13 Қазан, 2010

Жастар тәрбиесі – өзекті мәселе

6083 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қай кезде де  халқымыз өзінің болашағы – жастар тәрбиесіне  кө­ңіл бөліп отырған. Ұлт пен ұлыс­тың аманатын арқалаған жас өскін­ді тәрбиелеудің жолдары мен амал­дары да сан тарау. Солардың ішін­де шешуші рөл атқаратын тәлімі мен тәрбиенің бір түрі – жастарды патриотизм үлгісінде тәрбиелеу ма­ңызды іс саналады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Қа­зақ­стан-2030” Стратегиялық бағ­дар­­ламасында: “Жастарды қазақ­стан­дық патриотизмге шығарма­шы­лық жағынан дамыған жеке тұл­ға ретінде тәрбиелеу қажет. Бү­гіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тәкаппарлық, тектілік, білімділік, биік талғам, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек”, – деп ерекше мән беріп тоқталған бола­тын. Бұлай екпін түсіріп айтуының өзі қазіргі еліміздің саяси-әлеу­мет­тік, экономикалық тұрғыдан тәуел­сіздікке жетіп отырған тәуелсіз мемлекеттігіміздің тұрақтылығын сақ­тап, оны болашаққа аманат етуді көздейді. Міне, осы тұрғыдан келсек, мемлекеттік дәрежедегі мә­селе білім беру саласында пат­риот­тық cезімде тәрбиелей оқыту мәсе­лесінің өзектілігі әрқашан да маңызды болып қалмақ. Қазіргі кезде жастарымыздың арасында Отанды қорғауға деген са­налы көзқарастың болмауы сал­да­рынан әскер қатарында қилы келеңсіздіктер жиі кездесіп қалады. Сондықтан да балабақшадан бас­тап, мектепте, жоо-да және өзге де мекемелерде патриоттық тәрбие беруді қолға алудың қажеттігі ай­қын байқалуда. Тәрбиенің бұл түрі жас ұрпақты елін қорғауға, ұлттық әскер сапында адал қызмет атқа­ру­ға, азаматтық қасиеттерге баулиды. Қазіргі таңда Қазақстан Респуб­ли­касының әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық даму барысында саяси-идео­ло­гиялық, мәдени тұрғыдан жаңаруы­на сай жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру үкіметіміздің жаңа стра­тегиялық бағдарламасының басым бағыт­та­ры­ның бірі болып саналады. Елі­міз­дің географиялық орналасуы мен ұлттық-этникалық ерек­­ше­лігіне орай оқушыларға ха­лық­тық дәстүрге негізделген  баба­лар рухына сай тәрбие жүйесін құру қажеттілігі қазақстандық білім саласының маңызды проблема­ла­ры­ның бірінен саналады. Педаго­ги­ка тарихына  үңілсек, Отанға де­ген сүйіспеншілік, оны жүзеге асы­ру­дың жолдары туралы айтылған тұ­жырымды ойлар  жетіп арты­ла­ды. Ертедегі грек және рим ойшыл­дары­ның (Платон, Цицерон, Арис­тотель, т.б) еңбектерінде тәрбие идея­лары көрініс береді. Қазақ елінің ғасырлар бойы қалып­тасқан отансүйгіштік тәлім дәс­түрлерін, әдіс­тері мен құралдарын жинақтап, оны бүгінгі оқушы тұлғасын қалып­тастыруда ұтымды қолдану – уақыт талабы. Зерттеуші ғалымдардың, педа­гог­тардың тұжырымдары бойынша, жас ұрпақты отан­сүй­гіш­тік­ке бау­лу­да баға жетпес педаго­ги­калық құ­рал – батырлардың қаһармандық бейнесі және оның қазақ ауыз әдебиетінде, тарихында, көркем шы­ғармаларда сомдалуы болып та­бы­лады десек, одан қазақ батыр­ла­ры­ның бойындағы елдік қасиет­тер­дің жиынтығы да, азамат­қа тән адам­гершілік болмысы “сегіз қыр­лы, бір сырлылық” та, шешенге тән алымдылық та, данаға тән білгір­лік те, биге тән көсемдік те, әулие­ге тән көрегендік те табы­лады. Сөзіміз дәлелді болу үшін Ер Төс­тік­тің қаһармандығын, Бекет ата­ның бойындағы әулиелігін, Исатай батырдың ел бастаған билігін, Сырым батырдың шешен­дігін, Б.Мо­мышұлының батыр­лы­ғын ай­туға болады. Тамыры терең пат­риот­тық тәрбиенің көзі ұлттық тарихымызда осылай жалғасып кете береді. Президент Н.