Үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында еліміздегі инфляция деңгейі 5,2 пайыз болды. Осы мерзімде өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,4 пайызға артты. Бұл туралы кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлім болды.
Өткен тоғыз айдың қорытындысы бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова ел экономикасының негізгі алты саласының: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс, көлік және байланыс салаларының даму динамикасын сипаттайтын қысқа мерзімді экономикалық индикатор өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға өскенін атап өтті. Осы кезеңде өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің көлемі 19,1 пайызға, тау-кен өнеркәсібі өнімдерінің көлемі 5 пайызға артты.
Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 9 айда өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 4,1 пайызға төмендеген. Оған негізінен биылғы жылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты егіншілік саласында қалыптасқан келеңсіздіктер себеп болып отыр. Өнеркәсіп саласының қарқынды дамуы көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау көлемінің 18,7 пайызға, байланыс қызметінің 4,9 пайызға және сауданың 12,9 пайызға өсуіне ықпал етті. Әлемдік дағдарыс қыспағынан ел экономикасының серпінді даму қарқынымен шыға бастағанын дәлелдейтін тағы бір игі жетістік – тұрғындарымыздың тұтынушылық сұранысының өсуі. 2010 жылдың 9 айында ішкі сауда айналымы өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 13 пайызға артқан. Ал биылғы қаңтар-тамыз айлары аралығында еліміздің сыртқы тауар айналымы 54 млрд. 967 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда үш есе көбейген. Оның ішінде экспорт көлемі 38,4 млрд. доллар, импорт 16,6 млрд. долларды құрап отыр. Сөйтіп, сауда балансының оң сальдосы 21,7 млрд. АҚШ долларын құраған.
Еліміздің сыртқы сауда айналымындағы жоғары жетістіктерге 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеп тұрған Кеден одағының айтарлықтай ықпал еткендігін атап көрсету керек. Осы есепті кезеңде Ресеймен сауда айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8 пайызға, Беларусьпен 5,6 пайызға артқан.
Жоғарыда аталған экономикалық даму жетістіктермен бірге, еліміздің бұдан да жоғары қарқынмен даму мүмкіндіктерінің бар екендігін атап айтқан жөн. Мәселен, биылғы жылдың 9 айында негізгі капиталға салынған инвестиция мөлшері өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 2 пайызға азайып кеткен. Сонымен бірге ел экономикасына салынған банк несиелері үстіміздегі жылдың тамыз айының соңында жыл басымен салыстырғанда 2,5 пайызға немесе 193 млрд. теңгеге төмендеген.
Қаржы министрінің мәлімдеуінше, 2010 жылдың 9 айында мемлекеттік бюджетке 2 995,6 млрд. теңге қаржы түскен. Бұл есепті кезеңдегі жоспардың 97,8 пайызын құрайды. Осы мерзімде бюджет шығыны 3 443,1 млрд. теңге болды. Бюджет тапшылығы 447,5 млрд. теңгені құрады. Мемлекеттік бюджеттің кірісі 2 992,9 млрд. теңге болып, өткен жылдың сәйкес мерзіммен салыстырғанда салық түсімі есебінен 16,2 пайызға артқан. 9 ай ішінде бюджеттік салық түсімдері 1 970,5 млрд. теңге болып, өткен жылдың сәйкес мерзіммен салыстырғанда 406,5 млрд. теңгеге артқан.
Биылғы жылдың қуаңшылығына қарамастан, еліміздің аграрлық саласындағы бұрынғы даму қарқыны біршама сақталған. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың мәлімдеуінше, биыл астықтың бункерлік салмақтағы жалпы түсімі 13,6 млн. тонна болған. Өткен жылдан қалған асықты есепке алғанда бұл еліміздің ішкі қажеттілігін толық қанағаттандыруға және жылдық орта экспорттық әлеуетті сақтауға мүмкіндік береді. Соңғы айлардың өзінде еліміз сыртқы рынокқа 2,2 млн.тонна астық, оның ішінде 42 пайыз ұн экспорттаған. Майлы дақылдар түсімі 788 мың тонна болса, 415 мың тонна күріш жиналған. Бұл еліміздің ішкі қажеттіктерін қанағаттандыруға толық жетеді. Мал шаруашылығы саласында да тұрақты даму қарқыны сақталып отыр. Есепті кезеңде ет өндіру көлемі 4,1 пайызға, сүт – 1,5, жұмыртқа – 12,6, жүн шығару 3,6 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында да сенімді тұрақтылық орын алған. Мұнда 9 ай ішінде өндіріс көлемінің өсімі 14 пайызды құраған.
Өкінішке қарай, бүгінге дейін мемлекеттік қорға бар болғаны 547 мың тонна ғана астық сатып алынған. Нан бағасын тұрақтандыру жөнінде Үкімет тапсырмасымен қол қойылған меморандумдардың шарттары өз дәрежесінде орындалмай отыр. Қол қойылған меморандумдарға сәйкес, әкімдіктер қазан айына 223,0 мың тонна бидай алуға келісім-шарт жасаулары қажет еді, іс жүзінде 118 мың тоннаға ғана келісім-шарттар жасалған. Оның өзінде 45 мың тоннаға немесе 20 пайызға ғана ақша төленген. Ал Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай облыстары және Астана қаласы тұрақтандыру қорынан астықты әлі сатып алған жоқ. Нәтижесінде дәл осы аймақтарда нан бағасының көтерілуіне жол берілген.
Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанның мұнай және газ экспорты 5,9 пайызға артқан. Мұнай өндіруші компаниялардың дерегі бойынша, 2010 жылдың 9 айында 58,9 млн. тонна мұнай және газ конденсаты өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 104,8 пайызды құрайды. Осы мерзімде еліміз бойынша 52,9 млн. тонна немесе өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көлемнің 105,9 пайызына тең мұнай және газ экспортталған. Тоғыз ай ішінде Қазақстанда 27,2 млрд. текше метр газ өндірілген. Болжам бойынша, жыл аяғына дейін елімізде 37 млрд. текше метр газ өндіріледі деп күтілуде.
Еліміздің барлық өңірлерінде “Жол картасы”, “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламалары ойдағыдай жүзеге асырылуда. Мәселен, 2010 жылдың 9 айында “Жол картасы” шаралары үшін өңірлерге 91,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бүгінге дейін оның 96,9 пайызы немесе 88,7 млрд. теңгесі игерілген. Елімізде есепті кезеңде халықты әлеуметтік қорғау мақсатында белгіленген бағдарламалар ойдағыдай жүзеге асырылуда. Тұрғындардың аз қамтамасыз етілген топтарына әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері де оң шешім тапқан. “Жол картасы” бағдарламасының шеңберінде өңір тұрғындарын жұмыспен қамту шаралары қолға алынып, елімізде жұмыссыздар санын азайту мақсатында едәуір игі нәтижелерге қол жетті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.