тапаншамен оны атып өлтіргені туралы болжамдар өз дәлелін таппағандығы толық анықталып бекіді дейді.
Осы себептерге байланысты сот сотталушы Берғалі ҚК-нің 96-бабының 2-бөлімнің “и” тармағымен дәрежеленген айыбы дәлелденбегендіктен бұл айыбынан ақталады және Бекәділдің өлтірілгендігі туралы қылмыстық іс Алматы қалалық прокурорына өзге адамды қылмыстық қудалау қажеттігі туралы мәселені шешу үшін қайыра жолданады деп шешкен еді. Соған орай айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады дегендей, қудалау органдарының қауқарсыз әркетінен кісі өлтірмеген жазықты болып, қан жүктеуші бостандықта әзірге қала бермек. Бұған ұқсас жайлар әлемде де, біздің елде де баршылық. Сондықтан нақты ұқсастықтың да табылып жатуы кәміл демекпіз, бірақ олардың біздің жазбамызға еш қатысы жоқ.
Александр ТАСБОЛАТОВ.