Назарбаев “Қа­лың елім – Қазағым” жина­ғын­да “...Қазақстанда тұратын әрбір адам өзін осы елдің перзенті сезін­бейінше, оның өткенін біліп, бо­лашағына сенбейінше біздің жұмы­сымыз ілгері баспайды...” және “Біз қазақстандық патрио­тизм­ді Отанын, жері мен суын шек­сіз сүю, халқының өнеге-дәс­түрін, әдет-ғұрпын, елдің тарихын құрмет тұту, мүддесін көздеп, бостандығы мен құқын қорғау, әр адамның күш-жігерін ел бірлігін нығайтуға, аза­маттық татулықты баянды етуге және ұлтаралық тату­лықты тұрақ­тандыруға жұмсау” деп жазған еді. Қазақстан – көп ұлтты мем­ле­кет. Демек, жас ұрпақтың бойын­да ұлттық патриотизммен бірге қа­зақстандық патриотизмді қа­лып­тас­тыру ерекше маңызға ие. Қазақ­стан­ның әрбір азаматы ұлты мен дініне қарамай татулық пен бірлік­тің туын жоғары көтере білсе – патриотизмнің негізі сол болмақ. Елбасы өзінің “Тарих толқынында” кі­табында: “Ұлттық бірліксіз пат­риотизм деген жансыз бірдеңе ғана болып қалады”, – деп ұлттық бір­лік­ке ерекше мән береді. Бірлік пен татулықтың маңызына хал­қы­мыз да бейжай қарамаған. “Бірлік болмай, тірлік болмас”, “Төртеу түгел бол­са, төбедегі келер, алтау ала болса, ауыздағы кетер”, “Ын­ты­мақсыз – ел оңбас” деп, жас ұрпақ­тың санасына сіңіріп отырған. Ғалымдардың пайымдауынша, па­трио­тизмге тәрбиелеуде сүйе­нетін негізгі ұғымдар – ұлттық па­трио­тизм және қазақстандық пат­риотизм. Ұғым дегеніміз – зат­тар мен құбылыстардың жалпы айыр­ма­шылықтарының белгілі бір жи­ын­тығы негізінде ой жүргізу. Ол ғы­лыми және тәжірибелік білім­дер­ді қалыптастыруда қолданы­лады. Ұғымдар негізінде пікір, ой-тұ­жы­рымдар қалыптасып, ой қоры­тын­дылар мен пайымдаулар жасалады. Бұл жерде ұлттық патриотизм және Қазақстандық па­трио­тизм  ұғым­дары арқылы Отан, туған жер, ел, атамекен, мемлекет, халық туралы нақты түсініктер берудің тиімділігі арта түспек. Ал түсінік дегеніміз – бір нәрсенің мағынасы мен мәнін ұғыну. Сөйтіп, ұлттық патриотизм және қа­зақ­стандық патриотизм ұғымдарына анықтама беру, олар­дың мазмұнын құрайтын: отансүй­гіш­тік сезімді дамыту, ұлттық салт-дәстүрді ұстану мен мемлекет рәміздеріне құрмет қалыптастыру және  басқа тәлім-тәрбиелік ұғым­дар. Осыларды жан-жақты қозғап жүргізген зерттеу еңбектерімізде педагог, психолог, философ ғалым­дар мен ақын-жазушылардың ой-пікіріне сүйеніп ұлттық патрио­тизм­ге және қазақстандық патрио­тизмге анықтама беруге ұмтылып жүрміз. Бұл бүгінгі күннің кезек күттір­мейтін қажеттігінен туындап отыр. Б.Момышұлы “Патриотизм – Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы, қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзіңнің мемлекетке тәуелді екеніңді, мем­лекетті нығайту дегеніміз – жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз – мемлекет деген ұғым­ды, оны жеке адамның барлық жағы­нан өткені мен бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатына­сын біріктіреді” – деп анықтама берген. Байқағанымыздай, қаһар­ман жазушы ұлттық патриотизм, қа­зақстандық патриотизм ұғым­да­ры­на философиялық тұрғыда анықтама беруге ұмтылған. Тағы бірде Баукең: “Ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті, өз халқы­на деген сүйіспен­шілігі, өз хал­қы­мен қан жағынан да және шыққан тегі, территориясы, тілі, тұрмыс-тір­шілігі, мінез-құлқы, психоло­гия­лық және этнография­лық ерекше­лік­тері қалыптасқан, тарихи дәс­түр­лері жағынан да әб­ден айқын әрі дербес басқа қасиет­тері және ерекшелік­терімен де бай­ла­ныс­ты” дейді. Бұдан артық қандай анықтама бере аласыз. Тұяқбай РЫСБЕКОВ, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.