Жазылған жайдың жауабы
“Егемен Қазақстан” газетінде ағымдағы жылдың 17 тамызында жарияланған “Жұмыс бола тұра ұсынбағаны қалай?” атты мақалаға орай С.Айсиннің жұмысқа қайта орналастыру туралы азаматтық ісі бойынша қабылданған сот актілерінің заңдылығы қайта тексеру арқылы мұқият қаралды.
Іс құжаттарына қарағанда, С.Айсин Ресей Федерациясы темір жолының құрамына кіретін “Оңтүстік Орал темір жолы” кәсіпорнының Петухово дистанциясының жол жөндеушісі болып жұмыс істеген. 2007 жылдың 8 тамызында жыл сайынғы медициналық қарау кезінде ол атқарып жүрген жұмысқа жарамсыз деп танылған.
Осыған сәйкес, 2007 жылдың 24 тамызында онымен еңбек шартын бұзу туралы бұйрық шығарылған. Ресей Федерациясының Еңбек кодексінің 392-бабының 1-тармағында жұмыстан шығару туралы дау бойынша талап арыз бұйрықтың көшірмесі немесе еңбек кітапшасы қызметкерге берілгеннен кейін бір ай мерзім ішінде сотқа енгізіледі деп көрсетілген. Ал С.Айсин болса талап арызын сотқа аталған мерзім өтіп кеткен соң, яғни, 2008 жылдың 23 желтоқсанында берген. Сондай-ақ, азаматтық істі қарау барысында, оның жұмыстан шығару туралы бұйрықпен 2007 жылдың 27 тамызында танысып, бірақ оған қол қоймағаны және сол жылдың 20 қарашасында еңбек кітапшасын алудан жазбаша түрде бас тартқаны анықталды. Ол бірінші сатыдағы сотқа арыз беру мерзімін өткізіп алу себептерін дәлелдеп, оны қалпына келтіру жөнінде өтініш те жасамаған.
Мұндай жағдайда, арыз иесінің жұмысқа қайта орналастыру жөніндегі талап-арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы соттың шешімі заңды, прокурорлық қадағалау шараларын қолдануға негіз жоқ.
С.Айсиннен Бас прокуратураға бұған дейін де бірнеше рет арыз келіп түскен, олар да мұқият қаралып, тиісті жауабы берілген болатын.
Қ.МӘМИ, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры.