13 Қазан, 2010

Бельгиялық медиктер рак ауруларын емдеуге байланысты семинар өткізді

422 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше республикалық диагностикалық орталықта Бельгия Корольдігінің ханзадасы Филипптің келуіне орай “Рак ауруларын емдеу. Бельгия технологиясы өміріңді сақтау үшін” атты семинар өтті. Оған бельгиялық медицина саласынан 28 маман мен еліміздің барлық өңірлерінен келген 70-ке жуық маман қатысты. Естеріңізде болса, осы мәселе­нің алдын алу шаралары ретінде 2010 жылдың наурыз айында елі­міздегі ұлттық медициналық хол­динг жанынан ПЭТ (позитрондық-эмиссиондық томография) орта­лығы ашылған болатын. Бұл жаңалық жалпы Қазақстан мен  холдинг өмірінде тарихи күн ретінде есте қалды. Себебі, соңғы технология үлгісіндегі жасалған бұл орталыққа бүгінгі таңда Орталық Азия елдері бойынша Қазақстан ғана қол жеткізіп отырғандығы қуанышты хабар. Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасына орай, онкология­лық аурулар кезек күттірмес өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Сол себепті, Бельгия Корольдігінің ханзадасы мен ол елдегі білікті де­ген мамандардың елордамызда бас­қосуы тегін емес. Жоғарыда айтып өткен ПЭТ орталығындағы инно­вациялық технологиялар негізінен Бельгияда  жасалған. Ол елдің соңғы үлгіде озық техноло­гиялары бүгінгі күні ерекше сипатқа ие. Атап айтқанда, ІBA компа­ниясы мен бельгиялық “Cyclone 18/9” атты қазіргі заманның талабына сай жасалған құрылғылар 2009 жылы республикалық диаг­нос­тикалық орталыққа әкелінген болатын. Содан бері, жаңа құрыл­ғыларға  монтаждау мен орталық ішіне орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол құрылғы бір жылда 1480 адамды, бір күн ішінде 6 адамды қабылдай алады екен. Семинардың ашылу салтана­тында құттықтау сөз сөйлеген республикалық диагностикалық орталықтың бас директоры Әмір Ахетов: “Бүгінгі басталғалы отырған басқосуымыздың меди­цина саласында алар орны ерекше. Мұнда еліміздің барлық өңірі мен шетелдік мамандардың жасағалы отырған баяндамаларының ден­саулық сақтау саласына тигізер пайдасы өте көп. Жаңа техно­логияларды елімізге енгізу – сапалы деңгейге шығуға мүмкіндік беріп қана қоймай, науқастың ауруын дәл әрі тез анықтауға септігін тигізеді”, – деді. Маңызды басқосуда онколо­гиялық аурулардың алдын алу ісі кеңінен сөз болды. Семинар ба­рысында ханзада Филипп бастаған бельгиялық делегация мүшелері рак аурулары мен оған қарсы күрес шаралары, сондай-ақ иннова­ция­лық үлгідегі құрылғылар жұмыс­тары жайын қарады. Рак ауруларын емдеу ісімен айналысатын бель­гиялық медицина мамандарының жасаған баяндамалары да көп­шіліктің ықыласына бөленді. Осы­ған сәйкес, диагностикалық ора­лықтағы бөлімдер жұмысы қара­лып, екі ел арасындағы медицина мамандары өзара тәжірибе алма­сып, көптеген сауалдарға жауап­тарын алды. Сонымен қатар, кездесу бары­сында алдағы уақытта бірлесіп ат­қаратын жұмыстар мәселесі талқы­ланды. Бельгиялық мамандар өзде­рінде жасалған жаңа техноло­гияларда жұмыс істеу, оған сала­ның мамандарын тарту, Бельгия дәрігерлерімен тәжірибе алмасу істері мен осы сала бойынша Бельгияда білім алғысы келген студент жастарды  тәжірибе алмасу үшін шақыра­тын­дарын айтты. Кездесуде, сонымен қатар, әлемдегі ең ірі  өндіріс орны болып сана­латын “AGFA” компа­ниясының орталыққа қойылған құрылғылары көрсетілді. Жұлдыз БАЙДІЛДА, Еуразия ұлттық университетінің студенті.